Зайсаным, ғашығымсың Сен де менің…
20.01.2017
1870
0

Адалбек Ақмәдиұлы


***
Ата тілін білмеген,
Ата жауы халықтың.
Бауыздайын Нұрменен,
Тамағынан тамұқтың.

Ата тілде сөйлеген,
Жар ұланы жарықтың.
Көкжиекке көлбеген,
Батқалы тұр барып Күн.

Анық білген өз тілін,
Сөйлейді оңай жат тілде.
Жебей көрші сөз пірім,
Тұрсын баста бақ гүлдеп.

Ата тілге иелік,
Етер екен қай ұлан?!
Сөз піріме сүйеніп,
Өлең соңын қайырам.

Ата тілде сөйлейтін,
Жасай берсін бақ ұлан.
Бар ғаламға ӘЙ дейтін,
Ата тілге табынам!

ЖЕР КІНДІГІ ЗАЙСАНЫМ
Зайсаным айналайын Жер кіндігі,
Төсіңді құша кеттім келдім де ұлы.
Зайсанға қанша жерден жыр арнаса,
Шықпайды менікіндей елдің жыры.

Зайсаным кіндік қаным тамған мекен,
Көгіңде ақиықтай самғар көкем.
Кеудеңді бастырмаймын жат жұрттыққа,
Бабамнан мұра болып қалған мекен.

Зайсаным Жер кіндігі айналайын,
Көріп пе ең сен Сауырдың толған Айын?!
Самғасам қыраныңдай аспаныңда,
Тасыңды жыланыңдай аймалайын.

Зайсаным саған жылда келе берем,
Келе берем керім сал өлең өрем.
Сексеннің сеңгіріне шыққан кезде,
Бұлтыңа жүрегімді бөлеп өлем!

***
Жеменей неге тасып ағасың.
Ұлықбек Есдәулет.
Жеменей неге ағасың тасып?!
Жүректің тұрсың жарасын қасып.
Қытайдан қашқан мына мен құсап,
Ертіске қарай барасың қашып.

Жеменей сенің мінезіңді айтам,
Көктем мен күзде саласың сойқан.
Төмпешік болып төсіңде жатқан,
Аймалап жатыр Анашымды Ай паң.

Жеменей сендей жоқ тентек өзен,
Жағаңда сенің әткеншек тебем.
Иірімге түскен сағымын Айдың,
Қызыма сүзіп ап берсем деп ем.

Жеменей сендей жоқ өзен жүйрік,
Жағаңда желдей келемін құйғып.
Жеменей саған жүзімді жуып,
Өзіңді әсем өтемін күй ғып!
***
Сыймай жүр ғой жалғанға,
Тақияға сыйған бас.
Нұрлыбек Саматұлы.
Зайсаным кетем алыс өкпелеме,
Сендегі үңілмейін дертке неге.
Алматы мені күтіп қалған шығар,
Келмеді Адалым деп Көктөбеге.

Зайсаным өкпелеме кетем жырақ,
Суыңнан жұтайыншы сетер бұлақ.
Алматы дейтін ару түсіме енді,
Қалып ед кетерімде бөпем жылап.

Зайсаным келші тағы құшақтайын,
Арманның алайында тұсап тайын.
Қоштасу неткен қиын туған жермен,
Айрылған жапырағынан ұқсап қайың.

Зайсаным басайыншы бауырыма,
Ап кетер ем сыймайсың сауырыма.
Құдай-ау, тақияға сыйған басым,
Сыймай жүр бұл жалғанның жарығына.

Зайсаным тұр құлазып көкірегім,
Сыймады-ау, Сауырға да жетімегің.
Зайсаным жіберші енді Адалыңды,
Алматы жесір қалар өтінемін.

Зайсаным кім ошақтың отын жағар,
Ұлының қандай Ана бетін қағар?!
Тезірек оралмасам Алатауға,
Алматы дейтін ару жесір қалар.

Екі айдың жүзі бопты келгеніме,
Ақ төсін Зайсанымның емгеніме.
Тәңір-ау, тақияға сыйған басым,
Сыймай жүр Қазағымның кең жеріне.

Зайсаным енді қайдан пана табам?!
Жүргенім-ай, айта алмай алақай ән.
Алматы ару қалам құшағыңды аш,
Беремін сендей сұлу қаласа жан.

Алматы саған берген сертім еді,
Ішіне жүрегімнің жел түнеді.
Алматы айналайын аяулы қыз,
Домбырам тек сен үшін шертіледі.

Зайсаным ғашығымсың Сен де менің,
Етегін жел түрмеген жеңге Дөңім.
Мен сенің кең төсіңде туған дала,
Келеді мәңгі бақи ДӨҢГЕЛЕГІМ!

ҚОШ, ЗАЙСАН!
Қош, Зайсан кетем енді Алматыға,
Өзіңдей жұмақ мекен бар ма, сірә?!
Өзіңнің дидарыңды көру үшін,
Шығайын Сауыр деген тау басына.

Шығайын тау басына тағы да бір,
Құйылсын жүрегіммен жаныма жыр.
Күндерім өзіңде өткен тым көңілді,
Түндерім өзіңде өткен менің ауыр.

Зайсаным қош болып тұр кетем енді,
Құшайын, аймалайын шеше Жерді.
Бір уыс жусаныңды ала кетем,
Көгерткен өзің едің көсегемді.

Зайсаным қош, қош енді, жұмақ мекен,
Қоштасып тұр өзіңмен жылап бөпең.
Зайсанның күндері де шуақты екен,
Зайсанның түндері де шуақты екен.

Тәтті екен Зайсанымның алмасы да,
Келіп тұр Адалбегің тәубасына.
Зайсаным кешір мені кетем енді,
Кетіппін бауыр басып Алматыға.

Кетіппін Алматыға басып бауыр,
Кетеді ақыр сенен асыққан ұл.
Зайсаным сені бірақ сүйіп өтем,
Қалғанша жүрегімде қасық қаным.

Шуақты күндерімді сенен табам,
Арнаймын өле-өлгенше өлең саған.
Әзірге қош болып тұр Ата қоныс,
Жерлеуге жүрегімді келем саған!

ПІКІР ҚОСУ