Әдебиетіміз тәуелсіздікке сай дамысын десек…
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Еліміздің тәуелсіздік жариялағаны күні кеше ғана сияқты еді, енді, міне, сол тарихи уақиғаға 25 жыл толып отыр. Зымырап өтіп бара жатқан уақыт деген осы. Бұл кезеңде еліміздің қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Оның бәрін бір-екі ауыз сөзбен қысқаша айтып шығу мүмкін емес. Әйтсе де, ең бастысы,
25 жылда жер бетінде Қазақстан Республикасы деген мемлекет, қазақ атты халық бар екендігін бүкіл әлем біліп, таныды. Яғни ата-бабаларымыздың қазақ халқы өзгелермен терезесі тең ел болса деген арманы толығымен орындалды. Ендігі міндет – осы тәуелсіз елдің іргетасын одан әрі нығайтып, қауіпсіздігі мен бостандығын біржолата қамтамасыз ету. Бұл аса маңызды міндеттің алғышарттары қазірдің өзінде нақты қолға алынуда. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тікелей қолға алуымен дүниеге келген «Мәңгілік Ел» идеясы – осының айқын дәлелі. Бұл идея қазіргі жоспарланған қалпымен толық жүзеге асса, арада тағы бір жиырма бес жыл өткенде бүкіл Қазақстан халқы тәуелсіздіктің осы ширек ғасырлық мерекесі сияқты, «Мәңгілік Елдің» де жеңісі мен жемісін көзбен көріп, салтанатпен тойлайтыны анық. Халқымыз сол күнге аман жетсін дейік. Әрине, бұл мақсатқа жету үшін ұшан-теңіз жұмысты жүзеге асыруымыз, бәріміз бір кісідей жұмылып еңбек етуіміз қажет. Бір қуанарлығы, біздің осы мақсат жолында алға нық басып келе жатқанымыз анық. Бұл, ең алдымен, түрлі қиындықтарға қарамастан экономикамыздың қарқынды өсуінен анық аңғарылады. Қорғаныс қабілетіміз де күн өткен сайын нығая түсуде. Дегенмен, «Мәңгілік Ел» идеясын толық жүзеге асыру үшін бұл екі жетістікпен ғана шектелмей, басқа да маңызды мәселелерді ескеру қажет. Солардың ең бастыларының бірі – ұлттық идеология және ұлттық мәдениет. Бүгінгі таңда өркениетті елдердің бәрі бұл екі мәселеге әрқашан да айрықша назар аударады. Біз де «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға кіріскенде осы шарт-талапты нақты ескергеніміз жөн. Міне, осы биік мақсатты жүзеге асыруға қазақ әдебиеті де нақты әрі нәтижелі үлес қоса алады. Бұған ұлттық әдебиетіміздің бүгінгі жетістігі көтерілген айқын дәлел. Яғни біздің әдебиетіміз кәсіби шеберлік тұрғысынан алғанда ең дамыған елдердің әдебиетімен терезесі тең деп айтуға әбден болады. Бұған қоса, қазақ әдебиетінің болашағынан да үлкен үміт күтеміз. Яғни алдағы уақытта қаламгерлеріміздің қатары дарынды жас толқынмен толыға түседі, әдебиетіміздің де көптеген жаңа, жақсы шығармалары дүниеге келеді деп ойлаймыз. Кез келген ұлттың әдебиетінің қайнар көзі – ана тілі. Міне, осы тұрғыдан келгенде тәуелсіздіктен кейін қазақ тілінің қолданыс аясы барынша кеңейіп, күш-қуаты мен ықпалы айтарлықтай нығайғаны баршаға мәлім. Бұған басқаны былай қойғанда, осы Алматы қаласының жағдайы айқын дәлел. Бұрын Алматыда бір-екі ғана қазақ мектебі болса, тәуелсіздіктен кейін олардың саны алпыстан асып, жетпіске жақындап қалды. Аралас мектептердегі қазақ сыныптары да күн өткен сайын көбейіп, айқын басымдылыққа ие болуда. Жалғыз Алматы ғана емес, еліміздің барлық өңірінде де жағдай осыған ұқсас. Мысалы, қазіргі таңда республикамыз бойынша жыл сайын мектеп бітірушілердің жетпіс пайыздан астамын қазақ мектептерінің түлектері құрайды. Және ол көрсеткіш болашақта да үзбей арта түседі деп күтілуде. Бұл тәуелсіздікке дейін біздің өңіміз түгілі, түсімізге де кірмеген жағдай еді. Керісінше, ол кезде қазақ мектептері көбеймек түгілі, жыл сайын құлдырап азая түскені бәріңізге де белгілі. Бүгін бұл жағдай мүлдем өзгерді. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы студенттердің де басым бөлігі қазақ бөлімдерінде оқиды. Ал бұл жағдай әдебиетімізге тыңнан қосылар жаңа, жас толқынның да көбеюіне әсер ететіні анық. Сондай-ақ халқымыздың қазақ тіліне жаппай бет бұруы қазақ тіліндегі кітаптарға сұранысты арттырып, олардың таралымын да көбейтуге ықпал жасай алатыны анық. Міне, осы айтылған жағдайлар ұлттық әдебиетімізді одан әрі дамытуға жол ашатыны даусыз. Бірақ өкінішке қарай, біз бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Мұның қазақ тіліндегі көркем әдебиеттің таралу мөлшерінен айқын аңғаруға болады. Мысалы, Кеңес Одағының кезінде Қазақстандағы қазақ тіліндегі прозалық кітаптардың таралымы 30 мыңнан 50 мыңға дейін жететін. Ал қазіргі кезде бұл көрсеткіш ең ары кеткенде 2 мыңмен ғана шектеледі. Неге бұлай? Қазақ тілінің ықпалы айтарлықтай күшейген, қазақ тілінде оқып-білім алушылардың саны бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда көбейген. Бүгінгі кезеңде қазақ тіліндегі кітаптардың тараламы осыншалықты неге азаяды? Бұл сұраққа көбіне «қазір жұрт кітап оқымайтын болды» деген бір сыдырғы жауап қана айтылады. Бірақ шындап келгенде мәселенің негізгі түйіні – бізде кітап шығару мен таратуды бүгінгі нарық заңдылықтарына бейімдей алмаудан туындап отыр. Бұған нақты дәлел келтірейік. Нарықтық қатынасқа арқа сүйейтін өркениетті елдерде кітап шығару үш бағытта жүргізіледі. Оның біріншісі – кітаптың түпнұсқасын автордан сатып алу, екіншісі – кітапты басып шығару, үшіншісі ол – кітапты тарату, негізінен саудаға шығарып сату. Осыған орай оларда кітап шығару бизнестің ең дамыған бір түрі, бұл жөніндегі менеджмент те жақсы жолға қойылған. Бізде осы үш саланың тек екіншісі, яғни кітапты басып шығару ғана бар. Ал кітап шығарып, таратуды нарық заңдылығына бейімдеу тым кенже қалған. Біз бұл жөнінде бұған дейін де осы Жазушылар одағында өткен бірнеше басқосуларда айтып, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Кітабымыз оқылмаса кімді кінәлаймыз?», «Әдебиетіміздің ертеңін ойласақ…» атты пікір-ұсыныстарымызды жариялағанбыз. Сондықтан бүгін оның бәрін тағы да қайталап жатқымыз келмейді. Тек нақты айтарымыз – әдебиетімізді болашақта бұдан да жоғары деңгейге көтеріп дамытқымыз келсе, қаламгерлердің қатарын жаңа, дарынды жас толқынмен толықтыруға ынталы екеніміз рас болса, кітап шығару мен таратуды барлық өркениетті елдердегідей нарық заңдылықтарына бейімдеп, дұрыс жүргізуіміз қажет. Бұл ретте «Мәдениет жөніндегі заңдағы» кітап шығаруға қатысты жаңадан дайындалып жатқан өзгертулер мен толықтырулардан үлкен үміт күтеміз. Және осы өзгертулерді нақты қолға алған Қазақстан Жазушылар одағы-ның Төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған азаматтар бұл мәелені аяғына дейін жеткізіп, жақсы нәтиже шығарады деп сенеміз.