ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖҮРЕК
Биыл Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған түрлі шаралар еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылуда. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген дүлдүл ақынының мерейлі жасы кеңінен аталып өткені заңды, әрине.
Әрі эпик, әрі айтыс ақыны, абыз жырау, әрі жауынгер жыршы Жамбыл – биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдіске жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен бірге жасай береді. Көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш еткен Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», – деген Сәкен Сейфуллиннің өсиеті бүгінде орындалып жатқандай.
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай!
Сырлы, сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай!
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап
Қара дауыл құйындай! –
деп Сүйінбай ақынды ұстаз тұтқан ақын халықтың әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен, азаматтық жауапкершілікпен бедерлей білген.
Ақынның мерейтойы Алматы қаласында да өз деңгейінде тойланды. Жуырда Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында өткен ойға көсем, сөзге шешен ақын бабамыздың мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, жиналған қауымды салтанатты мерекемен құттықтады.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған қала әкімі: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да, мерейтойы да – кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі», – деген еді. Есімі әрбір қазақ баласына қастерлі Жамбыл Жабаев бір өңірдің немесе бір дәуірдің ғана ақыны емес. Ол барша адамзат құндылықтары туралы ой толғаған, иісі қазақтың барлығына ортақ кемеңгер ойшыл, ұлы гуманист», – деді өз сөзінде.
Айта кету керек, Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы Елбасының тікелей тапсырмасымен Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Астраханда, Анкарада кең көлемде аталып өтті. Ал Сербия астанасы Белградтағы ақынның ескерткішін Елбасының өзі ашқан. Осылайша өлеңдері әлемнің қырықтан астам тіліне аударылып, ХХ ғасырдың Гомері атанған жыр шайырының мерейлі жасын өткізуге алыс-жақын шетелде ерекше қолдау көрсетілуде.
«Жылдың басында Қазақстан Жазушылар одағы Жамбылдың
170 жылдығын арнайы атап өткен еді. Қазақ Ұлттық университеті ақынның екі томдығын, Алматы мемлекеттік университеті бір томдығын басып шығарды. Белгілі қаламгер Нағашыбек Қапалбекұлының «Жамбыл – толғау» атты еңбегі жарық көрді. Біз де өз тарапымыздан «Жамбыл Жабаев» энциклопедиясын шығаруға қолдау білдіріп отырмыз», – деп сөзін сабақтады Б.Байбек.
Кеште Жамбыл Жабаев туралы «Жүз жасаған жүректен…» атты фильм көрсетіліп, жас өнерпаздар ұлы шайырдың өлеңдерін жатқа оқыды. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, Қырғызстаннан арнайы келген Асылбек Маратов пен ақынның шөбересі Бекмұрат Жамбылов сахнаға шыққанда халықтың қошеметі ерекше болды. Бұл жыраудың өшпес өнегесінің ұрпақпен бірге жасап келетінінің дәлелі болса керек.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл ақынның 170 жылдығы Алматы қаласының 1000 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғаны.
Меруерт НҰРЛАН.