Өмір-Дарақ
Тимур Әбішев
Тәуелсіздік алып, ұлттық сарасанамыздың өсуіне байланысты бізде халқымыздың шынайы тарихын зерттеп, қалпына келтіру, ата-бабаларымыз өсиет еткен мәдени және рухани құндылықтарымызды зерделеп, жандандыру қажеттілігі туындады. Осыған байланысты ежелгі түркі дәстүрі – адамның ата тегін – Шежіресін түзу дәстүрі ерекше қызығушылық туғызады. Ата-бабаларымыздың жүздеген ұрпақтары осы дәстүрді мыңдаған жылдар бойы сақтаумен келді және ол көшпелі қауымдастықтың өмірінде, халқымыздың ділі мен ұлттық мінез-құлқының қалыптасуында орасан зор роль атқарды.
Орталық Азияны мекендеген көшпелі халықтар – қазақтар мен қырғыздар Еуразиялық кеңістіктегі түркі халықтарының әлденеше мыңдаған жылдар бойы біртіндеп отырықтану үдерісі жүруіне байланысты өздерінің өкілеттілігін тарылта отырып, Ұлы көшпелі өркениеттің соңғы өкілдері болды. Бұл біздерге және сірә, солтүстік американ үндістеріне дүниені төменгі, жерасты әрі біздің жерүсті және жоғарғы, құдайлық мекен деп бөлетін әлем құрылысы туралы ежелгі киелі білімдерді сақтап қалу мүмкіндігін берді. Біздің халқымыздың өзіндік көзқарасын қалыптастырған осы білім жанның мәңгілігіне және адам өлгеннен кейін де оның жаны нәзік эфир әлемінде болатынына әрі ол бізбен өзара әрекетке түсе алатынына деген сенімге негізделді.
Осы заманғы ғылым біздің материалдық әлемімізбен қатар нәзік немесе құдауанда тұрғының бар екенін толық растайды. Ғалымдардың кванттық физика саласындағы ең жаңа зерттеулеріне сәйкес, Әлем дегеніміз, біртұтас энергетикалық өріс болса керек. Белгілі американдық зерттеуші және ғылыми білімдерді таратушы Грегг Брейден оны: «Әлем – біздің дүниеміз бен денеміз өріс, кванттық голограмма, Құдай ақылы, Табиғат санасы, Құдайлық қалып деп аталатын біртұтас энергетикалық өрістен қалыптасқаны ғылыми түрде дәлелденген», – деп сипаттайды. Өткен де, қазіргі де, болашақ та, әрі жер бетінде өмір сүрген барлық адамдардың жандары да – бәрі сонда.
Бабаларымыздың құдайлық тұрғыдағы үстіңгі әлемге және
о дүниенің барлығына деген сенімі Әлемдік ағаш Бәйтерек туралы аңызда және Шежіре дәстүрінде бейнеленген.
Ежелгі көшпелілердің түсінігі бойынша, әлемдер қиылысында жерді тамырымен ұстап, ал аспанды ұшар басымен тіреп тұратын Әлемдік ағаш – Бәйтерек тұр. Халық аңыздарына сәйкес, Бәйтеректің діңі күнәһар жер мен қа-
сиетті аспанды қосып тұратын өзек. Ағаш бұтағының ең ұшар басында ертегі құсы Самұрық мекен етеді. Ол күн сайын бір алтын жұмыртқа – Күнді туса, кешке қарай оны жер асты патшалығында, осы ағаштың тамырында өмір сүретін Айдаһар жұтады екен. Күннің шығуы немесе тууы және оны күнделікті қара патшалық өкілінің жұтып қоюы күн мен түннің ауысуын, Ізгілік пен Зұлымдықтың мәңгі күресін білдіреді.
Өлген адамның жаны Бәйтеректің діңіне түсіп, сол арқылы оның ең ұшар басына көтеріледі деп саналған. Ол осы жерде қырық күн болады, ал содан кейін қасиетті Самұрық құсы адамның күнәһар немесе бейкүнә екенін анықтап, оны Аспан Патшалығына жіберу немесе жер асты патшалығына лақтыру керектігін шешеді. Содан кейін сынақтан өткен тақуалардың жандарын құстар қағып алып, оларды мәңгілік мекеніне – аспанға көтеріп апарады.
Сондай-ақ сопылардың ең лайықтысы Бәйтеректің діңі арқылы аспанға көтеріліп, тәңірмен сөйлесе алады деп саналған. Олар жерге Құдайлық білімді жеткізу үшін аспан биігінен тағы сол ағаш діңі арқылы кері қайтатын. Сірә, бұл жерде сөз ғалымдар мен шығармашылық мамандық иелері туралы болып отырғанға ұқсайды. Мысалы, алтайлықтар әлі күнге дейін күйші-сазгерлер тыңдаушылардың жанын жоғарғы әлемге – құдайлық тұрғыға апарады деп санайды, сондықтан оларды аспан тұрғындары – ата-баба рухымен тек қана сөйлесе алатын бақсылар мен қамдардан да жоғары бағалайды. Сазды, музыканы осылай нәзік сезіну мен оның мән-маңызын осылайша түсіну үшін адамның жан дүниесі қандайлық нәзік болу керек десеңізші! Бір сөзбен айтқанда, Бәйтерек әлемдер арасындағы белгілі бір көпір немесе қазіргі тілмен айтқанда, портал болған.
Шежіре –тек қана адамның өз әулетін ағаш бұтағындай санамалап, ата-бабасының аты-жөнін білу дәстүрі ғана емес. Ол – ең алдымен, нәзік дүниедегі туыстарының жанымен өзара энергетикалық байланыс орнататын коммуникация жүйесі. Олар мәңгілік, құдауанда және мейлінше жетілген дүниеде өмір сүреді деген сенім. Біздің үйіміз бен нағыз мәңгілік өміріміз сонда, бұл дүниеге біз тек қандай да бір міндетті орындау және сол дүниеде болуға қажетті энергияны игі істерімізбен табу үшін келеміз дейтін сенім.
Үстіңгі дүниеде болған кезде адамдардың жаны Ғарыштан энергия ала алмайды, сондықтан да ол осы өмірде қаншалықты көп жақсылық жасаса, о дүниеде өте жақсы және ұзақ өмір сүреді деп саналады. Мұның сыртында, олар жерде өмір сүретін адамдардың есінде қалып, ілтипатты қуатына бөленеді. Бұл, әсіресе, олардың әуелгі қырық күн мен алғашқы жылғы нәзік тербелістер әлеміне бейімделуі үшін өте маңызды. Сондықтан да олар барлық дәстүрлерде бар әруақтың үлесі мен жетісіне және жылдық асына өте-мөте зәру. Біздің дұғаларымызға, еске алуларымызға, өздері туралы жақсы сөздеріміз бен ойларымызға мұқтаж. Сондай-ақ, қазақтардың ертелі-кеш тамақтан кейін «Ішкен-жегеніміз әруақтарға тие берсін» деп ас қайыратыны бар. Ол: «Осы тағамның қуаты ата-бабаларымыздың әруағына жетсін» деген мағынаны білдіреді. Өз кезегінде, олар да содан қуат алып, күнделікті тірлігімізде бізге көбірек көмектесуге және өмір жолынан кездесетін көптеген қауіптер мен ауыртпалықтардан бізді қорғау мүмкіндігіне ие болады.
Шежіре – ата-бабалардың әруақтарымен екі арадағы жанды байланыс, ол туысқан адамдардың ондаған ұрпағын байланыстырып, біртұтас руға біріктіріп, олардың екі дүниеде де кездесетін қиыншылықтарда табысты болуларына көмектеседі. О дүниелік болған ата-бабаларды күн сайын деміл-деміл еске алу осы байланысты үздіксіз етіп, ал әруақтардың өздерін көшпенділердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған.
Өмір-дарақ бейнеленген ХIV ғасырдағы картина маған тектік генеалогиялық ағаштың дәстүрлі суретін есіме түсіріп, Өмір-дарақтың өзі – осы Шежіре екен деген ой тудырды. Ежелгі иран аңыздарының бірінде тірі адамдарға мәңгілік өмір сыйлап, қайтыс болғандарды қайта тірілтетін ғажайып ағаш туралы айтылады. Адамды мәңгі тірі ететін – өз әулетінің ағашында болуы, ал өлгендерді тірілтетін – ілтипатты ұрпағының есінде сақталуы. Тіпті: «Елдің есіндегі адам – тірі адам!» – деген сөз де бар.
Өлген адамды жақын туыстарының ас беріп, еске алу арқылы қуаттандыруы мен әр түрлі діни мейрамдар қалған ұрпақтың өлгендер алдындағы ең маңызды міндеті саналған. Қазақтарда: «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мақал да бар. Біздің халқымыздың өмірінде бұл рәсімнің қаншалықты маңызды екенін Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының кітабындағы бір қызықты дәлел растай түседі. Ол әкесінің қайтыс болғанына бір жыл толуына байланысты Ас беру үшін өз әкесі бар мүлкін сатып, қарызға батқаны туралы жазады. Шынында, адамға ата-бабасының о дүниеде жақсы жайда болуы үшін жағдай жасаудан маңызды еш нәрсе жоқ. Сенің осы өмірдегі амандық-саулығың мен өсіп-өркендеуің тікелей соған байланысты.
Ата-бабаларымыз ұрысқа аттанған кезде көмекке өз руынан шыққан батырлардың әруағын шақырған. Қиын-қыстау мезетте аты аңызға айналған бабаларының әруағы қолдайтынына, жауды жеңуге көмектесетініне кәміл сеніп, жауға тайсалмай қарсы шыққан. Лев Гумилевтің куәландыруы бойынша, ежелгі Қытайда бір түрік сарбазы Аспан асты елінің он жауынгеріне теңестірілген. Яғни жанның өлмейтіндігіне және бұ дүниеден аттанған туыстар мен жақындардың
о дүниелік бақытты өміріне деген сенімді былай қойғанда, әруақтардың желеп-жебеушілігіне сену біздің жауынгерлеріміздің күшін кем дегенде екі есе көбейтіп, олардың жауынгерлік рухын нығайтып, өздеріне деген сенімін арттырып, ұрыс кезінде рухтандырып отырған. Ал уақыт өте келе, осындай әруақты бабаның – сайыпқыран батырдың аты ұранға айналған.
Осы дәстүрге байланысты ХІІІ ғасырда Шыңғысхан туының астында Еділге жеткен халықтың орыс тіліндегі атында қызықты бір өзгеріс болғанын айта кету керек. Әлемді Сілкіндіруші өз әскерінің алдына өзі жек көретін татарлар тайпасын қоятын болған, ал олар, әлбетте, өз дәстүрлеріне сәйкес, ұрысқа шыққан кезде «Әруақ Татар!» деп айқайлайтын болса керек. Темужіннің әкесі Есугей батырды зұлымдықпен өлтіргені үшін осындай «құрметке» ие болған татар халқы өз жауының даңқын асыру үшін болған көптеген ұрыстарға қатысып, толығымен дерлік жойылып кетті десе де болады, орыстар болса, сол кезден бастап барлық түркілерді татар деп атай бастаған. Ал «әруақ» сөзі уақыт өте келе орыс тіліне кірігіп, өзгеріп, орыс жауынгерлерінің көптеген ұрпағы ұрысқа атойлап шығатын «ура» деген ұранға айналды.
Осыдан отыз жылдай бұрын, қайта құру және жариялылық ұранымен бірге Мұрат Аджидің кітаптары пайда бола бастады да, солар арқылы біз еуропалық және тиісінше, әлемдік өркениетте басты роль атқарды десек те артық болмайтын өз халқымыздың нақты тарихының бетін аштық. Үнемі алданумен келген біз үшін шырқыраған шындықты жайып салып, бұрыннан белгілі тарихи оқиғаларды күтпеген тұрғыдан түсіндіретін бұл туындылар алдымен елді есеңгіреткендей әсер етті де, кейіннен тарихи деректерді зерделеудің даусыз қисыны біздің тарихымызға мүлде басқаша қарауға мәжбүрлеген қорытындыларының дұрыстығына еріксіз бас идірді.
«Түркілердің қасиетті тарихының» ең бір қызықты дерегі – ол біздің халқымыздың Азия мен Еуропаны қару күшімен емес, ең алдымен тектілігімен, рух күшімен және технологиялық басымдығымен бағындырғаны. Біздің дәуірімізге дейін-ақ олар темір балқыту технологиясын меңгерген, ал бұл тек жетілдірілген қару-жарақ қана емес, сонымен қатар, өндірістің неғұрлым тиімді құрал-жабдықтарын жасауға мүмкіндік берген. Ал ол, шын мәнінде, Ежелгі Алтайдағы демографиялық қопарылыстың себебі болып, содан кейін халықтардың Ұлы көші-қоңына жол ашқан алғашқы ғылыми-техникалық төңкеріс болды.
Пұтқа табынушы мәжусилер үшін түркілердің барлық істері жақсырақ әрі тазарақ болып көрінетін, сондықтан оларды басқа планетадан келгендер сияқты санайтын және сол себепті де Орталық Шығыста Алтайды Жер жұмағы – «Эдем» деп білетін, ал олардың өздерін «ізгі арийлер» деп атайтын.
Кейбір көшпелі халықтар Еуропаға біздің дәуірімізден көп бұрын орналаса бастағанымен, түркілердің Еуропаны алғаш жаулауы деп біздің дәуіріміздің III-IV ғасырларындағы ғұндардың шабуылы саналады. Ол көптеген скандинав және герман тайпаларының аңыздары мен руналарында бейнеленген және оны атақты норвегиялық зерттеуші Тур Хейердал ғылыми түрде дәлелдеген. Мен тек саксондықтар мен скандинав халықтарында біздің Бәйтерек туралы аңызымызға өте ұқсас әлемдік ағаш Иггдрассил туралы аңыз болғанын ғана қосқым келеді. Ол да әлемнің әр түрлі қиырларын біріктірген, сол ағаштың да ұшар басында құс мекендеп, тамырында айдаһар өмір сүрген.
Ғұндардың шапқыны халықтардың осынау Ұлы қоныс аударуының қорытынды аккорды болды. Осы кезде Ежелгі Рим империясында құлдырау дәуірі басталған болатын, ал ол ең алдымен әдет-ғұрыптардың құлдырауымен байланысты болған. Құлдырау дәуірі адамгершіліктің құлдырауы. Иоанн Богослов өзінің атақты еңбегі «Апокалипсисте»: «Жарық Шығыстан келеді. Апокалипсистің ақбоз атты жауынгерлері келіп, күйреп бара жатқан империя халқын құтқарады!» деп, осы шабуылдың Еуропа халқы үшін құтқарушылық маңызы болатынына сәуегейлік айтты. Ақыры біздің ата-бабаларымыз Еуропа жеріне барып, бір құдайға сенушіліктің жарқын өнегесін ғана емес, сонымен бірге көшпелі өркениеттің жоғары моральдік қағидаттары мен негіздерін жеткізді, сөйтіп шулыған мен азғындық жайлаған Римнің халқын аман құтқарды. Түркілердің алғашқы монотеистік тәңір дінінің заңдары, қасиетті мәтіндері мен рәміздері негізінде император Константин құрған христиан дінінің дамуына байланысты, Еуропа бір Құдайға деген сенімді ғана емес, сонымен бірге өзінің рухани және экономикалық дамуының негізі болған жаңа адамгершілік қағидаларға да ие болды.
Ғұндар – халық аты емес. Түркі тайпалары алғаш Еуропаға келгенде олар өздерін Күнні деп таныстырып, тарихқа ғұн деген атпен кірген. Ал ол сөз Күннің балалары дегенді білдіреді және олардың арийліктер екендігін дәлелдейді. Түркілер өз діндерінің арқасында рухани даму тұрғысынан Үндістан мен Еуропаның барлық халықтарынан басым болғаны соншалықты, олар арийлер – ерекшелер, ізгілер деп аталатын болды, ал бұл, өз кезегінде, халықтардың Ұлы қоныс аударуынан кейінгі ерте орта ғасыр дәуірінде олардың өз ішінен іс жүзінде барлық мемлекеттерде қалыптасқан жоғары топты – ақсүйектерді құруына мүмкіндік берді. Қазақ тілінде «ары» сөзі ерекше, айрықша, ізгі деген мағынаны білдіретін болған. Мұндағы «ар» қазақ тілінде әлі күнге дейін намыс пен абырой деген мағына береді. Лев Гумилев жазғандай, жанкештілік пен ізгілік рухы көшпелі халықтар өкілдерінің ерекше қасиеттері болған және олар шежіре арқылы әспеттеліп отырған. Осы дәстүр тек аристократия өкілдерінде ғана сақталған еуропалықтардан көшпелі қоғамның айырмашылығы – оның әрбір мүшесі, өзінің әлеуметтік жағдайына қарамастан, өзінің ата тегін білген, өзінің ата-бабасын мақтан тұтқан, өзін сол рудың өкілі ретінде танып, оның ар-намысы үшін жауап берген. Арийлердің өзге адамдардан айырмашылығы – ең алдымен, өз халқының, өз елінің тағдыры үшін өте жоғары жауапкершілік сезімі мен тіпті оны шектен асқан жауапкершілік деп айтар едім. Өз Отаны үшін пайдалы болу және жан-тәнімен оған қызмет ету ниеті оларды іс жүзінде Еуразия континентінің барлық аймағында әскери аристократияға айналдырды. Айтпақшы, «аристократ» сөзінің өзі осы жіктің шығу тегіне– «арий сто крат», яғни – жүзінші ұрпағында да арий дегенге мегзейді, ал ол уақыты бойынша халықтардың Ұлы қоныс аудару кезеңі мен ғұндардың Еуропаға бару уақытымен дәлме-дәл келеді. («Аристократ» сөзі жоғары дворяндар жігіне жататындықты білдіреді және ол сөз орыс тілінде Петр дәуірінде, яғни Петр І мен Екатерина ІІ патшалардың шақыруы бойынша көптеген еуропалықтар Ресейге көшкен кезде, нақтырақ айтқанда, еліне қайтқан кезде пайда болды).
Шежіре – ататектің «тұлғалармен» берілген тарихы. Тарихты адамдар жасайды, ал бұл – әр адамның аты аңызға айналған ата-бабасының, әкелері мен аталарының, алыс және жақын туыстарының көптеген желілердегі нақты тағдырының тарихы.
Шежіре –қазақ халқының адамгершілігі мен ізгілігінің негізі, өйткені адам тәрбиесі аты аңызға айналған ата-бабалардың тағдыры мен ерлігіне, ақындар мен жыраулардың өз ататегінің атын шығарған ұлы тұлғалар туралы шығармаларына негізделген. Ол көшпелі қауымдастықтың әр мүшесін ата-бабаларына лайықты болуға және өз руының, өз елінің, халқының игілігі үшін ерлік жасауға, сөйтіп өзінің атын тарихта қалдыруға ынталандырады.
Бұл дәстүр көшпелілердің орта ғасыр тарихшылары түгел атап көрсеткен ізгілігінің, адамгершілігі мен жоғары инабаттылығының негізі болды. Мұрат Аджи түркілердің рим қоғамына қоян-қолтық кірігіп, әскерде негізгі қызметтерге ие бола жүріп, бар билікті басып алатындай жағдайы әлденеше рет болғанын жазады. Бірақ қызметке кірерде берген серті мен адал борыш сезімі оларды ондайға аттатпаған. Римдіктер түркілердің адамгершілік ұстанымдары өте күшті екенін және олар берген серттен таймайтынын түсінген римдіктер соны олардың әлсіз жері деп санап, сол әлсіздігін олардың өздеріне қарсы пайдаланды. Ал біздің ата-бабаларымыз әруақты алдау мүмкін еместігіне құдайдай сенді. Ал әруақтың сүйіспеншілігі мен қолдауынан айрылу – қазақтар үшін өліммен тең болатын.
Шежіре адамды өз тегінің
өкілі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Ол әр адамға өз руының намысы үшін жауапкершілік сезімін жүктеді және қандай жағдайда да өзін лайықты ұстауды талап етті. Дала адамы үшін барлық құндылықтар жүйесінде ру намысы үстем тұрды, сондықтан лайықты мінез-құлық, ерлік пен өрлік көшпенділер қауымдастығының әрбір мүшесіне тән қасиет болды. Ұрыс кезінде қорқақтық білдіру немесе зұлымдық жасау руын, тегін сатумен бірдей еді, ол ешқашан кешірілмес күнә саналды және ондайлар өлім жазасына кесілетін немесе масқара етіп елден аластатылатын.
Шежіре адамның бойында ең ізгі қасиеттерді – еркектерде ерлік пен ізгілікті, әйелдерде инабаттылық пен адалдықты дамытуға ынталандырды. Ру намысы қазақ әйелдерінің әдептілігі мен қадір-қасиетінің негізі болды. Егер әйел қоғамның моральдық-адамгершілік қағидаларын бұзса, ол ата-анасына қайтарылатын, ал мұндай қылық бүкіл ру үшін масқара саналатын. Өз кезегінде, ру да өзінің ортасына қосылған, тұрмысқа шыққан әйелдің намысы мен арының қорғаушы кепілі болды.
Жеке тұлғаның еркіндігі мен теңдігі әлемдік өркениеттің басты демократиялық жетістігі саналатыны белгілі. Ал ол көшпенді қауымдастық үшін ежелден-ақ тән болған. Бір рудың өкілдері, әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, текті бір атаның ұрпағы саналғаны – осының дәлелі.
Сонымен бірге, көшпелі қауымдастықтың әр адамы әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, өзінің ата тегі, зәу-затын жатқа білетін әрі жөн сұрасқанда оларды мақтанышпен айтатын болған. Құл адам немесе құқығы жағынан қысым көрген жан өз әулетін, әкесін немесе атасын бұлайша мақтан тұта алмайды. Барлық басқа халықтарда өз ата-тегін білу тек ақсүйектерге ғана тән болуы тегін емес.
Ертедегі өзге қоғамдармен салыстырғанда қазақтарда әйелдер үнемі маңызды қоғамдық роль атқарды, олардың құқықтары мен бостандығы басқа елдердегіден әлдеқайда көп болды. Ел басына қауіп төнген егер шақта ерлермен бірге олар қолдарына қару алып, өз үйін, өз ошағын қорғауға жарап беретін болған. Бұл – олардың жоғары қоғамдық мәртебесі мен азаматтық жауапкершілігін айна-қатесіз көрсетеді.
Шежіре – уақыт пен ұрпақтардың тек генетикалық қана емес, сонымен қатар рухани да байланысы. Ол – уақыт пен кеңістіктегі өзіндік бір координаттар жүйесі, біздің ата-бабаларымыз сол бойынша әр адамды қалтқысыз танитын болған. Кім де болса әуелі өзінің аты мен тегін айтып, содан соң әкесінің, атасының, оның атасының аттарын атап, әмбеге белгілі бір бабасына дейін санамалай берсе болды. Өзінің ата тегін білу түркі тайпалары мекендеген бай өлке, байсын жерде адамның өзіндік бір танысқы құжаты немесе жеке басының куәлігі есепті болған. Кез келген қазақ оны сол арқылы қабылдап, сол арқылы төріне шығарған.
Шежіре адамның көшпелі қауымдастық өміріндегі өз орны мен қадыр-қасиетін нақты түсінуге мүмкіндік берді, лайықты өмір сүріп, құрметке ие болған ата-анасы мен ата-бабалары үшін мақтаныш сезімін тудырды. Оны қазақтар үшін дәстүрлі әрі міндетті болып табылатын үлкендерге деген зор құрметтен байқауға болады.
Шежіре –көшпелі қауымдастықтың әр мүшесінің азаматтық құқықтары мен әлеуметтік қорғалуының негізі есепті саналады, себебі, ру өзінің әр өкілінің намысы мен арын қорғауға кепілдік береді. Егер адамның артында тұтас руы тұрса, ондай адамды жазықсыз қорлау мүмкін емес еді. Ру өзінің әр мүшесі үшін жауап беретін, сондықтан ол адамның азып-тозуына, ішімдікке салынып немесе қайыр сұрап, қаңғырып кетуіне жол бермейтін, өйткені ұят тек оның отбасына ғана емес, бүкіл руға келетін.
Шежіре –қазақ халқының елжандылығының негізі. Егер адам өз халқының тарихын білсе, өзінің ата-бабасын мақтан тұтса, демек, оның өз халқын, өз Отанын сүйгені.
Өкінішке қарай, ата-бабамыздың жүздеген ұрпағы мыңдаған жылдар бойы қастерлеп сақтаған қасиеттерін біз Кеңес билігінің
73 жылында, социализм кезінде өскен адамдардың бар-жоғы екі-үш ұрпағының тұсында жоғалтып алдық. Менің ойымша, халқымыздың осыншама қарқынды түрде азғындауының басты себебі осында болар деймін. Тіпті, ең жақын, ет-бауыр туысының кедей-кепшік жағдайына, мүшкіл халіне қайрылып та қарамайтын, қатыгездік қалыпты жағдайға айналды. Жағымпаздықты айтпағанның өзінде, алдау мен арбау, дарақылық пен сайқалдық қоғамымыздың қойны-қонышын кеулеп, адамдардың санасы мен салтына терең бойлап кіріп алды. Ең бастысы, біз туыстарымыз, елдестеріміз, өз халқымыз үшін, еліміздің тағдыры мен болашағы үшін жауапкершілік сезімінен жұрдай болдық. Атқаратын қызметіне сәйкес халықтың игілігі мен өркендеуі үшін қамқорлық жасауға міндетті адамдар тарапынан болатын немкеттілік пен енжарлықты көргенде иманың қасым болады.
Соңғы кезде біздің әлемімізбен қатар басқа бір нәзік дүние бар екені жайында, тіпті оның өкілдерімен тікелей қарым-қатынас туралы жиі айтылып жүр. Мысалы, қазір Алматыда «Ата жол» дейтін қозғалыс пайда болып, табысты дамып келеді, ол ежелгі түркі дәстүрі бойынша, ата-баба рухы – әруақтармен қарым-қатынасқа түсіп жүргенге ұқсайды.
Жақында біздің қаламызда құдайлық жоспарлар мен нәзік әлемнің шындығына тағы бір нақты дәлел пайда болды. «Орбита» ықшамауданында Эльвира Светлова деген керемет әйел өмір сүреді, ол қазір жаны жұмақтағы күйеуі Александрмен сөйлесе алады. Күйеуі марқұммен бірлесіп, «Өлім ашқан өмір» атты керемет кітап жазып шығарды, онда олар жұмақтағы өмір мен пейіштің құрылымы туралы баяндайды. Нәзік дүниемен осы тікелей байланыс оларға біздің әлемдеріміздің құрылымы мен өзара әрекеттестігінің алуан қырларын ашуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, байланыс сеанстарының бірінде Александр қайтыс болған жандарға арнап ас беру, жақсы сөздермен еске алу әруағына деген үлкен қолдау болатынын және оның өте маңызды екенін растады.
Өткен жылдың соңында менің жолым болып, Сайлыбай Бекболатов дейтін азаматпен таныстым. Ол араб әліпбиі әріптерінің цифрлық мәндерге сәйкестігі негізінде адамзат үшін басты кітаптардың: Тора, Көне Өсиет, Інжіл мен Құранның қасиетті мәтіндерін түсінуге кілт тапқанын, әлем құрылысы туралы барлық ілім соларда жатқанын анықтағанын айтады. Оның шәкірті әрі пікірлесі Ардақ Шалғынбаев осы жайында әңгімелеп беріп, мені бір дегеннен қызықтырғанын да айтуым керек.
Осы қасиетті кітаптардың мәтіндерінің барлығы біркелкі сандық мән береді, ал бұл солардың бәрі бір нәрсе туралы айтатынын және бәрінің дереккөзі біреу – Құдайы жаратылыс екендігін көрсетеді. Ал қазақ тілінде
шифрланған қасиетті кітаптардағы асыл білімдер жұмбағының ашылуы біздің ата-бабаларымыз Әлемнің, атомның құрылысы мен басқа да көптеген жайлар турасындағы киелі білімдерге ие болғанын дәлелдейді.
Мұхаммед пайғамбар атының сандық мәні 92. Менделеевтің дүркіндік кестесінде осы нөмір Уранға сәйкес келеді. Қазақ тілінде уран – нышан, құбылыс деген мағынаны білдіреді, ал ол адамзат тарихында ұлы пайғамбардың роліне толық сәйкес – Ол шын мәнінде нышан, жаңа құбылыс болғаны анық. Уран – планетадағы табиғи радиобелсенділікке ие бірден-бір элемент. Секунд сайын оның әр килограмынан өздігінен және кенеттен
7 ядро атқылап шығады да, олардың әрқайсысы 4 нуклонға бөлінеді. Демек, уранның әрі килограмынан 28 нуклон шығады. Сөйтіп, Сайлыбайдың айтуынша, жер қабатынан атқылап шыққан олар біздің ойларымыз бен дұғаларымызды қағып алып, Әлем кеңістігіне, Құдайға секундына 300 000 километр жылдамдықпен жеткізеді. Демек, уран изотоптары біздің ойларымыздың энергиясын тасымалдайтын өзіндік көлік құралы және жердегі адамдардың Ғарышпен немесе Құдаймен өзара әрекетінің өте маңызды элементі болып табылады. «Сен Алланың ізгі сөзді тәмсілмен келтіретінін көрмеп пе едің – ол қайырымды ағаш тәрізді: оның тамыры берік, ал бұтақтары аспанда…» (Құран, 14-с., 24-аят) және «Алла – аспан мен жердің нұры. Оның сәулесі – ойық тәрізді; онда шам, ал шам – шыныда; шыны інжу жұлдызы сияқты. Ол шығыстық та, батыстық та емес, киелі ағаш – зәйтүннен жанады. От тимесе де, оның майы жануға дайын. Алла кімге көңілі түссе, соны өзінің жарығына жетелейді, Алла адамдар үшін тәмсіл айтады. Алла барлық нәрсені біледі!» (Құран, 24-с., 35-аят) дейтін Құран сөздеріне сүйеніп, Сайлыбай Бекболатов бұл аяттар жұмақ бағында кереметтей болып жанып тұратын ізгілік пен зұлымдықтың таным Ағашы туралы айтылған деген қорытынды жасайды да, оны уран ағашы деп атайды, өйткені уран ыдыраған кезде бөлінетін альфа-бөлшектер Құдаймен қарым-қатынас құралы болып табылады. Оның дүние құрылымы жүйесінде ол сол баяғы қазақ дәстүріндегі өмір ағашы Шежіре мен әлемдік ағаш Бәйтерек орындайтын екі дүниенің энергетикалық өзара әрекеті функциясын атқарады.
Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың жерге жіберген соңғы пайғамбары болып саналатындығы, ал уран Менделеевтің дүркіндік кестесінде соңғы тұрақты элемент екендігі туралы пайымдау да қызық.
Қазіргі заманның атақты эзотериктерінің бірі Александр Свияш біздің барлық ойларымыз бен тілектеріміз нәзік энергия түрінде жоғарыға көтеріліп, әлдебір энергетикалық сыйымдылыққа – эгрегорларға жинақталады деп санайды. Жеткілікті мөлшердегі энергия жиналғанда олар біздің әлемімізде материалданады, яғни адамның ниет-тілегі жеткілікті дәрежеде табанды және дәйекті болса, онда ол өз энергиясымен өзінің кез келген арманын шындап іске асыра алады.
Мен оған нәзік әлем туралы және әруақтарға энергетикалық күш-қуат беру жайындағы өзіміздің түсінігімізді айтқанымда ол: дұғалардың, ойлардың немесе ниеттердің энергиясы қайда бағытталатыны, яғни олардың эгрегорларға немесе о дүниелік бабаларымыздың әруағына тиетін-тимейтіні маңызды емес, ең бастысы – бұл сұлбаның жұмыс істейтіні және өзіңнің өмірлік жоспарларыңды жүзеге асыру үшін оны пайдалануға болатыны деді әрі соны пайдалану керектігін айтты.
Халықтардың Ұлы қоныстануының өзегі болған және дүниежүзілік өркениеттің пайда болуы мен дамуында айрықша роль атқарған халқымыздың шынайы тарихы мен беделін қалпына келтіріп, ата-бабаларымыздың қолдауы мен мейіріміне қайтадан ие болу үшін біз аруақтармен энергетикалық өзара әрекеттестік пен қарым-қатынас дәстүрін – «Шежірені» қалпына келтіруіміз керек. Тек сонда ғана біз әлемдік құрылыстың қалыбымен өзара әрекеттің жаңа деңгейіне шығып, Отанымызды жаңғырта аламыз.
Биыл біз Қазақтан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтпекшіміз. Осыдан екі жыл бұрын Елбасымыз елімізді мекен еткен барлық халықтарды бір қауымға біріктіретін «Мәңгілік Ел» атты жаңа ұлттық идея ұсынды. Осы идеяны Шыңғысхан бабамыз өзін ақ киізге орап, барлық түркі халықтарының ханы деп жариялаған құрылтайда алғаш рет ұсынған болатын. Енді міне, арада 800 жыл өткеннен кейін біз қайта бірігіп, ұлы ұлт болуға құлшыныс танытып отырмыз.
Өз басым еліміздің барлық халықтарын «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы біріктіру – осынау жаһанданған әлемде әр адамның өз орнын лайықты табуының бірден-бір мүмкіншілігі деп санаймын. Біз барлығымыз Президентіміздің сан түрлі ұлттарды бірлікке жұмылдырғаны үшін және өзі қоғам ынтымақтастығының кепілгері болғаны үшін оған ризашылығымызды айтамыз. Бір елде тұратын әр түрлі ұлттар өздерін бірыңғай халық ретінде сезінбесе, дүниенің қаншалықты осал екенін әр түрлі елдердің мысалынан көріп, біліп жүрміз.
Әрбір адам қоғам құндылығы саналған, адамның өз халқы мен руластары алдында, көшпелі қауымдастықтың әр мүшесінің алдында өзара жауапкершілігі болған дәстүрлі қазақ қоғамының жоғары адамгершілік қағидаларын қалпына келтіруіміз керек. Тек осындай қағидаларға негізделген қоғамда ғана болашағы зор, мәңгі және ұлы халық өмір сүре алады. Халқымыздың Өмір-дарағы – Шежіресі қайтадан қуат пен күшке ие болып, оның өткендегі ұлылығын қалпына келтіретін және қазір де, болашақта да оны мақтан тұтатын жаңа ұрпағы сол Дарақтың саясында өсіп-өне берсін!