Ғұмыры ғибратқа толы
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, химия ғылымының докторы, профессор, академик, қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Д.В.Сокольский атындағы «Органикалық анализ және электрохимия» институтының бас директоры Мұрат Жұрынов мерейлі 75 жасқа толып отыр. Ол 1941 жылдың 7 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысындағы кейінірек қала атанған Арыс елді мекенінде жұмысшы отбасында дүниеге келген. Мектепті бітірісімен ол Қазақ химия-технология институтына оқуға түсіп, оны 1984 жылы инженер-техник мамандығы бойынша үздік аяқтап, сол институттың «Электрохимиялық өндіріс технологиясы» кафедрасында екі жылдай оқытушы болып жұмыс істеді. 1967 жылы Мәскеудегі Д.И.Менделеев атындағы химия-технология институтының аспирантурасында оқып, 1970 жылдың қаңтар айында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. 1981 жылы қаңтарда сол Мәскеуде докторлық диссертациясын да қорғады.
Мұқаң мектепте оқып жүргенде-ақ өзінің дарындылығымен мұғалімдердің назарына ілікті. «Мен өзім де ауылдағы мектепті бітірдім. Орыс тілінен беретін мұғалімінде жоғары білімі жоқ, бірақ армиядан орыс тілін үйреніп келген, мінезі, балаларға, тәрбиеге деген көзқарасы керемет өте жақсы кісі еді. Неміс тілінен сабақ берген ағайдың неміс тілінен білетіні 20-30 сөз бен сөз тіркесі ғана еді. Сондай мектепте оқысақ та біздің ұрпақтың білімге деген құштарлығы зор еді» деген еді ғалым бір әңгімесінде. Жас өрен өзінің алғырлығы мен талпынысы арқасында ана тілі қазақ тілімен қоса, орыс тілін де жетік меңгеріп, Мәскеудегі үш жылдық аспирантураны аяқтауға екі ай қалғанда мерзімінен бұрын түлен тереңдеп бойлай қоймаған тың да өте күрделі тақырыптағы кандидаттық диссертациясын қорғапты. Ондағы өзі істейтін зертханада бұрын ондай жағдай болмаған екен. Кейін таман Мұқаң неміс, түрік тілдерін де үйреніп, көп тілді меңгерген ғалым атанды.
1970 жылдан мол, құнды еңбектер беріп келген академик Мұрат Жұрыновтың ғылым саласындағы басып өткен жолы өрелі де өнегелі. Ол – Қазақ-
стандағы электрохимиялық ғылымның ең басты жетекші ғалымы. Отандық және шетелдік басылымда шыққан оның зерттеуімен 600-ден астам ғылыми еңбегі, соның ішінде 17 монографиясы, 120 авторлық куәлігі мен патенті жарық көрді. Ол сондай-ақ, 92 өнертабыстың (изобретение) авторы болды. Академик сондай-ақ «Квантовая электрохимия алкалоидов» (1986), «Химия эфедриновых алкалоидов» (1990), «Новые фосфорпроизводные эфедриновых алкалоидов» (1992), «Новые биоактивные производные алкалоидов» (1992), «Технология производства мышьяка» (1993) монографияларының да авторының бірі. Оның ғылыми атағы мен беделі Қазақстан Республикасынан тысқары да кеңінен тарап, шетелге де танымал қазақ ғалымы атанды. Қомақты зерттеулер жүргізіп, ірі жаңалықтар ашып, елеулі еңбектер бітірген еңселі ғалым өзінің іркіліссіз ізденіс, талмас талпынысымен осындай шоқтығы биік жетістікке жетті.
Мұрат Жұрыновтың негізгі ғылыми жұмыстарының бағытына табиғи қатынастардан биологиялық активті заттарды электрмен синтездеп алу жатады. Оның ғылыми зерттеулері органикалық қосылыстардың әр түрлі кластарының электрохимиялық синтездің жаңа әдістерін жасауға, дәрі-дәрмектер мен бұрын белгісіз физиологиялық активті қосылыстарды алуға арналған. Ол фосфор өндірісінің қатты және сұйық қалдықтарына жататын феррофосфор мен фосфор шламдарын электрохимиялық жолмен қайта өңдеу тәсілін анықтады. Ғалым сондай-ақ әр түрлі металл фосфидтерін электрохимиялық жолмен алу, табиғи дәрілік заттарды өсімдіктерден электрохимиялық тәсілмен экстракциялау бағытында нәтижелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Көптеген алкалоидтер негізінде ерекше электрохимиялық әдіспен опиан қышқылы, котарнин, пахикарпин, тағы басқалар арқылы даярлаған дәрі-дәрмектер мен жаңа фармокологиялық активті заттарды синтездеу жолдарын зерттеді. Мұқаң өз шәкірті А.Б.Басшовпен бірге ұсақ кристалды мыс ұнтағын алудың тиімді электрохимиялық әдісін ұсынды.
Ғылымға деген адалдық пен білімге деген құштарлықты басты мақсат тұтқан академик шынайы ғалымға тән қажырлылық, тиянақтылық танытып, қай жерде қандай қызмет атқарса да, туған елі мен халқының мүддесі жолында еселей еңбек етіп, әр салада өзіндік өшпес қолтаңбасын қалдырып, басшылық жұмысты да абзал ниетпен атқарып келеді. Осылайша бір бойында сан алуан өнері мен қабілеті бар ғалым жастық жігерімен, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен биік белестерді бағындырып 75 жастың жотасына толағай табыспен көтеріліп отыр. 1970-1982 жылдары Қазақ химия-технология институтының аға оқытушысы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, 1982-1985 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, 1985-1991 жылдары Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, 1991-1995 жылдары Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры болды. 1995-1997 жылдары Қазақстан Республикасының Білім министрі, 1997-2001 жылдары Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті қызметін атқарды. 2001 жылдан бері Органикалық катализ және электрохимиялық институтының директоры қызметін атқарып келеді. 2003 жылдың қазан айында ҚР ҰҒА-ның президенті болып сайланды. 2007 жылы
ҚР-ның Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі болды. 2010 жылы Қазақ-британ техникалық университетінің ғылым бойынша проректоры болды.
1981 жылы химия ғылымының докторы, профессор атағын алғаннан кейін Мұқаңның ғылыми атағы мен дәрежесі былайша жалғасты. 1986 жылы Джорджтаун университетінің құрметті профессоры, 1989 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі атағын, 1994 жылы
ҚР ҰҒА-ның академигі атағын иемденді. 1995 жылы Жоғарғы мектеп халықаралық академиясының академигі, 1995 жылы Халықаралық инженерлік академиясының академигі және Нью-Йорк ғылыми академиясының академигі, 2015 жылы Менделеев университетінің құрметті докторы атағын иемденді. Ғалымның сайланымы мен депутаттығына мыналар жатады. 1984-1991 жылдары Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, 1994, 1995, 1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. 1990 жылы Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутатына кандидат болып, 2004 жылы ҚР-сы Парламент мәжілісіне депутат болып сайланды. 2007 жылы ҚР- сы Парламент Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палата кеңесінің мүшесі болды. 2011 жылы ҚР-ның президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшесі болды. Түркі әлемі Ұлттық Ғылым академиясы одағының президенті болды. Партияға қатыстылығына 2006 жылғы «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесіне мүшелігі жатады.
Академик Мұрат Жұрыновтың тұлғалық болмысы оның ғылымдағы күрескерлігі мен қайраткерлігі ҚР ҰҒА-ның президенті болған тұста анық байқалды. «Ғылымсыз дүние бос. Адамзат табиғатына іздемпаздық қасиет тән. Қазіргідей күрделі заманда қоғам алдында тұрған қыруар мәселенің шешімін де ғылым анықтайды», – деп тұжырымдаған Мұқаң бұл жұмысқа аса жауапкершілікпен қарады. Ғылым академиясына президенттік қызметке келген 90 жылдардың ауыртпалығын зор жауапкершілік танытып көтере білген ғұлама ғалым әлденеше рет Елбасының қабылдауында болып, оның ақыл-кеңесін ой елегінен өткізіп, өз пікір пайымымен де бөлісіп, ғылымның сол тұстағы ең үлкен проблемасы оны басқару тетігін таба білуге тәуелді екеніне мән беріп, оңтайлы шешім қабылдай білуі академиктер сенім артқан басшының білім-парасаты мен ұйымдастырушылық қабілетін айқын танытты.
Ғалымның тағы бір тартымды қырына оның тек қана ғылыми шындыққа жүгінуді қолдауы, асырып айтудан, фактіге сүйенбей болжам жасаудан аулақ болуы жатады. Кезінде Ғылым академиясының жалпы жиналысында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының қоғамдық ұйым мәртебесіне өткенін айта келіп, оған мүшелікке «ғалымдарды сайлауда өте мұқият болайық. Оған ғалымдардың ғалымы ғана өтсін. Кездейсоқ адам өтпейді. Нағыз ғалым болса, ғалымдар өздері бағалайды. Кімнің қаншалықты дәрежеде ғалым екенін біледі, өздері сайлайды» деген еді.
Академик ғалымның өмірлік өнегесі қомақты ғылыми еңбектерімен ғана шектелмейді.Ол сондай-ақ тағылымды тәрбиеші, ұлағатты ұстаз. Адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұстаздық – ұлы қасиет. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы. Ұстаз бағасын шәкірті береді. Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады. «Тірлігіңді жылдарға жоспарласаң ағаш ек, ғасырларға жоспарласаң жастарды тәрбиеле» дегенге ұқсас қанатты сөз тілімізде аз емес. Осы аталғанды ескеріп, ұлты мен Отанының болашағы жолында тер төгіп, өз бойындағы асыл қасиеті мен білімін өсер ұрпақтың бойына дарытуға атсалысқан Мұқаң – зор құрметке бөленген ұстаздардың бірегейі. «Ұстазға ең бірінші қажет нәрсе – адам бойында сирек кездесетін көркем мінез, сабырлылық, білім мен қажырлы еңбек» деген ғалымның ой-толғамы шәкірттерінің ақылшысы, тәрбиешісі ретінде көрініс тапқан. Академик ғылымға талантты, ынтық кісілерді қатыстыруға ылғи көңіл бөліп, оларға тікелей көмегін тигізіп жүрді. Оның жетекшілігімен 32 ғылым кандидаты мен 6 ғылым докторы даярланды. Мұқаңның өзінің шәкірттеріне өнеге боларлық кісі қызығарлық адами қасиетіне қолына алған істі қиындығына қарамастан ерінбей аяғына жеткізіп тынатын тиянақтылығы, адам мен қоғам алдындағы жауапкершілікке мән беретіндігі, іске мұқият, сөзге берік, уәдеге мәрттігі жатады. Еліміздің әр өңірінде жемісті еңбек етіп, абырой-атаққа ие болып жүрген шәкірттері Мұқаңды өз ісінің жүйрігі, ой-өрісі биік, энциклопедиялық терең білімі бар ұлағаты мол ұстаз, жүрегі таза, талапшыл деғдар азамат деп зор ықылас-ілтипатпен еске алады.
Мұқаңның ең бір жан жадыратар қасиетіне оның тіл жанашырлығы жатады. Бұл жағдай біздің осы мақаланы жазуымызға себеп болды. Ол ана тілін сүйе білді әрі сол үшін күресе білді. Туған халқының қастерлі тілі, қасиетті ділі, қадірлі діні дегенде оның шығарға жаны бөлек. Қазақ тіліне деген ыстық ықыласы мен перзенттік сүйіспеншілігінің ерекше екені зерделі де зейінді ғалымның биік-биік мінберлерден айтқан тіл мәдениетіне қатысты ой-толғамынан, халқымыздың дәстүрлі сөз өнеріне бар өнердің басы деп ден қойғанынан байқалады. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілінің мәселесі академиктің назарынан тыс қалып көрген емес. Ойлы азаматтың іскерлік қабілеті оны ана тілінің де қамын жейтін қайраткер биігіне көтерді. Осы кезге дейін қазақ тілінің өз тұғырына, деңгейіне қона алмауы, мемлекеттік идеологияның, ұлттық руханияттың ұйтқысы бола алмай жүргені ғалымның мазасын алғаны байқалады. Бұл – қазақ тіл білімі ғылымының жай-күйін қаузап, соған бір септігімді тигізсем деген халқының әдеби тілін жетік меңгерген азаматтың кісілік болмысының алтын арқауы еді.
Елімізде ғылымның дамуына өзіндік үлес қосып, тың серпін берген ірі зерттемпаздық пен зор қоғамдық ұйымдастырушылықтың, саяси белсенділіктің тамаша үлгісін көрсетіп отырған академиктің халқымыздың ана тілі жөніндегі ой-толғамы мәселенің өзектілігін танытады. Қазақ тілі тағдырын қаумаласа отырып қарастыратын бұқаралық ұйым құру, тілге қатысты шаралар мен атқарар шаруаны тиянақтауға қатысты академиктің айтқан ой-толғамына, өз тарапынан көрсетілер ілтипатына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдар қауымы әрдайым дән риза.
Мұқаңның жеке қабылдауында болған кездерімде мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйіне, оның даму, пайдалану, қолдану аясын кеңейтудің жолдарын қарастыруға қатысты салмақты саясат ұстанып, қазақ тілін көркейтудің оңтайлы тәсілімен орыстілділерге оны құрмет тұтқыза үйретудің тиімді екені жайындағы ой-толғамын өзімнің оқулықтарым мен монографиямда ескерген тұстар бар.
Академиктің айтуға тұрарлық тартымды қырына ел мәдениетіне іргелі үлес қоса білген қоғам қайраткерлігіне көтеріліп отырғаны, өзінің терең ойлы, салмақты сөзімен қоғамның түйткілді мәселесін қозғай алуы жатады. Ол қазіргі Қазақстан қоғамында қалыптасып отырған жағдайды қалт жібермей, әр алуан бас қосуда, әңгіме-сұхбатында өзінің ой тұжырымымен бөлісіп отырады. Қазақ десе бауыр етін кесіп беруге даяр патриоттығын танытатын отансүйгіштік пен ұлтжандылық – білім мен ішкі мәдениетін жетілдірген, өткеннің інжу-маржанын бойына терең сіңірген, елі мен жерінің рухани-материалдық құндылығын жан-жақты игерген, халқының жарқын болашағы мен игілігі жолындағы перзенттік парызын ұмытпай, ізгі ізденісімен күресе білетін азаматтық санамен қалыптасатын қасиет деп жүрміз. Осы орайда Мұқаңның қайраткерлік қырын, азаматтық келбетін, адамгершілік қасиетін айқын аңғарамыз. Ол қазағына қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген кең жүректі жайсаң, нар тұлғалы ғалым, асылдың сынығындай болған нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан. Өз елін, өз жұртын ұлы аспандатса, халық та ондай ұлының мәртебесін биіктетіп, ардақ тұтады емес пе.
Халқына сіңірген еңбегін өзінің перзенттік парызы санаған академиктің толассыз еңбегі, аршынды адымдары, ел мүддесі жолындағы ізденістері ескерусіз қалмай үкімет тарапынан да, ғылым қауымдастығынан да жоғары бағаланды. Маңдай тер, табан ақының да өтемі бар екені даусыз. Ғалымның иемденген мемлекеттік және
халықаралық марапаты мен сыйлықтары, премиялары, құрметті атақтары айтарлықтай қомақты. 2005 жылы «Парасат» орденімен, 2011 жылы «Барыс» орденімен марапатталды. Алған медальдары мынадай:
2001 жылы Токио университетінің алтын медалімен, 2003 жылы Францияның ғылыми-өндірістік қоғамының медалімен, 2006 жылы Украинаның Ұлттық Ғылым академиясының алтын медалімен, 2007 жылы В.И.Вернадский атындағы ғылыми орталықтың күміс медалімен марапатталды.
Мұқаң, сондай-ақ ҚР-нің ғылым, техника және білім беру саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Ол 2001 жылы Анкарада Түркі әлемінің Халықаралық сыйлығының иегері атанды. 1982 жылы Жоғарғы Мектептің үздігі атағына ие болды. Ғалым Оңтүстік Қазақстан облысының және Арыс ауданының құрметті азаматы атанды.
Ақкөңіл, жарқын мінезді, жаны жайсаң Мұқаң білікті ұстаз, зерделі ғалым болумен қатар, қамқор отағасы, қадірменді әке бола білді. Данышпан бабаларымыз ер бала тәрбиесінде әкенің орнын ешкім алмастыра алмайтынын қадап айтқан. «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» дегенге орай жігітке айтылар сынның көптігін, қойылар талаптың жоғары екенін ескерген Мұқаңнын тағы бір атап айтуға тұрарлық еңбегі – өз кіндігінен өрбіген ұрпағының барлығына қазақы әдеп пен тәрбие бергендігі. Олар қазіргі таңда білімді де білікті маман атанып, жоғары лауазымды қызмет атқаруда. Парасатты да аяулы жары, ардақты ана Нұрмағанбетова Мария Ибеновна екеуі тәрбиелі, білімді, ұлағатты ұлдарын, немерелерін өсіріп, өз отбасын жапырағы жайылған, көсегесі көгерген, немерелерінің қызығына бөленген мәуелі бәйтеректей жайқалтты.
Тегінде ниеті түзу, текті азаматқа Жаратқан Ие жақсы жар сыйлайды деген бұрынғылар айтқан сөз бар. Соған орай ер азамат көтерген биіктің, тындырған қыруар шаруаның, абыройы мен беделі асқақтап, жұлдызы жоғарыдан жарқырай түсуінің ар жағында әйел тұратыны белгілі. «Әдепті, арлы жар сүйсең, оңғарылар бар ісің», «Өмірде азаматтың бағын ашар ажары – алған жары», «Алғаны жақсы азаматтың асығы алшысынан тұрмақ» деп тегін айтылмаған. Өйткені, тіршіліктегі сәттіліктің бәрі отбасынан бастау алады. Мұқаңның өмір бойы атқарып келе жатқан ғылыми-зерттеушілік жұмысы мен басшылық қызметіндегі қиыншылықты жеңу барысында жеткен ұлан-ғайыр жетістіктері тағдыр қосқан жарының тілектестік көңілмен аялаған жан-жақты қамқорлығымен, керекті кезінде ақыл-кеңесімен қуаттандырған, дұрыс жолды бағдарлауға септігін тигізген парасат-пайымымен, достық қалтқысыз көмегімен жүзеге асқаны Мұқаңның шаршап-шалдықпаған ширақ қалпынан, көтеріңкі көңіл-күйінен анық байқалғандай.
«Өмір ел-жұрты сыйлап құрметтеген жақсылармен, жақсы адамдармен сәулелі, тұғырлы», «Уақыт – әділ сыншы, мінсіз таразы» дейді халық даналығы. Халқымыздың біртуар ұлы өзінің зор абыройы мен атағына рухани адамгершілігі мен азаматтығының арқасында ие болды. Оның кісілік келбеті мен болмыс-бітіміне келсек, саналы да сарбаз, шыншыл да шынайы, қамқор да қарапайым қалпынан айнымайтындығы, кімге де болса қол ұшын беруге әрдайым даяр тұратыны сүйсіндіреді. Өмірде орнықты ойы, таңдаулы ұстамы мен ұзақ жылғы ғылыми еңбек жолы бар адамгершілік игі қасиеттері, табандылығы мен тиянақтылығы, артық сөйлемейтін ұстамдылығы, айналасына шуақ шашып жүретін жаны жайсаң да таза, мінезі мәрт, арманы асқақ, талғамы биік, кісілігі мен кішілігі жүзінен білініп тұратын, жүрегі жұмсақ, иманы берік, ішкі мәдениеті жоғары, тақуа мінезді, табиғатынан аса сыпайы, барынша адал, еш бөспейтін, аспайтын, тасымайтын, мол пішініне сырт көрінісі, болмысы сай, терісі кең, ақжарқын, ақ еділ жанды елімізге кеңінен танымал зиялы қауым зор құрмет білдіріп бағалады. Ол сырбаз мінезімен, аса кішіпейіл де адал қасиетімен әрдайым азаматтықтың ешқашан адастырмайтын биігінен табылды.
Сергекті серік еткен парасат-пайымы биік ғалым қандай лауазымды қызметті атқарса да, асқақтығы жоқ қарапайымдылығымен, сырбаздығымен, кішілігі мен кісілігінен таймаған нағыз қазақы мінезге тән сабырлы да салмақты, байсалды да салиқалы қалпымен, биязылығымен, қағілездігімен тұлғасы таудай болса да, кісіге жоғарыдан қарап, йық теңестіріп текетіреспейтін азаматтылығымен, тектілігімен үлкен-кішіні өзіне баурап алған. Ол абыройлы еңбекпен жеткен жетістігімен парасат-пайымының биіктігімен даналықтың кемеліне келген шағын атап өтіп отыр. Мұның ар жағында ойы ұшқыр, санасы сергек, арманы асқақ, көкірегі сау, білімі терең, нар мінезді, бір сөзді, бәрінен намысты жоғары қоятын, имандылық пен адамгершілік тізгінін тең ұстаған, заманның жүгін арқалаған халқымыздың мақтан тұтар азаматының өрлік пен өжеттігі, ұлттық намысы, ешкімге ұқсамайтын өзіндік болмыс-бітімі жатса керек. Өзінің қиындығы мен қызығы көп еңбек жолында жиған тәрбиесі де, көргені мен көңіліне түйгені көп Мұқаңда дос та, жолдас та көп. Бұл – оның жақсы азамат ретіндегі бір белгісі. Ол қазақтың талай жақсысы мен жампозының жанынан табылып, оларға үлкен құрмет көрсете жүріп, кісілік келбетімен, айырықша бітім-болмысымен өзін де сыйлата білді.
Мұрат Жұрынов ұлтқа риясыз қызмет етудің, отбасында жақсы отағасы болудың, ақылман ақсақалдықтың, салиқалы сарабдалдықтың үздік үлгісін көрсетіп отыр. Жасынан зерек те ұғымтал, аңдағыш та сезімтал, көкірегі ояу, санасы сергек, қиялы қыран ғалым өмірде де, еңбекте де бақытын тапқан адам. Оның қызу еңбек, жалынды күреске толы ғұмырының мәнді де сәнді өтіп жатқаны анық. Абзал жан, дарынды ғалым Мұқаң мерейлі 75 жасқа күш-қайратының мол шағында келді. Әлі де тың, ойы сергек, белсенді, ұдайы ізденіс үстінде. Қаламы қарымды, ойы шолымды, пікірі алымды ғалымның шабытты шағы қашан да серік болып жазары көбейсін. Елім деп есейген, ұлтым деп ұлысына қызмет етіп қайраткерлік көрсетіп жүрген ер азаматқа егеменді елі үшін атқарар ерен еңбегі ел алдында еленіп, әрдайым халықтың ілтипатына бөленіп, зиялылық пен парасаттылықтың биігінен көрініп, қашан да, қайда да еңсесі биік, мәртебесі жоғары бола бергей деген тілек білдіреміз.
Сейдін Бизақов,
филология ғылымының докторы, профессор.