ОҚУ МЕН БІЛІМДІ ҰШТАСТЫРҒАН ОЙ ЖӘРМЕҢКЕСІ
27.11.2023
262
0

22 қарашада Алматы қаласындағы «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Атакент-Экспо» Халықаралық көрме компаниясы мен Қазақстан Республикасы Кітап палатасының, Қазақстанның Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Білім және мансап» және «Ұлы Жібек Жолымен – 2023» ХI Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесінің тұсауы кесілді.

 

Салтанатты жиынның ашылуында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Әділханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй ханым, Мәскеу қаласының сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар басқармасы бастығының орынбасары Ткач Игорь Поликарповичтер сөз сөйлеп көрмеге сәттілік тіледі.
Сондай-ақ көрмеде Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан елдерінің жетекші баспалары, полиграфиялық компаниялары мен кітапханалары, Тәжікстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Баспа және полиграфия басқармасы, Түркия Республикасының Бас консулы, ҚХР Бас консулы, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы бас қосып, кітапханалық және баспа-полиграфиялық салаларының болашағы мен өзекті мәселелерін талқылады. Іскерлік және кәсіби байланыстарды кеңейтуді, өзара тәжірибе алмасуды мақсат тұтқан мамандар осы бағыттағы ойларын ортаға салып, келелі кеңестің мәнін арттырды.
Шарада «Ұлы Жібек жолы – 2023» ХІ Халықаралық кітап және полиграфия көрмесінің құрметті қонағы – Мәскеу қаласынан келген өкілдер де кітап таралымы жайлы сөз сөйлеп, Мәскеу үкіметінің «Книга Москва» баспа бағдарламасының медиа-экспозициясын ұсынса, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы директорының орынбасары, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы «Кітап» атты өлеңін оқып, жиынның мазмұнын аша түсті.
Түрлі ұлт өкілдерінің ой алмасуымен басталған жәрмеңке белгілі қытай жазушысы – Жуань Мэйдің «Девочка идет вперед» атты Мәскеуде басылған орыс тіліндегі кітабының таныстырылымымен жалғасты. Өз елінде 8 мәрте қайтара басылған кітаптың авторы мен кітап редакторы Сунь Чжожань жиналған қауымның, оқырмандардың сұрақтарына жауап қатып, туындының қалай жазылғаны жайлы әңгімелеп берді. Таныстырылымға Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов қатысып, ақын Саят Қамшыгер жүргізіп отырды.
Сонымен қатар көрме аясында «Alqa publishing» контент үйінің бас редакторы, аудармашы Баян Хасанова көркем аударма мәселелері жөнінде сұхбат беріп, оқылымды деген шетелдік шығармалардың тәржімалану барысына тоқталды.
22-24 қараша аралығына жоспарланған жоба қарсаңында көркем туындыларға ғана емес, білім саласына да үлкен мән беріліп отыр. Жиырма екі жылдан бері «Білім және мансап» көрмесі білім берудің барлық деңгейіндегі жетістіктерді, заманауи оқыту технологияларын, оқу жабдықтарын, жаңа білім беру бағдарламаларын көрсетіп, дарынды жастарды үздік оқу орындарымен байланыстыруға ұмтылуда.
Биыл алыс-жақын 6 шетелдік оқу орындарының өкілдері (Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Үндістан, Польша, Словакия, Чехия) жәрмеңке қонақтарын әлемнің әртүрлі елдерінің оқыту жүйелерімен таныстырып, оларға Қазақ­стандағы және шетелдегі ең жақсы білім беру бағдарламасын таңдауға көмектеседі. Көрме күндері Қазақстан Республикасының Ұлттық тестілеу орталығы мектеп, лицей, колледж түлектері үшін ҰБТ бағдарламасы бойынша тегін сынақ тестілеуін өткізеді. Ауқымды шараның алғашқы күнінен бастап Атакент кешеніне ағылған оқушылар мен студенттер, ұстаздар жетекші университеттер мен үздік бизнес мектептерінің өкілдерімен сөйлесу мүмкіндігіне ие болып, тың деректермен танысты. Бұндай пікіралмасулар білімге, білуге талпынған әрбір жас жеткіншектің мақсатын айқындап, көңіл көкжиегін кеңейте түсері анық.
Әдебиет пен мәдениетті, оқу мен білімді ұштастырған көрме әлі де жарқын жаңалықтарымен таңғалдыратыны анық. Мазмұнды да сан қилы тақырыптарды қамтитын ой жәрмеңкесінен қапы қалмаңыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір