Мұқағали Мақатаев пен Сағат Әшімбаев
1971-72 жылдардың бір күнінде университетте бір үлкен кездесу болды. Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаев келді.
Мұқағали жандырып бір-екі өлең оқыды.
Әнші Бақыт Әшімова Нұрғиса Тілендиевтің Мұқағалидың өлеңдеріне жазған әндерін шырқады.
Нұрғиса Тілендиев рахаттанып, қара терге малшынып отырып көп күй тартты. Арасында әңгіменің көрігін қыздырады келіп.
– Бала Мишканы тартыңызшы! – деді бір кезде Мұқағали.
Нұрағаң күлді:
– Мұқағалидың айтқанын орындамасақ болмас! Әйтпесе, менімен соғысады былай шыққасын! – деп әзілдеп алды да, ой, бір тартты-ау күйді!
Бір кезде Нұрағаң демалуға шыққанда, Рахманқұл Бердібаев:
– Осында сыншы Төлеген Тоқбергенов келіп отыр! Шертпе күйдің шебері! Қанеки, күй тартып беруін өтінейік! – деді.
Біз қол соқтық.
Рахманқұл ағамыз демалуға кеткен Нұрғисаның сахнада сүйеулі тұрған домбырасын Төлеген Тоқбергеновке ұсына бергенде, Нұрекең сырттан ұшып келіп, домбырасын жұлып алды да, Төкеңнің қолын алып, қысып тұрып:
– Кешіріңіздер! Мен бұл домбыраны ешкімге ұстатпаушы едім! – деді.
Бұл да бір қызық, тосын оқиға болды. Төлеген ағамыз үндемей, сабырмен ғана жымиып, Нұрғисаның қолын: «Түсінемін!» – дегендей ұзағырақ қысты да, орнына келіп отырды.
Сілтідей тынған жұртшылық ду қол соқты!
Кездесу басында бір-екі өлең оқып, шығып кеткен Мұқағали ағамыз біраздан соң буырқанып, сахнаға қайта келді. Әлі есімде, жаңа өлең деп: «Ассалаумағалейкум, Алатау алтын босағам!» деген өлеңін оқыды…
Арада үш-төрт жыл өткен соң Мұқаңды «Жұлдыз» журналының сын бөлімінде көрдім. Сағат Әшімбаев ағамызға мақала апарған едім. Соның қателерін түзетіп отырғанмын.
Мұқаң кіріп келді.
Қажыған, беті әжім-әжім. Жанары шаршаңқы. Мәскеудегі оқуын тастап келген кезі екен.
Ұшып тұрып, сәлем бердім. Қолымды алып:
– Қайда оқисың? – деп сұрады.
– КазГУ-де, филфакта, – дедім.
– Ә-ә, оқи бер! – деді.
Сағат аға Әбділда Тәжібаевтың сол күндерде «Лениншіл жасқа» шыққан интервьюін көрсетті.
–Мында сіз туралы да айтыпты!
– Не депті? Ұлы ақын деп пе? – деді Мұқаң.
Сағат аға газеттен Әбекеңнің Мұқаң туралы әрі қимай, әрі ренжіңкіреп айтқан қысқа сөзін оқып берді.
Таудай Мұқаң үнсіз тыңдап, сәл теңселіп тұрды да, бұрылып шығып кете барды…
Сағат ағамыз Мұқаң туралы, ақындар мен әдебиет туралы сырлы әңгімелер айтты. Әдетінше шабыттанып, сөзді түйдек-түйдегімен төгіп-төгіп жіберіп, арасында кілт тоқтай қалып, шекесін саусағымен тіреп отырып, екінші бір ойды қозғай жөнеледі. Қызық еді, терең, жүйрік еді.
Мен Сағат ағамен ең алғаш осы «Жұлдыз» журналының редакциясында танысып едім. Онда шешендік сөздер туралы зерттеу мақаламды алып келгенмін. Бізге үлкен кісі болып көрінетін, аты белгілі сыншы ағамыз сол кезде жиырма алты жаста ғана екен-ау!
Сағат аға мақаламды аударып-төңкеріп, шолып шығып:
– Шешендік сөздерді зерттеп жүргенің жақсы екен! Алайда, бізге қазір бүгінгі әдебиет жайлы сын мақалалар керек. Әуелі бірер рецензиялар жазып көрсең қайтеді? – деді.
Мен мақұл көрдім. Ол кісі маған бір жаңа кітапты атап, осыны тауып ал да, талдап жазып әкел деді. Сөйтіп, мен рецензия, әдеби сын мақалалар жаза бастадым. Кейіннен, үшінші курста Сағат аға бізге сабақ берді. Ағылып сөйлегенде қиядағыны шолып, қиырды шарлап кететін. Қазақтан бастап, орыс әдебиетіне ойысып, одан ары әлем әдебиетінің арғы-бергі таңғажайып үлгілерін саралап шығатын. Сол кездегі жаңа ағымдармен, әсіресе, советтік идеология теріс бағалап, жат санаған күрделі, қайшылықты дүниелермен таныстыратын бізді.
– Әй, оларда склад мышления басқа ғой! Оларды оқып, білу керек қой! – дейтін қызбаланып, әлденеге кіжініп.
Өзінің де ойлау жүйесі өзгеше, эрудициясы ерекше болатын. Біз үшін бір жаңа ағым, жаңа құбылыс еді. Студенттер қарапайым, бауырмал ұстаздың маңына үйіріліп, жақсы көретін. Жарықтық, жанып тұрған от еді, жанының жарық сәулесі жазған еңбектері арқылы алдағы ұрпақ санасына түсіп тұрады деп ойлаймын.
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.
МҰҚАҒАЛИ КЕРУЕНІ
Шыңжаңдағы белгілі қазақ қаламгерлері Нұрлан Сәрсенбайдың «Мұқағали керуені» деп аталатын бұл кітабы Мұқағалидың шыққан топырағы, ата-тегі туралы арыдан сыр шертеді. Мұқағалимен қатарлас өмір сүрген Еркін Ібітанов, Фариза Оңғарсынова сынды ақындар арасындағы өнер сабақтастығы жан-жақты сөз болады. Сонымен бірге, Қытай қазақтары арасындағы Мұқағалиды тану барысын тілге тиек етсе, автор Мұқағали поэзиясының қыр-сырын ашып көрсетуге де өзінше құлшыныс танытыпты.
Аталмыш кітапты мұқағалитануға қосылған үлес деп бағалауға болады. Бұл кітап 2016 жылы Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» шыққан нұсқасынан көшіріліп басылды.
Кітап көпшілік қауымға арналған.