Көркем шығарма және мәңгілік
20.01.2017
21940
18

Құдайдың шексіз құдіретін айғақтайтын өлшем – өміршеңдігі мен өмірге аса жақындығын түсіну құбылысқа бара-бар ұғым. Өмірге жақын дүние ешқашан ескірмейді, ешқашан естен шықпайды, ешқашан елеске айналмақ емес. Күдік пен үмітті, күпірлік пен турашылдықты бірде досы, ал кей-кейде дұспаны ретінде таныған адамзат ұғымындағы Мәңгілік атты мән осы шығар-ау, шамасы. Бірақ кім білсін?! Сағат тілі 00.00 мен 00.00 аралығында ғана арлы-берлі жылжығанымен, Мәңгілік деген «фазаны» көрсете алмасы анық.

Техника, яғни материя дәрменсіз күйге түскен тұста, өнер, оның ішінде «Сөз өнері» өз хал-қадерінше Жаратушы сырына бойлап, көп көзінен жасырынған құпияны ашу­ға талпынбақ. Мәңгілікті таразы деп ал­сақ, бір басында талғам мен көркемдік, ал екіншісінде ұшқырлық пен ортақол шығармалар тұрары даусыз. Дегенмен, әлгі та­разының әр кезеңде, әр заманда, әр дәуір­де, әр ғасырда жел соққанда билей жөнелетін жа­пырақтай тұрақсыздау болғаны тағы шын­дық. Ұлы шығарма мен Ұлы әдебиет Уа­қыт­тан да биік, Уақыттан да қадірлі. Се­бебі, оның көркемдік құндылығын терең түй­сінген оқырман жадында шектеулі өл­шем емес. Өмір мен Өнер, Ой мен Образ қа­­лып, бір сәтке «Бүкіләлемдік тартылыс заңы» жойылғандай әсерде боларыңыз анық. Әдебиеттің кереметі осында ғой. Құр­­лық пен құрлықты, ұлт пен ұлысты, Ға­лам­­шар мен жұлдызды, тозаң мен сәулені, жү­­рек пен сезімді, Алла мен адамды жа­қын­­дастыратын күші бардай көрінеді. Осы рет­те «Көркем шығарма және мәңгілік» та­­қы­рыбында «Дөңгелек үстел» ұйым­дас­ты­рып, қаламгерлерге сұрақ жолдаған ек.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,
жазушы, публицист

ӨМІРДЕ ӘДЕБИЕТ ҚАНА МӘҢГІЛІК!..

Біз әдетте мәңгілік ешнәрсе жоқ, бәрі өтеді, бәрі өзгереді деп жа­тамыз. Философтар көбіне осы­лай дейді. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейміз. Иә, ұлы Абай айтқандай, «Заман соққан жел, дүние шалқар көл». Заман өзгереді, ұрпақ ауысады.
Әлем тарихында талай им­пе­рия­­лар болғанын білеміз. Мысалы, сонау Рим империясын, Шың­ғыс хан империясын, Осман империясын, кешегі Кеңестер Одағын алайық. Солардың біреуі де мәңгілік болып қала алған жоқ. Біреулері ұзақ өмір сүрді, екін­шілерінің ғұмыры қысқа болды. Оның есесіне олар жайында жазылған көркем туындылар ғана мәңгілік болып қалды.
Бір ғана мысал. Әлемді т­і­ті­рет­­кен ұлы қаған Шыңғыс хан жай­лы жазылған шығармаларда есеп жоқ. В.Ян, И.Калашниковтарды былай қойғанда, біздің клас­сик жазушымыз Мұхтар Ма­ғауин төрт том арнады.
Адамзаттың бағына туған орыс­тың ұлы ақындары мен жазушылары Александр Пушкин мен Михаил Лермонтовтың, Лев Толстой мен Иван Тургеневтің, Николай Гоголь мен Антон Че­ховтың, қазақтың Ұлы Даласы өмірге әкелген атақты жырау­лар­дың, сал-серілер Ақан мен Бір­жан­ның, күні кешегі Сүйінбай мен Махамбеттің, Абай мен Жам­был­дың, Мағжан мен Сәкеннің, Ілияс пен Бейімбеттің, Ахмет пен Мұхтардың, Сұлтанмахмұт пен Сәбиттің, Ғабит пен Ғаби­ден­нің, Қасым мен Мұқағалидың шы­ғармалары тарихтың төрінен орын алып, мәңгілікке жайғасты. Өйткені, бұлар өздері өмір сүрген дәуір мен кезеңдердің шындығын көркем тілмен кестелей білді. Сон­дықтан да олар мәңгілік! Өмір­ден қанша ұрпақ ауысса да, қан­шама ғасырлар өтсе де ұмы­тыл­май бірден бірге көшіп, тарих керуеніне ілесіп келеді!
Әдебиеттің мәңгілік екеніне бір мысал. Уильям Шекспирдің «Гам­леті» бес ғасырдан бері, ал Николай Гогольдің «Ревизоры» екі  ғасыр бойы әлем театрларының сахналарынан түспей келеді! Бұл не деген құдірет?! Өйткені, осынау екі алып тұлға кезінде көтер­ген мәселе – жемқорлық пен жа­­­ғымпаздық, арамдық пен аяр­лық, зұлымдық, пен залым­дық, жарамсақтық пен жалақорлық, то­пастық пен тоңмойындық қай дәуірде де адамзат өмірінің бө­лін­бес бір бөлшегі болып келеді. Мұндай мерездер қай қоғамда бол­са да адам баласы бар жерде ыл­ғи да белең алып отыратын құ­былыс. Бәлкім, әйтеуір бір замандарда мұның да емі табылатын болар. Ал әзірше адамзаттың ұлы ойшылдары мен ғұламалары бұған жауап таба қойған жоқ. Бітіспес күрес жүріп жатыр.
Александр Пушкиннің «Ес­керт­кіш орнаттым мен қолдан кел­мес, ел ізі оған деген суи біл­мес» деп көрегендік жасауының өзі не тұрады! Ал ұлы Абай: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, бірақ та ол қайтып келіп ойнап күлмес» де­меп пе еді?! Сондағы ұлылардың мегзегені өздері қалдырған мұ­ра­лардың мәңгі өміршеңдігі дер едік. Сондықтан да ақиық ақы­ны­мыз Мұқағали Мақатаев: «Өл­се өлер Мұқағали Мақатаев, бі­рақ та өлтіре алмас өлеңді ешкім!» деп жырлап кетпеді ме?
Айтса айтқандай, Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлең­дерін алып қараңыздаршы. Қан­дай керемет! Немістің ұлы ақы­ны Гетеден Лермонтов аудар­ған «Горные вершины» деп атала­тын екі-ақ шумақтан тұратын жыр жауһарын Абай қалай қа­зақ­шалады десеңізші! «Қараңғы түн­де тау қалғып»!
Осы өлеңнің орыс және қазақ тіл­деріндегі нұсқаларын салыс­тырып көрелікші:

Лермонтов:
«Горные вершины
Спять во тьме ночной.
Тихие долины,
Полны свежей мглой.

Не пылит дорога,
Не дрожат листы.
Подожди немного,
Отдохнешь и ты».

Абай:
«Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол-дағы
Сыбдырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр етсең азырақ».
Егер де осы бір жыр жауһарын неміс Гете жазғанын, оны орыс Лер­­монтов аударғанын, одан Абай қазақша сөйлеткенін біл­ме­ген жан бұл жолдарды кім жаз­ға­нын дөп басып айта алмас еді. Осы­нау екі ғана шумақ талай дас­танның жүгін көтеріп тұрған­дай! Ұлы туындылардың өміршең бо­латынын осы бір шағын мы­сал­дан-ақ байқаймыз.
Әлем әдебиетінің классиктері Марк Твеннің, Виктор Гюгоның, Иоганн Гетенің, Александр Дю­ма­ның, Эрнест Хэмингуейдің, Мұх­тар Әуезовтің, Шыңғыс Айт­матовтың, тағы басқалардың ор­ны бөлек. Олардың шығар­ма­лары мәңгі жасайтын туындылар. Бұдан біз әдебиеттің мәңгі­лігін көреміз.

Нарбин КЕНЖЕҒҰЛОВА, журналист, аудармашы, жазушы

Шынайы да көркем…

Әлем әдебиетінде де, соның ішінде қазақ әдебиетінде де мәң­гі өмір сүретін шығармалар бар ма? деген сұрақ туындауы әбден мүм­кін. Әрине, сөзсіз ондай шы­ғар­малар баршылық. Егер де әлем­дік  деңгейдегі туындыларды ала­тын болсақ, мәңгілік шы­ғар­ма­лар қатарында Шекспирдің, Абай­дың шығармаларын алуға бо­лады. Біріншіден, бұл автор­лар­дың туындылары мәңгілік, се­бебі, олар әр қоғамда да өзекті, адам­зат тағдырының әр дәуірінде де өміршең мәселелердің жүгін кө­теруде, екіншіден, олар шынайы да көркем шығармалар. Мәң­гілік шығармалар қатарында діни мазмұндағы кітптарды да қа­растыруға болады. Гегельдың ай­туынша, діни әдебиеттерде ежел­гі заманда өмір сүрген адам­дардың жан-жақты білімдері жи­нақ­талған. Ал білімге сусындау – алға, болашаққа қарыштап жүріп, прогрессивті түрде даму үшін өте қажет нәрсе. Мы­са­лы, Ин­дия елінің «Махабхарата », «Ра­маяна»  атты діни кітаптарында бір­неше мыңжылдықтар бұрын бо­лып өткен оқиғалар бейнеленген, бұл кітаптар сол халық үшін мәң­гілік шығармалар. Сонымен қа­тар, оларда міндетті түрде көр­кем шындық бар. Заманауи ға­лым­­дардың пікіріне сүйенсек, «Ма­хабхаратада» ежелгі индия­лы­қ­тардың ұшатын аппарат-тары -вимандар қазіргі реактивтік ұшақ­тарға ұқсайды…
Ал өзіміздің отандық әдеби туын­дыларына жүгінсек, хал­қы­мыз­дың бетке ұстар, маңдайал­ды шығармаларының бәрі де, «Абай жолынан» бастап, көркем шын­дықтың арқасында «мәңгі­лік» деген мәртебеге ие бола ала­ды.
Меніңше, көркем шындықтың бірнеше критерийлері, бірнеше сипаттары бар. Оларда, бірінші­ден, типтік образдар сомдалуы шарт . Мысалы, әр халықтың, ал нақ­тырақ алсақ, этностың тек өзі­не ғана тән типтік образы бар. На­ғыз француздың образын Ромен Роллан өзінің «Кола Брюньон» атты шағын ғана шығар­ма­сында сомдаған, ал нағыз қа­­зақ­тың образын өмірден ерте кет­кен өте талантты жазушы Ақан Нұрманов «Құланның ажалы» атты Құланның образында бей­нелеген. Бір қызығы, көптеген жазушылар, олардың ішінде ұлы классиктеріміз де бар, нағыз қа­зақ­тың образын сондай сұңғыла­лық­пен, сондай көрегендікпен, жан-жақты сипаттау арқылы бұ­рынды-соңды бере алмаған сияқ­ты. Мүмкін, мен субъективті пі­кір айтып отырған болармын, бірақ көркем шындық пен мәңгілік шығарманың астасатын жері – тек қана шынайы, бірде- бір жалған жасушасы жоқ, жақсы мен жаманның тепе-теңдігі сақ­талған типтік образды сомдай білу. Сонымен қатар,нағыз талантты қаламгер тілдік, мәтіндік, ком­позициялық әдіс-тәсілдерді толық меңгеріп, интуициялық ша­быт пен шынайы сезімнің та­биғи жағдайда ұштасқан тылсым нүктесінде ғана мәңгілік шы­ғар­маны дүниеге әкеле алады.
Заманауи оқырмандардың кі­тап оқуға құлықтары жоқ. Оған се­беп – Интернет пен жаңа медиа туындыларының әсері. Сон­дық­тан да шағын кітаптар, қысқа әде­би туындылар адамзат өрке­ние­тінің өмірінде елеулі орын ала бастады. Бірақ олардың өз кем­шіліктері де баршылық. Мә­селен, атышулы Пабло Коэльенің шы­ғармаларын алайық. Көптеген оқыр­­мандар бұл автордың «жиен­­дік» жасайтынын біле бер­меуі де мүмкін. Ол өзінің «Алхимик» атты кітабында американ­дық фантаст жазушы Урсула Ле­гуинның «Волшебник из Земноморья» атты романынан идеяларды, үзінділерді алып «жиен­дік» жасаған, сол шығармадан атышулы «Гарри Поттердің» де ав­торы «Сиқыршылар мектебінің» си­паттамасын көшірген.
Бұл әлемдік әдебиет саласында болып жатқан жағдай. Өзі­міз­дің отандық әдебиетте бұндай жағ­дайлар болмайтынына се­нім­ді болып, шынайы көркемдігі жо­ғары, мәңгілік шығар­ма­лар­дың келешекте көптеп дүниеге ке­летініне сенімді болайық, аға­йын!

Темірғали КӨПБАЙ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

КӨРКЕМДІКТІҢ МӘҢГІЛІГІ

«МӘҢГІЛІК» ұғымы көркем шы­ғарманы ғана емес, жаратылыс атаулыны түгел қамти­тын­дық­тан ең әуелі оның адам сана­сын­дағы нақты көрінісін ай­­қын­дап алу керек. Неміс философы Эммануиль Кант өз кезінде мәңгілік туралы: «Санадан биік «шек­сіз» ұғымды ақылмен ай­қын­дап, сөзбен жеткізуге бола ма?» деген сұрақ қойған еді. Мәң­гілік сөзінің анықтамасын біз әдет­те философиялық, теология­лық, теософиялық зерттеулерден жиі ұшырастырамыз. Біреулер оны шексіздікке баласа, тағы бір ойшылдар ешқашан бітпейтін тіршіліктің күйбеңіне теңейтіні де рас. Қасиетті кітаптар мен діни әдебиеттердегі Ғалам мен Жара­тушының мәңгілік сипаты туралы интерпретациялық тал­пы­ныс­­тар өз алдына бір әлем. Қыс­қа­сын айтқанда, мәңгілік ұғы­мын адам баласы өз ақыл-ойы­ның шегінен тысқары тылсым дүние деп есептейді. Жал­пыға ортақ бұл көзқараспен ке­­­ліспейтіндер ғұламалар мен ақын-жазушылар, классикалық музыка мен қылқалам шеберлері ғана. Өйткені, олар өз туынды­лары­ның бірнеше ғасырды көктей өтетініне сенеді. Ондай сенім бол­­маса  ғылымға, әдебиетке, өнер­ге келудің де қажеті шамалы.
Қадым заманнан бері көркем туын­дының мәңгілік сипаты ту­ра­лы айтылмаған сөз қалған жоқ. Бұл жаңа тақырып емес. Солай десек те, ұлы уақыттың тезінен сү­рінбей өтіп, ұрпақтан ұрпаққа ми­рас болып келе жатқан әдебиет жауһарлары өзі үшін өзі жауап береді. Адам өледі, Адамзат өл­мей­ді. Ақын өледі, поэзия мәң­гі­лік!
Уақыт пен Кеңістіктегі қоз­ға­лыстың мәнін дәл таныған ұлы тұл­ғалар мәңгілік сырын ма­ғы­налы іс-әрекеттерден, даналық сөз­дерден, ойшылдықтан іздеген дер едім. Ойлы дүние ғана мәң­гі­лік­ке жол алады. Осы күнге дейін жеткен көне жәдігерлердің бәрі де бұл ойымызды растай тү­седі. В.Белинскийдің «Ойсыз сөз – жансыз тән» дейтін қанатты сө­зі бекер айтылмаған. Демек, мәң­гіліктің жолына ат қосатын нәр­се – ойлы шығарма. Меніңше, кез келген шығармашыл тұлға­ның ең негізгі міндеті (миссиясы) – келешекке ойлы, мінсіз мұра қал­дыру. Мінсіз мұра – бұл дара та­ланттардың ғана маңдайына жа­зылар бақ екенін мойындауымыз керек. Мұраты биік өлең ақын­ды өлтірмейді. Мысал үшін, Абайдың кезінде кімдер өмір сүр­меді? Мыңдап мал өргізген бай­лар, шіренген шонжарлар, азуын айға білеген аға сұлтандар. Бү­гін солардың бірі жоқ, Абай бар. Мұқағалидың тұсында кер­гіп жүрген министрлер, бір өзін жар­ты патша, жарты құдай сана­ған обкомдардың бірінші хатшылары аз болды ма? Солар қайда кет­ті? Бірі жоқ, Мұқағали бар. Абай мен Мұқағали мұрасы уа­қыт өткен сайын халық санасында жаңа қырынан жарқырай бе­ре­ді. Міне, шынайы өнер құдіреті де­ген осы! Мәңгіліктің еншісіне ай­налған мінсіз мұра деген де осы!
Кез келген талантты ақын­ның жауһар жырлары халықтың қазынасына айналады. Демек ол халықтық мұраны байытады. Ха­лықтың ақын-жазушыларды ерекше қастерлейтіні де сон­дық­тан. Халық өз кезегінде сүйікті перзенттерін аспанға көтереді, даңққа бөлейді. Реті келсе, құрмет көр­сетеді. Сөз зергерлерінің мұра­сын көзінің қарашығындай қас­терлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Халық­тың жүрегінен орын алған көркем туын­ды өз авторының өмірден өт­кеніне қарамай, сол халықпен бірге жасай береді. Көркем шы­ғар­маның өміршеңдігі мен мәң­гілік сипаты халықтың ыстық іл­типатымен астасып жатады.

Әзірлеген
Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІРЛЕР18
Аноним 15.09.2019 | 17:33

Омайгат

Аноним 16.09.2019 | 18:17

Ура рахмет көп көп

Аноним 16.09.2019 | 20:55

Гаухар апай

Аноним 17.09.2019 | 19:39

маған ұнады

Аноним 14.10.2019 | 21:25

Спасибо теле

Аноним 25.12.2019 | 10:07

Рақмет

Аноним 10.02.2020 | 22:12

Вау

Аноним 29.04.2020 | 11:48

gǵ

Аноним 30.04.2020 | 00:03

Рахмет сізге

Аноним 15.09.2023 | 09:22

Оте керемет🙃

Аноним 17.09.2023 | 17:17

РАхмет🤠

Аноним 17.09.2023 | 20:56

Я генни

Аноним 17.10.2023 | 11:53

Әлібек Байболдың шығармасы а?

Аноним 08.11.2023 | 20:20

Қоое

Аноним 07.12.2023 | 23:05

Рахмет

Аноним 11.12.2023 | 12:10

👍

Аноним 22.12.2023 | 13:18

Б-р скибиди доп допе ессес

Аноним 18.01.2024 | 12:59

Суууууу

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір