Білімді өлшеу мен бақылау
13.01.2017
2152
0

Ғұсман Жандыбаев

Білім беру (мектепте, колледжде және университетте) саласында «жедел құтқару» шараларына зәру мәселелер шаш-етектен. Білім алу деген күндіз-түні кітаптан бас алмай оқи беру емес екенін түсінбей келеміз. Шәкірттердің 1%-ын ғұлама ету үшін 99%-ының миына ине шаншудамыз. Өзіміздің ұрпағымызға осыншама қатыгездік көрсететіндей бізге не көрінді? Енді бала жоғары оқу орнына түсу үшін логикалық дарын-қабілетін көрсетуі керек деседі. Сөйтіп, өз кәсібінің майталман маманы болу үшін қажетті ақпараттық білім біресе көзбояушы ғылыми жобаның, біресе логикалық қабілеттің көлеңкесінде қала бермек. Қарапайым маман ең алдымен өз саласының ақпараттық негізін меңгеруі керек екені ескерілмейді. Жас ұрпақты алдымен оқытып, үйретіп алмастан бірден-ақ «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» бол деп талап қоямыз.

Мұны бізге «уақыт талабы, ХХІ ғасыр!» деп түсіндіреді. Сонда қалай: ХХІ ғасырда  Архимедтің атын «ХХІ век» қоямыз ба, әлде 2-ні 3-ке көбейткенде 7 болады деп үйретеміз бе? Міне, Жердің де, адам баласының да өзгермей келе жатқанына кемінде 10 мың жыл болды. Заманның бөркі өзгергенмен, өрті мен дерті бәз баяғы қалпында. Рас, технология ғарыштық жылдамдықпен дамуда. Мұның пайдасы ғана емес, зияны мен қаупі де менмұндалап тұр. ХІХ ғасыр «Тоқы, тоқы және тоқының» (фабрикалық-ману­фактуралық өндіріс), ХХ ғасыр «Оқы, оқы және оқының» (білім­ге ұмтылыс) заманы болса, ХХІ ғасырдың ұраны «Сат, сат және сат!» екені де өтірік емес. Ал ХХІІ ғасыр қандай болмақ? Бүгінде ал­дағы бір ғасыр тұрмақ, ертеңгі күн­ге болжам жасаудың өзі қиын. Адамдардың көзі қарауыта бастады. Алда «Жат, жат және жаттың!» (жаппай жұмыссыздық) немесе «Ат, ат және аттың» (қаты­гез­дік, зорлық-зомбылық, қы­рып-жоюшылық) заманы күтіп тұрмағанын кім білсін. Мұның бәрі өзіміз ынтыға еліктеп отыр­ған Батыстағы «тәрбиеден тыс­қа­ры білім» концепциясының әсері емес деп те айта алмаймыз. Адам­дық пен мамандықты бір-бірінен бөле қарау жақсылыққа жеткіз­бесі анық. Ендеше біздің кішкен­тай маманымыз сол кішкентай істің жетік білгірі, бірақ үлкен мақ­саттың адамы болсын. Ма­ман­ның кәсіби біліктілігіне деген көзқарас пен талап көзбояушы бесаспап шығармашылық жары­сы­ның көлеңкесінде қалмауы тиіс. Баланың уақытын алып, өмірін ұрлайтын, миын ашытып, есеңгірететін, сөйтіп, түптің тү­бінде ессіз мәңгүртке айналдыратын сансыз көп методикалық «санкцияларға» тыйым салған жөн. Кез келген шәкірттің шығар­машылық талабына қолдау мен көмек көрсетейік, бірақ мұны олардың тағдырына балта шабатын құралға айналдыр­майық. Елімізге қажетті ерекше дарынды тұлғаларды арнайы бағ­дарлама аясында дайындайық. Міне, сонда ғана өз мамандығы мен кәсібін жетік меңгерген, санасы сергек, дені сау ұрпақ тәр­биелей алармыз?
Мақалама өзек еткен ойла­рым­ды өзім анық білетін желілер­ден бастайын.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде оған дейінгі тұрақты қолданылып келген «классикалық» оқулықтар ығыстырыла бастады да, олардың орнын «дамытылған» жаңа (қа­зіргі тілмен айтқанда «инно­вация­лық») оқулықтар біртіндеп алмастыра берді. Мәселен, 1965 оқу жылында мектептің жоғары сынып (ол кезде 9-10 сыныптар) оқушылары математикадан бұрынғы Ларичевтің оқулығымен емес, жаңадан шыққан Кочетков, Кочетковалардың алгебрасын («Алгебра және анализ бастамалары») оқитын болды. Бұған де­йінгі математика (алгебра) бағ­дарламасы (оқулығы да) Ньютон биномы, сандар теориясының бастапқы ұғымдарымен (қосы­лыс­тар: орналастырулар, алмас­тырулар, терулер) аяқталатын еді. Кочетковтар оқулығында мұның үстіне, институттарда оқылатын шектер теориясының, туынды және интеграл ұғымда­ры­ның бастапқы элементтері қосылды. Басқа пәндер де біртін­деп осылай жаңара бастады. Міне, содан бергі жарты ғасыр бойы бағдарлама мен оқулықтар жыл құрғатпай «жаңарумен» ке­леді. Кезегі келгенде, Кочетковтар мен сол сияқты басқа «жаңа» оқулықтар да «иннова­циялық» білім беру үрдісінің күресініне (свалка) шығып қа­лып отырды. Бұл үрдіс тәуел­сіздіктен кейін үсті-үстіне үдемелі қарқын алды. Егер бұрын бір оқулық алғашында он шақты, кейін 5-6 жылға жарап жатса, енді ғұмыры бір жылдан аспай қалатын оқулықтар кө­бейді. Өйткені одан да гөрі «инно­вация­лық» оқулықтар мен бағдарла­ма­лар өмірге келіп, Мағжан Жұма­ба­ев айтқандай, «толқынды тол­қын қуады, тол­қынды толқын жуадының» кері келуде. Айта­рыңыз жоқ, не­ғы­ласыз, «баламалы оқулықтар» дейтін «батпан құйрықтар» пайда болып, бір сыныптағы бір ғана пән үшін он түрлі оқулық ұсы­нылып жатады. Өйткені, баламалы оқулықтардың әкесі-шешесі – баламалы бағдар­ламалар, ал баламалы бағдарла­малардың «ата-анасы» («генераторы») – сірә, әлде бір «ин­нова­циялық» бастар ма дей­міз. «Әркім әнді өз әлінше айтады» дегендей, көже­дей (әлде көжектей ме) көп бұл оқулықтар өздерінің автор­ларының (әке-шешесінің) аузынан түскендей болады. Барлық адам біріне-бірі қалай ұқсас болса, бұл оқулықтар да біріне-бірі сондай ұқсайды және барлық адам біріне-бірі қалай ұқса­майтын болса, әлгі оқулықтар да (олардың толып жатқан қосым­шалары да) біріне-бірі солай ұқсамайтын болып шығады. Тұрақты оқулық болма­ған­нан кейін, онсыз да аяғын әл­тек-тәл­тек басып жүрген байғұс бала­ның (оқушының) бақыр басы қазандай болады. Сірә, осыны «түсінген» болар, кейбір мектептер өздеріне белгілі бір оқулықтар мен баспаларды «меншіктеп» алған. Біреулері «Мектеп» баспасынан, енді біреулері «Алматы­кітап» баспасынан, тағы біреулері «Атамұра­дан» шыққан оқулық­тар­мен оқытамыз десетін көрі­неді. Сірә, «инновациялық» бастар оқулық пен оқу құралдары көп болған сайын оқушының таңдау еркін­дігі артады деп ойлайтын болса керек. Қазір 3-4 том «роман» жазып тастамайтын зейнеткер (не болмаса қалталы біреу) қал­май бара жатқаны секілді, оқу­лық жазбайтын «автор», оқулық шығармайтын баспа жоққа тән. Бәрі бесаспап: ақысын берсең, «қоқысын» шығарады. Олардың біреуін бір мұғалім, басқасын екінші мұға­лім «жарамайды, қате!» деп пайдалануға тыйым салып жататыны, «пәлен кітапты сатып алыңдар» деп тапсырыс беретіні, тіпті кейде мұғаліммен бірге оқу­лықтың да ауысып кететіні тағы бар. Осыдан кейін шақшадай басы шарадай болған бала солардың бәрінің бетін «жылы жауып» қоймасына, «сенген қойым сен болсаң…» деп, оқулық атаулыдан көңілі қалып, одан ығыр болмасына кім кепіл.
Жә, «Ботагөз бен Асқар осы жерде тұра тұрсын, енді Аман­тайға келейік» деп Сәбең (Сәбит Мұқанов) айтпақшы, оқулық туралы әлқиссаны тоқтата тұрып, сол оқулықпен оқытылатын са­баққа, негізгі «дөкейдің» өзіне келейінші. Осы жерде газет оқыр­манына ескерте кетейін. Мен мақаламды юморлық риторика стилімен бастап едім, енді тікелей нақты әңгімеге көшпек­шімін. Біздің білуімізше, оқулық пен бағдарламадағы балама­лы­лық­тың мақсаты оқушыны шығарма­шылыққа баулу болса керек. Осы мақсатты іске асыру үшін «Оқы­ту-әдістемелік кешені» (шартты атауды біз қойдық. – автор) дей­тін алып машина іске қосыл­ған. Бұл машинаны жүр­гізіп отыратын мың-мың­даған шенеу­нік­тер мен авторлар, әдіскерлер, қала­берді ең соңғы буындағы жұмыс­кер-мұғалімдер армиясы бар. Өкінішке қарай, фантасти­ка­лық қаржы мен «сансыз» көп интел­лектуалдық-адам күші жұмса­латын (бұл үшін, әрине, мемлекетке рақмет!) бұл машина түпкі мақсатқа сай жұмыс істе­мейді. Ағаштың басынан жауған жапырақтардай көп оқыту-ди­дак­тикалық-әдістемелік құрал­дардан тек баланың ғана емес, ұстаз-мұғалімдердің де басы қатып, ақырында, бірнеше жылдың ішінде олардың өздері де нағыз дүмше-сауатсыздарға айналады. Өйткені адамның, оның ішінде оқушы мен мұға­лімнің де мүмкіндігі шектеулі, ал бүгінгі таңдағы олардың мойнына артылатын инновациялық-шығармашылық талапта шек те, шет те жоқ. Ол да өзінше бір көк­жиек секілді: анау бір таудың не көлдің тұсында аспан жерге «тиіп» тұрғандай болады, қасына барсаң тағы да сол көрініс қайталана береді. Сөйтіп, жүріс (оны «ізденіс» деп атайды) көп болғанымен, діттеген нәтижеге қол жетпейді. Адамға (бұл жерде оқушы мен мұғалімге) мүмкінді­гінен (физиологиялық, психоло­гиялық және моральдық) көп есе артық талап үзіксіз қойыла берген жағдайда, ол адам бір кезде тіпті қолынан келетінін (мүмкін­дігін) де істей алмай қалатынын немесе істемей қоятынын білмей­тін адамдарды кім деп атауға болады? Қайран фантастикалық қаржы мен уақыт фанатикалық сенімнің жолында желге ұшуда. Бірақ бұл шындықты мойындайтындар өте аз секілді. Әрине, олар өздерін фанатиктер емес, оптимистерміз деп біледі. Сөзде­ріне, қылықтарына қараса­ңыз, сыныптағы 25 бала түгелімен дарынды ғалым яки жоғары білік­ті инженер, конструктор, т.с.с. болуға тиіс сияқтанады. Жә­не сол 25-тің әрқайсысы жаңа­лық аша алатындай болуы керек. Егер бұл талап өмір шын­ды­ғымен сәйкесіп жатса, онда айтарға сөз жоқ. Расында солай ма? Жыл сайын мектеп (немесе университет) бітірушілердің бәрі емес, тек 1%-ы ғана отандық, бі­разы әлемдік деңгейде жаңалық ашып жатса, онда соңғы 25 жыл ішінде бүкіл халықтың 2%-ы осындай дарынды тұлғаларға айналған болар еді және бұл жағдайда еліміз ғылым, білім, өндіріс, өнеркәсіп, инновация­лық технология бойынша әлем­дегі 30 озық елдің қатарына әлде­қашан кірген болар еді. Ал біз сыныптағы оқушыларды 100% «инновациялық инкубатордан» өткізсек те, бұл цифрға жете ал­ған жоқпыз. 250 жыл бойы соғыс көрмей, қоғамдық жүйесі өзгер­мей, бір қалыпты дамып келе жатқан және әлемнің ең милы бастарын қайдан болса да өз еліне магнитше тартып алуды (әрине, ақшаның күшімен) дағдыға айналдырған АҚШ-тың өзінде халықтың интеллектуал­дық  ресурсы 5%-дан асып көрген емес. Ал біздің инновациялық оқыту әдістемеміздің талабына салсақ, онда шамамен екі-екі жарым ұрпақ ауысқаннан кейін (әрқайсысы 30 жылдан), еліміз­де­гі халық 100% инновациялық-интеллектуалдық тұлғаға айнал­мақшы. Міне, фантастика мен фанатиканың «құдіреті» қандай! Мұның қасында енді 20 жылда коммунизмге жетеміз деген хру­щевтік жел сөз де жіп есе алмайды. Осыдан кейін «100%-дық шығармашылдық» ұмтылысы (идея деуге қимайсың) нәтижесіз бос әурешілік, құрғақ қиял еке­нін тағы да біреулерге дәлел­дей түсу керек пе? Рас, адам бар жерде фантазиялық нәтижелер болмай қалмайды. Елімізді сүй­сін­діретін, әлемді таңғалдыратын ғажап дарынды тұлғалар Қазақ­с­таннан, қазақтың өзінен де шықпайды деп ешкім де айтпайды. Қазірдің өзінде де аса білімді, кәсіби білікті адамдар ғылымда, өнеркәсіп пен өндірісте, тіпті шенеуніктердің ішінде де жоқ емес. Бірақ саны мен сапасы жа­ғынан қоғамды алдыға «сүйреп» әкетерліктей әлуеті жоқ. Математика ғылымының тілімен сипаттама берсек, «нөлге ұмтыла­тын», «айтуға тұрмайтын аз ша­ма». Бірақ ессіз елікпе айғай-сүреңнен бас тартып, парасатты пайым мен ақылға салып әрекет етсек, кері шегінбей, ілгерілеу жолымен, бір кезде біз де АҚШ-тық 5%-ға жететін боламыз. Қазақтар да жапондықтар секілді дарынды, ал қазақстандықтар бабы келіссе, еңбекшіл халық екені де бұған үміт арттырады. Бұл мақсатқа жету үшін, ештен кеш жақсы дегендей, әлі де болса жаппай (100%-дық) инновация­лық-шығармашылық сүргінді тоқтатып, шын мәніндегі дарынды жеткіншектер мен жастарды таба, таңдай және бейіміне қарай кәсіби біліктілік пен шы­ғар­ма­шылдыққа шын ниетімізбен (өтірік көзбояушылықпен емес) дайындауды қолға алмақ керек. Тегінде, оқытудың ең басты және бірінші кезекті мақсаты да, мін­деті де – шәкіртке толық ақпараттық білім беру. Қал­ға­нының бәрі, оның ішінде ізденіс пен шығармашылық та – содан кейін. Әйтпесе ақпараттық білімі жоқ шәкіртте қаңғып жүрген қайдағы шығармашылық? Ал қалған қалың көпшілік өз ісінің білікті маманы болсын, ол үшін өзі қалаған кәсіппен, ілім-білім, ғылым саласының теориялық негіздерін минимум деңгейде, практикалық ақпараттарын алгоритмдік максимумға дейін біртіндеп меңгеруі тиіс. Әйтпесе екі қоянды қатар қуып, біреуіне де жете алмаған ақымақ аңшыға ұқсаймыз.
Сонымен 100%-дық (жаппай) инновациялық-шығар­машыл­дық тұжырым­да­масының  пайдасы (эффектісі) үмітті ақ­та­майтын, еңбекті төлемейтін бол­машы аз шама (0,00…%) еке­нін түсіндіруге тырыстық. Алайда, бұл тәсілдің (оны өздері «методика» деп атайды) ең жаманы – пацдасының елеуге тұрмайтын аздығында ғана емес, зиянының орны толмастай көптігі мен зор­лығында. Солардың кейбірін ғана саусақ бүгіп санап көрейік. 1) Жоғарыда айтқанымдай, мүм­кіндігі шектеулі адам баласына шексіз көп, ауыр талаптарды қоя берген кезде, ол адам (оқушы да, мұғалім де) екі түрлі жағдайдың біріне ұшырайды: барынша тыраштанып, тырысып баққандары денсаулықтарынан айырылады (бір  бұзылған денсаулық қайта­дан қалпына келмейді), көпшілігі арбадан бұзылған атқа ұқсап, артқа  жүреді: мұғалім оқыт­пайды, оқушы оқымайды.
2) Осыдан кейін көзбояушылық басталады, мұғалім журнал мен аттестатқа бағаны өтірік қояды. Кеңес дәуі­рінде «үштік» баға «тегін» қойы­ла­тын, өйткені ол кезде пара беру «дәстүрге» айнал­маған, заңға енбеген, әрі мұғалім «құлағым ты­ныш болсын» деп, «нөлдің» орнына «үшті» қоя салатын. Ал қазіргі «алтын нарық­тың» заманында тегін баға деген жоқ, ол «пара» деп аталатын жолмен сатылады және сатып алынады. Сөй­тіп, бала ата-анасының «қам­қор­лығы арқа­сында», бас ауыр­т­пай-ақ, ештеме білмей-ақ «4», «5» деген бағаларды ала береді. Со­ның аяғы, спорттағы «допинг дауы» секілді алтын медальдің де «көрінбейтін» жағы ҰБТ кезін­де ашылып қала­тынын телеар­налар­дағы «Жаңалықтар» хаба­ры­нан-ақ біліп жатамыз.
3) Осы­­лайша, тұтастай алғанда, ел­дің интеллектуалдық потенциалы артудың орнына кеми береді. Ал бұл – төзуге болмайтын, тревогалық жағдай! Егер бұл «үрдіске» тосқауыл қоймасақ, бір кездері қараңғылықтың қапас түнегіне бататын күн де алыста болмайды. Әрине, ғылымда, өмір­дің басқа да салаларында және ҰБТ-да да үздік дарынын көрсетіп жүрген адамдардың бар екені жоғарыдағы тұжырымды жоққа шығара алмайды. Дәлелі 75 (кемінде 70) пайызға жетпейтін жекелеген фактілер әр уақытта болады, бірақ 5 пайыздық  факті­мен 95 пайыздық ақиқатты жо­йып немесе жоғалтып жіберу мүм­кін емес. Сөйтіп, шектеусіз талап қою тенденциясы адамды (өз кезегінде мұғалім мен оқушы­ны) адамдық пен шындық жолынан алыстатып, алдамшылық пен өтіріктің сүрлеуіне түсуіне се­бепші болады. 4) «Сүтпен кірген сүйекпен кетеді» дегендей, жалған жол адамның одан кейінгі де өмір сүру тәсіліне айналып кетсе, сонда біздің «шексіз талап» теориясын практикаға ендіруден табатын пайдамыз көп пе, әлде шегетін зиянымыз өлшеусіз бе? Ұлы Абайдың өзі «Шектеулі мен шектеусізді біле алмайсың» дегенде, тек Алланы танудың күрделілігін ғана емес, адам қабі­леті мен мүмкіндігінің өл­шеу­лі екенін де меңзеп айтқан жоқ па, әлде?
ХХІ ғасыр адамын (оқушы мен студентті де) «ғылыми жоба» деген тіркеспен таңдандыра алмайсыз. Бұл оқу үрдісінің «ажырамас бөлігіне» айналғалы қа­шан. Тегінде, түбін қуып барсаң, бұл да жаңалық емес. Кеңес кезінде «шығарма» деп атап, дәл қазіргідей байқауларда бақ сынасатын. Егер осы «жобаларға» қо­йылатын талаптарға зер сал­саңыз, оның әрқайсысы бір-бір диссертация деп айтуға болады. Тек жобаның диссертациядан көлемі, ауқымы шағындау болуы мүмкін. Өйткені, мұнда да жаңа­лық ашу – басты талаптың бірі. Мейлі ғой, неге ашпасқа. Ашатындар да, қорғайтындар да табылар. Және оқушылар мен студенттерді соған, шығарма­шылыққа баулу, талпындыру, же­телеу керек те. Парадокс жоба­ның өзінде емес, сыныптағы 25, мектептегі 1500 оқушының бәрі түгел (берісі 3-4 сыныптан бас­тап) жоба  қорғауға тиісті, мін­детті болатындығында. «Баға керек болса – жоба қорға!». Ал мұның соңы көзбояушы өтірікке барып ұласатынын жоғарыда айттым. Осы талап бойынша, мысалы, 4 сыныпта оқитын қыз бала архитектура саласынан жаңалық «ашады», ал 10 сынып оқушысы «Адамзаттың әлемдік проблемалары» («Глобальные проблемы человечества») тақы­рыбын «қорғайды», әрине, ол да «жаңалық» ашып. Өйткені, бел­гілі нәрселерді баяндап қою – шығармашылыққа да, ин­но­вацияға да жатпайтыны түсінікті. Сөйтіп, әрбір оқушы мен студенттен ең кемі Нъютон, әйтпесе Эйнштейн жасамақпыз. Айт­пақ­шы, сонау ХVIII- XX ғасырларда өмір сүрген бұлар да – бүгінге өлшем емес. ХХІ ғасырдың шәкірттері олармен «шектелмеуі» тиіс. Адам қызы­ғарлық, бірақ жан шошырлық жағдай! Егер оқушы (студент) жоба қорғамаса, тиісті бағасын ала алмайды, яғни мемлекеттің қаржысын да ақтамайды деген сөз. Мұның соңы оқудан шығып қалуға, қар­жыны  қайтаруға, т.б. жағ­дай­ларға апаруы, оған ұш­ыра­ған жас адам ауыр моральдық, пси­хологиялық, әлеуметтік зардаптар тартуы мүмкін. Білім ордаларында коррупцияға жол ашатын бір себеп те осы.
Қазір «жоба» деген мұғалімдер ішіндегі  білімі жоқ, жалқау­ла­ры­на «таптырмайтын баспана» (убежище) болып алғандай. Олар шәкіртке білім берудің орнына күнделікті үйіп-төгіп тапсырма және жоба тақырыптарын берумен шектеледі. Сол тапсырма мен жобаларға қойған бағалар ар­қылы оқушының әлі алмаған, өзі бермеген «білімін» тексереді. Сөйтіп, «жұмыс істеген» түр көрсетеді. Егер әр бала бір пәннен жылына бір жобадан қорғауға тиіс болса, онда барлығы неше жоба қорғауы керек екенін есептеу қиын емес. Әр жобаны орта есеппен 30 беттен деп қойыңыз. Оның қосымша сызбалары, кес­те, карталары, т.б. болуы мүмкін. Ал үй тапсырмасына келер бол­сақ, күн сайын 5-6 пәннің әр­қайсысынан 20 шақты немесе 50-60 тапсырма орындауға мәж­бүр болатыны сирек емес. Кейбір реттерде 20-30 бетті бір-ақ «тап­сырмаға» береді. Әншейінде педагогика талабына «қатаң» қарайтын ұстаздар күніне 2 сұ­рақтан артық беруге болмайтынын «ұмыта» қалады. Демалыс күнге тапсырма берілмеуге тиіс болса, керісінше, «ертең демалыс, уақыттарың бар» деп, тапсырманы әдеттегіден де көбейтіп беретіндер бар. Осылайша тұлпардан есек, сұңқардан көкек жасау оп-оңай.
Бұл неге осылай болып жатыр? Бұған білім саласының ме­неджерлері «Дамыған елдерде сондай» деп қысқа жауап береді, бірақ ол жақта нақты қалай еке­нін ешқайсысы түсіндіре алмайды. Сонда қалай, біз біреуге ілес­песек, өз бетімізбен жүре алмаймыз ба? Екіншіден, біздің сол менеджерлеріміз білім алу дегеннің не екенін білмейтін адамдарға ұқсайды. Оларша әр бала барлық пәннен ғұлама болуы және әр пәндегі құртша жыбырлап, құмырсқаша қап­та­ған формула, ереже, кесте және басқаларының бәрін өз атын біл­гендей мүлтіксіз, мүдіріссіз білу­ге тиісті. Солардың бәрі ҰБТ-ның тест сұрақтарында жазулы тұр! Олай болмаған күнде мек­тепті бітіре алмайды, жоғары оқу орнына түсе алмайды. Ау, онда дені дұрыс сөйлем құрап жаза алмайтын қаптаған «профессорлар» мен өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмайтын «дипломгерлер» қайдан шығып жатыр? Әрине, кез келген салада барлық уақытта  дүмше молдалар шық­пай қалмайды. Әйтсе де, ең басты себебі – шамадан тыс көпті талап еткен жерде азға да орын қал­май­тындығында, «екі кеменің құй­рығын ұстаған суға кетеді» десек, біз шәкірттерімізден бірден он шақты кемені жүргізуді талап етеміз.
Мен бұл жерде әр шәкірт тек бір ғана пәнді оқысын, басқасы керек емес деп отырған жоқпын. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, әркімнің қабілеті мен бейімін жетілдіруге баса назар аударған – оны бесаспап ғұлама етуден әлдеқайда тиімді де нәти­желі болмақ. Сурет салған дарынды бала математиканы өзіне керекті деңгейде білсе жеткілікті, ал химиядан не физикадан жоба қорғамағаны үшін оның арына тию не кейін қалаған маманды­ғына түсуіне, керекті бағасын алуына кедергі болатындай жағ­дай тудыру – ауыр қиянат. Болашақ дәрігер үшін оның Архимед теоремасын келтіріп шығара алмағаны кесір тигізбеуі тиіс. Ал бізде тигізеді! Өйткені, оқытылатын барлық пәннен жоғары баға алмаса, оның аттес­татына не дипломына да «кір» түседі. Министрліктен бастап мектеп мұғаліміне дейін қалып­тасқан түсінік осындай. «Бәрін білуі керек, әйтпесе білмей қалады» дейді олар. Әрине, қазіргі түсінік пен талап бойынша, бала бәрін білмесе, шынында да «білмей қалады». Сонда қалай, Фарадей заңын түсіндіріп бере алмағаны үшін тарихшы ғалымның профессор атағын алып тастау керек пе? Қыруар әкімдер, министрлер, жоғары шенеуніктер солардың біреуін де білмей-ақ ел басқарып жүрген жоқ па. Әлде болашақта бауырымен жорғалаушылар тобына кіретін жәндіктерді түгел түстеп атап бере алмаған адам энергетика министрі бола алмай ма?
Сонымен, мен не айтқалы отырмын? Балаға бәрін үйретуге де, оған ғылыми жоба қорғатуға да менің ешбір қарсылығым жоқ. Ғасырлар бойы сыннан өткен оқулықтар мен бағдарламалардың мазмұнына да, қазіргідей пәндік жүйемен оқыту дәстүріне де қарсы емеспін. Менің айтпағым: мұғалім оқушыға тапсырма емес, білім берсін; ал ғылыми жоба ерікті (міндетті емес) және көз­бояу­шылықсыз әрі оны қорғама­ған оқушылардың ар-намысы мен болашағына нұқсан тигіз­бейтіндей болсын. Оқу  орын­­­дары инновациялық-шы­ғар­машылық орталық емес, ғылыми ақпарат­тық орталық болсын. Ғылым мен техника, технология­ның авангардтарын (қазіргі тілмен айт­қанда, жоғары дамып жетілген «инновациялық-интеллек­туалдық тұлғаны»), арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша, мектеп пен университет шәкірттері ішінен және қандай да бір коррупциямен был­ғанбаған таза жолмен дайындау қажет. Балаға (оқушы мен студентке) бұрынғыдай және қазіргідей бәрін үйретіп, егжей-тегжейлі түсіндірген жөн, бірақ оның білімін тексергенде, әйтеуір бір кезде естен шығып қалатын цифрлар мен формулаларды тақыл­датып айтып беруін емес, дүниетанымының дұрыс қа­лыптасуын бағдарға алмақ лазым. Ал  қазіргідей «бәрін біл­діру» кезеңінің көптеген шәкірт­терінде не дұрыс қалып­тасқан ғылыми дүниетаным жоқ, не іргелі кәсіби білім жоқ. Кәнігі аңшы екі қоян­ды қатар қумас болар. Бәлкім, біреулер айтар: сіз жоқтан проблема жасап отырсыз, шәкірттің қалауы мен қабілетіне ешкім зорлық жасамайды деп. Бірақ іс жүзінде олай емес, мектеп түгіл, белгілі бір мамандыққа, кәсіпке үйретуге тиіс уни­верси­теттердің өзінде студенттің уа­қыты мен күш-жігерінің көп бө­лігі сол мамандық пен кәсіпке тікелей қатысы жоқ ақпараттарды «итшілеп» іздеумен өтеді, өйткені ұстаз ол ақпараттарды ең болмаса өзі айтып түсіндірмейді, бар болғаны: «табыңдар, біліңдер, тексеремін» дейді. Сөйтіп, мектепте де, университетте де ұстаз білім беруші де, үйретуші де емес, тек тексерушінің ролін атқарады. Дұрысында, ұстаз адамның не­гізгі міндеті – тексеру емес, шә­кіртке білім ақпараттарын беру және сол арқылы оның дүние­танымын да қалып­тастыруға тиіс. Қазіргі мұғалімдердің көп­шілігі ұстаздан гөрі инспек­тор-полицейге ұқсайды. Кейбір мұғалімдер: біз оқушыға бәрін айтып бермеуіміз керек, олар өздері ізденіп табуға тиіс дейтін көрінеді. Онда, жалпы, мектеп­тің, сабақтың керегі не? Оқу ордаларының басты миссиясы – шәкіртке жалпы дүниетаным­дық және кәсіби ақпараттық білім беру болса керек. Ал бұл мақсат «шығармашылық білім беру» желеуімен, кемінде 70% желге ұшып кететінін соңғы жар­ты ғасырды айтпағанда, берісі ши­рек ғасырлық тәжірибе дәлелдеп берді.
Қазіргі қиын проблеманың бірі – баланың білімін бағалауға қатысты. Бағалаудың балдық және пайыздық жүйелері – біріне-бірі баламалы. 100 пайызды 5 балға бөлсеңіз, әр балға 20%-дан келеді. Сонда: 0 балға – 0 пайыз, 1 балға 20%, 2 балға – 40%, 3 балға – 60%, 4 балға – 80%, 5 балға 100% сәйкес келеді, және бұл салыстыру қай жағынан болса да дұрыс әрі әділетті. Осы кесте бойынша бағдарламалық білімнің 60%-ынан төменгі дең­гей – қанағаттанарлық емес. Ондайлар жоғары оқу орнына да қабылданбайды. Алайда, шынтуайттап келгенде, бағдарлама­лық білімнің 10%-ын меңгерудің өзі де оңай емес, ол үшін сонша ақпаратты білу керек болады, ал «2» деген бағаға қол жеткізу үшін – 40%! Мен алтын медаль мен қызыл диплом иегерлерінің өзі осыншама (40%) ақпаратты нақты білетініне күмәнмен қа­рай­мын. Мұны өмір тәжірибесі де дәлелдейді. Соған қарамастан, көптеген адамдар 10 пайыздан аспайтын біліммен-ақ «талай жерге» барып жатады. Бұдан адамның білімін өлшеу мен ба­ғалау проблемасы оны беру мен алудан да күрделі екені көрінеді. Дәнекерлеуші (сварщик) екенсің – жақсылап дәнекерлей біл, оған қоса дәне­керлеудің химиялық, физикалық негіздері туралы жалпы түсінігің болса жетеді, ал мұны нақты білу – осы саланың инженерлерінің міндеті. Бірақ бізде болашақ дәнекерлеушіден металдың  химиялық, физикалық қасиеттері туралы, оған қоса география пәнінің мұғалімі атмосфера, литосфера, биосфераның өзара ықпалдастығы жөнінде ғылыми жоба қорғауды талап етеді, мұның бәрін қорғамаса, ол байғұс қолына бір жапырақ куәлігін ала алмайтындай  жағ­дай жасалып қойылған. Сонымен кәсіптік-техникалық кол­ледж­дің оқушысынан «энци­клопедист-профессор» жасап шығарғысы келетіндей болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір