Әбіш һәм «Аш бөрі»
22.02.2024
153
0

«Таң атқалы жорытқаны жұртсыз жон. Тек жаңа ғана тастақ сайдың басындағы жалғыз құдыққа тап болып, ат суарып алды. Көптен бері бұл маңайға ел жуымапты. Құдық маңайының құмалағы қуаң. Астауы да қаңсуға айналыпты. Дегенмен көлденең керуен, бейсауат жолаушылар көп соғады екен, астаудың астына тыққан көн қауға бар боп шықты». Бұл – заманымыздың заңғар жазушысы, сөз зергері Әбіш Кекілбайдың Құрманғазы Сағырбайұлы ғұмырының бір ғана сәтінен сыр шертер «Аш бөрі» ат­ты шығармалары арасындағы ең аз талданған, иісі қазаққа мәшһүр композитордың образы керемет сомдалған кең тынысты әңгімесі.


Әсілі, әңгіме – новелладан гөрі, сюжет­тік желісі қиындау құрылатын, өмірдегі алуан-алуан құбылысты ықшамдап түйіндегенімен де, оған аса терең мағына сыйдыра отыра сатылап дамитын жанр. Астында қара аты бар жолаушы бүлкек жүріспен «жаздай шаң тұтып, күн жеп, сарыала етек боп қалған» даламен келе жатады. Бір уақыт­та тоқтап, жылқысынан түсіп, ауыздығын сыпырып, ерінің артындағы домбыраны шөп үстіне тастайды-дағы, шалқасынан жата кетеді. Оңашада дауылпаз күйшінің есіне қайдағы-жайдағы түсіп, өткеннің орны толмас өкініші қылаң бергенде «әншейін­дегі қат­тылығынан айырылып, бо­йын әлдеғайып әлсіздік билейді». Содан не керек, күн батып, қас қарайып, кешкі салқынның лебі білінген кез­де алдынан аруана шығады. Жаңағы жануар «қара жалдың күнгей бауырына қонған үш-төрт үйлі», аумағы шап-шағын ауылға ат басын тіреуге сеп боп, ортадағы боз үйдің қасына барып тұра қалады. Жолаушы соған жақындағанда қолында шелегі бар әйел шығып, Құдайы қонақты күтіп алады. Құрманғазы қамшысын босағаға қыстырған күйі төрге озып, домбырасын қабырғаға сүйеп қояды. Қаймағы шайқалмаған құт­ты мекен. Үйде күйшіден бөлек – Дөңбай, оның бәйбішесі, Әурен, сол үйдің келіні, жас шамасы оннан енді ғана асқан бала бар. Бәрі дастарқан басына жайғасып, жөн сұрасады. Ақсұр шал қонаққа домбыра шертуін өтінеді. Сол кез­де тамақ ішуге үстіне – түйежүн шекпен, басына түлкі тымақ киген Қойбағар келеді. Ол бірнеше күй тартып, ас-ауқат ішілген соң жұрт жатуға ыңғайланады. Күйші ауыл сыртына шығып, атын отқа жібереді де далада ұзақ тұрады. Төсек салынады. Құрманғазы ерте ояна салып жылқысын ерт­тейді-дағы, таңғы шайын ішіп, қайта жолға шығады. Сонда ту қоянды көріп: «Әт­тең, осындайда бөрі де жолықпайды-ау», – деп ойлады күйші». Ойына елде жүргендегі жігіт­термен бірге қасқыр қуғаны оралады. Күйші көкжиекке қарағанда, «даланы қан-жоса қып батып бара жатқан» күнді көреді. «Оның көкірегінде тағы бір тосын саз қордаланып келеді». Жалпы, шығарма фабуласы осындай. Мұндағы авторлық баяндау орталық образдың көзімен, ойымен беріледі. Туынды мазмұн мен пішіннің үйлесімі негізінде тумақ. Осы тұрғыдан келгенде Әбіш Кекілбай – қос ұғымды тұтастықта қарайтын суреткер және жазушы тұтқыннан босап шыққан жолаушының жолшыбай ел-жер аралағандағы тұсын ерекше екпінмен жазғанын аңғармау әділетсіздік болар еді. Дәл сондағы соны пейзаж – тек фон қызметін атқарып қана қоймай, философиялық, символикалық, психологиялық мәнге ие әрі автор ұстанымын айқындар көркем әдіс. Әсіресе «Аш бөріде» М.Эпштейн классификациясындағы («Постмодерн в русской литературе») ландшафтық, масштабтық, жанрлық-стильдік, идеалды пейзаждардың элементі кез­деседі. Әбіш сомдауындағы Құрманғазы антропометриясы мынандай: күректей қол, ісіне қызарып тұрған ет­ті, ұзын салалы саусақтар, самайдан алқымға дейін ұйысып біткен тып-тығыз қара сақал, шарасы зор ала көз, одырайып оқшау біткен жалбыр қабақ, мойнын жұлқына бұрғанда сорайған өндіршек, тамағының астындағы күдірейіп шыға келген күретамыр, күн санап көбейіп келе жатқан шұбыртпа әжім, қайқайған иық, дөң маңдай, самайдағы көк қылтанақ, сырт­тан тың тыңдап отырған кісіше іргеге салған мойын. Осынау сипат сурет өнеріндегі Врубель не мүсін өнеріндегі Донателло шығармаларымен үндесетіндей. Өйткені портрет­тің хас шебері саналатын Әбіштің «Аш бөрісінде» қою колорит бар, ауқым бар, эпизм бар. У.Эко импрессионистік проза өкілдері есебінде Э.Золя, Г.Моппассан, М.Прустарды атайды. Десек те, олардың романынан таза күйіндегі импрессионизмді емес, өзге де көркемдік әдістерді аңдау аса қиын емес. Сол секілді бac кейіпкер бо­йынан да poмaнтикaлық бeйнeлeу тәсіліне тән белгілерді байқадық. Айталық, үйге келгендегі күйші мен әйелдің арасындағы үнсіз байланыс – соның дәлелі. Жазушы шығарма экспозициясында бас кейіпкердің Құрманғазы екенін айтпайды, жасырады, бұл тек орта тұсында ғана белгілі болады. Оған шейін бейтаныс жолаушыны тап басып тани алмай: «Бұл қай мықты болды екен?..» – деп ойға түсесің. Автор бәрін шет-шетінен, асықпай-аптықпай таныстырып отырады. Кеңістікті керемет сезінетін Әбіш баяндау, диалог пен монологтарды өз еркіне қоя береді. Құрманғазы күй тартқанда дүн-дүние мүлгіп, тіршілік тоқтап қалғандай сезіледі. Әбіш бейнелеуіндегі Құрманғазы табиғат­тан күш-қуат, шабыт алады. Ол аспабының мойнын бір ырғап қойып, көзін жұмып, ерекше бір күйге еніп, баяғының дервиштері ұқсап трансқа түсіп, қос ішекті саусағының ұшымен баппен қаға бастағанда-ақ қара домбырадан үн төгіледі. Қаламгер осынау деталь, ал кей жерінде психологиялық параллелизм арқылы образ жан-дүниесінің ұңғыл-шұңғылына үңіледі: «Сосын ніл көк аспанның бір пұшпағында мүжіліп таусылуға айналған қаймыжық ақша бұлтқа көзі түсіп кет­ті. Қазір бар дүниені бауырына әкеп тыққан алдамшы сағым жоқ. Көкжиек көл-көсір шалқып, қашықтап кеткен. Тар қамаудан мынандай бостанға шыққан кісінің көңілі өсіп шыға келеді екен». Әр көркем туынды – аяқталған, бас-аяғы бүтін дүние, яғни оны байланыстырып тұратын тұтас желі болмақ. Лирикалық шегініс барысында оқырман көп жайт­тан хабардар болмақ һәм жазушы оның Қазиын сағынатын жеріне онейрикалық сипат дарытқан: «Анада осындай бір кештен кейін түс көріпті. Өзінің үйінің көлеңке беті. Анасы айран құйып беріп отыр. Айран ашытқан қос құлақты емен күбі шелектің өңез иісі аңқиды. Қасына Қазиы келіпті. Маңдайындағы жалбыраған кішкене кекілін тұмсығына апарып еді. Ыңғай жалаңбас жүретін баланың басы күн иістеніп күңсіп кетіпті. «Құлыным-ай», – деп бауырына қыспақ боп ұмтылып еді, үстіне жамылып жатқан қара тоны сусып барып түсті. Тұла бо­йы оқыс шіміргіп, көзін ашты».
Жазушы қаламы арқылы айнала-маңға жан бітеді: «Құдықтың түстігі тырбық тікенек бұталы қатқыл, терістігі біраз жерге дейін ұры жыраланып барып құздата құлайтын аңғар сай. Жаңа сол аңғар сайдың қалтарыс-қалтарысын тінтіп жүріп, қолқат түбінен өрге тырмысқан жіңішке соқпақ көріп еді, осы құдықтан шығарды. Сайдың ұры мен бөріні қапы қалдырмас қат-қабаты мол сияқты. Бірақ көзіне ештеңе шалынбады». Күйшінің қарағайдан жонып жасаған домбырасына деген ынта-ықыласы алабөтен. Оған көзі түссе болғаны, «сыбыс-сыбдыры жоқ мына өлі дүние былай серпіліп, көкірегінде үн қоздайды, көмескі тартқан көп елестер қайта тіріледі». Автор кейіпкерлерінің ішкі күйзелісі, айта алмай жүрген сыры, толғанысы шығарма интонациясына, ритмикасына, әуезіне әсерін тигізетіні рас. Ол шағын эпизодпен-ақ өмір шындығы мен адам тіршілігінің зор өзгерісін шебер шендестіреді. «Сырт­тан түйе сауып қайт­қан әйел кірді. Шелегін бәйбішенің қасына қойып, құман ап, шылапшын әкеп қолға су құйды. Жолаушы алдына келген шылапшынға тізерлеп беті-қолын жуды» немесе «Қара мұрт­ты ішіп болдым дегенді ишаралап, кесесінің аузын басты. Шайға бұ да онша құмар емес еді. Кесесінің ернеуінен бұ да қақты. Шал ішіп отырған кесесін сарқып: «Болдым», – деп дастарқанның шетін қайырды». Бұл жердегі этнографизм шығарманы күшейтпесе, әлсіретпеген-ді. Әбіш әр бейненің түр-тұлғасын, мінез-құлқын штрихтермен даралап шыққан. Сол арқылы оқырманға олардың қандай екенін сездіреді. Әурен – менменшіл, өркөкірек, бәйбіше мен үйдің келіні – биязы, сыпайы, Қойбағар – немкет­ті, еренсіз, бала – томаға-тұйық, бұйығы. Ал Дөңбай шал әңгімеде былайша сурет­телген: «Анда-санда өзінен-өзі бір мырс етіп қояды. Өңінде ұзақ уақыт ел үстінде жүріп, енді тұғырдан тайып шетқақпай қалған кісіге тән салқын қабақ салғырт­тық бар. Қимылының бәрі – керенау. Кесесін де ерніне енжар апарады. Бірақ осқырынбайды. Зілді отырыс».
«Күзгі қоңырқай көңілсіздеу дала» – небір қиын кез­дерді бастан кешкен негізгі кейіпкердің көңіл күйін дәлме-дәл беретін жол. Шығарманы ой көзімен оқыған кісі «әйкел», «індігеш», «топатай», «сарсу», т.б. тек белгілі бір аймаққа қатысты диа­лектизмдерді көптеп кез­дестірері анық. Қаламгер ұлы сазгер домбырасының күйін келтірген сәтін кестелі тілмен әсерлі жеткізеді: «Жолаушы домбырасының қабын сыпырды. Қалтасынан тиек ап, қондырды. Құлағын бұрап, жолсоқты боп шылдырлап қалған домбыраның күйін келтірді. Әр шекті жеке-жеке шертіп, құлағына тосып, ыңын байқады. Бірте-бірте түзеліп келеді». Бұл – тұлпардың шабар алдындағы шағы. Осы тұста атақты туындының қысқаша тарихы баяндалады. Мұны автордың өз аузынан естиік: «Есіне елде жүргенде бір қызға тартқан күйі түсті. О да тап мына келіншектей ақсары еді, о да бұған шай ұсынып жатып, шәйі көйлектің жеңі сусып, жұмыр білегі жалаңаш қалғанда, жүзі ду ете қалған. Соңына сөз еріп, шетқақпай жүргенде түскен бейтаныс үйдің сұлу қызы құйған шайға көңілі өсіп, күй шығарып еді. Адал көңіл, тәт­ті шайға шыққан күй де тәт­ті болсын деп атын «Балқаймақ» қойған». Әңгіме арасында Азғыр, Еділ, Қиғаш, Үстірт, Алатау секілді жер-су атаулары күйшінің жадында жаңғырады. Бұл – ностальгияның нышаны. Шығарма композициясы – жинақы, сюжеті – шымыр. Әбіш Кекілбай әңгімесіне неге «Аш бөрі» деп ат қойып, айдар тақты екен? Қасқыр, бөрі туралы көркем мәтін екі жерде ұшырасады, біріншісі – қара домбыраға қарағанда («Қапталдағы қабақ астынан шыққан аш қасқырдың ұлығаны…»), екіншісі – қоянды көріп, елдегі бір уақиға есіне түскенде. Сонда Құрманғазы жігіт­термен қосылып, қасқыр соғып алу үшін аңға шығады. «Арланды ақыры сойылға жығып, атқа өңгергендегі жігіт­тердің «қау-қауы» бұның құлағын қытықтайды». Былайғыдағы жайбасар жандар қасқыр көрсе қаны тасып, арқасы қозып, атқа мініп, атой беретін әдеті. «Бұларды осынша желпінткен көк бөріге разы боп, қасқыр өңгерген жігітпен қатарласып, ер артындағы ауызы ырсиған арланның селтиген серек құлағын құшырлана бұрайтын». Солайша, ерекше риза болған жұрт үйіне қайтарда «Аш бөрі» әніне басады екен. «Бөрінің дуылы бірер күнге созылып, о да басылатын. Жігіт­тер сойылдарын тастап, таяғын, қауғасын арқалап, малын қаузайды, шаруасын жайлайды. …Айдалада жалғыз келе жатып анда-санда қотанына тиіп, бөрліктіріп тұратын бөрі болмаса, мына даланың селт ететін түрі жоқ-ау деп ойлайтын». Әңгіме идеясының кілті соңғы сөйлемде жатыр. Бөрі – өршіл рухтың, намыстың, ерік-жігердің, қажыр-қайрат­тың символы. Өмірде түрлі қиындықты, қысымды көрсе де, ешкімге бас имей, ешкімнен именбей, қайта еркіндікке шығып, елін оятып, ес жидыртатын аруақты адам, бұл – Құрманғазы. Демек, аш бөрі мен ұлы өнерпаз – бір-бірімен өзектес, егіз түсініктер. Автор ұғымындағы аш бөрі – күйшінің өзі. Бұл рет­те аталған әңгіменің алтын арқауы – қазақ тағдыры, елдің езілген еңсесін көтеру, бодандықта жүріп бостандықты аңсаған ұлтының жоғын жоқтау, жыртығын жамау, жоғалғанын табу, сынығын бүтіндеу, жан жарасын емдеу.
P.S. «Әдебиет­тің міндеті – сергелдең жүректі басу, бейқам жүректі ояту», – деп айт­қан дарабоз дарын өзінің «Аш бөрісінде» табиғат­тың әр кез­дегі көрінісі, қоғамның қайшылықтары, адам жеке басының тағдыр-талайы, қуанышы, өкініші, сезімі, арманы, адалдығы, намысы мен өксігін өрнектеген. Өне бо­йында жазушы, өнертанушы, ақын, драмашы, аудармашы, саясат­танушы, тарихшы, мәдениет­танушы, көсемсөзші, энциклопедиялық білімге ие ғұлама, ойшылдың таланты тамаша тоғысқан Әбіш Кекілбай – шын мәніндегі құбылыс.

Әлібек БАЙБОЛ
әдебиет­танушы-ғалым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір