БІЛІМ ДЕПОЗИТІ ҰСЫНҒАН ЖАҢАЛЫҚ
16.12.2016
1906
0

жарқын болашақтың кепілі

Тәуелсіздік алғанымыздың 25 жылдық мерекесі, одан ары қарай Жаңа жыл мерекесі тойланбақшы. Балалар үшін бұл атаулы мерекеде көптеген тосынсыйлар жасауға болады. Алайда, сыйлықтың ең үлкені – баланың болашағы үшін жасалған сыйлық болса керек. Мемлекеттік білім жинақтау жүйесі арқылы бала болашағы үшін ақша салымын салған жан, балаға үлкен сый жасап қана қоймай, оның болашақта лайықты білім алуына жағдай да жасаған болып есептелмей ме? Білім депозитін 2016 жылдың 31 желтоқ­санына дейін ашсаңыз, 2018 жылдың қаңтарында Банктің негізгі сыйақы мөлшерлемесіне қоса, 5%-7% көлемінде алғашқы жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақыны да қоса аласыз…

Иә, бәсекеге қабілетті ұлт – білімді ұлт. Заманына сай білім алу, кәсіп меңгеру қай кезде де өзекті болған. «Өмір бойы білім алу» – замана көшіне ілесу, яғни бүгінгі күннің басты талабы. Сол үшін де адами капиталға, тиі­сінше, білім алуға бөлінетін ин­вес­тицияның экономика мен қоғам үшін қайтарымы зор болатыны біз айтпасақ та белгілі жайт. Өз  азаматтарының лайық­ты білім алуы үшін бөлінетін ин­вес­тиция – кез келген мем­ле­кет­тің білім реформасында қа­рас­тырылған. Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты да сол – білім беру жүйесін заманауи әлеумет­тік-экономи­ка­лық ортаға бейім­деу. Яғни бола­шақтың табысты бол­уы-болмауы халықтың ла­йық­ты білім алуына, кәсіби бі­лік­ті дағдыларын игер­уіне тәуел­ді.
Сондықтан да халыққа білім беруді экономикадағы әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын шы­ғын­дар ретінде ғана емес, тиім­ді инвестициялар ретінде тү­сінген абзал. Білім беру мен эко­номикалық өрлеуді байланыс­тыратын дәлелдер жеткілікті. Лайықты  білім  алу экономика­лық пайдадан бөлек, басқа да әлеумет­тік жетістіктерге жеткі­зеді. Әлеу­мет­тік капиталдың – азамат­тар­дың көп үлесінің қаты­суы­мен құралған, әлеуметтік бірлігі мен интеграциясы жоғары, құқық бұзу­шылық деңгейі төмен қоғам­ның қалыптасуына ықпал етеді. Жастайынан білім алу әлеумет­тік, эмоционалдық және басқа да өмірге қажетті дағды­ларды қа­лып­тастыруда маңызды рольге ие. Сол үшін де Қазақ­станның білім беру саласын жетілдіру: білім беруге салынатын инвестицияны айтарлықтай және тұрақты ұлғайту, оның сапасын жақсарту қажет.
Мемлекет бұл тарапынан Қа­зақ­станның кез келген азаматы лайықты білім алуы үшін бірқа­тар жеңілдіктер мен жағдайлар жасаған. Жыл сайын мектеп бі­ті­ре­тін талапкерлерге бөлінетін мемлекеттік білім гранты – со­ның бір айқын дәлелі. Алайда, мемлекеттік білім грантынан өз­ге де, лайықты білім алу үшін мем­­ле­кет тарапынан жасалынып отыр­ған қамқорлықтар жетерлік. Соның бірі – Мемлекеттік білім жинақтау жүйесі.
Енді айта кететін бір жайт, біздің елде студенттердің 75%-ы ақылы оқиды. Ақылы оқуды – бүгінгі таңда кез келгеннің қал­та­сы көтере бермейтіні анық. Сол үшін де Қазақстандағы ең мәр­тебелі оқу орнында оқи алуы үшін әрбір болашақ студент  керек қаражатты бүгінгі күннен жи­най бастағаны дұрыс. Қазақ­стан азаматтарының лайықты білім алуы үшін 2013 жылдың қаңтар айында «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданып, осы Заң­ның аясында Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Қар­жы орталығы» акционерлік қоғамы қызу жұмыс істеп жатыр. «Мемлекеттік білім беру жинақ­тау жүйесі» қазақстандықтарға ақылы жоғары білім алу қара­жа­тын 30-70 пайызға дейін үнем­деу­ге мүмкіндік береді. Білім беру жинақтау салымының басқа депозиттерден ерекшелігі – оның қаржылық түсімінің жоғарылы­ғын­да. Ол жыл сайын 19-21 пайызды құрайды. Жинақтау салы­мы­ның бірегейлігі – мұнда жыл сайынғы банк сыйақысы  14 пайызды құраса, 5-7 пайызға дейінгі сый­лықақы мемлекет тарапынан  үстемеленеді. Мемлекет тарапынан белгіленген жыл сайынғы
5 пайыз сыйлықақы еліміздің бар­лық санаттағы азаматтары үшін, ал 7 пайыздық сыйлықақы жетім балалар, ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған  балалар, оның ішінде кәмелет жасқа толған балалар (23 жасқа дейін), мүгедек­тер, төрт немесе одан да көпба­ла­лы отбасыдан шыққан балалар мен аз қамтылған отбасыдан шық­қан балаларға ар­налған. Ерек­ше  атап өтер жайт, бұл жи­нақ­тау салымы тек білім алу мақ­сатына ғана ашылады.
Мемлекеттік білім жинақтау жүйесінің мақсаты – Қазақстан Республикасының азаматтарына кәсіби-техникалық, жоғары, екінші жоғары білім алуы үшін мемлекет сыйлықақысы мен банк сыйақысы қосымша бөліне­тін ақша салымын жинауға мүм­к­індік беру.
«Қаржы орталығы» АҚ тарапынан қатысушы-банктер са­ны­ның артуы үшін белсенді жұ­мыс­тар атқарылып келеді. Бүгінгі таң­да жинақтау жүйесінде «Қа­зақ­стан халық банкі» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Нұрбанк» АҚ қатысушы банктері бар.
2016 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша 15 910 жинақ­тау­шы 7,8  млрд. теңге салым сал­­ған. 2015 жылдың ақпан айын­­­да мемлекеттің алғашқы сый­­лықақысы 4,7 млн. теңге көлемінде, ал 2016 жылы 325,6 млн. теңге көлімінде төленді. Бі­лім алушының мәртебесін, білім беру қызметін төлеу және есептеу бағытында «Қаржы орталығы» АҚ  осы уақыт аралығында ЖОО-лармен 103 келісім, колледждермен 495 келісім жасасқан.
Қазіргі таңда Қазақстандағы оқу орындарында МБЖЖ аясында келісім жасасқан 214 салымшы білім алуда.
МБЖЖ қызметін жандандыра түсу үшін 2015 жылы «Бөбек» қоры мен ҚР БҒМ арасында мақсатты қайырымдылық көмек көрсету туралы келісімшарт жа­салып, балалар үйінінің 7 770 тәрбиеленушісі үшін салым ашылған болатын.
Одан бөлек, 2015 жылы «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп ата-ананың қамқорлығынан айрыл­ған жетім балалар  мен асыраушы қолындағы 2 077 балаға арнап  салым ашылды.
Және де ҚР БҒМ Балалар құ­қы­ғын қорғау комитетімен бір­лес­кен  «Өзіңнен баста!» қайы­рымдылық акциясын ҚР Пар­­ла­­менті корпусы, мемлекеттік органдар, бизнес-қауымдастық қайраткерлері және Василий Левит, Серік Сәпиев сияқты атақты спортшылар қолдады.
2016 жылдан «Қаржы орта­лығы» АҚ Қазақстан халық Ассамблеясымен бірге Мемлекеттік білім жинақтау жүйесін насихаттау және халық арасында кеңінен тарату бойынша жұмысын бастап кетті.
Жалпы, білім беруді жетілдіру – бүгінгі таңда адами капиталдың арттыруын ғана есепке алмайды, сонымен қатар, білім алушының бойына мораль және адам­гер­ші­лік нормаларын, ұлтаралық келі­сім мен төзімділікті, физикалық және рухани дамуды, заңды құрметтеуді қалыптастырады.
Осыған байланысты Қазақ­стан Республикасының Прези­ден­ті тарапынан жаңа ұлттық идея  ұсынылады, оған сәйкес 2020 жылға қарай Қазақстан – білімді мемлекет, ақылмен құ­рыл­ған экономика және білік­тілігі жоғары  жұмыс күші бол­мақ. Яғни білім берудің дамуы елі­міздің болашақ экономи­ка­лық, саяси және әлеуметтік-мәдени өркендеуіне сүйенетін тұғыр­намасы. Бұл орайда лайық­ты бі­лім алуға жағдай жасауды осы күннен қолға алған дұрыс.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір