Ұлттық ұланның салтанаты
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында құқықтық тәртіп әскері – Ұлттық ұланның құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты жиынға өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің жеке құрамы, сондай-ақ, бірлесе әрекет етуші және жергілікті басқару органдарының өкілдерімен қатар Ұлттық ұлан ардагерлері де қатысты. Жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Сабыржан Сүлейменов баяндама жасады..
Іс-шара барысында жауынгерлік қызмет атқаруда қырағылығымен көзге түсіп ерекшеленген әскери қызметкерлер, өзара әрекеттестіктегі орган қызметкерлері және Ұлттық ұлан ардагерлері Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және өңірлік қолбасшылық қолбасшысының грамоталарымен, «Құқық қорғау әскеріне 25 жыл» кеуде белгілермен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұландықтарды төл мерекелерімен құттықтауға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов, Алматы гарнизонының прокуроры Тлекжан Сәткен, бұрын Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған отставкадағы генерал-майор Әмірбек Тогусов және басқа да ел азаматтары арнайы келді. Генерал-майор Әмірбек Тогусов: «Бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету – үлкен мәртебе. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тыныштық жолында жан аямай күресе білу – ерлікке тән игі іс. Сондықтан да жас сардарлар мен сарбаздарға айтарым, анттарыңа адал, қызметтеріңе берік, істеріңе мығым болыңдар. Өйткені, Отан қорғау жолындағы қызмет қашан да абыройлы және абыройлы болып қала бермек!», – деп ағынан жарылды.
25 жыл бойы бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Отан алдындағы міндеттерін атқаруда сенімге селкеу түсірген емес.
Өткенге көз жүгірте отырып, ҚазақстанРеспубликасының Тәуелсіз, егеменді ел ретінде қалыптасуы мен дамуы жолында Ұлттық ұлан әскерінің лайықты орын алатынын және әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың бірден-бір кепілі екендігін зор сеніммен айтуға болады. Өйткені, құқық қорғау әскерлері қашан да өздеріне артылған міндетті табандылықпен орындап келеді. Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында да өздерінің ерліктерімен көзге түскен бейбіт күннің батырлары да баршылық. Олар – 3 дәрежелі «Айбын» орденінің иегерлері лейтенант Жандос Баянбаев пен лейтенант Ербол Отарбаев, өздерінің қырағы іс-әрекеттерінің арқасында Жетіген кентінде жоғалған Айзада Авлатарованы тауып, отбасына аман-есен жеткізген 5571 әскери бөлімі әскери қызметшісі аға лейтенант Рустам Сердалинов, Алматы қаласы Жетісу ауданында қарақшыны қолға түсірген қолбасшылық офицерлері майор Исмайыл Қадыров пен капитан Павел Фещенко, Тараз қаласында төтенше жағдайда адамдардың жанын арашалап қалған 5513 әскери бөлімінің жауынгерлері қатардағы жауынгерлер Аман Әженов, Юрий Бажин, Юрий Дылюк, 9 жасар баланы ажалдан арашалап қалған әскери жасақ құрамы қатардағы жауынгер Аманжол Абзамов, Досбол Аяпбергенов, Ізбасар Сатыбалдиев және күні кеше ғана Шымкент қаласындағы төтенше жағдай салдарынан бір үйдің отбасын опырылып құлаған үйіндінің ішінен аман-есен алып шыққан старшина Руслан Бахрамов. Барлығы да өз ерліктерімен Отанға қалтқысыз қызметтің үлгісін көрсетуде.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері жақында өтетін 28-ші Қысқы Универсиада ойындары кезінде қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қамтамасыз ететін болады.
ҚР Ұлттық ұланы ҚР Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін құқық қорғау функциялары бар әскери құрылым. Құқық қорғау әскерлері мемлекеттің, қоғамның, азаматтардың қауіпсіздігін, сондай-ақ адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқық бұзушылық іс-әрекеттерден қорғайтын және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери құрылым. Қолданыстағы Әскери доктринаға сәйкес ҚР Ұлттық ұланы мобильді, ұдайы әзірліктегі кәсіптік деңгейдегі әзірліктегі әскер болып құрылды.
Шара соңы Ұлттық ұланның 25 жылдығына орай запастағы майор Елена Евстратенконың көркемдік жетекшілігімен «Генерал» тобының арнайы әзірленген концерттік бағдарламасымен ұласты.