ОТАНСҮЙГІШТІККЕ БАУЛУ БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН БАСТАУ АЛАДЫ
29.06.2026
114
0

Балаларға мемлекеттік рәміздерді таныстыру, отансүйгіштікке тәрбиелеп, шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында Астана қаласындағы №6 Балалар кітапханасы мен №86 «Зияткер» балабақшасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Рәміздерім – мақтанышым» мерекелік көрмесі, мәнерлеп оқу кеші өтті.

Іс-шараға қатысқан 50 бала мемлекеттік рәміздер тақырыбындағы шығармашылық жұмыстарын, суреттері мен қолөнер бұйымдарын көрермен назарына ұсынды. «Менің Туым», «Қазақстан – менің Отаным», «Елтаңба – ел белгісі» атты бағыттар бойынша ұйымдастырылған көрмеде балалар қолөнер жұмыстары, аппликация және суреттер бойынша өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар балдырғандар Отанға, туған жерге деген құрметке толы, отансүйгіштікке арналған жыр шумақтарын нақышына келтіре оқыды. Рәміздер туралы бейнероликті тамашалаған соң балалар «Тәуелсіз ел ұраны» әнін хормен орындады. Аталған іс-шара кішкентай ұландардың патриоттық сезімін оятып, шығармашылық әлеуетін көрсетуге тамаша мүмкіндік берді.
«Жиын барысында тек балалар ғана емес, кітапхана қызметкерлері де мемлекеттік рәміздердің тарихы мен авторлары туралы қызықты деректермен бөлісті. Кітап көрмесіне рәміздерге, Отанға, туған жерге арналған кітаптар мен танымдық әдебиеттер қойылды. Балалар көрмемен танысып, кітаптардағы иллюстрациялар арқылы білімін толықтырды. Ең бастысы, балалар мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың қасиетті борышы екенін түсінді, елге деген мақтаныш сезімі артты. Мұндай іс-шаралардың тек осындай атау­лы күнде ғана емес, басқа уақытта да жиі өтіп тұрғаны жөн, сонда ел ертеңі болар кішкентай балаларымыз отансүйгіш, патриот болып өседі», – дейді №86 «Зият­кер» балабақшасының әдіскері Құралай Әбілдаева.
Жиын соңында Қосымша білім беру орталығының әдіскері Айнұр Әмірханова белсенді қатысқан балаларды «Үздік мәнерлеп оқушы», «Көрермен көзайымы», «Шығармашыл қатысушы», «Жас патриот» аталымдары бойынша марапаттап, өнерлері өрге жүзе беруін тіледі.

Назерке МАҚСАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір