Кенженің күйі
Әбілхақ Тұрлыбайұлы
Хантәңірінің күнгей бетіндегі бір қияда Алатеке деп аталған қыран ұясы бар. Бір кездері бұл ұяға кескініне қарағанда бүркіт деуден гөрі ертегілерде айтылатын самұрық құс осы шығар деп ойлап қаларлықтай ерекше зор денелі екі бүркіт ұялапты.
Тау текесі серпіні қатты болған соң жадағай жерде бүркітке оңайлықпен алдырмайды. Алдырған күнде де көп алысып қанат, құйрығын сындыруы мүмкін. Сондықтан әккіленген қырандар оны жалама жартастың басынан іліп құлатып, мерт болған соң барып тояттайды.
Бірде заңғар тастың басына шығып бұл жерге қанатты құстан басқа ешқандай жаудың қадамы жетпес, ал құстың маған соқтығуға батылы да бармас деп насаттанып тұрған құнан өгіздей көк ала текені шәулі бүркіт қағып ұшырып жібергенде бірге шабыттап жүрген ұябасары оны жерге түсірместен іліп алған беті ұясына апарыпты деген сөз бар ел аузында. Ала текенің ұясы деген атау осыдан қалыпты.
Тұман шөккендіктен қараңғылық шатқал ішін албастыдай басқан көзге түртсе көргісіз бір түн еді.
Оуп-оуп деп құтырынған үрейлі үн жақындаған сайын ақүрпегін енді ғана түлеп темірқанаттанып отырған жалқы балапан енесіне тығыла берді, кенет енесінің оқыс шыр ете түсуімен төменге қарай жартас бетінде сарпылдап ұрылған қанат дыбыстары естілді, енесінің не күйге ұшырағанын білмесе де бір жаманшылықты жаны сезген балапан құс ұясына шөге түсіп бұға берді…
Осындай қараңғы-қапас мезгілде тексіз қорқаулармен қанішерлердің қырандар мен асылдардың қапысын тауып мерт ететіні қандай өкінішті!
Сайды өрлеп келе жатқан екі аңшыға зәулім жартастың асқабағындағы қостың аумағындай тектіордалы шөмшек ұяның үстінде қарайған балапанмен тас бетіндегі саңғырықтар барған сайын айқын көрінуде. Әдетте бұлай ұяға жақындағанда найзалы аяқтарын салбыратып жіберіп Жәбірейілше шұқшиып жетіп келетін Алатекеден тек мылтық дауысын шығарып қана қорғануға болатынын білетін аңшылар бүгінгі тыныштыққа таң қалып келеді.
Міне, олар ұяның нақ құлар астына да жетті, екі көзі ұяда келе жатқан Амантай «Ей, есілім-ай, мерт болыпсың-ау», – деген Бегімбет қарияның өкінішті үнінен алдына жалт қарап төс жүні дода-дода болып мойыны қайырылып жатқан Алатекенің өлігін жазбай таныды.
Арша арасынан қалбаң етіп ұшқан сары үкіні көріп екеуі де істің мән жайын бірден түсінді. Құз басындағы балапан шаңқ-шаңқ етіп үн шығарды, қайран қыранның қапас түнде қапыда қаза болғанына кейіген қос құсбегі қыранға аза білдіргендей бір мезгіл сілейіп тұрып қалды…
Бегімбет қария қыран денесін ұялы жартастың нақ түбіндегі қарт қарағайдың жоғарғы бұтағына іліп жатып:
– Қапы дүние деген осы, шыға бер, – деп Амантайға иек қақты.
Ұяның тап төбесінен лақтырылған арқанға байланған көнектің салдырынан шошынған балапан ұша жөнелді. Бірақ қанаты толық қатпаған көксоқта қанатпен ұшуын бірден түзей алмай, барған сайын құлдилап барып ақыры шатқалдың табанындағы шалғын ішіне түсіп қалды.
Олжаларын бөлеп Амантайға өңгертіп жатып:
– Бір тілеп ұшса неше патшаның жерінен асып кететін құдіретті қанат иесі болса да кең дүниеден осы алқапты өзіне мекен санап, осынау қияны ұялыққа таңдап, әлемге талай ақ иық қырандарды ұшырған, бейне ата мекенін сүйіп өткен ел тұлғасы ерлердей бір текті жануар еді… тағдыры осылай болды. Мынау Алатекенің кенжесі болды… аты Кенже болсын! Шырағым, сен қыран сыйлаған елдің ұрпағысың, мынау заман құйындай құбылып барады. Бәлкім, сен де саятшылардың кенжесі шығарсың…
Біздің қазақ деген ел арақ ішіп, апиын тартып емес, аспандатып құс ұшырып, арындатып ат шаптырып, күмбірлетіп күй тартып, асқақтап ән салғанға еліткен халықпыз. Қыран түзде жүргенде Тәңірден: «мені қолға түсіре көрме, түсірсең тоғыз ұлды, тоқсан айғырлының қолына түсір» деп тілейді екен. Оның мәні топ қанат болып, тұғыр теуіп іші құсаланып байлауда қалмайын дегені ғой, қайтсең де жануардың бабын тауып, бағын аша көр! – деген қарт құсбегі жалғыз немересін сергелдең сапарға шығарып салып тұрғандай сезімде еді…
***
Түн ортасы ауған шақ. Ауыл тегіс ұйқыда, тек Амантай ғана төсекте жатқаны болмаса кірпік айқастыра алмай сарыла ойлануда. Балапан-тірнек екі жылда алдынан қызарып қашқан қызыл түлкі құтылмай, аймаққа атағы шыққан Кенжесі тас түлегінде бөтен мінез көрсетті. Алғашқы сонарда екі түлкі алды. Содан бері жарты ай болды, ең аяғы көкше қоян да ілдіре алмады. Аяқ астынан қашқан түлкіге жіберсе теріс-қағыс ұшып, шаңқылдап айналып жүріп алады, болмаса бір жерге барып қонып, қасарып шақыруға да келмейді.
Жасынан құспен айналысып не сияқты күйшіл қыранды қолынан өткізген саятшы өзінің сыралғы бүркітінің неден бұзыла қалғанын біле алмай дал болды. Дағдылы салынып жүрген бүркіттің еті жоғары не төмен болса, не шұғыл қайырылып майы бөлінсе, не қоя салынбай іші лас болса түлкі алмайды, бұл жағынан келгенде Амантайдың жаза басқан жері жоқ.
***
Таң қылаң бере аттанып ара күндік жердегі Бейімбет қарияның ауылына қарай жолға шықты. Ондағы ойы Кенженің мына жұмбағын бір шешсе Бейімбет шешер деген сенім еді.
Шай ішіліп болғанша босағада шыр айналып пыштақтап отырған, барлық сынын құсбегілердің арманындай етіп қолдан құйғандай тастүлектен көз айырмай отырған қарт құсбегі енді әңгіменің бетін бүркіт жайына бұрды:
– Кенженің атағын естігенмен өзін балапан күнінен кейін көрмедім ғой, жануарды әкелші бері, көрейін, қалай? Биыл да жақсы алып жүр ме?
Қалағанға – сұраған дегендей, Амантай Кенженің жайын айтып шықты. Бейімбет қария қыранның түсін, құйрық түбін, жаясын, санын ұстап көріп томағасын алып шегір көз, дүрдек езу, жырта қарыс жылан басына сүйсіне қарады, ал Кенже бітеуден тіккен бұғы мойнақ биалайды сықырлата сығып өршелене шаңқылдаумен болды, «жануар тым ашынып отыр ғой, нендей жәбір көрді екенсің?» деген ойдағы қарт:
– Құсыңа үкі көрсеттің бе? – деді. Қариянын оқыс сұрағынан секем ала қалған Амантай:
– Иә, алғашқы қар күні екі түлкі алып кешке томағасын тартып тұрғанымда бір үкі ұшып шықты, бір жерін шеңгелдетіп алам ба деп құсымды жібермедім, тіпті томағасымен талпынып қолға отырмаған соң сол күні үйге бөлеп әкелдім», – деді.
Сонда қария:
– Е, бауырым, бүркіттің етін, басқа күйін тәуір біледі екенсің, бір сырын, қыран табиғатын, мінезін түсінбейді екенсің! Сенің құсыңның Кенже аталу себебін сен ұмытқанмен мына мен, мына Кенже ұмытпайды, болмаса үйде отырып бүркітіңді неге салып жүргеніңді қайдан білемін.
Қазақта тектіде кек болмайды деген сөз бар, негізінде кектің өзі текті, тексіз болып бөлінеді, тексіз кекті қуу тексіздік, ал текті кекті қумаудың қай жерінде тексіздік?! – деді.
Тағы да айтты:
– Қыран мінезі ер жігітке ұқсайды, үйткені қырандық деген – тектілік! Міне, Кенженің сен таппаған күйі. Құсым түлкі алсын десең, барып үкіге сал. Мен білетін Кенже болса сары үкінің төс етіне сылқия тойып алған соң дүр-дүр сілкініп шаттанар, шаңқылдар. Содан кейін баяғы Кенжең болар…