ТӘУЕЛСІЗДІК – ҰЛТ РУХЫНЫҢ БАСТАУЫ
02.12.2016
3467
0

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы


Құрметті әріптестер!
Шақырылған қонақтар!
Басқарма мүшелері!
Біз – халық боп қалыптасу мен ұлт болып ұйысудың көп­-
ға­сыр­лық үлкен жолынан өткен ел­міз.
Бұл жолда арғы-бергі дәуір­лер та­рихына Ұлы Дала дейтін атаумен кірген осынау екі құр­лық­ты тең басып, екі түрлі өр­ке­ниет пен екі­ түрлі мәдениетті тең игерген ел­дің жоғалтқаны да, тапқаны да бар­шылық…

Дегенмен…
Осынау талғам мен та­ным­ның, өсу мен өшудің, өркендеу мен құлдыраудың бірден-бір өл­­шем-таразысы саналар, кез кел­ген ұлттың тарихын бағалап, тағ­­ды­рын анықтауда басты роль ой­най­тын Уақыт дейтін ұлы кеңіс­­тікке көз жүгіртсек, қай дәуір­­де де адамзат баласының та­­рихы азат ел, тә­уелсіз ұлт бо­луға ұмтылған кү­рес­терден құ­ра­латынын аңғара­мыз. Осы жол­­да мыңдаған шайқастар, жүз­­деген соғыстар болған. Азат­тық үшін бас­тарын бәйгеге ті­гіп, тәуел­сіз­дік үшін жандарын пида қыла жү­ріп, алысып өткен ұлттар мен ұлыс­тар қаншама?
Тұрлаулы тарих қазақ есімді қайып­берен мінезді халықты да жер үстінің осы бір жазусыз қа­ғи­да­сынан сырт қалдырмаған. Біз­дің ата-бабаларымыз да азат ел болу мен  тәуелсіз  ұлт болу жо­­лында жан берісіп, жан алыс­қан…
Тәуелсіздік дейтін киелі ұғым­­ды тұмар тұтқан!
Сондықтан да біз үшін, яғни бү­гінгі ұрпақ үшін Тәуелсіздік дейтін киелі ұғымның орны ай­рықша қадірлі де қастерлі екені айтпай белгілі.
Иә…
Ұлы Дала жұрты үшін кеше көк­сеген арман болған сол тәуел­сіздік бүгінгі ұрпақтың өмір сүру үлгісі анықтар ақиқат­қа айналып отыр.
Арманның ақиқатқа  айналуы қандай «тар жол, тайғақ ке­шу­лер­ді» артқа тастау арқылы жүзеге ас­қанын көзі ашық, кө­кіре­гі ояу зер­делі, зейінді ұрпақ жақсы бі­леріне ешкімнің күмәні болмауға тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың сөзімен айтар болсақ, бүгінгі ұрпақ үшін «Тәуелсіздік – басты құнды­лы­ғы­мыз». Біздің пайымдауымызда, ұлт үшін, ұрпақ үшін Тәуел­сіз­діктен асқан қадірлі де қа­­­­­­­­сиетті ұғымның болуы мүмкін емес. Тәуелсіздікті Тәңірдің тар­ту еткен сыйы дейсіз бе, әлде, Ұлы Жаратушының арнайы жі­берген сыны дейсіз бе? Қалай болғанда да, бұл ұғымда Көк пен Жер ара­сын жалғап жатқан бір құдіретті күш пен қуаттың барын мойын­дау­ға тиіспіз.
Бүгінгі ұрпақ – кешегі өткен жалғастардың жалғасы!
Бұл – тағылымды тарихы бар жұрттың өрісін кеңейтіп, өр­кеніне қанат бітірер, ұлт өт­кені мен жаратылысын тануға мол мүмкіндік берер қытай бу­ма­ларында қатталған, араб жаз­ба­ларында сақталған, Геро­дот­тың кітабына енген, армян жазу­­ларымен өрнектелген, тасқа қа­шалған, папирус бетіне түскен ұлы тарихтың шешен тілді, кө­сем мінезді шындығы.
Өткен ғасырдың тоқсанын­шы жылдарында әлемнің саяси картасынан тәуелсіз ел ретінде өз орнын алған бүгінгі Қазақ Елі, сөз жоқ, сол Ұлы Далада  әр дә­уір­­­­де өмір сүрген үлкенді-кі­ші­лі мемлекеттердің заңды мұ­ра­­гері. Сондықтан үстіміздегі  жы­­лы өз Тәуелсіздігінің жиырма бес жыл­дығын атап жатқан Қа­зақ­станның араға ғасырлар са­лып, өмірге қайта келуін фе­но­­ме­налді құбылыс деп ба­ға­­лауы­мыз керек. Ғарыштық бай­ла­ныстың боларына сенсек, бұл құбылыс, ең әуелі, ана дүниедегі ұлы аруақ­­тардың қолдауымен, мы­на дүниедегі тәуелсіз ел құру­шы тегеурінді ұрпақтың жүрегі­нің қалауымен, күш-жігерінің жұ­­мылуымен болғаны шүбә­сіз.
Бұл – объективті фактор.
Кез келген объективті фак­тор­­дың қозғаушы күші, яғни су­бъективті факторы болатынын да ұмытпауға тиіспіз.
Субъективті фактор – тұл­ға.
Еуразия кеңістігінде Қазақ­стан деген әрі байырғы, әрі жас, жаңа тұрпатты мемлекеттің қайыра жаңғырып, аяғынан тұ­руы, әлемге танылуы, түбегейлі мойындалуы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев есімді тұ­ғырлы тұлғаға тікелей бай­ла­ныс­­ты. Осыдан ширек ғасыр бұрын­ғы еңсесі түскен елді ел ету, шынайы классикалық үлгі­дегі мемлекет дәрежесіне жеткізу ер­дің ерінің ғана, тұғыры берік тұл­ғаның ғана қолынан келе­ті­нін Тәуелсіздіктің жиырма бес жыл­дық дәуірі дәлелдеп отыр.
Жиырма бес жылдың әр жы­лы ғана емес, әр айы, әрбір күні азат­тыққа жаны іңкәр Алаш жұрт­шылығы үшін аса қымбат еке­ні айтпай белгілі.
Жиырма бес жыл!
Бұл – үш ғасырлық отарлық пен шеңгелі мықты тоталитар­лық жүйені келмеске жіберіп, Алаш елінің Азаттыққа қол жет­кіз­ген, арманы ақиқатқа айнал­ған жиырма бес жыл!
Бұл – есімі іргелі мемлекет ре­­тінде әлемге танылған, жаһан­дану жағдайында Батыс пен Шы­ғыс арасын жалғаған үміт пен сенімнің, өркениет пен өр­кенді қатынас­тардың алтын кө­пірі болған Қазақ Елін тану мен та­ны­тудың, мойындау мен мойын­да­тудың әлемдік кеңісті­гі­не алып шыққан жиырма бес жыл!
Бұл – құлағанымызды тұр­ғызып, сүрінгенімізді сүйеген, жы­лағанымызды жұбатып, бойы­мызға күш дарытып, ойы­мызға қанат бітірген, Ұлы Дала төсіне Ұлы Аруақтарымыз қайта оралып, ұрпақ санасын жебеген, ұлт бойына қажыр мен қайрат ұя­латып, қиын күндерде демеген жиырма бес жыл!
Жиырма бес жыл Қазақ­с­тан­ға, Қазақ халқына не берді? – деген төте сауалға жауап іздей оты­рып, арғы-бергіні таразыға сал­сақ, тіл ұшына жарыса орала­тын игі­лік­ті, ізгілікті құбылыс­тар­ды тізіп шы­ғуға көп уақыттың ке­тері анық.

***
Біз қаламгерлердің бүгінгі кезекті мерейтойлық пленумына «Ұлт Рухы» деген қанатты ұғым­ды бекер таңдаған жоқпыз. Өйт­кені, «ұлт», «рух» деген ұғым­дар­ды Тәуелсіздіктен бөліп-жаруға болмайтыны белгілі. Айналып кел­ген­де, Тәуелсіздіктің түпкі ме­желі мақсаты да ұлттың толық мағыналы бостандыққа жетуі емес пе?! Рухы мықты елдің тағ­дырын сындыру мүмкін емес. Рух   ай қылышын жарқылдатып, жауға шабар көзсіз батырлық қана емес. Рух ұлттың ішкі дің­ге­гін бекітіп, тінін қатайтар, ақыл мен парасатты серік етер, жаны жомарт, жүрегі таза күрес­кер ұрпақты қалыптас­тыру, ин­теллектуалды қоғамның иесі болар интеллектуалды тұл­ға­лар­ды тәрбиелеу.
Міне, жаңа дәуір жалына жар­масып, дамыған отыз елдің қатарына ілігуді меже тұтқан жаңа Қазақстанның жаңа тарих­тағы орнын анықтайтын рухани критерийлердің жауабын да осы кеңістіктен іздеуіміз керек.
Рух – ұлттың алтын қазығы бол­ғанда, рухты қалыптастыру мен тәрбиелеудің көзі – рухани кеңістік. Әдебиет пен өнер – ру­ха­ни кеңістіктің негізі. Бұл – ежелден келе жатқан артық дә­лел­­ді қа­жет ете бермейтін ақи­қат.
«Өнер алды – қызыл тіл» дей­тін жазусыз қағидаға ден қой­ған халықтың жаһандану дей­тін құбылыспен бетпе-бет кел­ген дәуірінде өмір сүріп отыр­ған біздің ұрпаққа ұлттың ру­хани тұтастығын сақтаудың ауыр міндеті жүктеліп отыр.
Ин­теграция атаулының емін-ер­кін жүруіне мол мүм­кін­дік бе­ріліп, жол барынша кең ашыл­ған жиырма бірінші ға­сырда үлкенді-кішілі елдердің технологиясы дамып, ықпал­дас­тықта өмір сүру қабілетінің жетіле түс­кені – күнгейлі құ­былыс. Бі­рақ осынау күнгейлі құбылыс­тың ел өміріне еркін енуі өзімен қоса көлең­ке­лі тұс­тар­ды да ерте келді. Әсі­ресе, ру­­хани өміріміздің қабағына кірбің ұялатар аса қо­лай­сыз, жай­сыз, рабайсыз, кес­кінсіз өнер-сымақ дүниелер кө­бейді. Ұлт санасы мен ұрпақ тәр­биесіне теріс әсерлі «ширбат­реб» қоға­мы­мызды тұншықтыра бас­тады. Мұндай «ықпалдас­тық» ұлт­тық рухқа жайлы болды деп ешкім де айта алмайды. Әлем дер­жавалық елдер мен дер­жава­лық тілдердің басым дамуына жағ­дайды ашық жасап, кіші ұлт­­тар мен кіші ұлттар мәде­ниет­­терінің жолын уақыт өткен сайын тарылтуда. Бұл проб­лема Тәуелсіз Қазақ Елінің де алдынан кесе-көлденеңдеп шыға бастағаны жасырып-бүгер сыр емес.
Күні кеше ғана әлемге үрей мен қорқыныш тудырып кел­ген алып империяның қана­тының астынан шыққан он бес елдің бірі ретінде Қазақстан да жаһан­дану дейтін жұмбағы мен сыры беймәлім әлеммен бетпе-бет келді. Тәуелсіздіктің алғаш­қы кезеңіндегі азаттықтың таза ауа­сына тұншыға шапқылап, елік­теу мен солықтау қанатында өткен жылдар артта қалды. Рухты қорғау мен сақтаудың қатар-қатар үй тігіліп, аста-төк той жа­­саумен атқарылатын үлгілері сол еліктеу-солықтау дәуірінің қол­тығында қалып барады. Рух­ты тәрбиелеудің, рухты сақ­таудың жаңа дәуірі келе жат­қа­нын, әдебиет пен өнерді наси­хат­таудың жаңа, соны үлгілері қа­жет екенін сезе бастадық.
Рух атаулының бастауы да, қор­ғаушысы да Тәуелсіздік еке­нін жанымызбен, жүрегімізбен түйсінеміз. Мына аспан ас­ты, жер үстінде қазақ мәде­ние­тіне жаңа тұрпатты кеңістік қалып­тас­тыру арқылы әдебиет­ке, өнер­ге қамқорлық жасайтын бірден-бір қуат көзі қуатты Қа­зақстан ғана екенін де ойымызбен, са­намызбен сезінген үстіне се­зі­не түсудеміз.
Елбасы сөзімен айтар болсақ, «дүние дидары өзгерген» жаңа дәуір ақиқаттарын таразы-тал­қыға сала отырып, ұлт әдебиеті мен мәдениетін «жұтылып кету» қаупінен сақтап қалу қамын жасауға кіріскеніміз де сондық­тан…
Елбасының пәрменімен ал­ғаш­қы дәстүрлі жылдардың бі­рі­нің «Тарихи сана» жылы деп аталуы да бекер емес.
Алып ғалам тарапынан жүр­гізіліп келген мүдделер сайысына лайықты баға беру үлкен па­расаттылықты қажет етеді. Әрі-беріден соң осынау мүдделер сайысы төркінінде жас мемлекетке ықпал жүргізу ғана емес, реті келсе Тәуелсіз елді тәуел­ді­лік қорығына қайыра айдап әкелу­ден де кетәрі емес пиғыл­дар­дың қылаң берген тұстары жиі болып тұрады. Жасыратыны жоқ, түпкі мақсат эконо­ми­ка­лық мүдде болып көрінер қай­сыбір әрекеттер төркінінен «шабуылдың» ашық түрі – ұлт­тық құндылықтардың шаңы­ра­ғын шайқауға бағытталғанын аңғарамыз. Сырттан келген алуан түрлі мәдени, рухани, діни бағыттағы «қамқоршы­лар­дың» әрекеттерінен ұлт рухын әлсіретуге, тіліміз бен дінімізді, діліміз бен мәдениетімізді кірі­п­тар етуге ұмтылыс байқалды.
Осы тұста оңы-солын ба­ғам­дап, кімнің артында кім тұр, нен­дей әрекеттердің ақыры қай­­да апаруы мүмкін деген са­уа­л­дар табиғатын таныған тә­уел­сіз ел идеологиясы әл­гін­дей «кіріптарлықтан» өнеріміз бен әдебиетімізді, біліміміз бен ғы­лымымызды арашалауға ұлт­тың рухани кеңістігіне пайда кел­тірер ірі шаралар атқарғанын, ат­қарып отырғанын айту – парыз.
Ретті жерін пайдаланып, әдебиет, өнер, ғылым дейтін әр қадамы мен әр қимылы жұрт на­зарында жүретін іргелі салалар бойынша атқарылған кейбір шараларды айрықша бөліп айт­қым келеді.
Бірінші, тегеурінді, текті өне­­рімізді дәріптей отырып, қа­зақ ұлтының көпғасырлық бай әдеби, мәдени мұраларын әлем­дік дәрежеде насихаттау бағы­ты­н­да (ЮНЕСКО деңгейінде) ірі шаралардың өткізілгені;
екінші, тарихымыздың ақ­таңдақ беттеріне қайыра оралып, қытай, араб, армян, т.т. ел­де­рінің музейлері мен архив қоймаларында жатқан ондаған ғасырлық ұлы жәдігерлеріміз­дің айналымға енгені;
үшінші, далалық ұлы мә­дение­тімізді ыждаһатты түрде зерттей отырып, бай әдеби көр­кем мұраларымыз бен таным­дық, тағылымдық сипаттағы жә­дігерлерімізді жүйелейтін, ар­хитектуралық, археологиялық маңызы зор қазына-байлық­та­ры­мызды ретке келтіретін, музыка, живопись тәрізді ғажайып ұлт құндылықтарымен қатар, театр, классикалық өнер, дәс­түр­лі өнер секілді салалары­мыз­дың бар-жоғын түгендеу бұ­рын-соңды Кеңестер Одағы дейтін кеңістіктегі тәуелсіз ел­дер­дің бірде-бірінде бола қой­маған «Мәдени мұра» атты ұлт­тық, мемлекеттік бағдарлама ая­сында іргелі шаралардың ат­қарылғаны;
төртінші, ондаған ғасырлық ұлт әдебиеті мен ұлт тарихының ға­жайып көзіндей болған бай ауыз әдебиетінің үлгілері жүз том­­дық «Бабалар сөзі» мен көп­томдық «Түсіндірме сөз­дік­тің» жарық көруі;
бесінші, театр, кино өнерін­де­гі тәуелсіздік дәуірі алып кел­ген сілкіністердің бой көр­сетуі;
алтыншы, аударма баспасы ашы­лып, әлемдік шедевр шы­ғар­­малардың қазақ тілінде жа­рық көруі;
жетінші, халықаралық әде­би көркем байланыстардың бір­те-бірте жолға қойылып, қазақ қаламгерлерінің озық үлгілі жаңа туындыларының орыс, қы­тай, ағылшын, француз, түрік, әзербайжан, өзбек, қыр­ғыз тіл­дерінде жарық көруі;
сегізінші, Астана, Алматы қа­лалары мен біраз облыс орта­лық­тарында ұлт мерейін үстем етер соны үлгідегі сымбатына маз­мұны сай ғимараттардың өмір­ге келуі; жаңа өнер ордалары мен нысандарының ашылуы;
тоғызыншы, Қазақ хандығы­ның 550 жылдығы мен көрнекті мем­лекет және қоғам қайрат­кер­лерінің мерейтойларының жүйе­лі түрде өтуі.
Міне!
Тәуелсіздік дәуірі. Ұлттық құн­дылықтар дегенде тіліміздің ұшына оралған шаралардың бі­рер легі осылар.
Бұл айтулы шаралар тізіміне жаңадан іліккен тағы бір мәселе бар. Ол – осы залда отырғанымыз бар, отырмағанымыз бар, жалпы көркем әдебиет дейтін кей­уана бітімді, кең қолтық өнердің ауыр жүгін арқалап келе жатқан қай-қайсымызға да ортақ, көп жылдардан бері айтылып жүрген «күрмеуі қиын, күрделі мәселе­нің» оң шешім тапқаны. Осыдан біраз уақыт бұрын Президент та­рапынан қолдау көрген жазу­шы­ларға қаламақы төлеу хақын­дағы менің өтінішімнің Парла­мент­тің қос палатасы мен Үкімет сүз­гісінен өткені, заңдық  тұр­ғы­­дан реттелгені жайлы қуа­нышты хабар келді!
(Сөз арасында анықтама бе­ре кетуге рұхсат етіңіздер: Бә­ріңіз жақсы білесіздер, қаламақы мә­селесі соңғы он-он бес жылдан астам уақыт бойына үлкенді-кішілі мінберлердің бәрінен ай­тылып келеді. Жазушы еңбе­гі­нің өтеусіз болуы (мардымсыз, ар­зымайтын мөлшерде қала­ма­қы төленіп келуі) қаламгерлері­міз­ді қынжылта бас­тады. Ұйым басшысы ретінде бұл мәселені Елбасыға жеткіздім. Елбасы тү­сіністікпен қарап, проблеманы тиіс­ті орындарға тапсырды. 2007-2008 ж.ж. бюджетінен жазу­шыларға қаламақы төлеу үшін 193.000 000 миллион теңге мөлше­рін­де қаржы да қарас­тырыл­ды. Жазушылар қауымы қуа­нысып, бірін-бірі құттықтап жат­ты… Бірақ өкінішке орай, тиіс­ті үкі­мет­тік орындардың қоры­тынды пікірінде «ақша тө­леу­дің құқықтық негізі жоқ» деген ұйғарым айтылды… Тоқ­та­ды. 2012 жылдан бастап айтулы мәселені қайыра кө­тердім. Қос палаталы Парламент жанынан құрылған жұмыс тобының ұсы­нысымен «Мәдениет туралы Заң­ға» енгізілген өзгерістер мен тү­зетулер қатарына «қаламақы тө­леу» мәселесі енгізілді. Жоба не­ше дүркін кеңейтілген жұмыс то­бының талқысында қаралды. Мі­не, сол әңгіме енді өзінің мә­ре­сіне келіп отыр. Астана, Алматы қалала­рында өткен жұмыс тобына саяси партиялар  мен қоғамдық ұйым же­текшілері, қаламгерлер, саясаткерлер қатысып, өз пікірлерін ор­таға салды. Менімен үш жыл қызметтес болған қос палата де­путаттары тарапынан қолдау болды. Жиындар өркениетті,  өр­кенді үлгіде  өтті. Депутаттар та­ра­пынан да, үкімет жағынан да әдебиетті қолдаудың ашық нышанын байқадық. Жұмыс тобының  мүшелеріне, мәдениет және спорт министрлігіне бәрі­ңіздің аттары­ңыздан айрықша рахмет айтуды – өзіме парыз санаймын! Мәселе оң шешіліп, әңгіме өз мәресіне тақап отыр. Айтып-айтпай не керек? Бұл да Тәуелсіздік дәуірінің әдебиет дей­тін киелі әлемге көрсетіп отыр­ған қамқорлығының ай­қын бел­гісі).
Шынын айту керек, бұл әзірге біз білетін Кеңестер Одағының са­рыжұртындағы бірде-бір елдің та­рихында бола қоймаған жаңа­лық!
Бұл – Елбасы тарапынан көр­кем әдебиетке, көркем әде­биетті өрістетуге жасалған игі­лік­ті шаруа! Тарихи шешім! Құт­тық­тап қоюға рұқсат етіңіздер!

***
Жиырма бес жыл ішінде әлем де, еліміз де ұлы өзгерістер мен түбегейлі жаңаруларды бас­тан кешті. Құндылықтар ауы­с­ты. Тарпаң тарих таразыға түс­ті… Бас бұғауда, бармақ шай­­­нау­­да болған кезеңде күш­пен сіңі­ріл­ген идеология да, идео­ло­гияның жаратушылары да тұ­ғы­рынан тайды.
Есік, терезесі бекемделіп, ой, санасы темір дуалмен тұйық­талған әлемнің алтыншы им­пе­рия­сының қалай ыдырағанын әлі ұмыта қойған жоқпыз…
Әрине, қазір араға ширек ға­сыр уақыт сала отырып, өт­кен­ге сын айту, болған тарихи оқи­ғаларға баға беру – жеңіл. Кө­зімен көрген, ішінде жүрген, бар сұрапылды жан жүрегімен сезінгендер үшін бұл әңгіме, бұл ба­ғаның оңайға түсе қоймасы анық. Тәуелсіздік  дәуірінің күл­­­лі тарихи құжаттарын қа­был­­­да­ған, Тұңғыш Қазақ Президенті­нің күллі реформала­рын саналы түр­де қолдаған Қазақ ССР Жо­ғарғы Кеңесі ХІІ Шақырылымы­ның  депутаты ретінде мен өзімді сол тоқса­нын­шы жылдардың қиын­дығы мен қияметін көзі­мен көрген, жүрегімен сезін­ген­дер санатына жатқызамын… Біз­­де әлі күнге «Қазақстан ше­гі­­нерге жері қал­маған соң тәуел­сіз­­дігін жариялады» деген сыңар­жақ пікір ауық-ауық бас кө­тереді. Бұл – атүсті айтылған, ке­шегі көшеден кіріп, төрге ұм­тыл­ған популизм­нің салқы­ны…
Шынтуайтына келсек, 1991 жыл – Қазақстан үшін «не болу, не болмау» дейтін ұлы Шекс­пирдің сауалын төтелете қойып тұрған кезең еді.
Ес­те­ріңіз­де шығар… Әуелі, жалпы­ха­­лықтық сайлауға түсе қой­ма­ған Назарбаев, елдегі па­йыз­дық үлес салмақтың тиімсіз­дігіне қа­рамай, осынау тарихқа «тәуел­сіздену дәуірі» болып енген 1991 жылдың жазында екі түрлі ерлікке пара-пар батыл ше­шімге барды. Біріншісі, Семей ядролық полигонын жа­бу туралы Жарлыққа қол қой­ға­ны. Екіншісі, ақыры қалай бо­ла­ды деп толғанып жатпай, та­мыз төңкерісшілеріне ашық қар­сылық білдіріп, Қазақстан аты­нан ресми Мәлімдеме бер­ге­ні. Бұл екі қадамның екеуі де Ор­­талыққа ұнай қоймаған «оқыс» шешімдер еді. Екеуі де әлем назарында тұрған аса жауапты қа­дам еді… Біздің пайымдауымызда, өз елі, өз жерінде қырық пайызға жетер-жетпес үлес сал­мақпен отырған ұлттың тағ­ды­рын сабырмен таразылап, сәтін тауып, тәуекелге басар тұсты тап та­сып ұстау қажет болды… Екі қа­дамды айттым. Үшінші
қадам – 1991 жылдың 16 жел­тоқсаны күн­гі Жоғарғы Кеңестің қол­дауын ала отырып, Тәуел­сіз­дік­тің жариялануы!
Ел тағдырында бет бұрыс болған бұл үш шешім, үш қадам­ның авторы – Нұрсұлтан Назарбаев!
Қазақстанға, оның Тұң­ғыш Президенті Назарбаевқа әлем­нің дамуына ықпал етуші дер­жа­валық елдердің назар аударуы да, міне, осы кезден бас­тал­­ғаны анық.
Иә.
Тәуелсіздік есімді жаңа дәуір Ұлы Дала төсінде өз тұсауын осы­лай кесіп, ішкі тайталастар мен сырт­қы күштердің аласапы­ран алыс-жұлысы кезінде өмір­ге осылай кел­ді. Несіне жа­сы­ра­йық, жері­нің қақ төрінде «Бай­қоңыр» дей­тін ғарыш ай­ла­ғы мен «Семей» дейтін  күллі  әлем­ге қауіп-қатер төндіріп тұр­ған яд­ро­лық сынақ алаңы орна­ласқан елдің тағ­ды­рын қан-қа­сапқа айналдырып алмай қа­­­­­был­­­данған осынау ел өмі­рін­дегі тағдыртекті тарихи ше­шімі үшін халқымыз Өзінің Тұң­ғыш Президентіне алғысын сан мәр­те айтты. Айтып та келе­ді. Сол ал­ғыс­ты бүгінгі жиын мінбесі­нен тағы да қайта­лауға рұхсат етіңіз­дер!
Тәуелсіздік бізге әлдекімдер айт­қандай «аяғы аспаннан сал­бы­рап түсе қалған» оңай олжа болған жоқ!
«Жаһандану», «нарық» дей­тін «ауыздыға – сөз, аяқтыға – жол бермес» жұмбағы мен сыры мол құбылыстардың қанатымен кел­ген осынау көңіл мен көзді ар­бар сиқыры – күмәнді, сыры тұ­манды әрекеттер шынында да ал­ғашқы кезде оңай олжаға емін-ер­кін малына бастағаны рас… «Сап­тыаяғына ас салып, сабынан қарауыл» қоюдың тота­ли­тар­лық жүйе кезіндегі айласы қалың, ескі әдіс енді «демократия», «интеграция» дейтін ежелгі ұғым­дардың көшіне ілігіп, шекара асып келе бастады. Көзге ашық көрінбейтін «көзсіз» май­данның тілі жұмсақ болғанымен, әре­кетінен, қимылынан қат­қылдық аңғарылды. Елбасы тарапынан жүргізіліп келген тәуелсіздіктің ақ бұраулы алтын қазығын ырғауға ұмтылушылар іштен де, сырттан да қимылдап бақ­ты. «Диверсия» дейсіз бе, «экс­панция» дейсіз бе, әйтеуір түп­кі мақсатын ашық байқат­пай­тын қара ормандай ұйысқан алуан-алуан үкіметтік емес ұйым­дардың «қолдаушылары» мен «қорғаушыларының» кім еке­нін, құқықтық  әлсіздіктердің сал­дарынан наным, сенім әле­мін­дегі «зайырлы қоғамды» сыл­тау етіп, жүргізілген «еркін­дік­тің» артында нендей мақсат­тар тұрғанын, кімдердің тұрға­нын ажырату оңайға түспегені белгілі… Бұқаралық мәдениеттің жөнсіз, жосықсыз рухани кеңіс­тігімізге енуі, дәстүрлі өнер мен классикалық өнердің қорығы­ның тарыла бастауы, сол санатта ұлттық әдебиетіміздің де қа­лыптасқан үлгі мектептерін жо­ғалту қаупімен жүзбе-жүз ке­луі үлкен өнер мен үлкен әде­биеттің жанайқайын күшейте бастағаны ақиқат.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді дана халқымыз. Ал біз ел өміріндегі осынау күрмеуі қиын күрделі мәселелердің қай-қайсысымен де күдігімізді сейілтіп, үмітімізді үкілеген жасампаздыққа толы жеңісті сәттеріміздің барлы­ғымен де ұлт Тәуел­сізді­гінің ши­рек ғасырында бетпе-бет келіп, дәуір, замана томағасын сыпырып отырмыз.
Әрине, бұл кезең адамзат дамуының кеңістігі мен тарихы үшін тарыдай ғана уақыт… Десек те, осы бір ел үміті мен күдігі арбасқан, саяси сахналар ал­масқан ширек ғасырлық мерзім­нің елең-алаңына қайыра көз жүгіртіп көрелі­кші… Қалай еді?! Ел Азат­тығы жарияланған тұста мектептің бірінші класына бар­ған баланың өзі отыз­дан асып, мемлекет, қоғам ісіне еркін араласып жүрсе, сол жылы туған ұлт перзенті, ұлт Тәуел­сіздігімен түйдей жасты – жиырма беске толып, ел өм­іріне, ел дамуына өз үлесін қоса баста­ғаны – шын­дық.
Турасын айту керек, олар­дың өмір, қоғам, заман туралы түсініктері немерелерінің алды жиырма беске келіп қалған біздің буыннан гөрі өзгеше… «Қазақстан – кешегі бодан болған ел» деген сөзге таңырқай қарайтындар көп, өте көп. Әл­бет­те, бұл таңырқау – біз үшін парадокс! Ал ойы, санасы бодандықтан ада-күде өсіп келе жатқан ұрпақ үшін бұл таңырқау – заңды құбылыс! Әрі-беріден соң осынау «таңырқау» төркінінде Тәуелсіздіктің жеңісі жатқаны анық!
Сайып келгенде, бұл екеуі де Тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті дәуірдің жемісі!
Біз – «сақтықта қорлық жоқ» деп өсіп, қоғамшыл, халықшыл мінез-құлықтың жетегінде жүріп жетілген ұрпақпыз. Біз – соғыс зардабын жүрегі, жаны арқылы өткізген тәубешіл буынбыз. Мына құм сағаттай құбылған әлемдік саясаттың сары аязын да, ми қайнатар сарша тамызын да ойынан, санасынан өткізе отырып, өзінен гөрі қырықтың қырқасына көте­рілген ұлының тағдырын, немересінің болашағы мен ертеңін көбірек ойлайтын ұлғайған жастағы ұрпақпыз. Өйткені, Тәуелсіздік бізден гөрі соларға, солардың балаларына керек! Ұлт ертеңін ұлықтай алар ұрпақ өсіп-жетілсе, өзгермейтін, халқымызбен мәңгі бірге жасайтын ең басты ең ұлы құнды­лы­ғымыз – Тәуелсіздіктің баянды бол­ғаны!
Қазақ Елінің өткен – бүгін – болашақ дейтін уақыт кеңісті­гіндегі орнын анықтап, тиянақ­тауға бағыттайтын «Мәңгілік Ел» атты ұлт бағдарла­масының күллі жаратылысы мен болмысында да осы Тәуел­сіздік пен Уақыт рухын айғақтар, дәйектер Ұлт Рухының күрета­мыры ат­қақ­тай соғып жатқаны даусыз.
Бұл – ұранның сөзі емес, өз кіндігі мен тағдырын Қазақстан есімді ұлы жұртқа байлаған әр­бір адамның көкірек төріндегі құранның сөзіндей естілер бас­ты ұғым, басты құндылығымыз! Тұмарымыз!
Тәуелсіздік, қайталап айтамыз, Қазақ Еліне Сабырдың қанатында, Тәуекелдің жалында, Ақылмен, Парасатпен, Ұс­там­дылықпен, бүгілмес Намыс­пен, Қайтпас Қайсарлықпен үлкен Күреспен келді!
Ендеше…
Бәріңізді сол киелі де қа­сиетті Тәуелсіздігіміздің есік аттағалы отырған 25 жылдық мерейлі тойы­мен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Ұлт Рухының қайнары мен бастауы – Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір