Тайгадағы таңғажайып кездесу
Осы күндерде кешегі Кеңес заманын аңсайтындар табылып қалады. Тарихты дұрыс білмегеннен соң, ол кезеңді бір мамыражай уақыттар деп ойлайды қара қазақ. Көршім ғалым Зейнолла Төлеубаев кеңес дәуіріндегі сонау бір аласапыран жылдардағы әкесінің басынан кешкен бейнеттерін айтқанда, жанарлары жасқа толып, терең күрсінеді. Төлеубай ақсақалдың басына түскен сол қасірет қалай туып еді. Енді соған көшелік.
…Қарағанды облысының Шет ауданына қарайтын Орджоникидзе атындағы колхоздың егіні сол жылы айрықша бітік шықты. Сары алтындай бадана дәнге толған масақ бастары Арқаның самалымен сыбдырлай тербелгенде, бригадир Төлеубайдың астықтың сабақтары сынып кетер ме екен деп зәресі қалмайтын. Өйткені, 1936-37 жылдары басталған «халық жауларын» іздеу елде әлі де басылмаған. Қатар жүрген адамдардың өздері бір-біріне күдікпен қарайтын. Болмашыдан «түймедейді – түйедей» ететін жалақорлар жаныңнан-ақ табылатын. Осыған дейін ауылдың небір аптал азаматтары сондайлардың кесірінен жазықсыз сотталып кете барған.
…Күзгі жиын-терін аяқталған шақ. Астық үкіметке өткізіліп, колхозға керегі қамбаға құйылды. Ендігі шаруа – тер тамшылата жұмыс атқарған елмен есептесу.
– Жоғарының жоспарын колхозымыз абыроймен орындады. Жұрттың еңбек күні есебінде әр шаңыраққа 2 шелектен бидай берсек, қалай қарайсыздар, – деді, колхоз төрағасы Ормаш қойма меңгерушісі Күзембай мен бригадир Төлеубай бастаған бір топ басқарма мүшелеріне қарап. Сауысқаннан сақтары үндемей құтылғандарымен, халыққа қай кезде де жандары ашып жүретін Күзембай, Төлеубай сынды ақ жүрек азаматтар төрағаның ұсынысын бірден қолдады. Соғыстың алдындағы елдегі жұрттың жағдайы онша мәз болмайтын. Кей үйлерде бала-шағасының алдына талғажау ретінде қоятын дәм-тұздарының өзі қат болатын. Бірді-екілі малдың қарасы өсіп жарытпаушы еді… Сөйтіп, астық жиналып алысымен, қазан айында ауылдың әр шаңырағына екі шелектен бидай таратылды.
Жұртқа жасаған болмашы осы жақсылықтың арты әлгі азаматтарға зобалаң боларын кім білген. Қасірет көп күттірген жоқ, сол жылдың, яғни 1940 жылдың
21 қазанында Қарағанды облыстық соты үштіктің үкімімен РСФСР-дың қылмысты істер кодексінің 58-ші бабы бойынша Совет үкіметіне қарсы үгіт жүргізгендері үшін колхоз бастығы Ормашты, қойма меңгерушісі Күзембайды және бригадир Төлеубайды жарты сағаттың ішінде соттады.
Ол жылдары РСФСР қылмысты істер кодексінің /ол кезде Қазақстанның өз қылмысты істер кодексі болмайтын/ бұл 58 бабы бойынша айыпталғандарға ату жазасы берілетін. Ауылдастарына бейнетті еңбектерін ескеріп, бар болғаны
2 шелектен ғана бидай таратқаны үшін үш боздақ сөйтіп, ең ауыр жазаға кесілді.НКВД-ға колхоздағы «жансыздың» жеткізуі бойынша әлгі үшеу: – «Совет Үкіметі кешікпей құлайды. Сондықтан ортаның мал-мүлкін, бар байлығын жекеге таратып алайық» деп үгіт таратыпты-мыс.
Жан беру оңай ма, ауыр жазаға кесілген үшеудің ағайын-туғандары іле Алматыға араша сұрап сабылды. Төлеубайдың Қарқаралыда оқыған, көзі ашықтау Жұмабай деген інісі әлгі жылдарда Қазақ ССР Жоғарғы Сотында қызмет істейтін ел адамына «еңірегенде етегі толып» жолықты. Сол азаматтың араласуымен қаншама күш-жігер жұмсалып, ақыры 58-ші бап 109 бапқа өзгерді. 109-дың да бас еріктен айыру мерзімі 10 жыл болғанымен, артында ату жазасы жоқ еді. Ел бұған да тәубе десті…
…Сонымен, саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз үш құрбаны – Ормаш, Күзембай, Төлеубайлар өздері секілді «Совет үкіметінің жаулары» атанып, ұзақ мерзімдерге кесілгендермен бірге 1940 жылдың қақаған қара суығы өңменіңнен өтетін қарашасында Қиыр Шығысқа, жердің түбі – Владивостокқа баратын поезға тиелді. «Теплушка» деп аталатын сөрелі ағаш вагондардың қабырға саңылауларынан жетім жел поезд жүйтки жөнелгенде аңырап соғады да тұрады.Тұтқындар бірі-біріне тығылып, жандарын сақтауға тырысады. Ортадағы темір пештің отыны тапшы. Күндіз бәрін жағып қойсаң, түнге жетпейді. Түн баласы темір пеш жанбаса, ертеңіне тайганың қақаған аязынан оянбай қалуың мүмкін… Әліпті таяқ деп танымайтын Төлеубай орысша да білмейді. Қасындағылармен жөн сұрасуға қауқары жоқ. Сот үкіміне де бармағын баса салған. 1914-1918 жылдары Спасскі жез қорыту зауытында, ағылшындарда жұмыс істеп, олар кеткен соң, ауылға келіп, 1930 жылы колхоз құрылғанда әуелі қара жұмысқа жегіліп, кейін еңбекқорлығының арқасында бригадирлікке дейін өскен. Сол бригадирлігінің аяғы сотталумен тынды. Сақылдаған вагон доңғалақтарымен бірге болашақтары бұлыңғыр тұтқындардың кеуделеріндегі атқылай соққан жүректері де қоса дүрсілдейді.Теңселе жүйткіген ағаш вагонның қар ұйытқып, жел гулеген азынаған сөрелерінде бір-біріне тығыла жан сақтауға талап қылған мұңлықтар елдің бетін енді көру-көрмеулерінің неғайбыл екендіктерін қолқалары үзіліп кетердей, күрсіне ойласады. Сібір мен Қиыр Шығыс өлкелерінде сол жылдың қысы ерекше қатты еді. Темір жолдың қос қапталы ұйтқи соққан бораннан ерен қабырға – дәліз болып қалған.Әлгі қар-туннелден аңырап андыздап ағып бара жатқан поездың төбесі көрінбейді. «Теплушка» ішіндегі тұтқындар вагондардың ағаш қабырғалары саңылауларынан жарық дүниеге жанар тоқтатпақшы болса, көретіндері аппақ қабырға.Бейне поездың өзі де кебінге оранғандай… Бұлар этаптан-этапқа ауыса, нелер стансалардан өтіп, айлар бойы аштық пен сұмдық суықтардың азабын тарта жүріп, 1941 жылдың қаңтарының соңғы күндері діттеген жерімізге енді жетеміз-ау деп үміттенгенде, поездарының кері кетіп бара жатқанын аңғарысты. Сұрастырып көрсе, чекистер әуелгі Қиыр Шығысқа ұстанған бағыттарынан айнып, тұтқындарды енді кері Архангельскі жағына, солтүстік батысқа айдаған екен. Кәдімгі атаман Анненковтың «азап вагонындағы» Сәкен Сейфуллиндер көрген тамұқты бұлар да бастарынан кешірді. Жолдың тауқыметтері тағы жалғасты. Вагондардағы суықтан, аурудан өлгендерді жол-жөнекей тайганың ішіне лақтыра салуды әдетке айналдырды әскерилер. Владивосток пен Архангельскінің арасы кем дегенде 10 мың шақырым. Сөйтіп жүргенде араға айлар түсіп, соғыс басталды. Бұлардың поезы Волга өзеніне келгенде, ондағы көпірді неміс ұшақтары бомбылап кетіп, 7 тәулік вагондарында қамалып әбден титықтады тұтқындар. Айнала қалың орман болғандықтан, сотталғандар қашып кетер деп ойласа керек, вагон есіктері сол 7 тәулік бойы ашылмады, тамақ берілмеді. Ел вагон еденін амалсыз тесіп, дәрет сындырады. Аштықтан, ауыр азаптардан өлім жиіледі. Колхоздың қара жұмысында күн-түн демей бейнет кешіп үйренген Төлеубай мен екі серігі секілді терілері-тарамыс, жандары-сірі болып қатып қалғандар ғана бұл азаптарға өлмей, шыдас берді. Ақыры, тұтқындардың тоқтаған жерлері-ГУЛАГ-тың «Севжелдорлагерінің» бөренелерден қиып салған барақтары болды. Коми АССР-ының Железнодорожный поселкесіндегі осы лагерге түсісімен Төлеубай ауылдан бірге шыққан Ормаш пен Күзембайдан көз жазып қалды. Тек бірде арсылдаған иттер қамап, қатыгез айдауылдар сабап бара жатқан тұтқындар тобының ішінен Күзембайды көзі шалған алыстан, дауыс жетер жерден. – Төлеубай-ау, өлдік қой, ашпыз ғой деп дауыстаған сонда, бұны көрген жерлесі жыламсырап. Ол сол кеткеннен, қарасын батырған. Аш-жалаңаш, тайганың қақаған қысында азынаған суық вагонның ішінде қырық бүктеліп, мыңдаған шақырымдарды азаппен жүріп өткен саяси тұтқындар лагер барақтарына орналасысымен қалың жыныс орманнан ағаш қиюды бастады. Азап вагонындағыдай емес, барактардың пештері бар, жан сақтауға болады екен. Көңілдің алыс түкпірінде «түбінде елге он жылды өтеп, қайтармыз-ау» деген үміт ұшқыны енді-енді өлеусіреген… …Тайгадағы жүз жылғы алып қарағайларды кесу азаптың азабы.Қол араның екі сабынан зулдата тартқан тырыли арық, аурушаң екі тұтқынның шама-шарқы ұзаққа бармайды. Лагердің қара суға шыланған ботқасы әл жинатушы ма еді. Сөйтіп, азапты күндер өтіп жатты.Қазақтың «Адам көрге де үйренеді» дегені рас екен. Ағаш кесудің нормасын орындауға жанын салатын Төлеубайдың май шамның қуаты біткен білтесіндей өлеусіреген тірлігі сіңірін созып, жалғаса берді… Адамдардың бір-біріне жасаған қысастығын елесін бе, тайгаға да күлімдеп көктем жарықтық келді. Жаратушы Ие көктегі күнінің шуағымен жазықсыз жапа шеккен бейбақтардың жүздерін сипағандай болады. Айдауыл, жасауылдар ғана қит етсе, мылтықтың дүбімен ұрып, етпетіңнен түсіреді. Қашты деп сылтауратып, атып тастаудан да жүздері жанбайды, кейбірінің. Басты айыптары – «совет үкіметінің жауысың». Жау болғаннан соң, сұраусызсың. Көктем шығысымен, тайгадағы тұтқындар ептеп әл жинады. Ағаш кесіп жүріп, жүрелеп отыра қалысып, жидек, қарақат теріп жейді. Бұлдырық, бөденелердің жұмыртқаларын жарып, нәрін сорады…
…Күндердің күнінде тайгадағы кезекті ауысымы аяқталып, арбамен бараққа қайтып келе жатқанда, Төлеубайдың аяғы арбаның доңғалағына кіріп кетіп, тобықтан сынды да қалды. Шыбын жаны шырқыраған Төлеубай бишараны жасауылдар жұмысқа енді жарамсыз деп, арбадан аударып, тайганың айдау жолының үстіне тастай салды. Ешкім ара түсе алмады. Жан беру оңай ма. Әйтеуір жаз болған соң, Төлеубай еңбектеп жүріп, тайга ішінен қорегін тапты. Бір жетідей қалың ағаштың арасын паналады. Жолдан алыс кетпегені тәуір болған екен.Күндердің күнінде тайгаға ағаш кесуге келесі ауысымның адамдарын әкеле жатқан арбаларға кезікті.
– Бұл бәрібір енді жұмысқа жарамайды. Текке лагердің тамағына ортақ болады.Осылай тайгада жата берсін. Қыс түскен соң, өзі де өледі, не аюға жем болады, – деп қолын сілтеді лагерь офицері. Соңғы арбада отырған түстері мұсылманға келетін екеу ғана. – «Бұл біздің барақтың адамы. Тайгаға тастамаймыз», – десіп жасауыл-айдауылдарға көнбей, мұны арбаларына көтеріп, салып алысты. Төлеубайдың алда татар дәм-тұзы бар екен, содан, лагерьдің госпиталынан бір-ақ шықты. Аяғына дәрігерлер гипс салып, таңды. Күл-паршасы шыққан тобықтың сүйектері қайыра жымдастырылып, орнына түсірілді. Талай күнгі азаптың тозағы басылды. Төлеубай жан-жағына қарай бастады. Мұны айналсоқтап, өзгелерге қарағанда жанына көбірек жақындап жүрген, жүзі қазаққа келіңкірейтін дәрігер келіншек Төлеубай есін жиғандай болғаннан соң, бірде ақырын сыбырлап, тіл қатты.
– Аға, қазақсыз ба!
– Алда, айналайын-ай, қазақпын, қазақпын, ботам, – деп кемсеңдеді бұл, туған қарындасын көргеннен кем қуанбай…
– Ақырын, сөйлеңіз. Мен де қазақпын, аға. Тек, аяғым жазылды деуші болмаңыз.Басқа дәрігерлер жақындаса, ойбайлай беріңіз. Бір жөнін тауып, елге сізді де аттандыруға тырысармын, – деді әлгі айналып кетейін… Артынан сөйлесе келе, дәрігер келіншектің әйгілі Жақып
Ақбаевтың туған ағасы Ыбырайдың баласы – Әбдулхамиттің әйелі екенін,
аты – Зұфнун болатынын білді. Жүзі мейірім мен рахман райға толы… Айтуынша, бұның алдында өзіндей бір қазақты да жазылмас сырқат, аса қауіпті жұқпалы дерті бар деп қағаз жасап, еліне босатқызып жіберіпті…
– Аға, мен де саяси сотталғандардың бірімін. ЧСИР дегенді естуіңіз бар шығар.Орысша айтқанда: – «член семьи изменника родины» деген айыптаумен осы тайгаға айдалып келгенмін. Өзім өлсем де, сіз секілді бауырларымның бір-екеуін болса да, елге мына тозақтан қайтара алсам, жұртымның болашағына пайдамның тигені ғой, – дейді әлгі «алтынның – сынығы, тұлпардың – тұяғы».
…Қайран жақсылар! Төлеубай да Қарағанды облысының Шет ауданынан болған соң, ұлты үшін 1936 жылы құрбан болып, ату жазасына кесіліп кеткен Жақып Ақбаев туралы естіген. Алаштың ардақтысы Жақыптың Ленинге Ахмет Байтұрсыновтармен қатар барып, Мәскеудегі билікке келген қызыл большевиктердің оспадар күшімен қазақ жерінен бөлініп кеткелі тұрған Орынбор аймағын тұтасымен алып қалғанын, сөйтіп, Қазақстан автономиясының шекарасын сызғызғанын естігені бар-тын. Сонда дейді, Мәскеуден, Кремльден Ленинмен кездесуден жеңіспен шыққан қазақ зиялыларына Ахаң, Ахмет Байтұрсынов: – «Ойпырым-ай, біздің Жақаңмен /Жақып Ақбаевты айтқан ғой/ жарты сағат айтысуға жарайтын бір ұлын орыс ұлты да тапқан екен-ау депті… Сөйтіп, Жақыпты Лениннен жоғары қойған ғой Ахаң. Осы әңгіме құлағында қалған Төлеубай ұлттың сол ұлы перзенті Жақып Ақбаевтың туған келініне лагер секілді тозақтың ортасында кездестірген Жаратушыға мың да бір алғысын жолдаумен болды.
Лагерь госпиталының тамағы қай оңған. Беретін нандарының 50 пайызы ұнның кебегі де, 50 пайызы кәдімгі ағаштың ұнтағы. Осы екеуінің қосындысынан пісірілген нан тамағыңнан суға шыламасаң, өтпейді, өңешіңнен әрі кетпейді. Әлгі Зұфнун бауыры өздеріне бөлінетін қара нанын әкеліп, жасырып, бұның жастығының астына қойып кетіп жүрді.
Жақып Ақбаевтай ұлтының қамын ойлап, құрбан болған асыл тектінің әулетінен шыққан дәрігер Зұфнун да шын зиялы екен. Басқа тексіз біреу болса, пәлесі жұғар деп, қара басымды сақтайын деп, бұл секілдіге қанша жерден қазақ болса да, жоламас еді-ау. Ұлт болып сақталып, қанша тозаққа түссек те халық ретінде жер бетінде қалып қойғанымыз осындай жақсылардың арқасы-ау деп, көзіне жас алған Төлеубай лагерьдегі госпитальда кескен теректей серейіп жата берді. Зұфнуннің айтқанын тыңдап, қасына дәрігерлер келді-ақ, «құлындаған дауысы құраққа шығып», айқайға баса берді. Ақыры, лагерьдегі жұмысқа таза жарамайтын, ақсақ, сауатсыз Төлеубайды 1942 жылдың қазан айында босатты лагерь бастықтары.
Қолында «Освобожден в порядке дерективы НКВД, НКЮ и Прокуратуры СССР от 23 октября 1942 года из за неизлечимой болезни», – деп тайға таңба басқандай дәрігерлер қорытындысы бар Төлеубай сөйтіп, ел қайдасың деп жолға шықты. Айтқандайын, жолдық азығың деп лагерь бастықтары берген екі бөлке қара нанды барақтағы тұтқындарға үзіп-үзіп 40 түйірден таратып, босанғанына «той» жасады. Лагерьден шығарында Зұфнунге соғып, елге не сәлем айтайын деді.
– Аға, Жақып Ақбаев әулетінен менен басқа тірі қалған жан жоқ, – деген жылап отырып Зұфнун сонда…
…Дәл осы арада оқырман үшін бір жайды баяндай кетейік. Төлеубайға лагерьде кездесіп, оны ажал аузынан құтқарып қалған Зұфнундей есімі аттас тағы бір жан Жақып Ақбаевтың әулетінде болған. Оның да аты – Зұфнун, айырмасы – Жақыптың туған қызы еді. Ол Зұфнун – алашорданың тағы да бір қайраткері Нығмет Нұрмақовтың жары болған. Зұфнун Нұрмақкеліні Ақбаева, сол кездегі Ақмола іргесіндегі АЛЖИР-де қамауда болған… Әлхисса, әңгімемізді жалғайық.
…Қолында лагерь, басшылығы берген әлгіндей қағазы бар Төлеубай туған жері Жарық стансасына жеткенше көрмегенді көрді. Аш-жалаңаш, орысша бір ауыз сөз білмейтін Төлеубайдың жөн сұраған кісіге бар айтары: – «Лагерь-лагерь! Домой-домой!». Азып, тозған, үстіндегі ылпалары түте-түте қара қазақты жол бойғы стансалардың басында кассалардың ауызда тұрғандар айрықша аяп, кезекке тұрғызбай, үстерінен көтеріп, билет беретін тесікке жылжытып, басын тыға салады. Касса терезесіне жетісімен Төлеубай қолындағы жапырақтай қағазын бұлғап-бұлғап жіберіп: – «Лагерь-лагерь.Қазақстан. Станса Жарық», – деп жыламсырайды. Билеті қолға тиген соң, жүгіріп, монша іздейді. Соғыс уақыты болған соң, ол жылдары моншаға түскеніңді айғақтайтын талоның болмаса, пойызға мінгізбейді. Жұқпалы ауру тарайды деп сақтанады темір жолдың бастықтары.Айтып-айтпай не керек, содан ГУЛАГ-тың бір тармағы – «Севжелдорлагерьге» қарайтын «Железнодорожный» поселкесіндегі, яғни кінәсіз жазықты болғандардың өздері «алыстағы арал» немесе «Архипилаг» деп атап кеткен ит мұрны батпас тайгадағы лагерьден жаяулап-жалпылап, поездан-поездға іліге жүріп, бір ай аш, бір айда қара суға риза болып, енді бір уақтарда жүректерінде мейірімі бар жандардың қолына ұстатқандарын талғажау етіп әбден азып-тозған Төлеубай сапарының соңы – Жарық стансасына да жетті. Көзі аштықтан қарауытып, аяғын әзер басып, осында тұратын туған қарындасы Күләнданың үйін тауып, есігін қақты.
– Кімсіз, сізге не керек, – деді әбден тірі аруаққа айналып кеткен туған бауырын әуелінде танымаған Күләнда. Төлеубайдың жол азабын тартқаны соншалық, әбден арып, үстіндегі кигендері жіпке айналып, иығынан салбырап тұрған.
– Күнім-ау, мен ғой бұл – Төлеубай ағаңмын, – деп кемсеңдеген бауырын сонда барып дауысынан таныған қарындасы өкіре, құшағына алған. Күләнданың күйеуі Сүлеймен Мұстафин сол жерде мұғалім екен. Екеуінің ептеген табыстары бар. Лагерьден аруақтай арып, құр сүлдері жеткен Төлеубай содан екі-үш ай қарындасының бағуымен ес жиып, адам қатарына қосылды. Колхозға жұмысқа тұрып, артынан үйленді. Тіршілігін жалғады.
– Егер Төлеубай көкемнің тамұққа түскендей болған сол жылдардағы өксікті өмірінің бұралаң жолында ұлтымыздың ұлы перзенті Жақып Ақбаев әулетінің бір абзалы, лагерь дәрігері Зұфнун Әубәкірқызы Ақбаева кездеспегенде, әкеміз Сібірдегі сол лагерьден тірі оралмас еді.Әлжәмиладай анамызға үйленбес еді.Екеуінен жеті бірдей перзент туып, олардан бүгінгідей 30 немере мен шөбере тарамас еді, – дейді, ГУЛАГ лагерінің тозағынан өтіп, аман қалған Төлеубай Төкенұлының қазіргі ұрпақтарының бірі, техника ғылымының кандидаты Зейнолла Төлеубаев уақыт сарғайтқан фотосуреттерге толқи қарап.
…Расында да, өзі ажал аузында жүрсе де, өзге біреуді құтқарып, үлкен бір әулеттің жарық дүниеге келуіне себепкер болған Зұфнун арудың адамшылығы таң қалдырмай қоймайды. Десек те, туған халқының бақыты үшін құрбан болған ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі – Жақып Ақбаев әулетінің бір өкілі – Зұфнуннің басқаша істеуі мүмкін де емес еді.
Смағұл Рахымбек,
жазушы.
Астана қаласы.