«Қарақуыс» романындағы «еркіндік» архетипі
24.11.2023
2395
0

Қазіргі алмағайып заман мен заман адамының келбетін шынайы таныта алар қасиет нағыз өнер туындысына тән екені белгілі. Сондай өнердің бірі де бірегейі жазушылық өнер деуге болады.

 Зерттеушілердің айтуынша, жазушылық өнерді үйренуге болмайды. Өйткені нағыз өнер табиғи дарыннан туады. Соның бір айғағы, ұлттық әдебиетімізде І.Есенберлин, З. Шашкин, Ғ. Мұстафин, әлем әдебиетінде Ф. Достоевский, А.Чехов, Ф.Кафка, Дж.Лондон, Л.Кэролл сияқты тұлғалардың кәсіби мамандықтары математик, дәрігер, инженер, тағы басқа болғанмен, жазушылық өнерге бет бұрғандығы туабітті қасиеттің нышаны болса керек.
«Қарақуыс» романының авторы Заман Төлеуовтің де ұзақ жылдар сауда, медицина саласында қызмет еткенін, спорт түрлерімен, мүсін, сурет, музыка өнерімен де әуестенгенін, алайда жас шағында жазушылық өнерін танытуға қанша ұмтылғанымен тағдыры таршылық еткенін аяулы жары Гүлмира Ажиханованың жазушы дүниеден өткеннен кейін жазған өкініш, зарға толы жоқтау мақалаларынан («Мәдениет порталынан» т.б.) оқып білген едік. Дегенмен, Заман Төлеуовтің шығармашылық өмірбаянына көз салсақ, әдебиет әлеміне егде тартқан шағында танымал болған жазушының өзі туып-өскен Алакөл ауданында әдебиет, мәдениет ісіне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқанын білеміз. Заман Төлеуов өзіне бұйырған шақтаулы өмірінде өз бетінше әдебиеттен, өмірден оқып-тоқығаны аздай, заманауи талапқа сай әдеби білім алады, тіпті шет тілін де үйренеді. Бұл да оның әдебиет ісіне деген жанкештілігі болса керек. Заман Төлеуовтің шығармалары облыстық, республикалық әдеби жүлделерді, ал біз сөз еткелі отырған «Қарақуыс» романы 2020 жылы Лондонда өткен «Алтын қалам-2020» халықаралық әдеби конкурсында «Үздік роман» номинациясы бойынша Бас жүлде иеленеді. Жазушы Заман Төлеуовтің «Қарақуыс» романының көркемдік-эстетикалық құндылығы да кейіпкер тағдыры арқылы бүгінгі қазақ қоғамының шындығын көркем бейнелеп, көрсетуінде болса керек.
Қазақ прозасында ауыл өмірінің қай кезеңі де кеңінен бейнеленгені мәлім. Ауыл прозасы дәстүр мен жаңашылдық ауқымында қуатты дамып, кең өріс тапты. Сонау Ж. Аймауытов, Б. Майлиндердің туындыларынан күні бүгінгі дерлік О.Бөкей, Д.Исабеков, Ө.Кәріпов, С.Асылбеков, Н.Дәутаевтардың ауыл прозасына дейін тартар болсақ, бәрінен кең даланы, тау тасты, өзен-көлді мекен еткен ауылдықтардың тіршілігінің тірегі мал екенін, тіпті компьютер заманында да ауыл адамы «жаным – малымның садағасы» деп отырғанын З.Төлеуовтің «Қарақуыс» романынан да көреміз. Дегенмен, сол ауылдың кешесі қандай еді, бүгіні қандай деген сауал төңірегіндегі әлеуметтік-философиялық толғаныс «Қарақуыста» айқын із тастайды. Ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, аңсары, ділі, өмірлік құндылықтарға көзқарасы көркем пішінде өріледі. Автордың табиғи дарынынан туған «Қарақуыс» романының экспозициясы дәстүрлі романдардағыдай басты кейіпкер Ғаламның балалық, жастық шағын емес, оның егде тартқан шағын суреттеуден басталады.
Авторлық баяндау көктем шыға аздаған малын жекеменшік малшыға қосып, қыстайғы мал бағу тауқыметінен арқасы босаған кейіпкердің сана сферасын шарлайды: «Адам ұлғайған сайын бірдеңені қосқанның орнына барынан айрыла беретін сияқты ма? Бұрын доп ойнамаса, өмірі тоқтап қалғандай құлазушы еді. Енді, уайымдамақ түгілі, мүлдем ұмытып барады. Тіпті сонысы қазір алтын уақыт зая кеткен, сау адамға жараспайтын дараң тәрізді…». Егде тартқан кейіпкер тек «доп ойнаудан» қол үзгеніне ғана емес, одан да маңызы зор әлденеден айрылып қалғанына өкінетінін мәтін астарына жасырады. Әрине, З.Төлеуовтің «Қарақуыс» романы постклассикалық модернизмге иек артқанмен, психологиялық талдау өнерінің тәсілдерінен қол үзбек емес. Сондықтан романның баяндау жүйесінен ортақ төл сөз (қос үнді сөз) телімдерінің жиі орын алуы қалыпты заңдылық болып табылады. Көрнекті әдебиет теоретигі Б.Қ. Майтанов: «Прозалық мәтінде ортақ төл сөз көтеретін жүк ауыр екені мәлім. Сондықтан ол – кейіп­кер психологиясын жеке меншіктеген күйде емес, өзгенің ішкі дүниесіне куәгер, сезім-толқынысына еншілес ендікте отырып, сыр толғаудағы баға жетпес астыртын көркемдік айла», – дейді.
«Қарақуыс» романының баяндау жүйесі Заман қаламына тән қарапайымдылығымен (көркемдігімен), ұлттық реңкімен ерекшеленеді: «Жабағы жүні түскен дала сағат сайын түлей бастапты. Жас өскіндердің қаламсап ұштығы бой көрсетіп, жер аяғы құрттаған кез. Жапырағы бозала болып жайылған, жантақтау гүл ботатабанның шоғы әр-әр тұстан мен мұндалайды». Осы пейзаждық пассаждағы «даланы» сипаттаушы «жабағы жүні түскен» эпитеті және «жер аяғы құрт­таған кез» ментальдық ұғымы ұлттық таным тұрғысындағы стилистикалық эффектіге ие болса, флора атрибуттарын бейнелеудегі «жас өскінді» «қаламсап ұштығына» ұқсатуы кейіпкер мен жазушы танымының бірлігін танытады. Әр жазушының пейзажы өзіне ғана тән суреткерлікпен өріледі. Заман Төлеуов пейзажының сюжет құрылымындағы семантикалық мәні де әралуан. Қыстың көктемге ауысқан өліара кезеңіндегі құбылысын ежелгі халықтың тотемдік түсінігі негізінде экспрессивті бейнелейді. Ежелгі адамның табиғатпен үнсіз тілдесуінің өзі тотемдік түсініктерді тудырғаны белгілі. Ежелден ел арасында тараған «көктемде шалық тиеді», «құс келдісі бар» деген сөздер сол тотемдік түсініктен қалған болса керек. Ауыл адамдарының санасында бұл түсініктің әлі күнге өшпегені де рас. Романда автордың осы құбылысты: «Тегі, көктем айларында күн көзінен ұшқындаған сәуленің сан тарам бояуы асқына жарқырап, ауадағы ақ пен қараны суалтып, жер бетіне алуан түрлі ніл төгетіндей. Осы бір аласапыран шақта адам санасы да шәмкестеніп, делебесі бостары ушығып, салқынға ұшырайтын тәрізді. Осындайды аңдығандай: батыстан керуен-керуен болып, келіп жатқан жыл құстарының қанатына жабысып, ақ жүрек періштелер мен қанқұйлы жын-перілер де жайнаңдап жететіндей…» – деп жазушы көктем көріністерін діни-мистикалық сипатта бейнелегенмен, бұл әрі динамикалық, әрі психологиялық пейзаж үлгісі болып табылады. Алайда мәтін семиотикасы жер жаратылғаннан бері әлемде ізгілік пен зұлымдықтың бітіспес күресіне, ізгіліктің ғана осы тайталасқа араша түсіп, адамзат жанына сәуле түсіретініне, алмағайып заманның адам жанына түскен ауыртпалығына меңзейді. Романның басында бір, соңында бір қайталанатын психологиялық параллелизм дала көктемінің сиқырлы да әсем құбылысы секілді адам табиғатының да тереңінде жатқан жұмбақ құбылыстардың сыр-сипатына меңзейді, қазіргі адамзаттың мейірімге зәру заманында олардың бір-біріне деген жүрек жылуы «күн көзінен ұшқындаған сәуле» секілді нұрын шашып, еркіндігіне қуат бітіретінін бейнелегендей. Сондықтан бұл психологиялық пейзаж тілімі романның көркем идиолегемасымен тұтастық тауып жатқандықтан да, романның соңғы нүктесі іспетті қайталануы да осы ерекшелігінен болса керек. Жалпы, романдағы табиғат, адам, орта – психологиялық үшбұрышы роман мәтінінің мағыналық қабаттарын құнарландырып отырады. Ал сол көктем көрінісіне елтіп келе жатқан Ғалам ауыл адамының дағдысынша қыр басына күртесін жайып, жата кеткен еді. Осы қарапайым көріністі баяндаушы былайша қалыптайды: «Арқасын алып Алатаудың өркештенген сілеміне сүйеп, ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласына көсілте көз жіберді». Шығармада реалистік, постклассикалық элементтермен қатар романтикалық элементтер болатынын жоққа шығаруға болмайды: «Арқасын алып Алатаудың өркештенген сілеміне сүйеген» жан да, тіпті кең далада «көкке ұмсынып, өмірге талпынған табиғатты үзуге қолы батпаған» жан да тегін адам болмаса керек. Осы орайда авторлық рай да шаң береді. Жалпы, мәтінде ландшафт көріністері денотат сипатын иеленгенмен, таңбаланушы құбылыс кейіпкердің туған жеріне деген сүйіспеншілігі болып табылады. Автордың баяндауынша, Ғалам салт-дәстүрге де берік жан. Өмірінде кемпіріне гүл сыйлап көрмеген. Қазақи мінезге тән «әзілкештігі» де жоқ емес. «Танымал тұлғаға қойылған ескерткіш түбіндегі бір себет әдемі гүлді» баяғы, сол кемпіріне сыйлаған. Ғаламның бұл қылығы юмор туғызғанмен, қазақтың өзге елдің салт-санасын жұқтырғыш көрсеқызарлығын көзге түрткендей. Осы тұста да жазушы мен кейіпкердің дүниетанымы тоғысып жатады.
Романда экзистенциалистік сарын Ғаламның жасында ауылдан ұзап кете алмауы, білім алып, бойына біткен дарынды танытудың жолын таба алмай қыстығып, өзіне қол жұмсауы, қоғамдағы әділетсіздікке, жемқорлыққа ашық қарсы шыға алмауы, Құдай қосты деген қосағы Қатшаның ерінің бойындағы дарыны былай тұрсын, ауыл ортасындағы кісілік абыройын, отбасындағы әкелік, отағасылық еңбегі мен қамқорлығын бағаламай, сырт көзге «қияли» атандыруы, ақыры бәрінен түңіліп, елден жырақтағы ескі қыстауға кетуі секілді сан тараптағы әрекеттерден көрінеді. Қоғамда өз ойын еркін айта алмай, өз ортасының келеңсіздіктеріне көз жұма қарап, тұншығумен жүрген жанның ең басты дерті – әлгі түсіндегі Егде сыңары үлкен мін еткен Тәңірдің сыйы – жазушылық өнерін іштен шығара алмауы. Дегенмен, Ғалам қоғамдық орта қайшылықтарына да көз жұма қарайтын жан емес. Алайда тұншығумен жүреді. Ауыл ортасында бұны түсіне қояр пенде көрген емес. Құдай қосқан қосағы Қатша да кезінде бұның өліміне аңыраған әке-шешесімен, балаларымен қосыла ара түскенмен, ішкі дертіне ортақтасар жан емес. Адал, еңбексүйгіш, дарынды жанның жанындағы жарықты тоғышар Қатша көре алмайды. Ғаламның бойындағы кіршіксіз кісілік мінездің орнына оның пенделігін көргісі келетін Қатшаның іс-әрекетінен «қызғаныш архетипі» танылады. Кезекті үй-ішілік шарпысуда ерін «сенің бір шабадан шимайың кімге керек, отқа тамызыққа да жарамайды», – деп қорлайды. Тоғышар, дүниеқоңыз, ер қадірін білмейтін Қатша – «әйел үстемдігінің» жаршысы. Қазақ прозасындағы Мәніке, тырыли арық Қарақатындардың бүгінге жеткен жалғасы десек болады. Сырт көзге «біртүрлі қияли» кейіпте көрінетін Ғалам қаладағы балаларының анасына төзіп бағады, биіктен қарайды. Дегенмен, Қатшасы қасақана жоқтан өзгеге шаптығып, есе бермей кеткенде, бұл да бұйда жібін үзіп кететіндей тулайды. Егде тартқанша күн көріс қамы, қызмет бабымен тынымсыз тіршілік етіп жүрген еріне «асыраушым» деп қана масылдық көзбен қарайтын Қатша да Ғаламға осал кедергі болмаған. Әйтсе де, Ғалам жан түкпірінде еркіндікке бұлқынған өнер тұлпарын әр кез жалынан сипап қойып, қалам тартатын, онысын ешкімге жария етпейтін сәттерін місе тұтумен жүрген, барлық игіліктер адам үшін жасалатын қоғамды, адам еркін өмір сүріп, ділі мен тілін көздің қарашығындай сақтай білетін қоғамды алпыстан асқанша аңсаумен жүрген кейіпкерді көреміз. Осы тұрғыда әдебиет теоретигі, Б. Майтановша айтқандай, романда «еркіндік» архетипі бой көрсетеді. Көктемгі қыр басында жатып қалып, «денесіне, яки санасына бір салқынның тигеніне еш күмәні қалмаған» Ғалам «дертті» болып үйіне келеді. Қанша ем-дом алса да, ауыл имамы «үстінен шайтан аттап кеткенге» жориды. Авторлық баяндауда езу тартқызар юмор да жоқ емес. Жазушы бұл юмордың мәнін тарқатуды XXI ғасыр оқырманының еншісіне қалдырады.
Жазушы Ғаламның өз болмысынан қажыған, егде тартқанша өзін-өзі іздеумен жүрген, жаратылысы бөлектеу жан екенін аңғартады. Соның бір куәсі кемпірімен тәжікелесіп қалған «сондай күндердің бірінде Ғаламның «иесі ұстап», қырық жыл отасқан қара кемпірі Қатшамен бітіспес дауға қалады». Қартайғанда өз үйінен кетпек болған Ғаламды Қатша есі ауысқанға жориды. Ақыры, Ғаламның алған бетінен қайтпасын біліп, зейнетақысын өзі иеленіп қалуды місе тұтады. Сөйтіп, Ғалам сол баяғы іштегі серігімен «қол ұстаспаса, жан тыныштығын таппасын» сезініп, өз үйінен кетуге бел буады. Автор Ғаламның бұл әрекетінің сырын оқырманға алдын ала жайып салудан аулақ, көркем әдебиеттегі жасыру тәсілімен көмкереді. Бірақ романда Ғаламның жалғыздықты күйттеуі әлгі түсіндегі Егде сыңары айтқандай, «жасында жасамағанын, қартайғанда жасап, мәңгі тұншығудан арылмақ ниетінен» болса керек. Ғалам ауылдан шалғай Қарақуыстағы қыстауға кеткенде, үйіне қайта-қайта келіп, кітаптарын арқалап алып кетуі көп жайдың ұшығын аңғартады. Иесіз қыстауды қара басының тірлігіне лайықтап, жамап-жасқап алып, «Қатшаның билігімен дүкеннен өлмес тамағын алып тұрған» Ғаламның «жоспарлаған жобасы» – «жазу» бірден орындала қоймайды, баяндаушы тілімен айтқанда, «бастапқы ойлары үріккен қойдай быж-тыж қашып, бірде-бірі сирағынан ұстатпады». Дегенмен, шіркін, сол бойын қысқан «тәңірі сыйы» бүкіл тұла бойын балқытып, бүкіл дүниенің қыспағынан босатып, ой-санасын, сезімін де еркіндік өрісіне, жаңа өріске бастаса деген түйткіл момын шаруа кейпінде ілбіп күн кешіп жүрген Ғаламның ішкі әлемінде жаңғыра бастаған еді.
Автор шығармашылық үдеріске тән сипатты интуитивті бейнелейді. Осындай шығармашылық дағдарыста уақытын босқа өлтірмес үшін қара тірлікке еті үйреніп қалған Ғалам Қарақуыстың жон төбесіндегі «Телемұнара» бекетіндегілердің тоқпен балапан бастыратынын біліп, солардан сары үлпек балапандар сатып алып, әуреленіп, асырап өсіреді. Шібилер тауық болғанда, бір қабын Қатшасына апарып береді. Әкелік, ерлік борышын ұмытпақ емес. Жазушы осы орайларда, кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, ауыл тірлігінің әркім біле бермейтін қыр-сырын шынайы әрі көркем суреттеп, оқырманмен ойнай біледі. «Жаза алмаған шақтар» шығармашылық психологиясына тән құбылыс екенін аңғаруға болады. Қатша да, ауыл адамдары да «иесі ұстадыға» жорыған Ғалам өз бойындағы осы күнге дейін ашылмай келе жатқан «Жаратушының сыйын пайдалануға» ынтық болған алакөңілмен «алыстан үңірейіп көрінетін қара қуысқа», елсіз қыстауға кетіп, неше алуан кітаптар оқып, руханият әлеміне бойлай түседі. Жазушы мен кейіпкердің шығармашылық тұрғысының жалпы сипаты тағы тоқайласады. Біздің көз алдымызда Ғаламның шығармашылық тұлғасы мүсінделе бастайды. Осы тұрғыда, Г.Флобердің «Бовари – мен» дегеніндей, биографиялық авторды кейіпкеріне ұқсатуды жоққа шығара алмаймыз. Романның баяндау жүйесінде сюжеттік уақытты қысқарту да, созу да кездеседі. Басты кейіпкердің іc-әрекеті, ой-қиялы баяндауда шетін суреттелгенмен, оның тіршілігіне Қатша, ауыл әкімі, кезбе бала, т.б. араласуы сюжеттік уақытты соза түседі. Мәселен, Ғалам ауылдан шеттеп, Қарақуысқа кетіп қалса да, әлдекімдер бұған тыныштық берер емес. Ақ «Нива» мінген ауылдық округ әкімі Ғаламды іздеп келеді. Автор-нарратор ауыл әкімі мен Ғаламның диалогтары арқылы оқырман көкжиегін кеңейте түседі. Роман кейіпкерлері қарапайым, дәл сөйлейді. Олардың ауызекі сөйлеу тілі нанымды. Ауыл әкімі: – О, братан, хал қалай? – деп амандасады. Бір кезде Ғаламнан «соғым» сұраған «доптай домалаған» әкімсымақ ауылға келетін делегацияға осы өңірдегі тарихи ескерткіштер жайын айтып беруді өтініп, жалбарынады. Баяндаушы-нарратордың көру нүктесі ауыл әкімінің сөз саптауын (О, братан, хал қалай? т.с.с) шынайы келтіру арқылы оның өз ауыл аймағының тарихынан хабарсыз, «елдің сиқын кетірер» даңғой екенін мысқыл етеді:
– Аманшылық па?
