Бастөбеден бастау алған шабыт
![](https://qazaqadebieti.kz/wp-content/uploads/2017/01/70f17cd2ba99c91e67353c289409d892.jpg)
Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде корей ұлты өкілдерінің Қазақстанда тұрып жатқанына 80 жыл толуына арналған суретші Виктор Мунның «Менің палитрамның қайнар-бұлағы – Бастөбе» атты жеке көрмесі ашылды.
Виктор Васильевич Мун КСРО және ҚР Суретшілер одағының мүшесі, республикалық, бүкіл- одақтық және халықаралық көрмелерге қатысқан. Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Көрменің атауы суретшінің балалық шағы өткен Алматы облысы, Үштөбе ауылының маңындағы Бастөбеге бастап алып барады. Суретші дәл осы жерден өзінің шығармашылық жолын бастайды, осы мекен оған шабыт беріп, күш дарытқан.
Көрмеге оның 80-нен аса кескіндемесі мен графикасы қойылды. Суретшінің шығармашылығы ХХ ғасырдың басында кеңінен танылған кубизм бағытына тән. Бұл бағыттың негізін – П.Сезан, П.Пикассо және Ж.Брак сынды суретшілердің салғаны белгілі. В.Мун 1974 жылдан бері Корей театрында бас суретші болып еңбек етеді. «Чун Хян туралы аңыз», «37-Транзит», «Ағашты сілкудің қажеті жоқ», «Жарылыс» және т.б. спектакльдерді безендірді. Оның «Тамұқ қоңыраулары» пьесасына жасаған декорациясы жоғары бағаланып, нәтижесінде суретші театр және кино шығармашылық бірлестігіне қабылданады. 1986 жылдан «Ара-Шмель» сатиралық журналында бас суретші болып жұмыс істеді.
Қазақстандағы корей диаспорасы суретшілерді қолдап, мүмкіндігінше көрмелері мен басқа да шараларды ұйымдастыруға атсалысып тұрады.
В.Мун қазақстандық және әлемдік өнердің дамуына зор үлес қосты. Оның туындыларын Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің, ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің қорлары мен Қазақстан, Корея, АҚШ, Англия, Германия, Франция, Ресей, Мысыр, Жапония және әлемнің тағы да басқа елдерінің галереялары мен жеке коллекциялардан кездестіруге болады. Көрме 8 ақпанға дейін жалғасады.
![](https://qazaqadebieti.kz/wp-content/uploads/2017/01/a899a56a8caeaa198f4d99e4ae98ba81.jpg)