Нақты іске көшу қадамдары жасалды
«Бүгінгінің кішісі – ертеңгінің кісісі» деген халқымыз қашан да жас буынға ізет көрсетіп, келер ұрпақтың әлеуетіне сенім артқан. Еліміз мемлекеттік саясатының маңызды бір тармағы да осы – жастарды қолдау, яғни өскелең ұрпақтың білім алу, ғылыммен айналысу, рухани, мәдени, кәсіби және физикалық тұрғыдан жан-жақты дамып-жетілуі үшін барлық қажетті жағдайды жасау.
Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жеткіншектеріміздің үлкен өмірге қадам басуы қандай да бір мамандықты таңдап, кәсіби білім алуымен байланысты. Даму үстіндегі еліміздің сан салалы халық шаруашылығы бүгінде кәсіби білікті мамандарға мұқтаж. Осы орайда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда осы мәселеге тағы да тоқталып, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және кәсіптік білім-бағдар беруді дамыту қажеттігіне назар аударды. Сарапшылар алдымыздағы алты жылда кәсіби жұмысшы мамандарына деген сұраныс 400 мыңнан асатынын айтады. Осы ретте жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда өз кәсібіне деген адалдық, еңбекқорлық, нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттау аясында бірқатар шаруа атқарылды. Қазіргі таңда техникалық және кәсіби білімге басымдық беріліп, осы салалар мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс артты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп қолға алған Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары аясында кәсіптік стандарттар жетілдіріледі, бос орындар жәрмеңкелері өткізіліп, жұмыс берушілермен өзара байланыс жолға қойылады. Еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған бұл шаралар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына мүмкіндік береді.
Салалық ведомствоның Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Азиз Ибрагимов атап өткендей, алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс саны 1,6 миллион адам болады деп күтілуде. Оның 900 мыңға жуығы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге, 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелеріне қатысты. Кәсіби маман жұмысшылар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында үлкен сұранысқа ие болмақ.
Осы ретте жоғарыда аталған кешенді жоспарға орай «Мансап компасы» платформасының базасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарымен 100 мың жоғары сынып оқушысы қамтылады. Сонымен қатар «Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандарды даярлау ісіне кем дегенде 35 мың тәлімгерді тарту және жұмыс орнында кәсіптік оқыту жоспарланған. «1 наурыздағы жағдай бойынша жастар практикасына 3,2 мың адам жіберілді, ал жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, жастар практикасына қатысушыларға 2 645 тәлімгер бекітілді», – деді ведомство өкілі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, бүгінде Skills Enbek платформасында 9 827 оқушы мен техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарының студенттері онлайн-оқытумен қамтылған. Биыл кемінде 500 мың оқушы мен ТжКБ студенттері «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдалана отырып, жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру дағдыларына оқытумен қамтылмақ. Сондай-ақ аталған саладағы оқу орындарының үздік мың түлегін еліміздегі жетекші компанияларға жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Биыл жылдағыға қарағанда, еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін бос жұмыс орындар жәрмеңкелерінде жұмысшы мамандықтарына баса назар аударылатын болады. Мәселен, елордада «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі аясында өткен осындай жәрмеңке бір аптаға созылды. Осыған дейін өткізілген бос жұмыс орындар жәрмеңкелеріне 1 мыңнан астам жұмыс беруші қатысып, жұмысшы мамандықтары бойынша 9,6 мың бос жұмыс орны ұсынылған. «Биыл су шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, тау-кен металлургия өнеркәсібі, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы, көлік логистикасы, автомобиль жолдары және т.б. салаларда 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылатын болады.
Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды, тағы 5 орталық ашу жоспарлануда, оның екеуі халықаралық стандарттар бойынша болады», – дейді департамент басшысы Азиз Ибрагимов.
Жұмысшы мамандықтарының жылында іске асырылуы тиіс кешенді жоспарда көзделген іс-шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстарға қарағанда, жастар саясатында сөзден нақты іске көшу қадамдары басталған сияқты.
Рымтай САҒЫНБЕКОВА