Мансап және отбасы: үйлесімді тепе-теңдікті қалай сақтаймыз?
11.09.2023
381
0

Мансап пен үйдегі теңгерімді бұзбай сақтау оңай емес. Ересектердің көпшілігі жұмыстың  үй өміріне немесе  керісінше отбасындағы жағдайдың жұмысына әсер етіп жатқанын мойындайды.  Екеуін қатар алып жүруге  қандай дағды немесе мінез керек? Осы сауалдың жауабын табу үшін  Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында семинар-тренинг өтті.  «Мансап және отбасы: тепе-теңдікті қалай сақтау керек?» деген тақырыппен өткен бір апталық біліктілікті арттыру семинарына бірнеше аудан мен  басқармалардан келген мемлекеттік қызметшілер қатысты.  Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен өткен оқытудың қорытынды күніне «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері  қатысып, мемлекеттік қызметшілердің рухани дамуына сүбелі үлестерін қосты. 

 

Семинарды академияның филиал директоры Әйгерім Абилова ашып, отбасы мен мансап арасындағы үйлесімді тепе-теңдікті сақтау қоғамдағы маңызды мәселе болып отырғандығын жеткізді. Бұл әсіресе көп уақытын жұмысқа арнайтын мемлекеттік қызметшілерге тікелей қатысы бар болғандықтан осындай семинар ұйымдастырып және бірлестіктің  арнайы мамандарын шақырып отырғандығын айта кетті. Сөз кезегін алған бірлестік өкілі Меруерт Мәулетқызы  ұйымның басты мақсатын, ағартушылық жолын, аналитикалық сауалдар арқылы жүргізген әлеуметтік зерттеулерін слайд арқылы түсіндіріп берді.

  • Үш жылдан астам нәтижелі еңбек етіп келе жатқан бірлестік ата-аналардың саналы алаңын құра білді. Оған дәлел ретінде айтайын, өткен жылмен салыстырғанда биылғы алты айдың ішінде ата-аналардың жиналысқа келуі 37 пайызға артқан. Ал әкелердің бала өміріне, тәрбиесіне атсалысуы 45-48 пайызға көтерілген. Бұл дегеніміз, ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігінің артқандығын байқатады, — деген бірлестік өкілі үш жыл қатарынан өткізілген ата-аналар тамыз форумының биылғы нәтижесін, онда көтерілген мәселелер төңірегінде жұмыстарды саралады.

         Семинар тақырыбына орай сөз алған і спикер —  жетістікке жеткен кәсіпкер, бірлестіктің сараптама кеңесінің мүшесі Назира Жұматайқызы өмірлік кейсімен бөлісіп, кәсібін қалай бастағанын, кездескен қиындықтарын, отбасына тигізген залалын әңгімеледі. Қиындықтарды жеңе отырып  жұмыс пен үй арасындағы тепе-теңдік өнімділікті арттыруға және қажуды азайтуға көмектесетіндігін түсінгенін айтты. Қандай да бір жетістікке жету үшін отбасының татулығына кедергісін келтірмейтіндей мұқият жоспар болу керектігін түсіндірді.

         Ал екінші спикер бірлестіктің психологы, коуч-тренер Айгүл Исламбекқызы  қатысушылармен тренинг өткізді. Сұрақтар қоя отырып, қызметтегі көшбасшылықтың отбасына әсері, психологиялық нормаларға сәйкес арақатынас мәдениетін қалыптастыру, отбасылық саясаттың өзекті тұсы жайлы қатысушылардың ойын біліп, соған орай қорытынды шығарды. Кері байланыс кезінде тыңдаушылар қызмет пен отбасын қатар алып жүрудің оңтайлы жолын сұрап,  өздері де ойларын айтты.

         Қорытындысында сөз алған филиал директоры Мұхит Бекжанұлы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, «Сенімен болашақ» — Қазақстанның  рухани саулығын сақтайтын иммунитетке айналады деген тегеурінді түйінмен аяқтады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір