«Карикатура королімен» кездесу
08.02.2024
701
0

Ықыласпен жасалған адал еңбек қана адамды шыңдап, шыңға шығаратыны ақиқат. Бой­ыңда жүз жерден талантың буырқанып тасып жатса да, еңбек етіп маңдайың терлемесе табысқа қол жеткізуің мүмкін емес. Суретшілік өнер де – сондай жанкешті еңбектің нәтижесі. Сондықтан жастайынан бейнелеу өнеріне құштар болып, қаламгерлер ортасында шыңдалып, достық әзіл – шарж сала жүріп бүгінде «Карикатура королі» атанған белгілі карикатурашы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Нұразханмен Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №32 бөлімше-кітапханасында әсерлі кездесу өтті.
Кездесуге сондай-ақ шығармашыл тұлғаның достары: жазушы-журналист, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрдәулет Ақыш, тарихшы-этнолог, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, танымал театр режиссері, Халық әртісі Ерсайын Төлеубай, ақын, мемлекет­тік «Серпер» жастар сыйлығының иегері Ержан Жұмабек қатысты.
1953 жылы 17 қаңтарда Шығыс Қазақ­стан облысы, Тарбағатай ауданы, Жаңғызтал ауылында туған Еркін Ибрагимұлы орта мектепті үздік бітірген соң Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, одан кейін Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекет­тік театр және көркемсурет институтының көркемсурет факультетін сахнаның суретші-технологы мамандығы бой­ынша тәмамдайды.
Өзінің айтуынша, жас суретшінің талантын алғаш таныған екі Әлімбаев екен: бірі – «Балдырған» журналының бас редакторы Мұзафар Әлімбаев болса, екіншісі – жанында жүрген курстас досы Мұхамеджан Әлімбаев. Қазақ балаларының рухани атасы болған Мұз-аға 3-курста оқитын Еркінді редакцияға қызметке алып, атақты сатира суретшілері мен Ұлы Отан соғысында фашистерді әжуалап сурет­тер салған ресейлік «Кукрыниксы» карикатурашылар ұйымының еңбектерімен таныстырып, білім-тәжірибесін шыңдаса, қағілез досы Мұхамеджан «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына ертіп апарып, жолбарыстай адуынды Шерхан ағасының алдынан бір-ақ шығарған. Бастары табақтай, қарындары қабақтай, өте бір қызық тұрпат­та салынған замандас тұлғалар бейнелерін танып, күлкіге қарық болған Шер-аға Еркіннің шарждарын бірден газет­тің соңғы бетіне жариялап жібереді. Сол 1982 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті» га­зетінің соңғы бетінде әзіл мен эпиграммалардың шы­райын ашатын суретші еңбегіне арналған арнайы рубрика ашылады. Оқырмандардың газет атаулыны соңғы бет­тен бастап ашатын әдеті сол мезет­тен басталған-ау деп топшылаймын өз басым.
Ал батыр партизан жазушы Қасым Қайсеновпен танысуға барғанда, атын естіген ағамыз: «Қазақ әдебиетіне» шығып жат­қан сен бе? Міне, сенің аль­бомыңды жасап қойдым», – деп, газетке шыққан сурет­терін қиып, оқушы дәпте­ріне толтырып жапсырып қойған альбомын ұсыныпты. «Сақтап қой, керек болады. Кітап шығарып, көрме өткізесің», – деп ал­ғаш айт­қан сол Қасым аға болатын. Әйтпесе, сурет салына бастағанда осы жанр­дың етегінен түпкілікті ұс­­таймын деп ойлаған жоқ­­пын», – деп еске алды суретші. Кейін «Түркістан» газетінің логотипіне байқау жарияланып, оны тайқазан бейнесінде араб әріптерімен жазған суретшіні сын сардары Қалтай Мұха­мед­жанов қызметке шақырып, көп бағыт-бағдар бе­ріп, карикатура жанры­мен жүйелі түрде айналы­суына ықпал еткен.


Қа­зақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай оның шығармашылығына деген айрықша лебізін «Ка­рикатура королі» деп риза­шылықпен білдіруі бояуы қанық, болмысы анық талант иесін жазбай танығаны болса керек. Осылайша, Еркін Нұраз­ханның жанқияр еңбегі турасындағы ағалар лебізі келешек өрісіне жол ашып, қазақ бейнелеу өнеріндегі кенже қалған карикатура жанрын өмірлік мақсат-мұратына айналдырды.
«Карикатура – кейіпкерді күлкі ету емес, оның жүрек түкпіріне үңілу, қоғамдағы орны мен маңызын айшықтау», – дейді Еркін Ибрагимұлы. — Әу баста «Ұнамай қала ма екен?» деген ой болды. Бірақ жазушы Шерхан Мұртаза: «Сенің жұмысың – шарж салу, қалғанына өзім жауап берем» дейтін. Содан кейін де көп уайымдамайтын едім», – деген суретші қызық жайт­тарды еске түсірді.
Алғашқы салғандары Ғабиден Мұстафин, Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменов екен. Асқар Сүлей­менов өзі бейнеленген шарж-портрет­ті қолына ал­­ған­да мінезі қияңқы, көп нәрсені жарата бермейтін айна-қатесіз болмысын кө­ріп таңғала: «Мені айнытпай салыпты. Ну что же? Ұқсап тұрғаннан кейін амал не? Бір қарағанда мыс­тан кемпір сияқты екенмін. Еркін біздің қасиетімізді де, қасиетсіздігімізді де көр­­сетіп тұр ғой», – деп ме­йір­­­лене жымиып алыпты.

Сырбай Мәуленов мұны көрсе құшақтап: «Менің суретімді салу үшін туғансың» дейді екен. Ал жазушы Кәдірбек Сегізбаев: «Әй, бауырым, сен ағаңды не істеп қойғансың? Мұржадан шыққан мысықтай қылыпсың ғой. Бұл достық әзіл емес, қастық әзіл ғой», – деп ренжігенін жасырмапты.
Қалтай Мұхамеджанов алғаш танысқанда: «Әлгі шарж салатын сен екенсің ғой. Ойпырм-ой, бір күні «Қазақ әдебиетін» ашып қалсам, үлкен мұрын тұр екен. Бұл кімнің мұрны екен?» деп қарасам, өзімдікі екен», – деп күлген.

Әбу Сәрсенбаев шашы бұйрабас боп тұрғанын көріп: «Еркін мені меринос қой жасапты», – деп күліпті.
Батыр Бауыржан Момышұлы болса: «Бір алқаштың суретін салыпты ғой», – деп мырс етіпті.
Әубәкір Нілібаев деген ақын жерлесі кездескен сайын: «Менің шаржымды қашан саласың?» деп қолқалайды екен. Сол ағасы Үндістанның Джавахарлал Неру атындағы сыйлығына ие болған күні үстіне үндінің киімін кигізіп, бұтын шидей қылып, көзін бақырайтып салады. Түрі тура шегірткенің айғырындай болып шығады. Телефон соғып, «Аға, «Қазақ әдебиетіне» шаржыңыз шықты» десе, «Қай санына шықты? Қазір киоскіге барамын» деп қуанып қалған Әубәкір аға сол кеткеннен мол кетіпті.
«Шарждың жағымды және жағымсыз түрі бар. Жағымдыны жақсы көріп саласың. Мен достарымды, әріптестерімді жылы әзілге орап салсам, сая­си тұлғаларды сынап салыппын. Қалай болғанын қайдам, бұл да бір Алла дарытқан қалам құдіреті болар, сол сынап салған сатиралық шарж кейіпкерлерім көп ұзамай халық қазынасын ұрлап-жырғаған жемқор, жағымсыз бейнелер екенін өздерінің ісімен-ақ дәлелдеді, – деді Еркін Нұразхан шығармашылығының сырына үңіліп.
Бұдан соң кездесуге келген қонақтар суретші жайлы жылы лебіздерін білдірсе, мәртебелі қонақтарға кітапхана қызметкерлері ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Айша Баймаханбетова, Әлия Утеу­лина, Айжамал Жолдасқызы шексіз алғыстарын жеткізді. Ал кеш иесі жуырда шыққан «Қаһарман Қасым» кітабын кітапхана қорына қолтаңбасын жазып сыйға тарт­ты.
«Бір сурет жүз сөзді алмастырады», – деп бір ойшыл айт­қандай, журналистермен бірге қоян-қолтық араласа жүріп, өзінің дара жолын айқындаған суретші еңбегі ұшан-теңіз. Еңбек еленіп, бағалана білсе, ұрпаққа үлгі болатыны анық.

Гүлжанат ШОНАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір