ТҰРАҚТЫ ЖӘНЕ КӨПШІЛ ҚОҒАМДЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ?
Ғалым ЖҮСІПБЕК,
АҚШ, Вашингтон «Қайта Ойлау» институтының сарапшысы
– 25 жыл ішінде сөзсіз көптеген өзгерістер болды. Толыққанды ұлт ретінде қалыптасу үшін, әрине, тәуелсіз болу шарт, сонымен қатар сыртқы дүниеге ашық болу, еркіндік пен бостандық керек (екеуі де тәуелсіз мемлекет болып саналатын және бір ұлт өкілдері ғана мекендейтін Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяны салыстырып көріңіз). Бастысы, біз қапастан құтылып, шетелдермен ашық байланысқа қол жеткіздік. Қоғамдық сананы өзгерту оңай шаруа емес екені анық. Сол себептен саяси басшылықтың эволюциялық жолды таңдағаны да өте орынды болды. Қазірдің өзінде аймақтық, тіпті ғаламдық деңгейде жақсы үлгі болатындай қоғамымыздың кейбір өкілдері және топтары бар деп айтуға болады, бұл – тәуелсіздігіміздің ең үлкен жетістіктерінің көрінісі. Алайда, бүкіл адамзаттың ортақ дертіне айналып отырған дүние соңына түсу, сананың «ақшалануы» (монетизация сознания) бізде де байқалады. Бұнымен күресу үшін жаһандық адами құндылықтарды, соның қатарында заманауи этика қағидаттарын (оларды «пост- материалисттік» құндылықтар деп атауға болады) дамытуымыз өте маңызды деп ойлаймын.
Біз өзіміздегі тіл, дін, діл мәселелерін өзіндік контексте, яғни, Қазақстанның ондаған жылдар бойы болған озіндік ерекше жағдайларын назарға алып, қарастыруымыз қажет. Сондықтан, Латвиямен, Өзбекстанмен немесе Әзірбайжанмен тікелей салыстырмай, өзіндік сараптама жасауға тиіспіз.
Саясаттануда ең күрделі тақырыптардың бірі «тұрақты және көпшіл қоғамды қалай қалыптастырамыз?» деген сұрақ. Тіл, дін, діл мәселелерін өздерінше шешіп алған болып көрінген талай Азия, Африка (әсіресе Орта Шығыс пен Оңтүстік Азияда орналаскан) елдерінің қазіргі жағдайы өте аянышты. Ашығын айтқанда, олар: «дұрыс азамат осындай болады, қалғандары дұрыс емес, өзгенікі бізге керек емес» деген шаблондар шығарып қойған. Яғни, қайсыбір топ өзгелерді мойындамай, тіпті езгілеп, өзінше «дұрыс қоғам» орнатпақшы болған. Бұл жалпы алғанда, отаршылдықтан шыққан көптеген елдердің душар болған синдромы, саяси және әлеуметтік ауру десек те болады. Әсілі, бұл кешегі «өзіміз және бөтен», «дамыған немесе дамымаған» деген отаршы санасының (отаршылдық санасының) бүгінгі күнге ауысып келуі. Кейбір өзге ұлт өкілдерін төмен санау, тіпті адам құрлы көрмей, құлдыққа салып қою – нағыз кешегі отаршылдық сананың көрінісі. Сананың отаршылдықтан арылуы үшін түбегейлі гуманизациялану, яғни, адами құндылықтар мен әділдікті өмірге арқау ету қажет.
«Алдымен біздің дәуірімізде батылдық пен батырлық қандай болмақ?» деген сұраққа жауап беруге тырысайық. Меніңше, батылдық пен батырлық басқалармен тең дәрежеде бәсекелесе алатындай дәрежеге жету және сары уайымға салынбай, негативті сезімдерді тізгіндей білу, әрі мүмкін болғанша, әділ болу. Алайда, ұрандатып айқалау (баспасөз беттерінде болсын, ғаламторда болсын, көшеде болсын), басқалардың намысына тиіп, қоғамға іріткі салу, заң бұзу – оспадарлық пен әпенділік қана. Соғыста ойсырата жеңілген және пәлен жыл америкалықтардың әскери бақылауында болған жапондықтар, жасаған қателіктерін мойындай тұра (барлығы болмаса да) «құрбандық комплексіне» (комплекс жертвы) де ұшырамай, өздерін жеңген америкалықтардан технология алып, олармен бірге жұмыс істеді. Тіпті бәсекеге түсіп, әлемдік нарықта да, ғылымда да өздеріне лайықты орындарын алды. Оған, әрине, қажырлы еңбектің нәтижесінде жетті. Бұл жапондықтардың заманымызға сай батылдық пен батырлықтары деуге әбден болады. Сондай-ақ жуырда табиғи апат болған аймақтарда бір де бір тонаушылық оқиғаның болмауы, мыңдаған қаңырып қалған үйлерден еш нәрсенің жоғалмауы, керісінше беймәлім жапон азаматтарының зардап шеккен аймақ азаматтарына қаржылай көмек беріп кетуі – бұл елдегі әділдіктің айқын көрінісі еді. Менің ойымша, ұлттық рух, ұлттық мінез, ұлттық намыстың көріністері осындайда байқалмақ. Алайда, біздің кейбір ортада осынау қасиеттердің дамуын тежеп жатқан, тіпті одан сайын құртып жатқан біріншіден, «құрбандық комплексі» (комплекс жертвы), яғни, алға ұмтылу емес, керісінше кешегі күнге қайта-қайта үңіліп, өкпе ренішті үнемі еске алып, өткен күннің құрсауынан шыға алмау. Ғасырлар бойы нәсілшілдік жүйеде адам төзгісіз езгі көрген халықтың лидері Нельсон Мандела түрмеден шыққан соң: «Біздің өткен шақтан қалған өлшеусіз өкпе ренішіміз болса да, келешектен үмітіміз одан да зор» деп айтқан екен. Сөйтіп, сол елде қара нәсілді көпшілік Манделаның басқаруымен саяси платформа ретінде плюралистік, яғни, көпшіл қоғам орнатты. Келеңсіз жағдайлар халық арасында көптеп кездескенмен, мемлекеттік саясат, доктрина жүзінде демократиялық плюралистік мемлекет орнату тамыр жая бастады. Әлбетте Қазақстанды соғыста жеңілген Жапониямен де, апартеид езгісінен шыққан Оңтүстік Африка республикасымен салыстыруға мүлдем болмайды. Бәлкім, осынау оқыс мысалдарды қаперімізге алған жөн шығар.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.