– Аман екеніміз аман… Бірақ бір мәселе сізге тіреліп тұр. Қоғамдық жұмыс ақсап жатыр. Аудан мен облыстың тілін өзім ақ табар едім, тексеру сонау республикадан келмекші. Бірдеңе істеу керек…
– Көздерін бояйтын ба?
– Одан басқа не дейсіз? Оларға да сол керек. Сенбейтін нәрсеге өздері сенгісі келсе, амал нешік.
– Яғни, өздері де көзбояумен шұғылданады да?
– И-и, көке-ай! Кім кімнің көзін боямай жүрген заман… Шылғи өтірік екенін біліп тұрып, имандай ұйыған түр көрсетеміз. Өйткені, бәрінің арты былғаныш. Құйрықтары бір-ақ тұтам…
«Қарақуыс» сайындағы ескі қыстауда жатқан Ғаламға өз атын өзі білмейтін баланың келуі роман сюжетін ширықтыра түседі. Ғалам баламен тілдесіп, оның болмысы өзіне ұқсаған, тіпті ой-өресі өзінен асып тұрған ешбір құжаты жоқ жиырма бестегі ғана сөзуар баланы паналатады. Екеуінің әңгіме ауаны қоғамдағы адамның құнсыздығы, Ата Заңның арзандағаны, әділ қоғам, ел басқару жайына ауысқанда жігіт Ғаламға: «Cіз ел басқара алмайсыз», – деп түйеді. Себебін, Ғаламның кіршіксіз адалдығынан іздейді. Баланың сөзі тыңдаушысын күлкіге батырады. Жігіт: «Жер деген не?» деп қитұрқы сұрақ қойып алып, оған Ғаламның берген жауабына қанағаттанбай: «Жер жеу дегеннен шыққан», – деп қоғамдағы жемқорлықты жерлейді. «Қорқыныш», «тылсым», «жан», «мәңгілік өмір» туралы ой толғайды. Ғалам Қарақуысқа оқшауланып кеткенмен, ауылдағы үй-жайының қамын жасауды ұмытпайды. Қатша Жолкеннің өзіне пышақ салып өлген түйеші шалдың баласы емес екенін айтқан. Бұл оның ауылда Ғалам сияқты өзіне қол жұмсаушылар көп болғанын аңғартуы болса керек. Бұдан кейін Жолкен ауылға барудан бас тартады. Жалпы, жазушы қиялынан туған Жолкен бейнесі егде Ғаламның еркіндік, әділет, отаншылдық, адамгершілік туралы ой-армандарының болашақтағы жалғасы іспетті.
Ақ боран қыста Ғалам мен Жолкен күнін әзер көріп жүрген жұмыссыз ауыл адамдарымен бірге бір байшыкештің қар астында қалған қырық гектар «дәндері баданадай батсондық күнбағысын» жинап, қара кемпірге апарудың қамымен суықта арпалысып жүріп, екі қапты толтырады. Тәуелсіздік алған өліара кезеңде жұмыссыз ашыққан елдің қар астында қалған байшыкештің ватсондығына аш қасқырдай ұмтылған сәтін автор: «…дәндері сау-сау етіп қапқа төгілген дәндерден бойына қуат дарып, сол елестің соңынан ерген ашқарын жұрт қырық гектар егіндікті шегірткеше отап жатыр…», – деп суреттейді. Осы аласапыран жай романда бар-жоғы бір-екі бетте бейнелегенмен, өліара кезеңдегі елдің күнкөріс жайы терең ашылады.
Үскірік боранда қаптарын арқалаған көліксіз екеудің жайын баяндаушы: «Төңіректі қараңғылық басып, дүние бір уыс қана болып кеткендей. Жанкештілікпен қаптарын сүйреп, алдыға ұмтылған қос бейбаққа бұл жалғанның жаны ашымайтын тәрізді. Азынаған бұрқасын қойны- қоныштарын кеулеп, суық сілекейлі, зәрлі тілімен тәндерінің жалаң жерін жалап-жалап өтеді». Баяндаушы «қараңғылық басқан» дүниені бір уыс деп литоталық теңеумен береді де, «азынаған бұрқасынды» кейіптеу тәсілі арқылы аса әсерлі суреттейді. Өлімші халде отырған Ғалам «осы күйді баяғыда, әлдебір кезеңде басынан кешірген сияқты екенін» айтса, Жолкен «мәңгілік өмірде жүргенін» айтады. Екеуі тағы да философиялық толғаныстарға бой алдырып, «ақиқат», даму туралы ой таластырып отырып, үсігендерін сезбей қалады.
Адамдары «үсіп өліпті» деген атаққа қалмаудан қорыққан әкім тергеуші алдында безек қағады. Үсіген екеу ауруханадан бір-ақ шығыпты. Жолкенді өлдіге жорыған дәрігерлер «мәйітті шешіндіріп, тас төсекке үстіне дәке жауып, жібісін деп қалдырады. Бүгін союға жарар деп қасапшы дәрігер бара қалса, анау тас төсегінен аяғын салбыратып отырады-мыс. Небір сұмдықты көрген қасапшы дәрігердің жүйкесі мынадайға шыдамай, естен тана құлайды. Есін жиса, аққа оранып, тыр жалаңаш тас төсекте өзі жатады. Киімдерін әлгі «мәйіт» киіп кеткен сықылды. Содан кебінді бұтына орап, аттан ойбайды салып, бүткіл жұртты өре тұрғызады. Жолкен сол кеткеннен оралмайды. Жалпы, романда Ғалам мен Жолкенге қатысты сюжетті оқырманмен ойнау деуге болады. Дегенмен, қоғам шындығы да ашылады. Өстіп жүргенінде, фейсбукте бір қыз бала достық ұсынады. Ғаламның жазбаларын ұнатқанын айтады. Виртуалды әлемде Ғалам қызбаланың достығын қабыл алады. Осыдан соң егде тартқан Ғаламның сұрғылт, сүреңсіз өмірі өзгеше өң ала бастайды.
Ғаламға достық ұсынған бейтаныс қыз бала Қырмызы еді. Автор-баяндаушы Қырмызы бастан кешкен ауыр оқиғаны басынан бастап баяндамай, оның шешімін, салдарын көз алдымызға келтіреді. Бұндай көркемдік тәсіл детективтік шығармаға тән сипат екені белгілі. Бастапқыда Қырмызы бастан кешкен көптеген іс-әрекеттерді автор романда барынша сығымдап беруге әрекет етеді. Автор Қырмызының өткен күндерін емес, алдымен Қырмызының бүгінгі жағдайын көз алдымызға әкеледі. Қырмызы мүгедек халде, сонда да айналасына мейірім төгеді, бәріне көмектесіп жүреді. Суреткер жасыру тәсілі арқылы Қырмызының қалай мүгедек болып қалу сырын оқырманға бірден аша қоймайды. Алайда автордың көру нүктелері әрқилы: қосүнді сөздер, төл сөз түрінде берілген кейіпкер көзқарастары. Тәңірлік дүниетанымнан арыла қоймаған ел адамдары қатарлы әулие Гауһар ана кесенесіне дертіне шипа іздеп келушілердің бірі – «түн ортасына дейін жұлдызды аспанға қарап жататын» арманшыл қыз Қырмызы. Әсіресе арбаға таңылған жасөспірім бала өзіндей мүгедек халдегі Қырмызыдан мейірім тілейді. Бойжеткен қыздың ұшырасқандағы жымиысы баланың үмітін жалғайтындай. Қырмызы да құлақ-тілден айрылған. Автор Қырмызының университет бітірген, мейірімді, «көңіл сарайы самаладай бір ғажап бала» екенін өзге кейіпкерлер көзімен шебер мүсіндейді. Авторлық баяндауда әрқилы көру нүктелерімен қатар, нақты мекеншақ аясында ел аузындағы әңгімені еске алу – реминисценция да көзге түседі. Баяндау мәтіні көпүнділік сипат иеленеді, авторлық рай да шеткері емес. Сөйтіп, жазушы Қырмызыға берілетін авторлық мінездемені шетін үлгіде шекиді. Осы тұстағы баяндау мәтіні шығарманың көркем идеологемасынан сырт қалмайтын «Жаратушы бала сүю бақытын бермеген Гауһар ана» жайлы әлқисса да орын алады. Авторлық баяндаудағы «өзін сол тылсым күштің бір бөлігіндей, етене ортаның мүшесі іспетті сезінетін», – дейтін синтагма мағынасы Қырмызының Жаратушыға, қасиетті Ана рухына ғана емес, өзіне-өзі бекем сенген жан екенін ұғындырады. Қырмызының «жан-жағына мейірім шашқан, шаралы сұлу қос жанарын» көргенде, сал бала ғана емес, Қырмызыдан қасиетті орынға келген өзі секілді басқа жандардың күш-қуат алуының сыры да жас бойжеткеннің өмірге деген шексіз құштарлығын танытады. Осы орайда, қос үнді сөзге шырайлас жеңіл тынысты авторлық баяндау діни-мистикалық пафостан үмітшілдік сарынға қол артады.. Жазушының публицистикалық сарыннан ада, ықшам баяндау тактикасына құрылған суреткерлігі оқырманды бейтарап қалдырмайды.
Романда үзілмелі мекеншақ ерекшеліктері танылады. Автор Қырмызының мүгедек халдегі бойжеткен шағынан кері шегініс жасап, оның балалық шағына ойысады. Қырмызының мектепте үздік оқығаны, үй ішінің оған деген мейірімі бір-екі ауыз сөзбен тұйықталады да, автор жасөспірім қыз бойындағы әже тәрбиесін, немере мен әженің бір-біріне деген шексіз сүйіспеншілігін, әжесінің немересінің ерекше көріктілігінен шошынуын, өмірді көрген қарт ананың көңіліне ырықсыз бір күдік келгендей болуын Қырмызы мен әжесі арасындағы ремаркасыз диалогта кестелейді. Этномәдени дәстүр сипатындағы өзара тілдесудегі рефлексологиялық құбылыстар, когнитивті эмпатия ерекшеліктері кейіпкерлердің кіршіксіз жан әлемін айшықтайды. Ғалам мен Қырмызының таныстығы арта берген, телефонмен де сөйлескен. Автор баяндаушы егде Ғаламның Қырмызы атты қыз баламен кездесер сәттегі ішкі толғанысын, алақұйын сезімдерін: «Сірә, осы күнге дейінгі тұмшаланған түнек тәрізді күйкі тірлігін сілкіп-сілкіп бір түйір шаң қалдырмайтын – теңдесі жоқ тазалық таяп келе жатқандай ма? Жөні, жөн-ақ …Бірақ сол өзгеріске Ғаламның өзі әзір ме десеңші…» – деп ортақ төл сөз және соған ұқсас авторлық баяндауды ықшамдаудың оңтайлы тәсілі етіп алады.
Автор Ғаламның қалаша киінген жас қыз алдындағы өзінің «жерден шыққандай» түрін қомсынуын, күйзелісін интроспекциялық жағдайда сезіндіреді. Автор осы ішкі оңашалық күйді былай келтіреді: «…Көзге ілерлік бір елеулісі жоқ, бәр жағынан жүдеу, егде адам ғана екен ғой. Қай бетімен осы кездесуге келді?!». Қаламгердің кейіпкердің монодиалогын беруден гөрі қос үнді сөз үлгісін оңтайлы көруі де модернистік туындыға жат емес болса керек. Қырмызы «арбалған құстай» болған Ғаламның көз алдында тұр. Автор Қырмызының психологиялық портретін Ғаламның көзімен толыстыра түседі: «…осыншалы ұялы, ойлы, терең мұңы қарашығында дірілдеген, мұхит сынды ғаламат қуаты бар көзқарас…». Жазушы бір ғана психологиялық құбылыстың (көзқарастың) саналуан сипаттарын эпитеттер мен күрделі теңеулер арқылы ассоциативті бейнелейді.
Романның тұтас бітімінде болмаса да, кейбір тұстарынан постмодернистік дүниетаным да аңғарылады. Ғаламның өң мен түстің арасында жүруі, жиі түс көруі, елес сыңарымен қақтығысып қалатын сәттері, романның кейбір тұстарында кейіпкерлердің есімі аталмауы, Ғаламға ұқсағанмен автордың оның атын атамауы, кейіпкердің ішкі әжуәсының молдығы, т.б. постмодерндік үрдіс үлгісі танылады.
Автор дарынын біраз жұрт таныған Ғаламның көктем келгенде үйден қашуды қойғанын, «таң бозынан қызыл іңірге шейін компьютерге емініп отыратынын, Қатша аттандамаса «өз бетімен тірлік жасаудан мүлде қалғанын» баяндайды. «Жазушылық тірлігінің» қызығына түсіп кеткен Ғаламға Қырмызы жұмыс бабымен Әмина ханым мен Марлен секілді шефтерімен бірге алыс шетелдерде жүргенін, олардың Отанын емес, тек өз қалталарын ойлайтынын әңгімелерінен естіп, шошынғанын жазады. Ғалам Қырмызының халыққа ортақ қазынамызды талан-таражға салуды баюдың жолы етіп алғандардың жолын кесіп, мемлекетімізді қалай құтқарып қалуға болады деген жазбасын оқып, ойға қалады.
Ғалам таныла бастағаннан кейін, Сәрсенбек те ауыл тарихын бірге жазуды ұсынады. Ғаламды «шын жазушы» боласың деген Сәрсенбек досының пейілі де қанаттандырады. Қатша болса, Ғаламның «шын жазушы» болғанын қаламайды. Ал қаламақы десе кеңірдегін созады.
Қорыта айтқанда, Заман Төлеуовтің «Қарақуыс» романы жазушының табиғи дарынының шығармашылық тәжірибесімен біте қайнап, толысқан шағында дүниеге келген туынды екені рас. Романның «Қарақуыс» деген атауы – бір жағынан, М.Әуезов әңгімесіндегі Күшікбай кезеңі секілді эмоциялық-таңбалық белгі, романның басты кейіпкері Ғаламның балалық шағы өткен ескі қыстау. Екінші жағынан, екі заманды да көрген Ғалам өз ортасын жатсынып, Қарақуысқа келіп, пана тауып қана қоймай, егде тартқанына қарамастан руханият әлеміне бет бұрады. Сондықтан «Қарақуыс» атауы романның семиотикалық маңызын арттыра береді. Оны «Қарақуыс» романының адресаттары, зерттеушілері тани береді. Заман Төлеуовтің «Қарақуыс» романында елдің азаттығы, ұлттың дамуы, қоғамның жаңғыруы, ділдің беріктігі, адамның бақыты мен тыныштығы адамның еркіндігінде екені көркемдік-эстетикалық тұжырымдама деңгейінде танылады. Сондықтан романда тәуелсіздік идеясы, «еркіндік» архетипі өркен жаяды. Романда кешегі және қазіргі ұлт өміріне куә өнер адамының өзінің дарынына ғана емес, қоғамның мәдени-экономикалық дамуына тұсау болған әділетсіздік, көзбояушылық, жемқорлық, ұлттық ділдің солқылдақтығы, тарихи тамырынан ажырау, қоғамда адамның рухани азғындауы секілді қайшылықтарға наразылығы, қалам қуатымен күресі көркем образ ауқымында эпистемаға айналады. Алыс ауылда күн кешкен қарапайым еңбек адамының арының кіршіксіздігі, адамгершілік тұлғасы, биік азаматтық парасаты, адам баласына деген сүйіспеншілігі оның өнеріне жол ашады. Оның өмірлік аңсары да жазушылық өнері арқылы адам жанын ізгілендіру, адамның өз өмірінде еркіндік пен бақыттың шынайы дәмін татуына қолқабыс ету еді. Әрине, кешегі ғана емес, бүгінгі қазақ прозасында да өнер адамының тағдырын тұлғалаған шығармалар бар екені белгілі. Алайда Заман Төлеуов «Қарақуыс» атты психологиялық романының сюжеттік-композициялық бітіміне реалистік әрі постмодерндік үрдістерді сіңіре отырып, нарратив жүйесінде елеулі жаңашылдыққа қол жеткізеді. Романда бүгінгі заман адамының келбетін мүсіндеудегі суреткерлік ұстаным, шығармашылық тенденциясының мығымдығы, психологиялық тәсілдерді, көркемдік бейнелеу құралдарын қолданудағы ерекшеліктері, сюжеттер контоминациясы, кейіпкер бейнелерінің коннотациялық мағыналары, дәстүрлі «жанның екіге жарылу» құбылысын суреттеудің өзіндік интерпретациясы, мәтін құрылымындағы смулякр, роман жанрының заман талабына сай сапалық өзгеріске түсуі, шығарма тіліндегі көркем лаконизм, астарлы мәтіндер, диалогтар семиотикасы тағы басқа да эстетикалық-көркемдік құндылықтар жазушы қаламына хас шеберліктер екені айқын.

Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір