Мемлекеттің көмекке келуі – құптарлық қадам
26.07.2024
67
0

Халықты жұмыспен қамту орталығы қандай міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Осы сұрақтың төңірегінде шекараның шетінде, желдің өтінде орналасқан Алматы облысы Райымбек аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысын сөзге тартқан едік.
«Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді және жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйым­дастырады. Сонымен қатар жұмыс берушілер азаматтардың бөлек санат­тарын (жетім балалар, мүгедектер, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар) жұмыспен қамту үшін квотаны орындайды. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», – дейді аталған ауданның халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Талғат Жұмаханұлы.
Толықтыра кетсек, халықты жұмыспен қамту орталығы «Жастар тәжірибесі», «қоғамдық жұмыс» және «әлеуметтік жұмыс орындары» деген бағыттар бойынша жұмыс жасайды. Сол секілді қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдайды.
«Жастар тәжірибесі» – жас түлектерге арналған, арнайы не жоғары оқу орнын бітірген жасы 29-ға толмаған, өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Тағы бір ескеретін жайт, олардың оқу аяқтағанына 3 жылдан аспау керек. Бұл бағдарлама бойынша жалақыны мемлекеттің өзі төлейді. Жұмыс алты айға арналған. Онда жас маман өз мамандығы бойынша тәжірибе жинайды. Егер жұмыс берушінің көңілінен шығып жатса, 1-2 айдан соң-ақ, сол жерге тұрақты қызметке тұруына болады. Ал егер 6 ай бойы өзін көрсете алмаса, жұмыспен қамту орталығына қайта келіп тұрақты жұмыс іздейтін болады.
Ал «Қоғамдық жұмыстардың» негізгі шарты – өтінім берушілердің біліміне, жұмыс тәжірибесіне қарамау. Онда қатаң талаптар жоқ. Бұл бағыт бойынша 12 айға арналған уақытша жұмыспен қамтылады. «Жастар тәжірибесіндегідей» жалақыны мемлекет төлейді. Басты назар аудартатын жайт азаматтар тек қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік орындарға ғана орналаса алады.
Үшінші бағыт «әлеуметтік жұмыс орындары» ілгерідегі екеуінен ерекшеленеді. Мұнда жұмыс берушілердің тарапынан штаттан тыс, қосымша орындар ашылуы керек. Бұл бағыт бойынша жіберілген жандарға төленетін жалақының 35 % ғана мемлекет көтереді. Сондай-ақ, оның мөлшері республикадағы ең аз жалақы 80 мыңнан аспауы керек. «Әлеуметтік жұмыс орындарына» тек өз мамандығы бойынша тәжірибесі бар азаматтар ғана жіберіледі. Оның уақыты – 12 ай.
Азаматтардың арнайы білімі болмаса немесе біліктілігін жоғалтып алған жағдайда «қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға» жібереді. Сантехник, аспасшы, шаштараз, тігінші және т.б мамандықтар бойынша оқытылады.
Жұмыссыздық мәселесі қашан да күн тәртібінде маңызға ие, басты тақырып болып келгені анық. Бұл бағытта билік тарапынан пәрменді шаралар қолға алынып, нақты іс жүзінде атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Біз жоғарыда аталған аудан бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмысқа қол жеткізген Мира Бөкенқызының пікірін білген едік.
«Мен Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Қақпақ ауылындағы «Айгөйлек» балабақшасына сәуір айында кір жуушы болып жұмысқа орналастым. Аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұрып, өзіме ыңғайлы, көңілімнен шығатын жұмысты таптым. Өзім – сол ауылдың тұрғынымын. Үйіме де жақын. Айлығым 80 мың теңге. Жолдасым екеуміз – бес ұлдың ата-анасымыз. Осындай мүмкіндік беріп, тұрақты жұмысқа орналасуға жағдай жасап отырған мемлекетке алғысым шексіз, – деп Мира Алшынова өз қуаныш жеткізді.
Білдей бір дипломы бар адамдар жұмыс таба алмай жүргенде, ауыз толтырып айтарлықтай мамандығы да, біліктілігі де жоқ қарапайым жұрт­ты жұмыспен қамтып, мемлекеттің көмекке келуі – құптарлық қадам.

Айнаш ӘЛДИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір