Театрдағы «Әбіш әлемі»
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейлі мерекесі аясында халқымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың көркем шығармаларын насихаттау барысында Маңғыстау облысы әкімдігі мен Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен «Әбіш әлемі» деп аталатын І Республикалық театр фестивалі 2016 жылдың 6-9 желтоқсан аралығында өткізілді.
Бұл фестивальде Әбіш Кекілбаевтың прозалық шығармалары негізінде жасалған инсценировкалар мен жазушы аудармасымен қойылған спектакльдер көрсетілді. Қарымды қаламгердің жүрдек қаламынан туған мол рухани дүниені театр тіліне келтіріп, сахнадан көрсетуге деген игі бастаманың осы фестивальден кейін әрі қарай жалғаса беретініне сеніміміз зор. Иә, фестиваль кезінде Ә.Кекілбаевтай сөз зергерінің туындыларын сахнадан сөйлету оңай еместігіне көзіміз жетті.
Фестиваль шымылдығын С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры Ә.Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы» деп аталатын шығармасы бойынша қойылған спектаклімен ашты. Спектакль оқиғасы әлемнің тең жартысын қанға бөктірген қаһарлы Әмірші мен Кіші ханым арасына құрылған. Әмірші бәйбішесі жіберген құрт түскен қызыл алмаға қарап, мұны сүйікті әйелінің әлдекіммен көңіл қосқандығының белгісі деп қабылдайды. Жорықта жүрген кезде өзінің құрметіне аспанмен астасқан ғажап мұнара тұрғызған Кіші ханымға оны салған шебердің ғашық болғаны мәлім болады. Осы оқиғаны сахналық әрекетке түсірудегі режиссер Батырбек Шамбетовтың ой түюі, қисынды қиял толғауы, суретші С.Ниязакуновпен бірлесіп сахна кеңістігін еркін игеруі көңілге қонымды. Режиссер авторлық көркем баяндауларды ішкі қуаты мол диалогқа айналдырып, драматургиялық қалыпқа түсіргендіктен, кейіпкерлер әрекетін тартыс желісіне бағындырудан спектакльдің сахналық тұтастығы сақталып, бас-аяғы жинақы көркем дүние болып шыққан. Ол спектакльдің сахналық пішінін қызық ойластырған. Небәрі төрт кейіпкер (Әмірші – Н.Асқаров, Кіші ханым – З.Уәлиева, Жаппар – Д.Адыкенов, Күтуші – А.Супатаева) қатысатын спектакль оқиғасы созылып кетпес үшін режиссер жүргізуші рөлін кейіпкерлердің өз иығына жүктеген. Орындаушылар өз бейнесін жасаумен қатар, оның басындағы жағдайды көрермендерге мәлімдеп отырады. Бұл тәсіл спектакльдің екпін-ырғағын түсірмеу үшін қолайлы болғанымен де, актерлердің бір көңіл күйден екіншісіне өту кездерінің анықталмай қалуына әкелген. Сонымен қоса, кейіпкерлердің бір-біріне деген қарым-қатынастары, ойлану-толғану сәттері, сөйлеу мәнерлері режиссер тарапынан әлі де айшықтай түсуді қажет етеді. Әсіресе, Жаппардың Кіші ханымға деген сезімі айқын емес.
Десек те, Б.Шамбетовтың шығармашылық аяқ алысы көңілге сенім ұялатты. Бірлі-жарым олқылықтарына қарамастан бұл спектакль режиссердің жазушы прозасынан драматургиялық тартыс, көркем мазмұн іздеудегі батылдығымен құнды демекпіз.
Бұдан соң фестиваль жалауын әрі қарай желбіреткен М.Әуезов атындағы академиялық драма театры Е.Нұрсұлтанның режиссурасымен қойылған «Король Лир» (сахналық нұсқасын жасаған
М.Омарова) спектаклін көрсетті. Осы тұста аталмыш өнер ордасының соңғы жылдары жас буын режиссерлердің ізденістеріне жол ашып, олардың еркін жұмыс жасауына барынша мүмкіндіктер жасап отырғанын айта кеткен орынды.
Иә, эксперимент жасау, соны шешім, тың ой айтуға талпыныстар әр уақытта қолдау табуы тиіс. Бірақ соның барлығы сахнаға қойылатын шығарманың өзінен туып, соның көркемдік табиғатына сай келуі шарт. Бүгінгі таңда дүниежүзі театрлары Шекспир шығармаларын әрқилы сахналап жатқаны баршамызға жақсы мәлім. Бұрынғы кездегідей тарихи орта тудырған дәуір тынысы, заман келбеті, ұлттық ерекшелік, типтік мінездерді қаз-қалпында сақтау міндет болмай қалғаны да жасырын емес. Әр режиссер өзін толғандырған мәселені қандай театрлық бейнелеу тәсілімен бергісі келсе жеке суреткерлік концепциясы мен көзқарасына байланысты жасауға көшті. Біз көрген «Лир патша» спектаклі де осыған саяды. Спектакль оқиғасы Лир мен оның қыздары арасында өрбиді. Қойылым басталған кезде сахнаның тура ортасына орналасқан экраннан дуылдап сөйлеп жатқан адамдарға қарап, қара костюм мен ақ көйлек киіп сахна түбінде қолын оңға бір, солға бір сілтеп әлденені айтып тұрған адамды көреміз. Бұл – Лир – Д.Ақмолда. Осы көріністен-ақ режиссердің спектакльдің сыртқы пішінімен әуестеніп, арзан эффектіге бой алдырғаны қылаң етті.
Шекспир трагедиясында Лир мен оның отбасын күйреуге соқтыратын жағдайлар терең суреттелген. Ал М.Омарова жасаған сахналық нұсқада Лирге өз қыздарының неге қарсы болғаны анықталмаған. Мұны режиссер де нақтылай алмаған. Айталық, спектакльдің алғашқы көрінісінде Лир үш қызына бірдей қарап, әлпештеп өсіреді. Оларға әкелік мейірімін төгіп мәпелейді. Ал түпнұсқадағы Лир трагедиясының себебі – ол басқарған мемлекет заңы, оның отбасының заңына айналуында. Қолында билік бар кезде өзгелердің тағдырын шешумен айналысып, тақтан тайған кезде дәрменсіз күйге түсіп, өзі жүргізген қатыгездіктің құрбаны болып, бауыр еті балаларына да сыймай ақылынан алжасады. Спектакльде Лир мен оның қыздарының арасындағы қатынас пьесаның идеясынан, гуманистік ойынан, кейіпкерлер тұлғасынан ізделмеген. Яғни сахналық нұсқа әдеби негізден алшақ кеткен. Содан барып Лир қыздарының жерді иелене салысымен күрт өзгерулері режиссерлік тұрғыда ақталмаған.
Спектакльде Гонерилья – А.Сатыбалдиева, Регана – Ж.Жанаманова, Корделия – Д.Үсенова бір-бірінен аумай қалған. Орындаушылар өз кейіпкерлерінің мінез ерекшеліктерін, олардың жан дүниесін диалектикалық даму үстінде бейнелей алмады.
Спектакль финалында қыздарының жансыз денесіне су сеуіп тірілтпекші болып әуреленген Лирдің әрекеті, осыдан оншақты жыл бұрын Сатирикон театрында Юрий Бутусов қойған спектакль шешіміне ұқсап кеткен. Онда қыздарын өлімге қимаған Лир оларды кезек-кезек рояльге сүйреп апарып отырғызбақшы болады. Ю.Бутусовтың бұл шешімі кезінде жоғары бағаланған еді. Ал дәл сол ойдың басқа түрде Е.Нұрсұлтанда қайталануын жаңалыққа балай алмаймыз. Біздіңше, біреудің өнеріне еліктемеу, басқаның жолын қайталамау, пьесаны өзінше түсініп, өзінше қою – сахна өнері үшін абыройлы құбылыс екенін естен шығармаған ләзім.
Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры Ә.Кекілбаевтың «Ханша-дария хикаясы» (сахналық нұсқасын жасаған Жаныш Құлмамбетов) спектаклін ұсынды. Жас режиссер Алмат Шариповтың театрдағы ең алғашы жұмысы болып саналатын аталмыш спектакль сәтті шықпаған. Қойылымға қатысқан жас орындаушылардың Қаһар – Е.Ора-
залин, Шыдұрғы – А.Әлимұқан, Гүлбелжің – Ә.Құсайынова, Тұтқын – Н.Айтқалиевтің кәсіби актерлік мектептері тым әлжуаз көрінді. Олардың театр өнеріндегі тәжірибесінің кемдігінен ансамбльдік тұтастық мүлде болған жоқ. Тіпті, актерлік шеберліктері қалыптасқан Шыңғысхан рөліндегі К.Кемалбаев пен Көріпкел – М.Мұзбаеваға да режиссер дұрыс бағыт бере алмаған. Бір сөзбен айтқанда, кейіпкерлердің барлығы да эскиздік қалыпта қалып, жаттанды сөздерін сырғытып айтып шығумен шектелді. Спектакльде кейіпкерлердің бір-бірін көруі, өзара ұғынысуы, сөз тыңдаулары, зейін қою жағы назардан тыс қалған. Нәтижесінде сахналық жалғандық пен бос жүріске орын берілген.
Ең өкініштісі, Шыңғысхан туралы түсірілген Уаң Уен Жиенің фильміне режиссердің көп еліктегені спектакльдің алғашқы сахнасынан бастап сезілді. Әсіресе, ханның гримі мен костюмі көзге оттай басылды. Оқиға шашыраңқылығы, кейіпкерлердің мінез-құлықтарының дараланбауы, қойылымның тыныс-ырғағының бір ізге түспеуі, көпшілік сахналардың қатып қалған қалпы сіресіп тұруы сияқты кемшіліктер режиссердің сахналық әрекеттерді ұйымдастыруда шығармашылық тапқырлық таныта алмағанын көрсетеді. Әрине, режиссурадағы алғашқы қадамын енді ғана бастап жатқан режиссерге бірден үлкен талап қою артық шығар, дегенмен де әр шығарманың өзіне тән сахналық танымы барын дер кезінде ескерту парызымыз. Алдағы уақытта мұндай Республикалық деңгейдегі фестивальге театрдың көркемдік кеңесінен өткен, фестиваль талаптарына толық жауап бере алатын көркемдік сапасы жоғары спектакльді қатыстырғаны жөн демекпіз. Себебі, жаңа актерлік, режиссерлік есімдер ашу фестивальдің ең басты мақсатына жатса керек. Оның рухани, мәдени, шығармашылық құны да осында.
Байқауға С.Жүсіптің «Адам болып өтейін» драмасымен келген Қызылорда облысының Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры фестиваль көрігін қыздыра түсті. Пьеса Ш.Айтматовтың «Найман ана» новелласы мен Ә.Кекілбаевтың «Күйші» повесінің желісі бойынша жазылған. Спектакль режиссері Х.Әмір-Темір аласапыран жаугершілік заманындағы халық тағдырын, адам қолымен жасалған мәңгүрттіктің жалпы адамзат баласына жасалған қастандық екендігін жеткізе алған. Спектакльдің сахналық үлгісін табуда, оның бейнелеу шешімін қарастыруда суретші С.Пірмаханов та көп ізденген. Екі күрделі шығарманың басын біріктіре білген режиссер бөлек-бөлек оқиға желісін музыка, жарық, әрекет орнын ауыстырып отыру арқылы шешкен. Ол дәстүрлі сахналық бейнелеу тәсілдеріне сүйеніп кейбір әрекеті жеткіліксіз монологтар мен диалогтерге лайық қимыл-қозғалыс тауып, бір тартыс желісіне бағындыра алған.
Спектакльдегі әр рөлге тоқталып жату мүмкін емес. Десек те, Күнбала – Ү.Бегімова, Шилоху – Б.Алпысбаев, Дүйімқара – Ұ.Баймахановтың, Жоламан – Қ.Архабаевтың, Елті – З.Төлепованың ойындары даралық сипатымен ашылған.
Бұл спектакльде көпшілік сахналарына қатысатын жауынгерлердің қимыл-әрекеттері белгілі бір үлгімен шектеліп қалған. Сол сияқты, Бұлғынның монологы да тым ұзақ. Алдағы уақытта спектакльдің динамикасын әлі де күшейтіп, кейбір сахналарды ықшамдай түсу қажеттігі сезіледі.
Фестивальдің шымылдығын Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің желісі бойынша қойылған спектаклімен жапты. Қойылым алғашқы сахнасынан бастап көрермендерді бірден баурап әкетті.
Режиссер Быйаман Уола Сэргэ Обокуун (Саха Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Алтын маска» театр сыйлығының иегері) шығарманың өзіндік көркемдік сырын ашумен қатар құдықшылардың типтік мінезін жасауды мақсат еткен. Спектакльдің әрбір сахнасында іштей байланыс, мықты динамика, туынды болмысының философиялық мәні терең ашылған. Оқиғалар үздіксіз дамып, орындаушылардың іс-әрекеттері сахналық тұтастық тауып, негізгі режиссерлік ой-тұжырымға топтастырылған. Ол мизансценалардың барынша бейнелі және анық болуына, тұтас қойылымның өзіндік түріне, суреттеу тәсілдерінің өткірлігіне, сондай-ақ, детальдар мен штрихтардың айқындығына аса мән берген. Оның режиссерлік қиял жүйріктігі мен тапқырлығы, суреткерге тән сезімталдығы спектакльдің әр көрінісінен байқалып тұрды. Тіпті, спектакльде Маңғыстау өңірінде сирек айтылатын әндердің лейтмотив етіп тартылуы оның театр ұжымымен қоян-қолтық жұмыс жасағанын көрсетіп тұр. Сол тәрізді Еңсеп көрдей қараңғы құдық ішінде шошынатын сәттерін үрей мен қорқыныш сияқты аллегориялық кейіпкерлермен беруі де қойылымның шырайын аша түскен.
Спектакльдің ой-мақсаты дұрыс анықталып, жеке кейіпкерлер бейнесіне берілген интерпретацияда орындаушылар мен режиссердің сахналық тұжырымы бір жерден шығып жатуы – шығармашылық ізденістің нәтижесі екені даусыз. Аталмыш спектакльде актерлердің барлығы өз рөлдерін жете меңгеріп, беріле ойнады. Атап айтқанда, Еңсеп – А.Иманқұлов, Құлжан, Төкен бай – К.Башаров, Ханым –
М.Бақбердиева, Байсал
бай – М.Өмірәлиев, Дәржан –
С.Сәрсен және тағы да басқа орындаушылардың ойындары өзара үндестік тауып, әдемі актерлік ансамбль түзді.
Жинақтап айтқанда, Әбіш Кекілбаев шығармашылығын театр тілімен бейнелеуге деген алғашқы қадам жасалды. Болашақта бұл игі бастама жалғасын тауып, екі жыл сайын фестиваль өткізіліп отыратын болды. Сонымен, қол бұлғап шақыратын келесі фестивальде театрларды жаңа белестерден көргіміз келеді.

Бақыт Нұрпейіс,
өнертану докторы,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер
академиясының профессоры.