ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ­ТЫЛЫҚТЫ «ИНФОСЫҒАННАН» ЕМЕС, НАҚТЫ МАМАННАН ҮЙРЕНГЕН ЖӨН
26.03.2023
138
0

1994 жылы Қазақ­станда алғаш рет қаржы пирамидасы пайда болған. Сол уақыт­тан бері 30 жылдай уақыт өтсе де, ғаламтор пайда болып, ақпарат ағыны күшейсе де, ашық ақпарат көздері көбейіп, халықтың қаржылық сауат­тылығы арт­ты десек те, әлі күнге дейін қаржы пирамидасына ақша салуы тоқтар емес.

Жалпы қаржы пирамидасы салымшыларға тәуелді. Салымшылардың сауат­тылығы да бұл жерде өте маңызды. Яғни салымшы жоқ жерде пирамидалар да жоқ. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп бір сәт ойланбай, «Менің атым Қожадағы» Сұлтандай «Ақшаны үстіңнен жаңбырша жаудырам» дегендерге сеніп, қолындағы барын беріп, кейін бармағын тістеп қалатындар әлі көп. Тіпті бір емес, бірнеше рет алданғандар да кездеседі. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, алаяқтар да заман ағымына қарай өзгеріп, әдіс-тәсілдерін жетілдіріп келеді. Қазір қаржы пирамидаларының 16 тәсілі белгілі. Дегенмен жаңа технологиялардың ықпалы алаяқтардың жұмысын едәуір жеңілдеткен.
Былтыр LV Force, World Business Con­­sulting, The Finico, Caspian Crocus, B2B Jewelry, «ПК Елімай-2019», «Мебель­ный проект Нур», «Лидер», «Лидер капи­тал-168», «Нарымбетова», Hermes-LTD сияқты қаржы пирами­дала­ры­ның жолы кесілген еді.
Алайда олар білім беру курстары мен жылжымайтын мү­лік сатып алуға дейін әртүрлі қызмет түр­лерін ұсынып, азамат­тардан ақша алу­­дың қылмыстық схемаларын қайта ұйым­дастырған. Оларға сеніп, қайта ақ­ша салғандар аз емес. Қаржы пирамидалары адам жинау кезінде түрлі пси­хо­логиялық, манипуляциялық әдісті қолданады. Көбі туыс, жақын достарыңыз болуы әбден мүмкін. Опық жегендердің көбі – сол жақын адамдарының соңынан ергендер.
Экономист Эльдар Шамсутдинов отандық басылымдарға осы тақырып бойын­ша ойын жеткізіп жүр. Оның пікірінше, қаржылық сауат­тылық – тек картамен жұмыс емес, тереңдеу білім дейді. Маман қаржы пирамидалар хақында, оның жұмыс істеу әдісі туралы былай дейді:
«Қазір қаржылық сауат­тылық – өткен ғасырдың 70-жылдарындағы кибер­не­тика сияқты. Бұл туралы барлығы ай­та­ды, бірақ оның не нәрсе екенін, қан­дай әсері барына нақты ешкім тоқтала алмайды. Одан бөлек, қазіргі біздің қар­жылық сауат­тылық туралы түсіні­гі­міз кәдімгі банк картасы арқылы жа­са­латын операциялардан әрі аспайды. Яғни, картадан ақша шешіп алдың, бан­комат­тағы ақшаның өзі – қаржылық сауат­тылық деп есептеледі. Қаржылық сауат­тылыққа байланысты декомпо­зи­циялық көрсеткіштерге сәйкес, қаржы пирамидаларына ақша салатын азамат­тардың бұл тақырып бойынша сауаты өте төмен екенін байқаймыз.
Бізде қаржылық сауат­тылыққа байланысты жарытып ештеңе үйретпейтін қосалқы білім бағдарламалары бар. Жалпы, азамат­тар өзінің жеке қаражатын басқаруға көбірек мән бергені жөн. Ал бұл нәрсеге ой керек, білім керек, өте қатал тәртіп те қажет деп айтуға болады. Қаржылық сауат­тылыққа баулу – бәрібір де ең алдымен мектептерден басталуы керек. Оның методологиясына да өте көп уақыт кетеді, соның ішінде осы салада сарапшыларын тарту керек болады. Бизнес тренерлер мен әртүрлі «инфосыған» бло­гер емес, нақты қаржылық операциялармен жұмыс істейтін нарықтағы ма­ман­дар, барлық құрылымды түсіндіріп бере алатын сарапшылар қажет. Өйткені бізде білімді мамандар болғанымен, документальді бөлім жоқ деуге болады.
Негізі, қаржы пирамидасы деген ұғымның ауқымы өте кең. Брокерлерді, құрылыс компанияларын қаржы пирамидасына жатқызуға болады. Тіпті, крип­тооперацияларды – жаһандық қаржы пирамидасы деп есептеуге болады. Ал егер халықтан ақша алудың примитивті операциялары туралы айтар бол­сақ, иә, оның жолы көп. Бірақ қазір орныққан бір схема бар. Соған тоқ­талып өтейін. Алдымен сайт түріндегі алаң құрылады. Олар сізді сол сайт ар­қылы Тelegram-дағы жабық канал немесе группаға бағыт­тайды. Сол жерде әжеп­тәуір аудитория жиналғанда, ақша жинау басталады. Сайт­тың жарнамасы әлеу­мет­тік желілер арқылы, контекстік рекламалар, блогерлер арқылы жүр­гізіледі. Міне, осы – негізгі механизм.
Қаржы пирамидаларының әсерін төмендету де – өте кең түсінік. Бұл мәселеге бай­­ланысты өте көп нәрсені қозғауға болады. Соның ішінде кәдімгі, қалыпты биз­­нестің жұмысына кедергі келтіріп, шектейтін жағымсыз нәрселер де кіріп кетуі мүмкін. Бірақ Қаржылық мониторинг агент­тігі өте жемісті жұмыс атқарды деп есептеймін. Қаржы пирамидаларының объективті әсері туралы айтыла бас­­тады, әртүрлі кейс мысал бар, осының арқасында халық қаржы пира­ми­да­лары­ның не екенінен хабардар бола бастады және бұрынғыдай алдап соғу оңай емес.
Бірақ менің бір конспирологиялық теориям бар: біздің қаржы нарығында бұрын халықтан ақша жинауға қатысқан ойыншылар бар. Олар 2020 жылдан бастап қаржы пирамидаларының тағы бір толқынын тарт­ты.
Қорыта айтқанда, алаяқтардан қорғану үшін қоғамдық иммунитет керек. Ол қаржылық сауат­тылықтың деңгейімен өлшенеді. Тек сергек сана, сыни ойлау, халықты барынша ақпарат­тандыру арқылы қаржы алаяқтарының жолын кесуде нақты нәтижелерге жете аламыз», – дейді.

А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір