АЙ ҒАНА СОЛ БАЯҒЫ ӨЗГЕРМЕГЕН…
27.01.2017
1485
0

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

***
Ұшқан білем жастықтың бағы бастан,
Қалдым неге мен сені танымастан?, –
Сол бір аспан, содан соң сол бір ауыл,
Сол бір белдер жөңкіле сағымы асқан.

Алып-ұшпа желауыз сөзге ермеген,
Мені ұнатқан өлердей көз көрген ең.
Тоғай тозып, дария тартылыпты,
Ай ғана сол баяғы өзгермеген.

Ерекше бір сезіліп елгезегі,
Сол бір кездей сол бақты жел кезеді.
Тұр жапырақ жалпылдап, торға түскен,
Желп-желп еткен балықтай желбезегі.

Мен де, қарғам, сезінсең өзіңдеймін,
Ұзақ түнгі толқудан көз ілмеймін.
Сенде жарқын күлкі жоқ, мен де өзімді,
Сол бір кездей тым еркін сезінбеймін.

Қарамастан ақ, сары, қараңызға,
Өтті-кетті өмірдің бәрі аңыз ба?
Неге тұрсын көзіме жылы ұшырап,
Болмаса да ештеңе арамызда.

ЖАЛҒЫЗДЫҚПЕН СЫРЛАСУ
Тезіне, тағдыр, талдай салды да име,
Екеуден екеу, міне, қалдық үйде.
Өмір ме, өмір маған, бойжеткеннің,
Шақырғаны сияқты шалды биге.
Оңаша сырласамын өзіңменен,
Шыныдай буланады көзім неден?!
Бүгінде ештеңеге селт етпеймін,
Теңізге батқан кеме сезім деген.
Жанымды жабырқаулы қоям қайда,
Бір сезім қалғып кеткен оянбай ма?
Тірліктің бата-бата тісі, үркек,
Көңілде көшкендей ме қоян жайға?
Үзілер келгенде үміт талма күйге,
Секілді суық ұрған алма, жиде.
Жантақтай жарға біткен жалғыз-жарым,
Жалғыздық, екеуміз-ақ қалған үйде.
Желең жел қуған қаңбақ қыр асқанда,
Көңілсіз не қарап Күн тұр аспанда.
Жаратқан ием, қалып жалғыздықпен,
Өзіңе жетпейді екен сыр ашқанға.

САҒЫНЫШ
Махаббат емес, білем, жай желіккен,
Жастық-ай, жастық со бір қайда еліткен?!
Түсіріп ерінді еске үлбіреген,
Туды екен сондағыдай Ай неліктен?
Сағыныш атты қыз-ай қиық қасты,
Алдыңда тұрмын тағы иіп басты.
Жарқын жаз. Сыр сылдыры. Жиде исі,
Бұл деген әңгіме емес тиіп қашты.
Ай да алыс жұлдыздардан саяқ қалып,
Тапқандай тіршіліктен тоятты анық.
Таң келе жатты қызыл құлақтанып,
Тірлігі жылы түннің аяқталып.
Отырдық. Сыр жағасы. Қамыс қалың,
Сезбеппін таңмен бірге бақ ұшқанын.
Кеудемде қалды мұң мен сал сағыныш,
Өзіңмен содан бері табыспадым.
Кішкене кешір мені күйгелегім,
Мен сені өлердей-ақ сүйген едім.
Есіме түскен кезде, дейтінмін мен;
«Сыр бойы, со қыз, сосын жиде де емім…».
Өмірдің өтті әдемі шағы, құсым,
Бұл күнде бір үйдің сен бағымысың?!
Көлбеңдеп көз алдымнан кетпей жүрсің,
Сағымның ішіндегі сағынышым.

ҚАРА ӨЛЕҢ
…Қара өлең, сен де кәрі, мен де кәрі.
Есенғали.
Жалғасып жатқан жіпсіз бар әлеммен,
Айтамын сырды енді кәрі өлеңмен.
Дегенім кәрі өлең …қара өлең,
Кей-кейде мазаны алар сәрі елеңнен.
Біреулер ұнатпайды қаралығын,
Ескілік қара деген тарады ұғым.
«Елім-ай» кәрі өлеңнің қабырғасы,
қайысқан. Тарап бойға барады мұң…
Келгесін Алла салды бағытпенен,
Бір түрлі көрінеді шабыт деген.
Қазақтың қай заманнан ішіп-жемі,
Назды өлең, қайым өлең, қағытпа өлең.
Жырменен қара атанған сырымды аштым,
Қара өлең Қап тауы мен Қырымды астың.
Шашылған он сан ноғай тары дерлік,
Көрінісі бірікпеген бұрын бастың.
«…Қара өлең сен де кәрі, мен де кәрі…»
Бола алсақ табылған бір емге дәрі.
Қазақтың дерті болса жеткілікті,
Көрініп тұрған Айдай елге бәрі.

***
Өткізген уақытын жел естімен,
Мазамды алады бір елес кілең.
Сені мен менің, қарғам, арамызда,
Сағыныш деген жатыр белес білем.

Сағыныш жеткізбейтін сағым десем,
Кетеді-ау мезгіл деген ағында есем.
Жолыққан едің маған, алар есті,
Албырттау алып ұшпа шағыңда сен.

Сен қыз ең, мен ұл едім елден келген,
Ойнаған бұйра шашы желмен желбең.
Көктемнің көлеңкесі сияқтанып,
Ететін көк көйлегің көлбең-көлбең.

Оңаша қашып шығып үй-іштен біз,
Тағдыры талма шақта түйіскен қыз,–
Куә етіп Айды, ерініміз ақ жемдене,
Есімде ұзақ талай сүйіскенбіз.

Дөңгелек дүниені алып ұшқан,
Батты күн аумай сары, тағы, мыстан…
Тіршілік тұңғиық бір мұңнан тұрып,
Тұрады сезем, сосын, сағыныштан.

***
Қат-қабат құпиясы сырдың жатып,
Барады жоса күні қырдың батып.
Жаздың жылы жаңбыры сияқтанған,
Сенің кермек жасыңды тұрдым татып.

Келеді қоюланып кеш қабағы,
Суық жел сумаң қағып есті алады.
Ай туды әңгелектей дөңгеленіп,
Сұп-суық сәулесінен сес тамады.
О, Ару жаны жұмсақ, көзі мұңды,
Тұрысың мынау бүкпей сезіміңді.
Сағымдай бір алыстап, бір жақындап,
Қаншама тауысқан ең төзімімді.

Сенімен менің жаным секілденіп,
Толқыған толған Айға бекін делік.
Со кезді, со сүйісті ұмытпаспын,
Кетсем де желсөздің мен өтінде өліп.

Көңілді тұрған тұнып өзі шаққа,
Біреудің бұзар ма екен сөзі қаппа.
Жас талдың жапырағы жалп-жалп еткен,
Ұқсайды жамыраған қозы-лаққа.

Отырып қалған кербез қыздай бұла,
Көңілсіз толып туған  күзгі Ай мына,–
Сұп-суық жерден көзін тұр алмастан,
Жүрегі әлденеден сыздайды ма?!

***
Көк шалғында тізеңе қоя басты,
Көңіл күйде жатушы ем тояты асты.
Жанымды жегідей бір жейді қазір,
Пәк сезімді еткенім аяқ асты.

Тұрған ұрып ызғары қылаулы аспан,
Мысалы, көзіңдегі мұң-ау басқан.
Жылдар өте жолықтық, сынық өңді Ай,
Сенің солғын жүзіңнен  тұр аумастан.

Неге ғана жолықтық қарғам қайта,
Жанымдағы бердім бе арманды айта?–
Кеуде кере күрсіндің, Сыр жағасы,
Тағдырыңның маңдайы жардай қайқы, ә!

Сен де басқа, бүгінде мен де басқа,
Мендегі мұң сендегі тең бе жасқа?
У-шу етіп тоғайды, су сапырып,
Жеңдей бір желп-желп еткен жел де қасқа.

Қауқарсыз қатпар-қатпар қалған сілем,
Өмірім өтті-кетті жалған кілең.
Бесіктен белі шықпай жатып, жаным,
Өлтіріп махаббатты алғам білем.

ПІКІР ҚОСУ