ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫ
Шығармашылығын 1950-ші жылдардың ортасында бастаған жазушы, тарихшы-этнограф Зейнолла Сәніктің тұңғыш көркем очеркі 1955 жылы Шағантоғайда жазылып, сол жылы Құлжадан шығатын апталық басылым «Іле газетінің» 16 қарашадағы нөмірінде жарияланыпты. Алғашқы кездері балаларға арналған шағын әңгімелер жазыпты. Онда да қазақ баласына өнер, білім шашатын ағартушылық сипатындағы ғылыми әңгімелер жазған. Әрине, бұл бағыттағы туындылардың өз кезінде Шыңжаң қазақтарының балалары үшін ғылыми, тәрбиелік зор роль атқарғаны анық. Сол кезден бастап қазақ этнографиясы мен тарихына, фольклорына қатысты әдеби мұраларды зер сала отырып, ұқыптылықпен реттеу, зерттеуді мықтап қолға алған Зейнолла ағаның ұлттық рухани мұраларды «Төрт көнеге» жатқызған Қытайда он жылға (1966–1976) созылған мәдениет революциясы кезінде ел ішіндегі көнекөз қариялардан қаншама мол рухани мұраларды жазып алып, кейін заман оңалып, елдің есі жиналған кезде рухани айналымға енгізуі неге тұрады!
1978 жылы «халық жауы» делініп, Бұратала облысының Жын ауданында «еңбекпен түзеуде» болғанда да сағы сынып, ешбір мойымапты. «Жусаннан аласа, бетегеден биік» қалпынан аумай, қолынан қағаз-қаламын түсірмей, тырнаштап жаза жүріп-ақ бірталай дүниенің басын қайырыпты. Кейін, 1980 жылдардың басында, жазушы Оразбек Қанапин екеуі құрастырып баспадан шығарған «Қазақ ертегілері» (4 кітап), «Қазақ балалар ертегілері» (4 кітап), «Қабанбай батыр», «Қаракерей Қабанбай», «Қазақ емшілігі мен дәрігерлігі» (алғысөзін жазып, баспаға дайындаған) сынды кітаптар сол еңбегінің нәтижесі болатын.
Зейнолла Мүбәракұлы өзінің шығармашылығын екі бірдей салаға – бірі көркем прозаға, енді бірі – қазақ халқының халықтық мұраларын (фольклорын, этнографиясын, тарихын) жинау, реттеу, зерттеу жұмыстарына арнапты. Сөйте жүріп көркем прозаға да атсалысқан Зейнолла ағаның қаламынан балаларға арналған ғылыми әңгімелер, новеллалар, хикаяттар жинағы («Табиғат тәлімі», «Тау жұлдызы»), романдар («Сергелдең», «Баспай»), тарихи кітаптар («Қабанбай батыр», «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай», «Сүлеймен би», «Қайрақбай», «Демежан», «Тұғырлы хан»), ғылыми еңбектер мен оқу құралдары («Атаның алтын іздері», «Дала жібек жолы», «Батыс Қытайдағы қазақ тарихына қатысты мәдени мұрағаттар», «Ежелгі қытай жазбаларындағы түркі (қазақ) қаламгерлері», «Дала мәдениеті – еуразия мәдениетінің алтын тұғыры», «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері» (оқу құралы), «Қазақ этнографиясы» атты (монография), деректі әдебиет («Баспай туралы әңгіме-жырлар») туды.
Жазушы шығармашылығындағы саналы бір сала әрі көп жылдар бойы сарыла зерттеген тақырыбы атақты халық батыры Қабанбай (Ерасыл) Қожақұлұлының өмірі болды. Арғы-бергі қазақта Қабанбай Қожақұлұлы туралы тұңғыш қалам тартқан Зейнолла ағаның «Қабанбай батыр» (Шыңжаң халық баспасы, 1986 жыл, Үрімжі), «Қаракерей Қабанбай» («Жазушы» баспасы, 1991 жыл, Алматы), «Хан батыр Қабанбай» (Ұлттар баспасы, 2000 жыл және «ҚазАқпарат», 2005 жыл) деген еңбектерінде қазақ халқының Жоңғар шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі, қолбасы Қабанбай (Ерасыл) Қожақұлұлы жайындағы әр түрлі аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар негізінде және жаңа тарихи деректер бойынша ғылыми тұжырымдар жасалған. Белгілі ғалым, филология ғылымының докторы Болатхан Әбілқасымов тарихи жырларды зерттеудің үш қайнар көзін, бірі – аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар, енді бірі – шежірелер, (генеологиялық аңыздар), үшіншісі – құжаттар деп атап көрсеткен болса, ғалымның осы қағидалары біз сөз етіп отырған Зейнолла Сәніктің Қабанбай туралы зерттеулерінде қаншалықты дәрежеде сақталғанына көңіл аударған белгілі әдебиетші ғалым Гүлжаһан Орда мына жайларды атап көрсетеді. «Біріншіден, жазушы Қабанбай батырдың өмір жолын сөз ету үшін көпшілікке белгілі атадан балаға ауызша жеткен аңыз-әңгімелердің, өлең, толғаулардың тарихи жырлардың қатарын жаңа аңыз-әңгімелермен толықтырған. Екіншіден, жазушының шежірелік қыры ашыла, толыға түскен. Үшіншіден, тарихи құжаттар тиімді пайдаланылған. Төртіншіден, Қабанбай батырдың өмірін толықтыра түсуде жер-су атаулары (топономика) үлкен қызмет атқарып тұр. Бесіншіден, Қабанбай батыр ұрпақтарының естелік-эсселерін тиімді пайдаланғандығын баса айтқанымыз жөн. Алтыншыдан, ғылым мәдениетінің сақталуы қолымыздағы еңбектің осындай жетістіктерін санамалай отырып, бұл тақырыптың ғұмырына аздық еткен жазушының Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы екендігін жадымызда ұстағанымыз жөн. Автордың ата-бабалар рухын қайта тірілтуі бүгінгі егемен елдің қол жеткізген жетістігі ретінде саналмақ. Тыңнан түрен салып тың тақырыпты зерттеуге күш-жігерін арнаған, Зейнолла Мүбәракұлы қабанбайтанудың негізін қалады».
Тарихи тақырыптарды жиі-жиі тереңінен қозғап жазатын ғалым-жазушының «Дала жібек жолы» деп аталатын монографиясы алғаш республикалық «Жалын» (2004 жыл, №1-2) журналына жарияланған. «Батыс қытайдағы қазақ тарихына қатысты мұрағаттар», «Ежелгі қытай жазбаларындағы түркі (қазақ) қаламгерлері», «Дала мәдениеті – еуразия мәдениетінің алтын тұғыры» сынды мақалалары Қазақстан оқырмандары үшін ғылыми және деректі құны бар дүниелер есептеледі. Бұл құнды материалдар біздің арғы ата-бабаларымыздың тарихи ізін танып-білуімізге зор пайдасын тигізеді. Ғалым ежелгі қытай жазбаларына сүйене отырып, Жібек жолының мәдениетін Абылайхан заманындағы қазақ-қытай сауда байланысына әкеліп тиянақтайды.
Ендігі сөзіміз ғалым-жазушының көп жылғы еңбегінің нәтижесі есепті үлкен ғылыми еңбегі жас этнограф, мәдениеттанушы Жанат Зейноллақызымен бірігіп жазған «Қазақ этнографиясы» атты монографиялық еңбегі туралы. Кітап осыдан үш-төрт жыл бұрын Бейжіңдегі Орталық Ұлттар баспасынан жарық көрді. Сол Ұлттар баспасы мен Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Анарыс» баспасының үлкен жобасы негізінде жарыққа шығып, Қазақстан оқырмандарының қолына тиген болатын. Біздің білуімізше, Зейнолла аға өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарынан қазақ этнографиясына, мәдениетіне қатысты материалдарды жия бастапты да, «Қазақтың ұлттық ойындары», «Алтай мифтері», «Наурыз мерекесінің келіп шығуы мен қалыптасуы», «Қазақ емшілігі мен тектамырлары» сынды мақалаларын сол өткен ғасырдың сексенінші жылдарында жариялай бастаған екен. Студенттерге арнап «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері» деген оқулық та жазыпты. Демек, бұдан автордың «Қазақ этнографиясын» жазуға үлкен дайындықпен барғаны байқалады. Кітаптың аннотациясында айтылғандай, ұлттық болмыс пен мінезді ғана емес, бүкіл қазақ халқының шығу тегінен бастап өмірдің барлық саласын қамтитын, өзіміздің қазақи табиғатымызды, жан дүниемізді, психологиямызды сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсететін аталған еңбек үлкен үш бөлімнен тұрады.
Көрнекті ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Халықтың асыл көмбесі» деген алғысөзімен шыққан кітаптың алғашқы бөлімі этнография ғылымының жалпы түсініктемесіне, сипаты мен міндетіне арналса, «Заттық этнографияға түсінік» деп аталатын екінші бөлім қолдың саласындай сегіз тараудан тұрады. Олардан оқырман қазақтың тұрғын үй мәдениеті ауыл шаруашылығы, орманшылық пен бау-бақша шаруашылығы, тау-кен және қолөнер шаруашылығы, сауда кәсібі ұлттық киім мәдениеті тағам мәдениеті туралы мол мағлұмат алуға болады. «Заттық этнографияға түсінік» деп аталған осы екінші бөлімнің бір тарауы халқымыздың ұлттық ойындарынан сыр шертеді. Онда автор қазақтың көңіл ашу ойындарына, спорт ойындарына, балалар ойындарына жеке-жеке шолулар жасай отырып, сипаттамалар беріпті.
«Ұлттық рухани этнографияға» арналған үшінші бөлімдегі қазақ қоғамының құрылымын құрайтын рулық, туыстық, отбасылық жүйе мен қазақтың есім қою дәстүрі халқымыздың ежелгі наным-сенімдері, бақсылық сарындар, ислам мәдениетінің қазаққа жасаған ықпалы, киелі сандар мен түс жору түсініктері туралы пайымдар әрі тартымды, әрі тағылымды. Халық астрономиясы, қазақтың күн санау, ай санау, жыл санау және жыл қайыру әдістері жайындағы ой-толғамдар тың деректерімен баурайды. Үйсін дәуіріндегі, Шыңғысхан заманындағы заң жосындары, шариғат заңдарына жасалған шолулар да сонылығымен құнды.
Ғалым-жазушының ұзақ жылдар бойғы еңбегінің нәтижесі есепті бұл еңбек отандық қана емес, шетелдік ғалымдардың да жан-жақты бағасын алатыны даусыз. Себебі, қазақ қоғамына қатысты көптеген тарихи деректер құнды мәліметтер қамтылған. Осы еңбек арқылы әрбір оқырман шетте жүрген бауырларымыздың ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай қорғап келгеніне және оған үлкен құрметпен қарайтынына, екіншіден, бізде жоғалып бара жатқан соншама мол рухани құндылықтарымыз шетелдегі қазақ диаспорасының ортасында сақталып қалғанына көз жеткізе алады. Қазақ этнографиясы жөнінде бұған дейін отандық және шетелдік ғалымдар қаншама еңбектер жазды. Осы қатарда Қытайдағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі Зейнолла Мүбәракұлы мен жас этнограф, мәдениеттанушы Жанат Зейноллақызының қазақ халқының сан ғасырлық озық өркениетін тағы бір қырынан танытатын бұл еңбегі біздің отандық ғалымдарға әлі жетпей жатқан, шеттегі қазақ диаспорасының тұрмысы мен тіршілігін сипаттауымен де, өздеріне дейінгі жазылған еңбектерді негізге ала отырып, ой қорытуымен де, этнографиясы, мәдениеті туралы отандық һәм шетелдік ғалымдардың пәнаралық байланысты сауатты ұштастыруымен де, қазақтың мәдениеті, әдебиеті, тарихы, этнографиясы, археологиясы жөніндегі зерттеулерді бір жерге тоғыстырғандығымен де ерекше. Бір сөзбен айтқанда, осы арқылы бұл еңбек қазақ мәдениетін біртұтас зерттеуге өлшеусіз үлес қосады деп сеніммен айтуға болады.
Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ.