«Рух дағдарысына» қарсы нақты қадам
Бүгіндері біршама мәдениеттанушылар адам интеллектінің күн санап күшейіп бара жатқандығы туралы айтып та, жазып та жүр. Бұның басты себебі – «прогресте» екен. Яғни соған сай сана, ақыл-ой, интеллект туралы түсініктің де өзгере бастағаны ақиқат. Интеллектуалды ұлт, интеллектуалды қоғам, интеллектуалды ұрпақ, интеллектуалды ел сияқты ұғымдардың ел арасында қалыптасып, халық санасына толықтай сіңу үшін де ойшылдық, ойлылық, ақылмандық алдыға озуы қажет-ақ. Ресейлік философ Роман Акоян бір сұхбатында: «Интеллектуалды мемлекетке айналу үшін бес нәрсені ерекше атап өтер ем. Біріншіден, халықтың сауаттылығы (оқу, білім, кітапқа құштарлық), екіншіден, өнердің, әдебиет пен мәдениеттің бағалануы, үшіншіден, ғылымның дамуына мүмкіндік жасау, төртіншіден, биліктің интеллектуалды синдикаттарды пайдалана алуы, бесіншіден, этикалық һәм эстетикалық нормаларды мықтап меңгерген патриот жастардың көбеюі», – деген екен. Қазіргі қазақ қоғамындағы көптеген көкейтесті мәселенің бірі – ой еңбегінің, жалпы ойшылдықтың құнсыздануы. Өкініштісі де осы. Басқаны айтпағанда, «шоулық мәдениеттің» өзі бұқара санасын жаулап, жақсының не, жаманның не екенін айыра алмайтын дәрежеге жеткізді. Бұны құлдырау, құру, жойылу, деградацияның бастауы деуге толық негіз бар. Жылт еткен жылтыр дүниеге елеңдеп, бір күнде атақты боп, ал келесі бір айда есімін есіңе түсіре алмайтын дәуірде өмір сүріп отырғанымыз шындық. Соның тасасында елге, мемлекетке, ұлтқа, қазақ ұлтына қажетті қаншама дүниеден құр қалып жүргенімізді бір сәтке ойласақ қой, шіркін! Осы ретте, біз «Бүгінгінің сауалы» айдарында интеллект, интеллектуалдық секілді контексті алуға ұйғардық. Өз ойын ортаға салған мамандар пікіріне бейжай қарамайтын шығарсыздар деген ойдамыз.
Айдос МҰРАТҰЛЫ,
философ
Интеллект – капитал
Интеллект дегеніміз латыншадан аударғанда – «түсіну» деген мағына береді. Демек, интеллект тек оқу, білім алу, тәжірибе жинақтау арқылы жетілу, өзін және қоғамды дамыту үшін, жаңа жағдайларға сай бейімдеу ғана емес, ең негізгісі түсіну, түсінісу деген сөз. Интеллектуалды тұлға деп біз түрлі тақырыпта еркін сөйлейтін, жаңашылдық әрі шығармашылық тұрғыда білім алуға дайын, қабілет-қарымы өте дамыған адамды айтады екенбіз. Интеллектуалдар ғылыми жаңалықтарды ашуға, түрлі жобалар жасауға икемді. Олар жасаған өнімді бүкіл қоғам, тіптен, барша адамзат пайдалана алады. Кез келген ғылыми жаңалықтың қайнар бастауында қандай да бір интеллектуал тұратыны белгілі. Батыс қоғамтану ғылымында «интеллектуал» ұғымын қолдану «интеллигенция» ұғымына қарағанда кең тараған. Оның тарихи себебі бар. ХVIII ғасырға дейін еуропалықтар көзі ашық, көкірегі ояу адамды интеллектуал деп атағанын айта кеткен жөн. Себебі, о заманда халықтың басым бөлігі сауатсыз болған. Ағартушылық жұмыстың жандануынан Еуропада сауаттылық деңгейі артып, бұл өз кезегінде халықтың интеллект деңгейінің көтерілуіне ықпал еткен екен. Содан бастап, интеллектуал деп асқан оқымысты, дарынды кісі, ойшыл мен ғалымды атаған-ды. Интеллектуал – тек ақылдың ғана емес, біліктіліктің, жоғары білімділіктің өлшемі. Қазақ елінің Батыс пен Шығыс өркениеттерінің арасында орын тебуі қазақ жанын әрі-сәрі күйге түсіріп, оның бойына еліктегіштік, ксенофилия, толеранттылық сияқты қасиеттер пайда болды. Қазақ даласын Ұлы Жібек жолының басып өтуі Қытай мен Еуропа арасындағы сауда керуендерімен бірге жүрген түрлі діннің, мәдениеттің, ұлт өкілдерінің қазақтармен қарым-қатынас жасауына игі ықпал етті. Қазақ жерінде бұдан бөлек, араб шапқыншылығы, Ислам дінінің таралуы, Шыңғыс ханның жорық-тары, Жоңғар соғыстары, Ресей боданына айналу, Кеңестік кезеңдегі индустрияландыру, тың игеру сияқты түрлі тарихи-саяси процестер сапырылыса жүріп, шартараптан жиналған түрлі мәдениеттер тайқазанындағы сорпадай бүлкілдеп қайнап, қойыртпаққа айналды. Осылайша қазақ жаны Шығыс пен Батыстың өзара диалогының негізінде биік сапаға көтерілді. Осы ретте, қазақ ұлтының басқаға еліктеп-солықтауын заңдылық деп қабылдауымыз қажет. Қазақ жаны еліктеудің арқасында өзге мәдениеттерден жақсыны да, жаманды да бойына сіңіріп, гибридті күйге түсті.
Кейбір қазақтар нағыз ксенофилге айналып, ана тілінен гөрі шет тілін ардақтайтын, төл мәдениетіне қарағанда, бөтеннің мәдениетін дәріптейтін, бейтаныс дінді ұстанатын рухани дертке шалдықты. Тек батыстық үлгіге ғана байланып қалу, көз жұмып көшіріп алудан әлі де арыла алмай келеміз. Біздің инновация деп жүргеніміз Батыста әлдеқашан пайда болып, көзтаныс болған дүниелер. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «инновация» дегенде шетелден көшіріп алуды емес, отандық зиялы қауым өкілдеріне батыстық білімді пайдалана отырып, Әлемде теңдесі жоқ жаңа ғылыми жаңалықтарды ашуды айтқан еді. Инновация дегеннің өзі ағылшынша – «innovation», қазақша – «жаңашылдық» деген мағына береді. Бұл тиімділікті арттыру, сапаны жақсарту, немесе заман талабына сай келетін жаңа ілім, технология, техника жасау деген сөз. Инновация да адамның интеллектуалды еңбегінің, қиял-фантазиясының, шығармашылығының, өнертапқыштығының, рационализаторлық ізденісінің нәтижесі. Инновацияға бу машинасының, іштен жану қозғалтқышының, радио, телеграф, теледидар, факс, интернетті мысалға келтірсек болады. «Батыс, батыс!» деп тамсанамыз. Сонда Шығыс Азия елдері артта қалып отыр ма? Жапон, Қытай, Сингапур, Малайзия, Индонезия, Оңтүстік Корея сияқты шығыс елдері қазір Батыстан озып кетті. Батыстық ілім мен жапондық рухты ұстанған Жапония, ұлттық-коммунистік-капиталистік-батыстық синтезді ұтымды дамытқан Қытай, географиялық факторын пайдалана біліп, медицина мен фармацевтикадан әлемге танылған Индия, бірде-бір табиғи байлығы жоқ болса да өзіндік даму жолын тапқан Сингапур үлгілері кімді болса да таңқалдырады. Жапонның басты ерекшелігі – дәстүршілдік пен еңбекқорлық. Олар жан-жақты жаңаруға қандай құштар болса, дәстүрді сақтауғада сондай адал, қоршаған дүниені қандай әсемдікпен сезінсе, еңбекке де сондай сүйіспеншілікпен берілген. Бұл олардың қанына сіңген әдет. Тіптен 140 миллион адам еркін сөйлеп, 128 миллион адам ана тілім деп есептейтін, 2136 иероглифтен тұратын (1006 кёику кандзи және 1130 кандзи иероглифтерінен жинақталған, негізі иероглифтері одан да көп, 2010 жылы Жапония Білім министрлігі алфавитті 2136 иероглифпен шектеу туралы бәтуаға келген) ұлттық жазуларының өзі тұтас бір әлем. Бірақ жапондық элита мұндай «тілдік ауруға» бой алдырмаған. Тілі мен жазуы қазақ тіліне қарағанда анағұрлым күрделі болса да, өз ана тілін – жапон тілін білмейтін жапондық жоқ. Оған қоса, теңдесі жоқ классикалық театры, сан алуан жекпе-жектері, бірегей шай жасау рәсімі, нәзіктік пен әсемдікке толы икебана жасау өнері, т.б. жапондарға ғана тән салт-дәстүрлері сабырлық пен еңбекқорлықты қажетсінетін ұлттық өнерге айналған. Қытай экономикасы соңғы онжылдықта еселеп дамып, Әлемде алдыңғы орынға шықты. Бес мыңжылдық тарихы, дербес өркениет саналатын бай мәдениеті, кең жерінде көп санды халқы бола тұра, Қытай бір кезеңдері ағылшын отарында боп, жапон шапқыншыларының тепкісін де көрді. Батыс менсінбеген, артта қалушы кедей ел саналған Қытай бүгінгі таңда бүкіл әлемді таңдандырып, «Қытай ғажайыбы» деген дамудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Мұндай керемет жетістікке көршілес «Аспан асты» елі қалай қол жеткізді? Қытайлық даму моделінің астарында, саясаты мен мемлекеттік басқару ісінде қандай құпия сыр жатыр? Қытай тәжірибесінен қандай сабақ алуға болады? Міне, осындай көкейкесті сұрақтар бүгінде әркімді қызықтырады.
Қазіргі кезде қазақстандық жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың материалдық-техникалық базасы, ғылыми әлеуеті күннен-күнге дамып келеді. Қазақ жастарының білімге ұмтылу талабы да таудай, тек ғылыми-техникалық үдерістегі артта қалушылық интеллектуалдық өреден емес, көбіне технологиялық кенже қалушылықтан екені де рас. Сондықтан да Н.Ә.Назарбаев өз тұсында елді тығырықтан шығару кезеңі мен одан кейінгі уақытта инновациялық дамуды бетке ұстауды және білім беру жүйесінің бүкіл технологиясын заман талабына сай жетілдіру керектігін атап көрсетті. Дегенмен, бізде интеллектуалдық дамуда айтарлықтай кемшіліктер де баршылық. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасының жолдауында алдағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасауымыз керек, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз, мұны дамыған ғылым арқылы шешуге болады деп көрсетілген. Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Жолдауда ғылыми қамтымды салалар – электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтар жасау, геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығу, автомобиль және авиақұрастыру, тепловоз, жолаушылар және жүк вагондары өндірісі, мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашу, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, «Жасыл» экономикаға көшу, аграрлық-инновациялық кластерлер құру т.б. деп нақты анықталған. Енді осы міндеттерді қалай жүзеге асырамыз? Отандық ғылым мұндай міндеттерді шешуге даяр ма? Басты мәселе осы!.. Алға небір асқақ міндеттер қойғанымызбен, оның барлығы да қара жердің бетінде жүріп, өмір шындығымен бетпе-бет келу арқылы шешілері ақиқат. Сол сияқты, қазақстандық ғылым да өздігінен дамымайды, оны дамытатын зиялы қауым өкілдері, атап айтсақ, негізінен ғалымдар, яғни, ғылыми қызметкерлер мен жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы. Өйткені, бүгінгі білімді студент – ертеңгі ғұлама ғалым. Ал енді осы қазақстандық ғылымды дамытады дейтін ғалымдарымыздың хал-ахуалы қандай, оларға ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысуға қажетті жағдайлар жасалған ба? Бұл сұрақтарға жауап іздеу үшін жүйелі талдау жасау қажеттігі туындайды, себебі, отандық ғылымның дамуына тұсау болып отырған проблемалар өте көп, тіптен, кейбір мәселелердің шешімі Тәуелсіздік алғалы бері табылмай, әбден қордаланған. Егеменді ел болғалы бері қаншама білім-ғылым министрі ауысқанын халқымыз санаудан жаңылысатын болды, олардың білім мен ғылымды әлемдік стандартқа сәйкестендіру мақсатында жүргізген реформалары бұрыннан келе жатқан ескі проблемаларға қосылып, жығылғанға жұдырық боп тұр. Ел ішінде: «Сүйегі асыл, текті атаның баласы», – деген сөз бар. Бұлар тұқымға байланысты айтылған. Ол әкеден балаға генетика, ал анадан фонотипі арқылы беріледі дегенді білдіреді. Жалпы, ата-бабаларымыз қой соңынан еріп, қоныс таппай көшіп-қонып қана жүре бермеген. Олар мәдениет пен өркениетке өзіндік үлесін қосып отырған. Сол сияқты, Біз де қазақ ойына, қазақ интеллектуалдық күш-қуатына барынша үлес қосуымыз керек. Себебі, Біз қазақтар текті, тектілікті бәрінен биік қойған ұлтпыз. Даму тек ғылым-білімде ғана емес, өзекке, өзімізге оралуда жатыр. Бұл құбылысты «идентификация» дейді. Онсыз өсу жоқ. Интеллект – басты капитал. Бірақ әдебиет пен мәдениет соның тірегі!.. Сондықтан тарихқа, әдебиетке, өнерге, мәдениет атты бастауға баруға тура келеді. Құры технократиямен ешкімді таң қалдыра алмаймыз…
Азат МӘРТАЕВ,
әлеуметтанушы, дінтанушы
Басты міндет – интеллектуалды ұлт тәрбиелеу
Білім мен мәдениеттің өзара ықпалдастығын күшейту – мемлекеттік жұмыстың бір тармағы. Өз асылымыздың парқын білмеу қоғамда оларға деген құрметтің жоқтығынан ба деп ойлаймын. Рухани-адамгершілікті тәрбие беру – ізгілікті іс. Дегенмен, оның өзі сыртқы тіршілікпен, қазіргі өмір шындығымен қабыспайтын болса күлкі тудырады. Жемқорлық, сыбайластық, ақшаға құнығушылықпен өмір сүріп жүрген қоғамға тап-таза адамдарды даярлағанда, олар бұл жүйеге бейімделе алмай, керексіз болып қалмай ма? Мемлекеттік идеологияны қалыптастырып, әділетті қоғамға апарар жолды ту етіп ұстанатын уақыт жеткен сияқты. Бұл идеологияның ең негізгі мақсаты – адам бойына жақсы мен жаманды айыра білетін қасиеттерді қалыптастырумен қатар, жақсының абыройын асырып, жаманның құтын қашырып, жалпыға жария ету болмақ. Анығырақ айтсақ, жас ұрпақты алаяқтық, дүниеқұмарлық, мансапқорлық, мақтаншақтық, жалқаулық, жағымпаздық, жемқорлық, қатыгездік, т.б. толып жатқан жаман әдеттерден жиренетін, адалдық, қанағатшылдық, қарапайымдылық, имандылық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, мейірімділік қатарлы ізгі қасиеттерді бойына сіңіруге талпынатындай етіп тәрбиелеуді мақсат етуіміз керек. Имандылықты жоққа шығарған коммунистік қоғам идеологиясымен тәрбиеленіп, өмір сүрген ұрпақ санасы бүгіндері әлі өзгере қойған жоқ. Жемқорлық – имансыздық белгісі. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді қазақ. Олай дейтіні, Құдайдан үміті жоқ имансыздар кез келген уақытта адамдарға, қоғамға кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан ондайларды жоюдан пайда жоқ. Керісінше, оларды қайта тәрбиелеп, бейімдеуіміз керек. Адам тәрбиесіндегі діннің ролін ешкім де жоққа шығара алмайды. Тіпті, түптеп келгенде, адамның бойына имандылық қасиетін дарыта алмайынша, қоғамдағы теріс көріністерден арыла алмаймыз. Себебі, имандылық жоқ жерде, қанағат пен ар-ұят жоқ. Ғасырлар бойы ұлтының ұлы ойшылы Кұңфудзы ілімін үлгі етіп ұстанған қытай қоғамының бүгінде қаншалықты өсіп, өркендеп, әлемдік сахнада қаншалықты жоғары деңгейге көтерілгенін көріп отырмыз. Егер біз де іргесі мықты, рухы күшті ел болып, мемлекеттігімізді баянды етеміз десек, адамзат тарихындағы ақыл-ой алыптарымен қатар, өз халқымыздан шыққан ұлы тұлғаларымыздың ұрпаққа мұра етіп қалдырған ұлағатты өсиет, өнегелерін қоғамдық өміріміздің мызғымас өзегіне айналдыруымыз қажет. Осы тұрғыдан келгенде, интеллектуалды ұлт боламыз десек, алдымен киелі интеллектуалдық қорымыздың көзін ашып, ұрпақ кәдесіне жаратпақ абзал. Ал Әлемдік ақыл-ойдың озық үлгісі мен инновациялық жетістіктерін өз «асқазанымызда» қорытпасақ, бұл да ас болмайды. Интеллектуалды көшбасшылық – адами ресурстың сапасына байланысты. Халықтың интеллектуалдық деңгейі – оның білім сапасы, инновациялық үлгі, бәсекеге қабілеттілік, озық технологиялар, интеллектуалдық меншік, басқарушылардың кәсібилігі, жоғары мәдениеттілік, қоғам алдындағы жауапкершілік кағидаттарымен бағаланады. Қазақстанда интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қазақтың жиған-тергенін кәдеге жарата білетін және инновациялық дәстүрді жетік меңгере алатын алғыр ұрпақ тәрбиелеу қажет. Меніңше, интеллектуалды ұлт – әрбір азаматтың өз күш-жігері мен болашағына деген зор сенімінен құралады. Интеллектуалды ұлт қалыптастыруда екі маңызды факторды атап айтқым келеді. Біріншіден, әрбір азаматтың білімі мен кәсіби деңгейінің заман талабына сай болуы, яғни лайықты ғұмыр сүруі және мемлекетке пайда әкелуі үшін неғұрлым бәсекеге қабілетті болам деген алдына үлкен мақсат қойылуы тиіс. Екінші фактор – барлық халық үшін мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылым жасалуы шарт. Қазақстанда интеллектуалды ұлттың жаңа формациядағы буынын қалыптастырудың қажетті алғышарттары баршылық. Ең бастысы, интеллектуалды ұлт болу әрқайсысымызға тікелей байланысты екенін сезіне білгеніміз жөн. Бұл үшін бізге американдықтарды немесе жапондарды қуып жетудің қажеті жоқ, өзіндік ерекшелігі бар интел-лектуалды ұлтқа айналуға барынша күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Елімізде батыстық білім алып, нанотехнологияны жетік игергендердің саны күн санап артып келеді. Бірақ кейбір ұлттық болмыстан ажырап қалған жастарымыз алған білімін ұлтқа емес, жеке мүддесіне ғана жұмсап жатуы ойлантпай қоймайды. Қазіргі кезде Біз үшін не маңызды?.. Басты құндылығымыз – Отан мен Тәуелсіздік екенін ұғыну. Әр азамат өзі үшін де, Тәуелсіз мемлекетіміз үшін де үлкен жауапкершілікті сезінетін кезге жеттік! Бүгінгі таңда ойы озық, көзі ашық, көкірегі ояу, қызметіне адал барлық қазақ осы ойды ұғынып отыр деп сенемін. Балабақша мен мектеп, орта және жоғары оку орындары, жалпы біздің қоғам тәрбиелеп жатқан өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген ерекше құрмет сезімі қалыптасуы тиіс! Әр азамат өз шаңырағында ұлттық тәрбие беруге дағдыланғаны жөн. Жастарды халық даналығымен сусындата беруіміз керек! Қазіргі жастар өзгеше. Олар қызметте жетістіктерге жетуді, мансапты ойлайды. Бұл – осы заманға сәйкес ұстаным. Жалпы, қазақ жастары дене бітімі, кескін-келбеті, ақыл-ойы, көзқарасы жағынан болсын өзгеріп, жақсара түсуде. Қалыптасқан тарихи жағдайларға байланысты, қазақ халқы басқалардан кеш қимылдаса да көштен қалмай, қазіргі уақытта басқаларға теңесіп келеді. Ұлттың намысын, жұрттың қамын ойлауымыз керек. Ұлттың намысы ауылдың, рудың намысынан жоғары тұрса ғана Біз мықты боламыз. «Мен – қазақпын!», – деп ешкімнен ұялмай, ешкімнен именбей айтатын уақыт жетті. Себебі, құлдық санамен ары қарай өмір сүре беруге болмайды. Қазір жастар үшін барлық жағдай жасалған. Еркіндік, Тәуелсіздік бар. Олар үшін қажетті ақпарат та, дерек те, мәлімет те жеткілікті. Интернет жүйесі бар. Сондықтан студент-жастарымыз, менің пайымдауымша, заман, уақыт талабына ғана сай болып қоймай, өзін білікті маман ретінде бизнеске, мемлекеттік қызметке, өнеркәсіпке ұсына білуі қажет. Алдына қойған мақсат-жоспарлары болуы тиіс. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Кеннедидың сөзімен айтқанда: «Өзіме емес, мемлекет үшін не істей аламын?» деген принцип бәрінен жоғары тұрғанда ғана үлкен елге айналып, интеллектуалды қоғам түзуге мүмкіндік болады. Интеллектуалды ұлтты қалыптастыру үшін Тәуелсіз елдің ұл-қызын алдымен Отансүйгіштікке, одан кейін білімі мықты, білігі зор, ақыл-парасаты мол азамат ретінде тәрбиелеуіміз қажет. Бүгінгі дәуір дәлдікті, нақты қадамды, сөз емес, ретті істі талап етеді. Сондықтан уақыт жоғалтпаған жөн…
Ақтолқын БЕКЕНОВА,
мәдениеттанушы, психолог
Интеллект те байлық
Бүгінгі күннің тақырыбы – нақты ғылым. Биотехнология мен биохимия, экоэнергетика, экология және антиэйджинг сынды төрт бағыт қазіргі таңда Әлемнің ғылыми-техникалық келбетін айшықтап тұр. Сондықтан да бар күшті осы бағытқа жұмылдырған жөн. Оған «Жаһандық дағдарыс» жақындаған сайын барлығымыз біріге қарсы тұруымыз керек. Ол үшін ынтымақ, ауызбіршілік, татулық болуы қажет. Себебі, кризис бұл тек қаржылық қана емес, сонымен қатар, рухани аспект. Оны мәдениеттанушылар «рух дағдарысы» деп те атайды. Қазақстан алдағы уақытта ғылым мен технологияның дамуына тиісті көңіл бөлгенде ғана XXІ ғасыр көшіне ілеседі. Зерделік бәсекелестік заманында ғылым мен технологиясын тиісті қаржы бөліп дамытпаған елдер басқалардың тауарларын сатып алуға, яғни солардың өндірісі мен экономикасын дамытуға мәжбүр болады. Әлемдегі ұлы реформалар мен дамыған және жақсы қарқынмен дамушы Шығыс (Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Қытай, т.б.) және Батыс (Франция, Алмания, Англия, т.б.) елдерінің дамуындағы жетістіктердің негізгі факторы ішкі мықтылығы мен интеллектуалды мемлекет құра алғандығында. Мемлекет капиталы, бірінші – табиғи ресурстардан (кен орындары); екінші – жылжитын және жылжымайтын мүліктен (зауыттар, ғимараттар, автомобиль, т.б.); үшінші – адам капиталынан тұрады. Негізі білім, ғылым, медицина және рухани-гуманитарлық (мемлекеттік тіл, ұлттық тәрбие, мәдениетті өркендету) мәселелерімен қатар, өндірістің инновациялық технологиясын, ақпараттық-коммуникация, агроөнеркәсіп, өндіріс пен экономиканы басқарудың жаңа жүйесінің механизмдерін дайындап, соны жүзеге асыруымыз керек. Бүгінгі жаңадан қосылып жатқан жүздеген кәсіпорын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы іске асуда. Яғни адам капиталы, ол – дамудың келесі жоғарғы сатысы, инновациялық экономика мен білім экономикасын қалыптастырып, дамытатын негізгі фактор және ол мемлекеттің даму деңгейін айқындайтын негізгі көрсеткіш. Инновациялық экономика, ол – жоғары сапалы өмір, интеллект, білім, ғылым және жоғары сапалы адам капиталы. Ал экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудің және баршамызды табысқа бастаудың кілті. Адам дамуына жаппай көңіл бөлу молекулярлық биология, космо және нанофизика, нанохимия, когнитивті ғылымдар, наноақпарат, наноэлектро-никадағы ғылыми-технологиялық өрлеу өмірдің барлық салаларына түпкілікті өзгеріс әкеліп, қоғам дамуындағы зерделіліктің басымдығын дәлелдеп берді. Бүгінгі таңда ғылым мен технологияға бөлінетін қаржы ондаған есе өсіп, әрқайсысының құны ондаған миллиард доллар тұратын «Геном», «Адам геномы», «Нанотех», «Биотех», «Жасанды суперинтел-лект», CERN, SATІ сияқты халықаралық ірі-ірі жобалар іске асуда. Электр қуаты болмаған жерде даму жоқ. Өйткені, бүгінгі экономика электр энергиясына тәуелді. Демек, өркениетке қосылғысы келетін мемлекет алдымен қуат көздерін реттеп алады. Себебі, онсыз машина тұрмақ, ине де жасап шығару мүмкін емес. Рас, Қазақстан қуат өндіруден алға шықпаса да, соңына қалған елдердің қатарына жатпайды. Ол өзінен артылғанын өзгеге саудалауға әлеуеті бар ел. Бірақ ол үшін ғылым, білімді,
интеллектуалдық потенциалды күшейтуіміз қажет.
Біз ашық мемлекетпіз. Бұл жерде мәселе мемлекеттің дамуы, ғаламдық көшке ілесуі жөнінде болып тұр. XXІ ғасырдың негізгі ғылымы – ІТ саласы қарыштап дамып, географиялық та, виртуалды да шекараларды жойып, әлемдегі барша адамдарды, олардың өмірін, тұрмысы мен кәсіби тіршілігін өзіне бағындыруда. ІТ – ақпараттық технология деген сөз. Ақпараттық технология дегеніміз – ақпаратты тасымалдауды, өңдеуді, жасауды, құрастыруды, анализдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін технологияларға тағылған өзінше бір ғылым. Сондықтан оқыту жүйесінде осы мамандықтарға басымдық беру керек. Егер отандық ІТ компаниялардың қолында жұмыс болса, экономикамызға үлкен әсер болады. Ол салық арқылы, халықты жұмыспен қамтамасыз ету арқылы жасалады. Біз отандық ІТ саламызды, ІТ ғылымымызды дамытамыз десек, отандық компанияларды күшейткеніміз жөн. Ол үшін жоғары технологияға қатысты мемлекеттік тапсырыстардың барлығын Отандық компанияларға үлестіріп беру керек. Сонда ғана қазақстандық компаниялар әлемдік бәсекеге шыға алатын құрылымға айнала алады.
Психология ғылымы өзінің тарихи даму барысында философиядан бірте-бірте алшақтай түсті. Сондықтан психологтардың назарына, ең алдымен, алғашында философтардың назарында болған ойлау түрі түсті. Бұл теориялық, пайымдап ойлау. Ірі философтардың бірі Декарт: «Мен ойланамын, яғни мен тіршілік етемін», – деген формуланы ұсынды. Содан бастап Әлем ақыл-ойында үлкен төңкеріс, «сана төңкерісі» пайда болды. Сол «сана төңкерісінің» әсерінен ғылым алға озып, Батыста интеллект деген байлыққа айналды. Ол жақта жай ғана идеяның өзін патенттеп, сатады. Ал Бізде қалай? Ойдан гөрі дене қызметі қымбат. Қара жұмысқа әбден байланып қалғанбыз. Ал Әлем дамып, қарыштап барады. Оның игілігін халық, ұлт, мемлекет көріп отыр. Сондықтан интеллект адам немесе тірі ағзалардың жаңа жағдайларға бейімделуге, өз білімі арқасында үйренуге, абстрактілі концепцияларды түсіну және қолдануға көмектесетін психика қасиеті ғана емес, мемлекеттік, адамзаттық мағынасы бар үлкен сый, Құдайдың сыйы. Қазақ ақылды әркез алға қойған ұлт еді. Мәселен, Тезектөре Бөлтірік шешенге: «Азбайтын, тозбайтын байлық қандай болады? Қайтпайтын, таймайтын қолдаушың мен қорғаушың қандай болады? Жарығы тұтас елге түскен қасиетті шырақ қандай болады? Жел жетпес жүйрік, асыл текті пырақ қандай болады?» – деп, көпшілік алдында қойған сұрағына саспастан: «Дүниеде азбайтын байлық біреу, ол – ақыл. Дүниеде тозбайтын байлық біреу, ол – ақыл. Дүниеде қайтпайтын қолдаушың біреу, ол – ақыл. Дүниеде таймайтын адал қорғаушың біреу, ол – ақыл. Дүниеде жарығы тұтас елге түсетін қасиетті шырақ біреу, ол – ақыл. Дүниеде ердің басына қонатын бақ біреу, ол – ақыл. Дүниеде елдің басына қоятын тақ та біреу, ол – ақыл. Ақылсыз басқа қонса, бақ баянсыз, нақылсыз насқа қонса, тақ баянсыз», – деп жауап беруінің өз көп нәрсені айғақтап тұрғандай. Сондықтан бүгінгі таңда адамдарды шын мәнінде белгілі бір қоғамның тұлғасы ету, оның өмір сүруі мен еңбек етуіне қажетті жағдай жасау, жастарға әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен мәдениеттілігін жетілдіру, сонымен қатар, әр адамның кәсіби біліктілігі мен мүмкіндігін ескеріп отыру – әрбір қоғамның өзіне тән міндеті…
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.