Әдебиет жолы – әділет, әділет сөзі – еркіндік
16.12.2016
2194
0

Бағашар Тұрсынбайұлы


Әдебиет – Тәуелсіздік.
Батыры батыр қалпында, ақыны ақын қалпында ғұмыр кешкен қазақтың байырғы өмірін, көне тұрмысын, татуласқанынан жауласқан кезі көп, мәмілеге келгенінен дауласқаны мол жылдарын ең әуелі әдебиеттен оқып білгендейміз. «Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» алақұйын замана­лардың бейнесі жылнамадай әдебиет парақтарына сұлу сөзбен кестеленіпті. Уақыт алға озған сайын кейінгіге жеткен ықылым тіршілік сұрықсыз келбетінен ажырап, көркем жететініне таңғаласың. Жаз жайлауын, қыс қыстауын мекендеген бұрынғы қазақ ауылын елестетіп тұрып, «жарты қап қиын қимай берген бәйбішенің» сол бір сараң әрекеті де қазақы бір мінездің көрінісі шығар деп ойлайсың.
Қазақ қазақ болғалы, қазаққа сөз қонғалы Тағдыр-Ие маңдайына жазған небір сұрапыл, қан кешкен күндері мен үрейлі түндері, бөрілі байрағы желбіреп, айы оңынан, күні солынан туған бақытты сәттері де өлеңіне өзек, әңгімесіне арқау болыпты. «Сүрінгенде де күй туған, «ақтабан шұбырындыдан да сөз қалған…» дер еді мұндайда қазақ жазушысы. Тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа қалдырып, алға ұмтылар сәтте де өткенге бір көз қадайсың. Алдың сөзіңнің іске айналғанын тілесе, соңың ісіңнің сөзге айналғанын алдыңа тартады. Сонда сөзіңе үңілесің.

1986 жылы Жұбан Молда­ға­лиев­­тің Колбинның алдында: «мұндайды көргенімше, соғыста өлгенім артық еді» деген сөзін бү­гін батылдыққа түк қатысы жоқ сөз сияқты енжар қараймыз. Бей­біт заманда соғыстың зұлматын, ауыр тұрмысын, репрессия уа­ғында батыл сөйлеудің не екенін сөз жүзінде ғана сезгендей бол­ға­нымызбен, сезіне алмайды екен­біз. Ал соғыс көргендер, қуғын кешкендер тыныштық пен сөздің қадірін терең түсінетіндей кө­рінеді. Әдетте батырлық дегенде, алып денелі, көзсіз жауынгер ел­естетеміз. Бірақ ол да сәуледен жарық, жаннан нәзік дүние екенін көп аңғармайтындаймыз. Василь Быков повестеріндегі орман ішін­дегі шағын ауыл тұрғындарының бойындағы ерлік пен сатқындық, партизан жауынгерлердің тілеп алмаған тағдыр-талайлары сіз бен біз күткен пафосқа толы батырлық өрнегі емес. Адам бойында ізгі қасиеттер мен кісі кейір мінезді соғыс та өзгерте алмайды.
«…Соғыста өлгенім артық еді» деген  ақын сөзі ешбір жасан­ды­лық­­сыз, зор қайғымен айтыл­ға­нына шүбә келтіру обал-ақ. Қазақ күт­кен тәуелсіздік ақынының өлеңі­мен, жазушысының қара сөзімен келгенін бәрінен бұрын қаламгер қауым түсінуі керек. Бұл қай ке­зең­де де, қай елде де солай болған құбылыс.
Патшалық саясатқа қарсы, шар­уаларды қолдап, орыс халқы­ның мұңын декабристер айдынға алып шықса, поляктардың бағы үшін жер аударылған Мицкеевич сияқты ақындары күш жұмсады. Латын Америкасының елдері испандардың отарлауына алдымен әдебиетімен қарсы шыққан. Венесуэла ақыны Пьетри әде­биет­ті «күрес қаруы» деп сондықтан айт­қан болар. Жыраулар поэзия­сын­дағы асыл мұраттар мен көксе­ген тыныштық, Махамбет өлең­де­­ріндегі арман арыз, мұң тілек, зар заман ақындарының шығар­ма­ларындағы  көмейіне  өксік ты­ғылған запыран сөз, жиырмасыншы ғасыр басындағы ар­­­дақ­­ты­ларымыздың    жанталасқа толы жырлары мен сөздері – бәрі-бәрі халықты жарыққа жетелеген ақеділ күш, жамандыққа қайрат қылған, қараңғыда жарық болған шырақ еді.
Әдебиет – тарих.
Мұхтар  Әуезовтің «Көксерегі» мен «Қараш-қараш оқиғасы» шығармаларының  өзегі  бостан­дық болды. Көксерек те бостан­дықты қалады. Бақтығұлдың қылмысқа баруы да бостандық үшін деп тү­сін­діретін ұстаздары­мыз. Гер­ме­невтикалық талдаудың кенжелеп қалғанын осындайда ойлайсың. Әйтпесе түп төркінін қопара әке­ліп, алдыңа жайып салғанда қазақ жазушыларының қай кезде де құл­дықтан босауды естен шы­ғар­мағанына әбден көз жеткізер едік. Социалистік реализм тек қана фор­мация өзгерген­нен кейін пайда болған ағым ре­тінде қалып қой­ған жоқ. Рас, мемлекеттің сө­зін, саясатын наси­хаттауға арна­ға­нымен қазақ жазушылары оны рух көтерудің құра­лына айнал­дыр­ды. Қазақ әде­­биетіндегі ро­ман­дардың көлем­ді болуы тек оқиғаның мол­дығынан, кейіпкер­дің көптігінен емес еді. Ең алдымен кейіпкерінің кесек бітімінен, бай образынан, көп қырлы міне­зінен туған құ­былыс еді. Құбылыс бол­ған­нан кейін де кейінгіге сөзі жетті, заманына сөзі өтті. Тахауи Ахтанов­тың «Боран»  романындағы Қос­пан тағдыры тек шабандардың басындағы ахуал еді деп кім айта алады? Өзіне жұмыс беріп отырған адамға қарсы шыққан әрекетімен Қоспан адамға құл болып бақытта жету, адамдықтың не екенін шын ұғыну мүмкін емес екенін дәлелде­ген жоқ па?! Әбіш Кекілбаевтың мәңгүрт тақырыбына баруы адам баласының хайуандық сипатын ашуға деген талпыныс қана емес еді ғой. Әбіш те мұнда біреудің бостандығына қол сұғудың, санасын иемденудің қайда апарарын ашып жазды. (Жазушы өзі айтқан­дай, Шыңғыс Айтматов тек ары қарай дамытты. Қайта-қайта бұл тақырыпты қырғыз жазушысы көшіріп алды  деу  дұрыс емес). Де­мек, Әбіш те бостандықтың жырын айтты, құлдықтың зарын жаз­ды.
Біздің  жазушылардың  тарихқа баруының бір себебі де сол рухты ояту еді. Ілияс Есенберлиннің шы­ғармаларына көркемдік тұрғы­дан көп сын айтылғанымен, Марио Варгас Льосаның Латын Америкасында 1816 жылы жазылған мексикалық жазушының романын айтып тұрып: «оның бар ар­тық­шылығы алғашқы болған­ды­ғы» деген сөзін де еске алғанымыз жөн. Мәселе кейінгіге мықты то­пырақ бола алуда. Ілияс Есенберлин өзінен кейін тарих тақы­ры­бына қалам тартқан көп жа­зу­­­шыларға есікті айқара ашып берді. Әбіш қаламынан туған тарихи романдар, Мұхтар Мағауи­н­ның «Аласапыраны» сияқты үлкен шығармалар енді көркемдік жағынан да өсіп, барынша әде­биет­тің талабына жауап беруге тырысқан еді. (Кейінгі жазылған тарихи романдар туралы пікірі­міз­ді қайталаудың керегі жоқ шығар). Біз (оқырмандар!) енді қандай шығармаға болса да көркемдік талаппен, дұрыс тал­ғам­мен қарауды үйрендік. (Талға­мын­да кінәрат бар адамдарға «Бейім­беттің шығармалары да, Мырқымбайдың шығармалары да бір пәс» деген мағынада айтылған сыншының сөзіне сәт сайын иланып келеміз).
Ақынды әулие, жазушыны абыз жасаудың қажеті жоқ шығар. Бірақ ұлттың тағдырын өз тағды­рын­дай, халықтың мұңын өз мұ­ңындай көретін қаламгерлік болмысты бүркей алмаймыз.
«Елі үшін түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған» баһадүрлерінің ерлік дастанын жырға құндақтаған Иоллығ бабамыздың кәусар сөзі­нен бастап, неше мың жылдардан бері ұлттың сөзін сөйлеп келген жырау, би, шешен, ақын, жазушы перзенттерінің шығарма­ларынан қазақ халқы өз бейнесін таныды. Мұндайда уақыт пен кеңістіктің шекарасы бұзылып, арғы-бергі қилы замандардың зобалаң жылдары салған кәрі әжімдері де анық көрініп, тұтас бір Уақыт салған портрет екенін аңғарасың. Сол портреттегі қазақ бейнесі ғалым­дар құпиясын аша алмай келе жатқан Да Винчидің әйгілі Мона Лизасынан да құпиясы мол, сыры жанарында ғана емес, әр әжімінің қатпарында, әр шашының ағында, танауының үстінде, иегінің астында, құлағы мен қасында, тұла бойында екенін бір құдіретпен сезесің. Ал суретте қазақтың қаны бүлкілдейді. Жүрегі соғады. Оған үңілген сайын өткенге бойлап, өз қазағын өзі сатқан жексұрын­дықты, өз әкесін отқа байлап бер­ген кесапат мінезін көресің. «Жау» болғаннан кейін жақынына жоламай кеткен жатбауырды танисың, қолында болса да қия алмаған дүниеқоңыз туысты байқайсың. Өзіне-өзі жақсылық істей алмай, өзін жарылқай алмағаннан кейін несіне қазақпыз деп кеуде кересің дейтіндей.
Сөйтсе де, бар жаман мінезін жиып алған, соны ғана көрген санаңа сәулесін түсіріп, жеткен жетістік пен жеңісті алдыңа жайып, тағы тәубаңа түсіреді. Бұл қазақ көрмеген қиындық, шекпеген азап, сонымен қоса, бай­рағы көкте желбіреген мерейлі сәттері де аз емес екен. Батырлар жырын­дағы пафосқа толы ерлік пен алапат күш тек халықтың қия­лында ғана емес, өмірде бол­ған, оны қазақ көзімен көрген кәдімгі жәйттар екеніне сенесің. Осы сезімнің бәрін саған расымен сөз сыйлайды. Манас жыры айтатындай: «Шежіреден ұққан сөз, өсіп-өрбіп шыққан сөз; кәрілерден алған сөз, халық аузында қалған сөз; аңыздарға толған сөз, ат кө­термес болған сөз; азғындарға жуымай, азаматқа қонған сөз…».
Жазушылықтың сыры – көп. Еркіндіктің сыйы – мол. Біреуге үстемдік ету –тәкаппарлыққа, тәкаппарлық – езгіге әкелуі үмкін. Қаламгер  болмысы алдымен осыған қарсы. Әрқайсысы «өмірді, шын­дықты жазамын» деп ойлайтын қаламгер қауымның алдымен ізде­ген құндылықтары не болды десе: «Халқының бостандығы» деп еш қиналмай айтылар сөз осы. Тобық  Жармағамбетовтың «Ота­ма­­лысындағы» ақ түтек боранда аяқ астынан жер іздеген кейіп­кері, Дидахмет Әшімхан­ұлының «Жер аңсаған сары атанында­ғы» туған жеріне аңсары ауған бейбақ бір кездері – қазақ болды емес пе? Енді қарасаңыз, сол тілеу­дің бәрі орындалып, «өзіңнің ақылың мен еңбе­гіңе сенер» уақыт орнапты.
«Би болмасаң да, би түсетін үй бол» деген қазақ мақалы әрқандай ойға жетелейді. Жазушы болмасаң да… Әлде жазушы болсаң да… – кейінгі ұрпақтың кәдесіне жарар перзент бол. Адамдық жолында ар сақтағанның зая болғанын естіген жоқпыз. Ұлты үшін жанын қиған­ның ерлігі ұмыт болып па?! Тұр­сынбек Кәкішевтің Брест қамалын қорғаған жүздеген қазақ жауын­гер­лерінің атын сондағы архивтен неше жылдан кейін тауып алған­дығын ойлағанда, мына Әлемнің әділет үшін жаралғанын түсінесің. Адам зәузаты да әділет үшін туған. Қиянатқа жол жоқ. Астаң-кестеңі шығып, күлі көкке ұшқан бейбіт қаланың тұрғындарының көз жасы да бекерге кетпес. Еліміздегі тыныштықтың қадірін сезіне алсақ, ол да өз берекесімен енші­мізге бұйырар.
Әділеті сол, қаламгерлердің неше ұрпағы алмасып, бәрінің аузынан ұлттың тілеуін тілеген, адамгершіліктің құнын бағалаған сөз шыққанда, өткен ғасырдың сұрқай уақытында жаны елі үшін қиылып кете барғанда – бәрі б­ү­гінгі азат елдің бағына көрініпті.
«Әуелде сөз болған» дейтін тәмсілді көп айтамыз. Ақыры да сөз болады. Тек сол сөзіміз жүрек­тен шыққан, әділ, ақ сөз болсын деп тілейсің.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір