Әлемдік тамақтануға төңкеріс жасаған ғалым
20.06.2024
250
0

Неміс ғалымы Юстус фон Либиг (1803-1873) – агрохимияның негізін қалап, минералды тыңайтқыштарды ойлап тапқан ХІХ ғасырдың ең атақты әрі табысты химигі. Оның агрохимияда ашқан жаңалықтары болмаса, бүгінде әлем халқын жеткілікті түрде тамақтандыру мүмкін емес еді.

Химиялық заттармен тәжірибе жасау қауіпті екенін жас Юстус фон Либиг өз көзімен көрді. 15 жасында ол Гессендегі Геппенхайм қалашығында фармацевтің көмекшісі ретінде оқуын бастады. Бірде жарылғыш заттармен тәжірибе жасап жатқанда, дәріхана ғимаратының төбесі өртеніп, салдарынан Юстус фон Либиг оқуын мерзімінен бұрын аяқтайды.
Осы бір жайсыз оқиғадан кейін албырт Либиг әкесіне Гессенге қарасты Дармштадт қаласындағы химиялық компаниясында қолғабыс тигізді. Әрі қолы қалт еткенде кітапханаға бас сұғып, химияны оқудан жалықпады. Әкесі Либигтің Боннда химияны оқуына күш салса, Либигтің профессоры оның ғылыми талантын мойындап, Париждің «Сорбонна» университетінде стипендия алуына қарайласты. «Сорбонна» ХІХ ғасырдың басында химиялық зерттеулер мен оқу орталығына айналды. Юстус фон Либиг онда ғылыми зерттеулер, эксперименттер жүргізуге, сондай-ақ ғылыми-көпшілік газет-журналдарда мақалалар жариялауға машықтанды.
Байқағыштық, тәжірибе жасау шеберлігі, жадының мықтылығы және біріктіре білу Либигтің бойынан табылып жатты.
«Юстус фон Либиг Отанымыздың құрметті профессоры болады», – деген-ді натуралист Александр фон Гумбольдт (1769-1859) Гессен герцогіне 1824 жылы жазған ұсыныс хатында. Гумбольдт Францияда жас ғалыммен танысып, оның ғылыми қабілет­теріне сенім артады. Осылайша, 21 жастағы Либиг Гессеннің Гисен қаласында химия профессоры дәрежесін алды.
Алайда Либиг өзінің мардымсыз жалақысына эксперименттер жасауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражатты өз қалтасынан жұмсайды. Бұл жағдайлар – химияның ХІХ ғасырдың басында әлі де академиялық беделге ие болмағанының бір көрінісі. Бірақ жиырма жыл ішінде Либиг химияны Германияда тәуелсіз ғылым ретінде танымал етті. Германия түгілі, шетел студенттері тек оның алдынан сабақ алуға ұмтылды.
1815 жылы сәуірде сонау Индонезиядағы Тамбора жанартауының атқылағанынан келесі жылы Еуропада жаз мезгілі өте суық болып, егін де шықпай, елді аштық жайлады. 1816 жылы «жаз болмағаны» Юстус фон Либигтің жадында қалды. Осылайша, ауыл шаруашылығындағы өндірісті ұлғайту оның басты ғылыми қызығушылығына айналып, 1840 жылы «Агрохимия» атты кітабын шығарды. Содан кейін ол ауыл шаруашылығындағы қоректік заттардың айналымын сипаттайды. Егістік топырақтың құнарлылығын сақтау үшін егін жиналғаннан кейін егістіктерді қайта тыңайту қажет. Либиг көң сияқты органикалық немесе жасанды минералды тыңайтқыштар мүмкіндігін қарастырды. Таулардан әкелініп, содан кейін араластырылатын бұл тыңайтқыш минералды тұздардан тұрады. Айтпақшы, Либиг егістіктерде қолдануға болатын фосфатты тыңайтқыш ойлап тапты.
Юстус фон Либигтің агрохимия туралы кітабын Еуропа ғалымдары өте жақсы қабылдағанымен, практикалық сынақ жетіспеді. 1845 жылы минералды тыңайтқыштармен жүргізілген алғашқы ауқымды тәжірибе сәтсіз аяқталғанда, әріптестері Либигті келеке етті. Десе де, химик дегенінен қайтпай, зерттеуді жалғастырып, ақыры кемшін тұсын тапты. Тыңайтқыштағы әртүрлі минералдардың құрамы дұрыс болмады. Алғашқы минералды тыңайтқыштар ауыл шаруашылығында шынымен кеңінен қолданылғанға дейін тағы он жыл уақыт өтті. Ғалымдар минералды тыңайтқыштарсыз жер тек 1,5 миллиард адамды жеткілікті түрде қоректендіре алатынын есептеді. Бүгінде жер бетінде 7,44 миллиард адам тұрады. Юстус фон Либиг өзінің минералды тыңайтқыштарымен және агрохимия саласындағы зерттеулерімен әлемдік тамақтануда төңкеріс жасады. Егіннің шықпай қалуының алдын алып, аштықпен күресу үшін Либиг алдымен тамақ өндірісіндегі химиялық процестерді зерттеді. Мысалы, ол әзірлеген «Сәбилерге арналған сорпа» әлі күнге дейін балалар тағамының көш басында тұр. Ас содасын да Юстус фон Либиг ойлап тапқанымен, неміс кәсіпкері Август Оеткер (1862-1918) торт пісіруге арналған қопсытқыш ұнтақты 1892 жылдан бастап бүкіл Германияда сата бастады. Бұған дейін айналар улы сынаппен жасалғандықтан, айна өндірісіндегі жұмысшылар ауыр сырқат­тарға жиі шалдығатын. Кейін Юстус Либиг күміс айнаны да ойлап тапты.

Әуе патшасы

Фердинанд граф фон Цеппелин (1838-1917) – неміс авиациясының негізін қалаған ғалым. Оның атымен аталған «Zeppeline» әуе кемесі 1900-1940 жылдар аралығында жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, әскери мақсатта да пайдаланылды. Оңтүстік Германияда дүниеге келген ғалым көптеген қиындықтарға қарамастан әуеде ұшу арманына жетті.

1900 жылдың 2-шілдесінде Фидрих­схафен қаласының іргесіндегі Боден көлінің жағасына жиналған мыңдаған көрерменнің көз алдында 128 метрлік әуе кемесі аспанға көтерілді. Ол ұшатын темекіге ұқсағанымен, алюминий мен мақта-матадан жасалған-ды әрі сыртқы кейпіне қарап, бейне сутегі газымен толтырылған шар ма дерсіз. «LZ 1» әуе кемесі 18 минут бойы ұшқан соң амалсыздан суға шұғыл қонады. Елдің басым көпшілігі сынақ сәтсіз аяқталды десе де, Цеппелин үшін бұл неміс авиациясындағы маңызды қадам болатын.
Фердинанд Цеппелиннің жас сарбаз кезінен-ақ басқарылатын әуе кемесіне аңсары ауады. Толағай табысқа жеткенше қаншама тер төкті. Ол кезде ғалым 61 жаста еді. 1863 жылы Фердинанд сарбаз ретінде Америкадағы азамат соғысына қатысқанда, әуе шарымен ұшса керек. Сонда әуе шарының осал тұстарын, дәлірек айтқанда, желдің бағытына байланысты ұшатынын әрі оны басқару оңайға соқпайтынын дөп басады. Германияға оралған Фердинанд Цеппелин әскери қызметін жалғастырады. Сол кезде өзінің басшыларын басқарылатын әуе кемесінің әскери тиімділігіне сендіруге тырысқанымен, көпшілік Цеппелиннің идеясын мазақ етсе, Германия императоры Вильгельм II (1859-1941) оны тіпті: «Оңтүстік немістерінің ішіндегі ең ақымағы», – деген екен.
Әскери қызметі аяқталғаннан кейін сол кездегі 52 жастағы Цеппелин әуе кемесін жасауға бел шешеді. Білімін жетілдіре отырып, пікірлес адамдарды қарастырады. Цеппелин «Неміс инженерлері қауымдастығының» мүшелігіне өтіп, Теодор Кобер, Людвиг Дюррмен сынды конструкторлармен ынтымақтаса әрекет етеді. Мәселен, Цеппелинге дейін венгр конструкторы Дэвид Шварц (1850-1897) металдан жасалған әуе кемесінің жоспарын әзірлеген-ді. Айтқандайын, Шварц өзінің әуе кемесінің алғаш рет әуеге көтерілгенін көрмей кетті. Кейін оның жобасын әйелі жалғастырады. Фердинанд Цеппелин 1897 жылы 3 қарашада Берлиндегі Темпельхофта әуе кемесінің ұшқанын көргенде, өнертабыстың маңыздылығын түсінді. Ол ғалымның жесірінен жоспарлар мен патенттерді сатып алып, пайдасына жаратты. Біршама уақыт бойы өзінің ұшағын жасауға шамасы келе қоймады. Тірнек­теп жиған-тергенін 1900 жылы алғашқы «Zeppeline» әуе кемесін жасауға жұмсады. Бірқатар апатты жағдайлар әуе кемелерінің жетістігіне күмән келтірді.
1908 жылы Германия императоры
Вильгельм II әуе кемесін сатып алуға ықылас танытып, Фердинанд Цеппелинді ұшағымен 24 сағат ұшуға міндеттейді. 1908 жылы 4-тамызда 70 жастағы Цеппелин «LZ 4» ұшағымен әуеге көтерілгенімен, қайтар жолда Штутгарттың тұсына жеткенде моторы істен шығады. Ұшағын шұғыл қондыратын кезде кенеттен найзағай түседі. Бұл оқиғаға бей-жай қарамаған көпшілік Цеппелинге қайырымдылық көмек көрсетеді. «Көп түкірсе – көл» дегендейін, ақырында алты миллион рейхсмарк (бүгінде 35 мил­лион еуро) жиналады. Осы ақшаға Цеппелин «Luftschiffbau Zeppelin GmbH» және «Zeppelin» қорын құрды.
1917 жылы Фердинанд Цеппелин қайтыс болғаннан кейін Хуго Экенер (1868-1954) «Zeppelin GmbH» компаниясын басқаруды өз қолына алды. «Zeppelin» ұшақтары бірінші дүниежүзілік соғыста әскери мақсатта қолданылған кезде, Экенер негізінен жолаушыларды әуе кемелерімен тасымалдауға ықылас танытады. 1928 жылы еш кінәратсыз дерлік сапалы әуе кемесі дайын болды. «LZ 127 Graf Zeppelin» 1936 жылға дейін Еуропа мен Солтүстік және Оңтүстік Америка арасында көптеген жолаушыларды тасымалдады.
Экенер жаңа әуе кемелерін жасауға бел шешеді. Газ толтыру «Zeppeline»-нің осал тұсы болса керек: сутегі газы лап етіп тез тұтанатындықтан, бірнеше рет ауыр апаттарға душар еткені бар. АҚШ-та жанбайтын гелий инертті газы әуе кемелеріне құйылатын газ ретінде пайдаланылды. Экенер жаңа «Hindenburg» Zeppelin LZ 129 әуе кемесін гелиймен толтырғысы келгенімен, Адольф Гитлер (1889-1945) үстемдік еткен кезеңде гелий сатып алу мүмкін болмады. Инерт­ті газды тек өзінде өндіретін Америка үкіметі Германияға шығаруға тосқауыл қойды. Осылайша, «Hindenburg» Цеппелині 1937 жылдың мамыр айының басында әуеге сутегімен көтеріліп, 6-мамырда Лейкхерстке қонған кезде отқа оранып, 97 жолаушының 35-і, оның ішінде экипаждың бір бөлігі қаза тапты. Апат неміс Цеппелин авиациясының аяқталуын білдіріп, Цеппелиннің қауіпсіздігіне деген сенім жоғалды. Бүгінгі таңда Цеппелиндер тек туристік экс­курсиялық рейстерде қолданылады. Фердинанд граф фон Цеппелиннің арманы небәрі 40 жыл бойы жүзеге асқанымен, Цеппелин авиацияда адамзаттың әуеде самғау туралы арманын жүзеге асыруда өте маңызды қадам жасағаны хақ.

Неміс тілінен тікелей аударған
Рауза МҰСАБАЕВА,
«VITAMIN DE» журналынан алынды

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір