Кеудемізде – өмір оты..
27.01.2017
1610
0

Баймаханбет АХМЕТ

Ақша бұлттар
Менде бір ақша бұлт бар-ды,
Төбемде үйіріліп жүретін…
Бұлт қалды, ата жұрт қалды…
Хабарын кім бар білетін?

Қадірін оның ұғар кім
Қорғайтын көлеңкесімен,
Жаңбырыменен жұпарлы
Себетін өлең төсіме…

Уа, өзін көргем жоқ көптен,
Мүмкін шаршады…
Тұратын мені мектепке
Шығарып салып, қарсы алып.

Айтатын болсам мен шынын
Атымды жайды жұртқа бұл
Секілді жекеменшігім
бұлттарым.
Омырауынан айқай-үні есіп,
Бұйыққан бұла арманым.
Өзіммен бірге ілесіп,
Бұлттарым қайда бармады!

Күтті ылғи мені жолымнан,
Бар ма әлде ойы ұғыспақ.
Ол қалмай еріп соңымнан
Жөңкіді Қиыр Шығысқа.

Пақырды мендей досы қып,
Суыққа тоңып сыртта – анда.
Екі жыл жүрді қосылып
Приморьелік бұлттарға!

Бұлттарым жүрген басқа елде
Дейтіндей: «Қалай, көке, хәл?».
…Қайттым ғой, ақыры әскерден,
Бұлттарым қайтты ма екен, ал?

Аққулар
Барсың ба, әлде жоқсың ба,
көктің құсы…
Аспанға атың мәңгіге жазылды анық.
Аққулар-ай, ғайыпқа кеттің бе ұшып,
Сардалада сыңсыған сазың қалып?

Тасығанмен ауылымда көктемде арна,
Қонбай жүрсің Ақкөлге, Жәдіккөлге…
Адамға айтар базынаң, өкпең бар ма?
Ғайып болып кеткенің анық па, әлде?

Құшақ жая, уа, құстар, ұшқан жазға,
Алдан жазы құшағын ашып қарсы ап…
Біз де мәзбіз құшаққа қысқанға аздап…
Күтумен жүр сендерді  ғашық қанша!

Махаббат та, сезім де сендерде – пәк…
Қонсаң келіп, күй кешер көлдер рахат.
Сол сән кеміп, көктем мен жаз өтті де,
Сендер көкке ұштыңдар, мен жерде қап.

Ұмытқанмын мұңды да, қайғыны да,
Ғайып болдың көңілімде жақтың да арай.
Қайта оралар ма екенсің айдыныма
Қанат қаққан арманға, аққулар-ай!

Әйәй құстар сағыныш-сазды ақтарар
Кеудесінде жанатын лапылдап от.
Қалып қойды-ау сол жылғы жаз жақта олар…
Аққуы жоқ ауылда ақын да  жоқ…
Қона ма, әлде, қонбай ма көлдерге бақ?
Жаратқаннан болмай ма енді рахым?
…Жаза-жаза шаршаған жер-жерге хат…
Айналсам ба аққуға деп жүр ақын.

* * *
Бар болсаң да, көре алмайды бұл адам,
Ал жоқ болсаң, бере алмайды, себебі…
Мен ешкімнен ештеңе де сұраман,
Құдай өзі береді!

Құдай бізге бәрін берді… аңласақ,
Бақ та берді аздаған.
Өзіміз тек пайдалана
алмай қалмасақ,
Кеудемізде – өмір оты маздаған!

Шыңына өрлеп шыққаның
бір кәсіптің –
Жемісіндей кездеріңнің қиналған.
Не жетер-ау абырой-бедел, нәсіпті
Көзбен көріп, қолмен ұстап жиғанға!

Мүмін үшін Жаратқанның хақы – үкім,
Оны ұқпас шын шерменде-ақ.
Біле білсек, бақыттардың бақыты
Табан ақы, маңдай термен келген бақ!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір