Білімді мыңды жығар…
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «6В012-Химия мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарының студенттері арасында республикалық пәндік олимпиада өтті.
Білім және ғылым министрлігінің бастамасына сәйкес, 2000 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан республикалық пәндік олимпиаданың негізгі мақсаты – студенттердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру, оқу және зерттеу жұмыстарына ынтасын арттыру, талантты жастардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашу.
Олимпиаданың ашылуында Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, жаратылыстану және география факультетінің деканы Күләш Қаймолдинова және химия кафедрасының меңгерушісі Жазира Мұқатаева білім сайысына қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, студенттері алдыңғы жылғы пәндік олимпиадада үздік нәтиже көрсеткен ЖОО кезекті республикалық олимпиаданы өткізу мәртебесіне ие болады. 2024 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде өткен XVI республикалық химия пәндік олимпиадасында бірінші орынды Абай атындағы ҚазҰПУ жаратылыстану және география факультетінің 2-курс студенті Берік Пердебай еншілеген болатын. Осы жетістікке байланысты биыл «6В012-Химия мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары тобы бойынша ЖОО студенттері арасында республикалық пәндік олимпиаданы өткізу құқығы ҚазҰПУ жаратылыстану және география факультетінің химия кафедрасына берілді. Теориялық және практикалық-тәжірибелік бөлімдерден тұрған білім сайысына 18 жоғары оқу орнынан 36 студент қатысып, жеке рейтингте топ жарған Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 4-курс студенті Бекболат Қайсар І дәрежелі дипломға ие болды. Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Гүлнұр Жиенбаева мен Астана халықаралық университетінің студенті Нұрлан Қайыров ІІ, Берік Пердебай (ҚазҰПУ), Артем Полищук (Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты), Зарина Галиева (Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетi) ІІІ орынды иеленді.
Командалық есепте жоғары нәтиже көрсеткен Абай университеті
І дәрежелі дипломмен, Ш.Есенов университеті мен Астана халықаралық университеті II дәрежелі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттері мен Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты III дәрежелі дипломмен марапатталды.
Салтанатты жабылу рәсімінде олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар, алғысхаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылып, ұйымдастырушылар олимпиаданың табысты өтуіне қолдау көрсеткен барлық білім беру ұйымдары мен қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.
Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