КҮРЕҢБЕЛ МЕНІҢ ЕСІМДЕ, КӨКЕ…
Көке, біріміз – Күреңбел, біріміз – Ұлытаудың бөктерінде шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ «Сен, Нұрғали, кіндіктен жалғыз боласың, ал сен, Жұмат, ата-анадан жастай жетім қаласың», – деп мүсіркеп, Тәңірдің өзі өнер дейтін бақыттың бір түйір дәнін екеуміздің таңдайымызға салған ғой.
Егер де сол құдірет дәні менің тіліме түскен болса тәп-тәуір ақын, не жазушы болар ма едім, қайдам… Бірақ Тәңірім таңдайыма ғана салған соң амалым не, кезінде, сірә дұрыс таңдай алмаған болуым керек, тілге, сөзге келгенде сіздей емес, шорқақпын. Оны өзіңіз де білесіз,
Мұны айтып отырғаным, Тәңірдің сол түйір дәнінің жүрекке қарай жол тартқан нәзік өскіні сіздің күміс көмейіңізбен қоса жез таңдайыңызға, қаймағы қалың қазақы тіліңізге де дарып, құнарлы нәр берген. Оған сіздің мақалдап, мәтелдеп, әр сөзіңізді әрлеп, теңеулерді төбесінен дәл түсіріп, айшықтап сөйлейтін тіл байлығыңыз куә. Адамның жан дауасы болған әдемі даусымен қоса әншілердің айтар сөзге келгенде ағып тұратын «ұсталығы» үшін де атам қазақ өзінің сүйікті сал-серілерін «күміс көмей, жез таңдай» деп атаған ғой. Мен де сізді дәл солай бағалаймын, көке.
Сіздің осы қазақ тілін қастерлейтін құрмет-талғамыңызды осынау әншілік өнер жолында тек сахнада ғана емес, отбасымызбен аралас-құралас болып, жақындаса келе бірде өзіңізді «Көке» деп атағанда елең етіп:
– Әй, бауырым, мына сөзің не деген әдемі, нағыз қазақы лебіздің өзі ғой. Әйтпесе, жасы кішінің бәрі маған ағалап тұрады, ал ағалағанның артында жағалайтыны да бар ғой, – деп күлгеніңізден байқағам.
– Менің туған жерімде көрген жасы үлкендердің бәрін әйел болсын, ер болсын, «Көке» деп атайтын әдемі әдетіміз бар. Сіз менен білдей сегіз жас үлкенсіз, сондықтан сізді «Нұраға» дейін десем, бұл атау тек Нұрғиса Тілендиевке ғана тиесілі, соған ғана жарасымды. Ал «Нұреке» десем, бұл жалпы қазақтық жадағай сыйластық болып шығады. Сондықтан өзіңізді жаныма жақын тартып, «Көке» дегенге өзімнің де көңілім көншіп қалатын сияқты, – деген едім сонда.
– Онда келістік, қазақтың бір әні бар ғой, есіңде ме, қайырмасы:
Бұлбұл құсым-ай,
Болса болсын-ай, –
Дей салшы, көңіл үшін-ай, –
деп келеді. Ендеше солай «болса болсын-ай», – деп мені иығымнан қағып еркелеткенсіз.
Сөйтіп сіз маған «Көке» болғансыз, есіңізде ме, көке?
Ал сізбен Алматыда алғаш танысқаным тап күні бүгінгідей, әлі есімде. Мен 1965 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның дайындық курсына Қазақстанның халық әртісі, Глинка атындағы халықаралық конкурстың лауреаты Мұрат Мұсабаевтың шеберханасына оқуға түстім. Менен кейін қарындасым Зура Алматы шет тілдер институтының ағылшын тілі бөліміне түсті. Екеуміз де жатақханадамыз. Жанымыз жайдары болғанымен, жағдайымыз мәз емес, әрине. Бір тәуірі, әйтеуір, Алматыда анда-санда барып шәй ішіп тұратын жақынымыз – руы жағынан маған нағашы болып келетін Қуаныш Бекжанова мен сол кездің өзінде эфирден танымал болып қалған жездем Құсыман Игісіновтің үйі бар. Екеуі де Қазақ радиосында қызмет істейді. Жалғыз мен ғана емес, онда бәрі дерлік бөрі құрсақ жүретін студенттердің көбі тамыр-таныс, алыс-жақын туысты жағалап, оқи жүріп жұмыс істейтін орын тауып, күн көретін-ді. «Маған да сондай бір жұмыс тауып берші» деп жездем Құсыманға қолқа салдым. Ол маған қарап:
– Жарайды, сен Нұрғали Нүсіпжановты танисың ба? – деді.
– Қайдан танимын? Әндерін мектепте жүргенде радиодан естіп, қазір өзін теледидардан көріп жүрміз ғой. Бірақ өзін өмірі көрген адамым емес.
– Ендеше мен сол Нұрекеңе айтып көрейін. Өзінің кісілігі бар жақсы жігіт, музыка редакциясында бөлім меңгерушісі. Сен ертең сағат онда сол радиоға кел, – деді жездем.
Ертеңіне айтқан уақытында бардым. Ол кезде теледидар мен радио қазіргі теледидар ғимаратында бірге отырады. Алдымнан шыққан жездем:
– Нұрекеңмен келістім, «келсін» деді, ар жағын өзің білер, жүр, – деп мені үлкен ғимараттың оң жақ қанатындағы үшінші қабаттың бір бөлмесіне алып кірді. Кеңседе қарама-қарсы екі адам отыр. Көксандықтан көріп жүрген өзіңіздің жылы жүзіңізді бірден таныдым. Сіздің қарсы алдыңыздағы шалқайып, түйедей болып түксиіп отырған адамды танығам жоқ. Өздеріңізбен жездем қол алысып, амандасып болған соң.
– Кешегі айтқан Жұматай деген жігітім – осы. Күні ертең болайын деп тұрған бала, – деп мені таныстырды да. «Ал мен кеттім» деп өзі шығып кетті. Мен үлкен адамдардың алдында не дерімді білмей состиып тұрып қалсам керек, сонда сіз орныңыздан тұрып келіп, менің қолымды алып, стол қасындағы орындықты нұсқап:
– Қысылма, отыра ғой, – дедіңіз. Сонан соң әлгі дәу кісіге қарап:
– Міне, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы Зәмзапшәріп Тарғақов ағамыз отыр, танысып қой, – деп мені Зәкеңмен таныстырып едіңіз.
Есіңізде ме, Көке, екеуміз алғаш рет Алматыда осылай танысқанбыз. Сонда сіз мені «музыка редакторы» деген қызметке алғансыз. Бұл 1968 жылдың маусым айы болатын. Мен сіздің жасы үлкен қызметкер әрі атағыңыз жер жарып тұрған әнші бола тұра маған көрсеткен кішіпейілдігіңізге қайран қалғам. Оның артында, әрине, адамның ішкі мәдениеті жатыр ғой.
Па, шіркін, заман-ай десеңізші! Сол 70 жылдар жастығымыздың жайнаң қаққан ең жақсы жылдар екен ғой. Есіңізде ме, сол 1970 жылы Алматы қаласында алты жыл бойы салынған бірінші класты Республикалық Радио үйі – қазақ ақпаратының алыбы, Алматыда қазіргі отырған қара шаңырағы пайдалануға берілді. Біз осы жаңа үйге көштік. Оның бірінші қабатынан Чехословакия мен Венгриядан алынған, дыбысты микшермен жазатын су жаңа арнайы жаңа техникамен жабдықталған, кең де биік үлкен концерттік студия ашылды.
Қазақ радиосының бұрынғы эстрадалық шағын ұжымы енді эстрадалық-симфониялық болып үлкен оркестрге айналды. Әншілердің арнайы штаты кеңейтілді. Жас жағынан ересек Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Лаки Кесоғлының қатарына жаңадан жас әншілер келді. Онда сіз Қазақ радиосының музыка редакциясын басқардыңыз. Бәрі алдымен сіздің алдыңызға келеді. Әсіресе, артына қайырып тастаған ұзын шашы желкесін жапқан, кербез жүретін композитор Әблахат Еспаев пен сол кісі қатарлас ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың жұбы жазылмайды. Ескендір мен Әсет екеуі әндерінің сөзін тек осы Нұрекеңе жаздырады. Ән мәтінін жазуға келгенде Оспанхан аға мен осы Нүрекең және Бәкір Тәжібаев ағадай хас шеберлерді, шынымды айтсам, әлі күнге көргем жоқ.
Ал сіздің есігіңізден кісі кетпейді, себебі оркестрмен ән жазу үшін алдымен сіздің рұқсатыңыз керек. Ескендір екеуіңіздің атағыңыз онда дүркіреп тұрған кез. Көп әндеріңізді өзіңіз де сол студияда жаздыңыз. Әблахат ағаның өтінішімен, сіздің қолдауыңызбен менің де халыққа кең тарап, жұрттың жүрегін жылытқан «Сағыныш екен бала кез» әнім сол студияда жазылды.
Сөйтіп, Қазақ радиосы өнердің нағыз ордасына айналған. Радио үйінің астыңғы қабатында концерттік студиядан естілген оркестр әуені күні бойы есіп тұрады.
…Жадыраған жаз айының жайма-шуақ кештерінде концерттік студиядан шыққан Венера Кармысова, Алакөлдің ақ сазанындай әдемі, күлкісі Алатаудың ақ бұлағындай сыңғырлағап, нағыз күміс көмей әнші Зейнеп Қойшыбаева, кең тынысты Люция Төлешова, ұйғыр қызы Гүлвира Разиева сынды көздің жауын алардай қызылды-жасыл боп сол кездің сәні балтырын көрсете қысқа етекпен киінген әнші келіншектер қаздай тізіліп, мамырлай басып Бейбітшілік көшесінің бойымен Абай даңғылына қарай түсіп бара жатады. Олардың соңынан қос құрбы Бибінұр Қайрақбаева мен Шәмшия Тайырова бастаған радионың сылқым қыз-келіншектері ілеседі. Бұл өзі көз қимайтындай ғажап бір көрініс болатын. Солардың арасында өмірі жан адамға «әй» деп дауыс көтеріп көрмеген биязы мінезіңізге тұрған тұрыс, жүрген жүріс, жымия күлген күлкіңіздің өзі бек жарасып тұрған нағыз «интеллигент», зиялы қалпыңызда сіз жүресіз сып-сыпайы болып. Ескендір екеуіңіздің қасында бұйра шашым дудырап мен де жүремін өзімше болып.
Айтпақшы, сол Зейнеп екеуіміз консерваторияны бірге бітіргенбіз. Сіздің әншілігіңіз дегенде ол «па, шіркін, екі Нұрғали енді туар ма екен» деп ішкен асын жерге қоятын. Қазақтың қайран Зейнебі-ай десеңізші!
Зейнеп дегеннен есіме түсіп отыр, 1980 жылы болуы керек, сіздің ұйымдастыруыңызбен өзіңіз және Зейнеп, биші Ғалия Тоқтарбаева мен күйші Рахым Тәжібаев – бесеуіміз Қазақ радиосының квартетімен бір ай бойы Сарыарқаның Жезқазғаннан бастап Қарағанды мен Семейді қосып үш бірдей облысын өнер сапарымен аралап шықтық. Сіз дегенде айналайын халықтың ықыласы бөлек қой, көке. Халық әндерінен бастап Нұрғиса мен Шәмші, Әсет сынды қазақ композиторларының әсем туындыларын асықпай, абдырамай, әр әнді өз бабымен жан дүниені балбырата шырқағанда халық шіркін сахнадан жібермей, қайта-қайта қол соғып, керемет қошемет көрсетер еді. Сізбен бірге ел аралаған сол кездер өмірімнің ең бақытты шақтары екенін енді біліп жүрмін.
Сол сапарда бес жасар қызым Қорланды өзіммен бірге ала жүргенмін. Өзінде қыз жоқ, тек екі ұлы ғана болған соң Зейнеп Қорланды қатты еркелетіп, түнде қойнына алып жататын. Кешкі концерттен кейін халықтың құрметі банкетпен жалғасатыны белгілі ғой. Қазақтың күн сайынғы осы кең пейілі мен мол дастарханына періште жүрек сәбидің сеніп кеткені соншалық, бірде әлдебір жағдаймен банкет болмай қалғанда кешкі астың үстінде қызым Қорлан жан-жағына бір қарап алып, таңдайы тақылдап «бүгін не, банкет болмай ма, сонда?», – деп бәрімізді бір күлдіргені бар.
Қазақ радиосындағы сол шуақты күндеріміз жетпісінші жылдардың ортасынан бастап Құрманғазы атындағы халық аспаптарының академиялық оркестрінде жалғасты. Сіз онда жетекші жеке әнші болдыңыз. Мұнда да екеуміз ағалы-інілі адамдардай қол ұстасып қатар жүрдік. Елге танымал әншілер Майя Әбдірахманова мен Жұмағаным Рахимова да сол оркестрімен ән салды. Осы қасиетті ұжыммен ол кезде жарты әлемді жалғыз өзі тіреп тұрған Кеңестер Одағының барлық ұлттық республикаларымен қоса социалистік шет елдер көрермендерін қазақ дейтін халықтың інжу-маржандарымен айызын қандыра мейлінше сусындаттық десем, қателеспеймін.
Ал Құрманғазы оркестрінің Қазақстанда облыс орталықтары мен ірі қалаларын былай қойғанда, табаны тимеген ауық-аймақ, елді мекендері, сірә, болмаған шығар. Бірде Ақтауға барып, Еуразияның ырыс қазаны болған қарт Каспийдің төсінде ақ кемемен жүзіп ән салғанымыз есіңізде ме, көке. Көк теңіз бен ақ көбік асау толқын, әсіресе, мұндайды бұрын көрмеген өнер адамын ерекше толқытып, шалқарының өзі жаныңа ерекше шабыт сыйлайды екен.
Қайсыбірін айтайын, осы жуырда сіз екеуіміз тағы бір жолығып, Қабанбай мен Панфилов көшесінің қиылысында тұрған Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына келе жатқанбыз. Кенет кешегі жауыннан кейін ағаш басында «мені көрдің бе» дегендей қып-қызыл болып ерекше мөлдірей қалған көп жеміс көзіме оттай басылды. Аңғал басым абайсызда: «Ой, мынау боярышник қой!», – деп қол соза бергенім сол еді, сіз мені тоқтатып:
– Бауырым, – дедіңіз нығырлай сөйлеп, – бұл жемісті қазақ атам долана деп атаған. Кезінде Дінмұхамед Ахметұлының арнайы тапсырмасымен осы жеміс ағаш Алматы қаласының біраз көшелерінің бойына әдейі отырғызылған. Қазір менің ауылымда бұдан он жыл бұрынғы Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлынан сұрап алған он гектар саябағым бар. Онда мың жарым түп сая теректермен қоса 600 түп сан алуан жеміс ағаштары мәуелеп өсіп тұр. Солардың арасында осы долана да бар. Жарықтық, бұл жеміс менің ауылымды ежелден жерсініп кеткен. Сондықтан біздің ауыл «Доланалы» деп аталған, ұмытып қалдың ба? Ана бір жылы өзің де барып едің ғой, – дедіңіз.
«Ұялған тек тұрмас» дегеннің кебімен»:
– «Иә, Күреңбел ғой, бардым ғой, барғанда қандай! Отбасымызбен барып, аунап-қунап он күн қонақтап қайттық қой», – деп жылпылдатып жатырмын.
Көке, Күреңбелді, сіздің Доланалы деп аталған ауылыңызды, өзі қолынан дәм татқан шүйкедей ғана, аппақ, айналайын анаңызды қала берді сіздің тәбетімізді еріксіз тарттырып, еттің өзін қазақы қиялап, әдемі турайтын ерекше өнеріңізге дейін қалай ұмытайын?!
Күреңбелдің өзі де кейде менің Ұлытауымның бөктеріндегі көк белестерге ұқсайтын, биік жоталы жер. Екеуіміз де табиғат дейтін ананың осы алақанында өстік. Өнер, дауыс деген аяулы құдірет Тәңірдің өзі есіркеп екеуімізге де осы туған жердің топырағынан дарытқан. Біздің жүріс-тұрысымыз бен бар болмысымыз да, өмірге көзқарасымыз бен биязы мінезіміз де қоянның көжегіндей бір-бірімізден айнымай қалғандай ұқсас болып көрінеді маған. Сіз әңгімені көбіне ақырын ғана «менің әкем айтатын еді» деп бастайсыз. Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл бойы қой бағып жүргенде: «Күн бұзылатын түрі бар», – десем, әкем: «Күн қайтер дейсің, ашылар, адам бұзылмасын де, балам», – деп айтатын еді дегенсіз бірде. Сіздің сол баяғыдан бұзылмаған қалпыңызда сексенге сергек жеткен осы күніңіздің бәрін де сол әкенің сөзі, ананың ақ сүті, Күреңбелдің сабырлы көркем кейпі жатқаны сөзсіз. Жасай беріңіз! Күреңбел менің есімде, көке…
Жұмат Әмзеұлы Махамбет,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық
Өнер академиясының профессоры,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.