Ғылым мен білімді ұштастырған тәлімгер
01.10.2024
238
0

Заманауи ғылым өз мамандарынан терең білімді ғана емес, өмірдегі, кәсіптік саладағы және салалық технологиялардағы жылдам өзгерістерге бейімделуді талап етеді. Осы жоғары талаптарға сай келетін қазақ ғылымының жарқын өкілдерінің бірі – Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Автоматика және ақпарат­тық технологиялар институтының электроника, телекоммуникация және ғарыштық технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Айнұр Құт­тыбаева.

Айнұр Ермекқалиқызының кәсіби жолы қарапайым болғанымен өте қызықты әрі маңызды мамандықты таңдағаны көптеген әріптестеріне үлгі. Ол 1996 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың «Есептеу кешендері, жүйелері, желілері» мамандығын бітірді. 18 жылдан бері электроника және телекоммуникация саласында өз шеберлігін шыңдап, ғылыми және оқытушылық қызметпен белсенді айналысады. Ал 2006 жылдан бастап осы еңбек ұжымына кіргеннен бері ол табысты зерт­теуші ғана емес, студент­терді жаңа білімге, ғылыми ізденістерге баулитын ұстазға айналды. Ол үшін ұстаздық – жай қызмет емес, ол өзінің бар білімі мен тәжірибесін жұмсайтын, дарынды мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуге тырысатын тәлімгер.
Әрине, оның кәсіби еңбегі елеусіз қалмады. 2024 жылдың наурыз айында Айнұр Құт­тыбаеваға отандық білім мен ғылымға қосқан зор үлесі үшін «Қазақ­стан Республикасы жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» деген жоғары атағы берілді.
Белгілі ғалым ретінде ел экономикасының дамуына орасан үлес қосатын мемлекет­тік және ведомстволық ғылыми жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысады. Қазіргі уақыт­та ғылыми қызметкер ретінде «Металл және бетон конструкцияларының кернеу күйін бақылау үшін талшықты-оптикалық датчиктерді зерт­теу және қолдану» жобасымен жұмыс жасап, металл және бетон конструкцияларының деформацияланған күйін бақылау, талшықты-оптикалық датчиктердің тиімділігін анықтау бойынша зерт­теулер жүргізуде. Бұл жоба өте маңызды, өйткені ол әртүрлі құрылыс нысандарының, соның ішінде ғимарат­тардың, көпірлердің және басқа да инженерлік құрылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан зерт­телетін нысандар мен құрылғыларды сынау процесі зерт­теудің әрбір кезеңінде ерекше мұқият көзқарас пен егжей-тегжейлі талдауды талап етеді.
Кәсіби біліктілігін арт­тыру, білімін тереңдету және халықаралық тәжірибе жинақтау мақсатында Айнұр Ермекқалиқызы бірнеше шетелдік тағылымдамадан өт­ті. 2020 жылы ол Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы профессор М.А. Бонч-Бруевич атындағы Санкт-Петербург мемлекет­тік телекоммуникация университетінде «Радиотехника және қуат­ты электроника» бағыты бойынша тағылымдамадан өт­ті. Ал 2024 жылы Польша Республикасының Люблин қаласындағы Люблин политехникалық университетінде «Телекоммуникация» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтіп, өз білімін жетілдірді. Бұл тәжірибе оған ғылымдағы жеке ұстанымын нығайтуға және озық жаһандық технологияларды өз зерт­теулерінде қолдануға мүмкіндік берді.
Атап өткендей, Құт­тыбаева Айнұр ғылыми қызметпен белсенді түрде айналысады, нәтижесінде, 60-тан астам жарияланымдар жарық көрді, оның ішінде, 13 мақаласы Scopus және Web of Science халықаралық деректер базасында жарияланған. Оның Scopus бойынша h-индексі 5-ке тең. Мақалалардан басқа ол – алты өнертабыс патентінің, төрт оқулықтың, екі оқу-әдістемелік құралының, екі монографияның және жеті әдістемелік нұсқаулықтың авторы. Бұл еңбектер терең ғылыми көзқарас пен оның өз саласындағы жоғары құзырет­тілік деңгейін көрсетеді.
Айнұр Құт­тыбаева – ғылымға деген адалдығы, белсенді ұстаздық қызметі мен кәсіби дамуға деген ұдайы ұмтылысын біріктіретін ғалымның жарқын үлгісі. Оның телекоммуникация және оптикалық технологияларға қосқан үлесі ғылыми қоғамдастық үшін, ел мен әлемнің инженерлік тәжірибесі үшін де маңызды. Ол өзінің тәжірибесі мен ғылыми жетістіктері арқылы студент­тер мен жас ғалымдардың жаңа буындарын ғылым мен технологияның жаңа көкжиектерін ашуға шабыт­тандыруды жалғастыруда.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір