Сұлу саздың сәулетшісі
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, композитор Мұратхан Солтанбайұлы Егінбаев ой-толғауларын музыкалық тілде көңілге қонымды, жүрек жылы қабылдайтындай етіп өрнектеуде маңдай терін төгіп, дамылсыз ізденіс үстінде жүретіндердің бірі десе болады. Олай дейтініміз, бұған дейін «Жастық шақ әуендері», «Сағыныш», «Аққу жеткен» ән жинақтары жарық көрсе, соңғы он жылдың шамасында «Әнім менің – Алашым», «Мөлдір махаббат» жеке дауысқа арналған және клавирмен екі томдық «Көңіл сезімдері» және халық оркестрінің сүйемелдеуінде орындалатын екі томдық «Бабалар үні» атты көлемді ән-нота кітаптары баспадан шығып, республикамыздың кітапханаларына таратылған-ды.
Мұратханның әнге деген құштарлығы қаршадайынан белгі берген. Ол өзінің туып-өскен Алматы облысына қарасты Алакөл ауданындағы Жыланды ауылындағы орта мектепттің сегізінші сыныбында оқып жүргенде ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сағындым» атты өлеңіне ән шығарып, онысын оқушылар таласа-тармаса үйреніп, ауыл аймағына тарап кетеді. Қазіргі кезде бұл әнді Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер алғаш рет эфирге шығарса, Мейрамбек Бесбаев өзінің қоңыр әсем үнімен тыңдаушыларының сезімдерін тербетіп жүр. Жас талант мектеп қабырғасында оқып жүрген шағында төрт ән және «Серпін» атты күй шығарып, өнерге деген талпынысын байқатады.
Бүгінде әсем де сұлу саздың сәулетшісі атанған Мұратханның негізгі мамандығы құрылыс сәулеткері-архитектор. Целиноград ауылшарушылығы институтының сәулетші-архитектор факультетін сонау 1964 жылы тәмамдаған жас жігіт туған жеріне жолдамамен келіп, Ақсу ауданының сәулеткері болып жұмысқа орналасады. Осы салада табан аудармай ширек ғасыр еңбек етеді. Ауданға қарасты жиырма сегіз елді мекеннің сәулетті де көрікті құрылыстармен ажарланып, көшелерінің абаттандырылып көркеюіне, мәдени-тұрмыстық, тұрғын үй, өндірістік ғимараттардың құрылыстарын салуға қомақты үлесін қоса жүріп, жастайынан бойына дарыған ән өнеріне деген ықыласын бір сәт те суытпайды. Қызметтік міндетін жауапкершілікпен атқара жүріп, ән мен күй шығаруға құштарлығын өзіндік ізденіспен дамытып, қолы қалт еткенде ойға оралған сазды әуен ырғағын ырқынан шығармай, иі қанғандарын қағаз бетіне түсіре береді. Сөйтіп жүріп алпыстан аса ақынның мәтіндеріне арнап қыры мен сырының аясы кең алуан түрлі екі жүз елуге жуық әнді нотаға түсірді.
Алматы қаласында өткен «Жаңа ғасырға – жаңа ән!» байқауында Мұратхан Егінбаевтың алты бірдей әні жүлделі орындарды иеленген. Ақын Темірхан Медетбектің мәтініне шығарылған «Абылай» әні Гран-при жүлдесімен марапатталды. Бұл рухты асқақтататын жігерлі ән ретінде бағаланды. Сондай-ақ, атақты әншілер Махмут Тойкенов пен Есенкелді Рза сахна төрінде орындап жүрген «Жапырақ жайсын ұлағат» (сөзі Ораз Жұмашевтікі) атты әні Жалайыр руының өрелі рухты Ескелді би, Балпық әулие және Қабылиса жырау жайлы толғайтын кең тынысты әуен. Ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңіне шығарылған «Үш арыс» әні қазақтың ірілері, Абайдың інілері Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды біртуар тұлғаларды ізеттілікпен, ілтипатпен ұлықтайтын айрықша айшықталған ғұмыры ұзақ болатын мықты әндердің бірегейі.
«Елім менің» атты республикалық патриоттық әндер байқауында ақын Қанипа Бұғыбаеваның сөзіне жазылған «Отан – ана» және «Үш батыры қазақтың» әні Бауыржан Қасым, Рахымжандардың ерліктерін әспеттейтін әндері «Ән сал, сарбаз» номинациясы бойынша лауреат атанды. Талдықорған қаласы туралы ән байқауында Ғабит Тұрсынбайдың сөзіне жазылған «Сән Талдықорған» әні Гран-при жүлдесін қанжығасына байлады. Сонымен бірге «Үш арыс», «Қаракерей Қабанбай» әндері автордың өз орындауында «Ақ қайың» және «Қабанбай батыр» деректі фильмдерде пайдаланылған. Қазақ радиосының қорына жүзден астам әндері қабылданған.
Мұратханның қай әнін тыңдасаңыз да, ұлан-байтақ даланың көріністерін, адам өмірінің қилы-қилы кезеңдерін көз алдыңа елестетеді. Нәзік сезімнің сырларын егілтіп-төгілтіп, ағылтып-құйқылжытып әуелетеді. Сазгер жердің сырын, желдің уілін, құстың үнін, махаббаттың асқақ арманы мен қиянға самғаған қиялдың ұшқыр тұстарын дөп басудың ыңғайын табуға бейім-ақ. Әннің ырғағы көңіліңнің ырғағына айналып кете беретін ықпалдылығы да басым. Ән әуенімен еліктіріп әкететінін аңғармай да қаласыз.
Арғымақтардың бәйге бәсекесіндегі ауыздықпен алысқан жарысын бейнелейтін әнұраны іспеттес Мұратханның «Сәйгүлігім» сөзі Сәкен Иманасовтікі, әнін Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен республикамыздың мәдениет қайраткері, әнші Абылай Қармысов орындағанда тұп-тұнық ауаға, маралдай керілген кеңістігі кең далаға, жондары жалпақ жазығында ойқастап құйғыта шапқан жезкиіктердің дүбіріндей елес беретін әнді дегбірің қалмай ықыластана тыңдайсың. Өзің де бәйгеге жаратылған жүйрікті тақымға баса салып, сәйгүліктермен қосыла жарысып бара жатқандай делебең қозады.
Қазақилық нақышы басым әуезді әндерімен республикамыздың ән құмар қауымына танымал Мұратхан Егінбаев ән-күй өнеріне өзіндік үнімен, әуелеген әуенімен үлес қосып жүрген бірегей композитор. Дарынды өнер иесінің әсем әндері бүгінде жер-жерде шырқалып, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып жүргенін жақсы білеміз. Мұратханның айтуы бойынша, ән мәтіндерін поэзиялық кітаптардан, газет-журналдарда жарияланған өлеңдерден ұнатқандарын таңдап алатын көрінеді. Сонымен бірге, ақындармен тығыз байланыс жасап, қандай тақырыпқа өлең жазу керектігі тұрғысында өзара келісіп, бірлесіп талқылайды екен.
Мұратханның ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абай, Жамбыл, Құрманғазы, Шоқан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет және басқаларға арналған әндері құлаққа жағымды. Енді бір әні қоңыр қаздай мамырлап келіп жүрек төріне қонақтап қалғанын сезінбей де қаласың. Тұла бойды шымырлатып, делебеңді дәуірлете жөнеледі. Толғанған шақта үні де қатуланғандай кең тыныспен саңқылдайды. Ырғақты өз еркімен биіктетіп, қарқындай түсетін сәттері де бар. Әр әніне сын көзбен қарайды. Әнінің ақықтай таза болуын қалайды. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, шын көңілден шыққан әндері шынайы да шырайлы келетіні де содан. Жанға жайлы жібек сазды, көз жанарының сәулесін, сезімнің қунышын дәуренін әннің ырғақты үнімен дөп басатыны композитордың өзіне тән ерекшелік. Ұғына білгенге әр әнде биік парасат, ұтқыр ұғым, әсем ырғақтың арасында ақырын ғана тербелгендей әсерге бөлейтін тұстары ақдидар көңіліңді баурап, өзіне тартып әкететін сиқырлы әсерінің өзі бір ғажап әлем.
Белгілі қомпозитор Мұратхан Егінбаев әндерінің тақырыптары сан саланы қамтиды. Туған жерден бастау алған ән әуенінің шеруі Ұлы Дала елінің Атырауынан басталып Алтайға дейінгі аралықты қамтитын, әркімнің жүрегіне жол табатын, тыңдаушысын тұшындырып тамсандыратын қарақаттай мөлдір үнді әуендері қалықтап, шарықтап жатқанына куәгерміз.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық әртісі Мыңжасар Маңғытаев айтқандай, «Мұратхан Егінбаевтың шығармаларына зер салар болсаң, оның дәстүрлі әндер шығаруға тым жақын екенін аңғарасыз. Оның шығармаларын ести отырып, қазақтың кең байтақ даласын, мұрныңды жарар жусан иісін, сонда туып, басын бәйгеге тіккен азаматтарды көріп-білгендей сезінетінің бар. Оны Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сияқты халық композиторларының ізін жалғастырушы деп қарауға болады». Мұратханның композиторлығының негізгі мән-мағынасының түп төркіні осыған саяды. Тарихи тақырыптарды қамтыған, баһадүр бабалар мен даңғайыр даралардың даналығын толғаған, халқымыздың біртуар тұлғаларын дәріптеген, Алаштың ардақтыларына арналған әндерін радиодан да, теледидардан да, сахна төрінен де жиі естиміз. Баһадүр бабаларымыз дарабоз Қаракерей Қабанбай мен Райымбек батыр ерлігін ұлықтайтын әндері сезіміңді асқақтатып, қаһармандыққа жігерлендіретін кең тыныстылығымен ерекшеленеді.
Мұратханға тән және бір ерекшелік – ол қасиетті домбырасын төсіне өңгеріп алып, өз әндерін нақышына келтіріп, бабымен баяулатып, мәнінің мәнерін нақыштап, ынтызарлы ырғағының ырқын ыңғайынан ауытқытпай шырқауға да машық.
Композитор Мұратхан Солтанбайұлы Егінбаев Астана мен Алматы қалаларында, Талдықорған қаласында, Алматы облысының аудандарында шығармашылық кештерін өткізіп, халықтың қошеметіне бөленіп те жүр. Еңбектері де тиісті орындар тарапынан бағалануда. Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталған патриоттық рухтағы әндер, термелер, толғаулар жазуға, мемлекетіміздің қалыптасуы мен қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін Мұратхан Солтанбайұлы Талдықорған облыстық кеңесінің шешімімен «Батырлар жылы» байқауының лауреаты атанған өнер иесі. Сонымен бірге, Ақсу ауданының, Талдықорған қаласының және Алматы облысының Құрметті азаматы. Солай дегенмен де, Мұратхан Егінбаевтың баспадан шыққан алты томдық кітабына енген әндер мен толғаулары толықтай зерттеліп, зерделеніп, мемлекеттік тұрғыдан өз бағасын ала алмай келе жатқаны ойландырады. Тиісті орындар осы жағын назарға алса деген тілек пен өтініш те бар. Олай дейтініміз, композитордың шығармалары Құрманғазы атындағы консерваториясында, Айман Мұсаходжаева басқаратын музыка академиясында, музыкалық колледждері мен музыка мектептерінде дәстүрлі әндері сабақ ретінде үйретілсе, жоғарғы оқу орындарын бітіретіндер дипломдық жұмыстарына тақырып етіп алып жүр. Сондай-ақ, елімізден тысқары Моңғолия мен Қытай еліндегі ән сүйер қауым сахналарда тұрақты орындап келеді. Бұл өнер иесі үшін үлкен мақтаныш!
Қашан да тыңдаушысын әуезді әнімен тұшындырып, халықтың дәстүрлі әндерінің өрісін кеңейтуге, жаңарып түрлене түсуіне, тың ырғақпен ұтымды ету мақсатында ерінбей ізденіп келе жатқан композитор Мұратхан Егінбаев тағы «Махаббат аралы» атты әндер жинағына үлбіретіп үкі тағып, оқырманға ұсынып отыр. Бұл – бағалы дүние ұлттық үрдіс дәстүрлеріне лайықты әндер жинағы қазақ халқының мәдени мұрасына және саз өнерін дамыту қорына қосылатын сүбелі үлес болуымен қатар ән сүйер қауымға, сондай-ақ, жасөспірімдерді өнерге, мәдениеттілікке баулуға тәрбиелік мәні жоғары әндерді үйретуге үлкен септігін тигізетіні кәміл.
Осы мақаланы жазу барысында белгілі копозитор Мұратхан Егінбаев өнеріне сүйсініп, тәнті болғандықтан ба екен, төмендегі жыр шумақтары ойға оралған еді. Оны да оқырманға ұсынуды жөн көрдім.
«Сәйгүлігім» ғажап ән! Қандай бақыт!
Ат дүбірі кеткендей әнге айналып.
Делебені қоздырып, таңдай қағып,
Әсем әуен тамылжыр балдай тамып.
Мейірімін құшқандай ай нұрының,
Баурап кетсе қоңыр жай әйгілі үнің.
Бабалардың арманын әнге қосқан,
Арындатып жосылтар сәйгүлігің.
Ұлан-байтақ қазақтың даласының,
Даналардың маржандай бар асылын,
Бабалардың үнін сен құйқылжыттың,
Алтын арқау еттің де дара сырын.
Ешкімге де беріспей теңдігіңді,
Әнмен жырлап тарихи ерлігіңді.
Мәңгілік ел мызғымас тұғырындай,
Ту ғып ұстап келесің елдігіңді.
Заңғар көкті жаңғыртып тынысың кең,
Бүгін жүрсің танылып ірі ісіңмен.
Ұлағатты тұлғалы ірілерді,
Шырқай бергін, жаңылмай жүрісіңнен!
Әли ЫСҚАБАЙ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,
Алматы облысының Құрметті азаматы.