Қазақ тілінде видеокурстар ұсынатын ресурс
25.11.2016
1185
0

«Кселл» компаниясы мен «WikiBilim» Қоғамдық қоры «Қазақстанның ашық университеті» білім беру онлайн жобасын іске қосуды бастайтынын хабарлады. Алматыда Қазақстандағы онлайн білім беруді дамыту перспективаларына арналып өткен «Дөңгелек үстелде» осындай мәлімдеме жасалды. «WikiBilim» қоғамдық қоры президенті Нұрбек Матжанидің сөзіне қарағанда, бүгінде интернет қолданушылары 5000-нан астам түрлі онлайн курсты пайдалана алады.

Оқыту материалдары бар ең танымал алаңдар – Coursera, EdX, Udacity. Бірақ бұлардың көп бөлігі ағылшын тілінде. «Технологиялар өміріміздің барлық саласын дерлік түбегейлі өзгертіп отыр, соның ішінде, білім беруді де. Сол технологиялардың арқасында білім беру ісі өзге де көптеген қызмет түрі сияқты дербестендіріліп келеді, яғни әркімнің жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеретін болды. Бүгінде курс оқушылар қашан, қай кезде оқу керектігін және өткен ма­те­риалды неше рет қайталау керек еке­нін өзі таңдайды. Мұның бәрі диплом үшін емес, білім алу үшін оқитындарға, өмір бойы бір рет қана білім алуды көз­дей­тіндерге емес, үнемі жетіліп, дамуға ты­рысатындарға қолайлы жағдай ту­ғыза­ды. Бұл – өте маңызды жаһандық тренд. Енді «Кселл» компаниясының қолдауымен Қазақстанның да бірегей, соның ішінде, қазақ тіліндегі контенті бар өз ашық онлайн курстар алаңы пайда болады», — дейді «WikiBilim» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы. Академик Асқар Жұма­діл­­даев «Қазақстанның ашық универ­си­теті» — еліміздің жетекші жоғары оқу орындары оқытушыларының видео дәрістерін тегін тыңдауға мүмкіндік беретін онлайн алаң. Бірінші кезеңде телекоммуникациялар бойынша 10 курс­ты іске қосу жоспарланып отыр. Сол сияқты, порталда осы курстарды дайындау барысында қолданылған мамандан­дырылған әдебиет ашық орналастырылады.  Бұған қоса, дәріс материалдарының 80%-дан астамы мемлекеттік тілде ұсынылады. Алдағы уақытта мамандан­ды­рылған курстардың саны көбеюі мүм­кін.  «Қазақстанның  ашық  университеті» жобасын жасаушылар қолданушыларға осындай алаңдарға арналған ең озық функциялар жиынтығын ұсынады – интуитив интерфейс, ыңғайлы бейнеплейер (түрлі тілдегі субтитрлары бар), курс тыңдаушылардың жеке кабинеті, университеттер мен лекторлардың профайлы, тест тапсырмалары мен конспек­тілер. Жобаның өзі әлемнің жетекші университеттері – Гарвард университеті мен Массачусетс технология институ­тының тандемімен жасалған Open edX платформасы негізінде іске асырылады. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық тех­ни­калық зерттеу университеті, ҚБТУ, Almaty Management University, Сүлеймен Демирел атындағы университет сияқты беделді жоғары оқу орындары мен Математика және математикалық модельдеу институты, А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты сияқты ғы­лыми-зерттеу институттары «Қазақ­станның ашық  университеті» жобасына серіктес болып отыр. «Телеком­муни­кациялық компания ретінде біз нарықта, соның ішінде, біздің қызметіміз ұштаса­тын салаларда жоғары білікті мамандар­дың пайда болуына мүдделіміз. Біз бұл жобаның талапкерлер мен ЖОО студент­терін ғана емес, IT және телекоммуникациялар салаларында өндіруші ретінде тәжірибе жинап жүргендерді де қызық­тыра­тынына сенімдіміз. Бұл курстар әлдекімдердің келешек мамандықты жылдам таңдауына көмектеседі деп үміттенеміз. Сонымен қатар, бұл портал мүмкіндігі шектеулі адамдардың және еліміздегі түрлі себеппен жоғары білім ала алмайтын шалғай аудан тұрғында­рының қосымша білім игеруіне тамаша алаң болады», – деп атап өтті «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі  Наталья Еськова.

Меруерт Нұрлан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір