«Ұлт­тық құрылтай – Әділет­ті Қазақстанның ерекше басқару тетігі»
29.03.2024
1941
4

15 наурызда Атырау қаласында Ұлт­тық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ат­ты үшінші отырысы өт­ті. Құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөз сөйлеп, Жаңа Қазақстан құру бастамасын идеологиялық, бағдарламалық жағынан толықтырып, айқындай түсетін көптеген бастама көтерді. Мемлекет басшысының сөзін бүгінде көпшілік қызу талқылауда. Сол талқылаулардың жалғасы ретінде белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Ұлт­тық құрылтайдың мүшесі Мереке Құлкенов пен танымал саясаткер, ақын Әміржан Қосановтың кезекті диалогін ұсынамыз.

Қазақ қауымы жағымпаздықтан арыла бастаған сияқты

Әміржан Қосанов: Мәке, осы жиынның алдында ғана Ұлт­тық Құрылтай қатарына қабылдандыңыз. Құт­ты болсын! Енді шығармашылық қауымның, соның ішінде Жазушылар одағының мәртебесі мен дауысы одан да зор болар. Біз болсақ, Құрылтай жиынын сырт­тан бақылайтын қауымбыз, сіз болсаңыз, отырысқа қатыстыңыз. Президент­тің Құрылтай мүшелеренің сөздерін сол жерде отырып тыңдадыңыз. Көп ортасында отырып алған әсеріңіз қандай?

Мереке Құлкенов: Рахмет, Әміржан! Есіңде ме, мен бұдан бұрынғы екеуара бір әңгімемізде Ұлт­тық құрылтайға ресми түрде мүше болмасам да, өзімді осы алқалы жиынның қатарындамын деп есептеймін дегенім? Шындығында, Отанын сүйетін, елінің болашағын ойлайтын, ұрпағына жақсы тәрбие бергісі келетін әрбір қазақ баласы өзін «Ұлт­тық құрылтайдың мүшесімін» деп есептеуге тиіс. Соның ішінде Қазақстан Жазушылар одағының мың мүшесі де бар екеніне күмән келтірмеймін. Ал енді Ұлт­тық құрылтайдың үшінші жиынының тарихи шаһарымыз көне Сарайшық қаласы орналасқан Атырауда өтуі және біздің бала кезден қанымызға сіңген 13-14 наурыз – көрісу кезінде өтуі мен үшін үлкен тарихи оқиға болды. Биылдан бастап 14 және 24 наурыз аралығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының кең көлемде тойлануы, оның әр күніне арнайы атау берілуі алдағы уақыт­та тұрақты дәстүрге айналуы керек дер едім.
Ал енді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұнды терең әңгімесінің әлқисасын көне Сарайшық қаласынан бастауы тегіннен тегін емес. Сарайшық – қазақ мемлекетінің алғашқы астанасы. Ұлы «Жібек жолының» бастауында тұрған ұлы қала. Сонау көне ғасырларда бұл қалаға әлемнің атақты жиһанкездері Марко Поло, Ибн Батута, Плано Корпини, Гильом де Рубурк, т.б. ат басын тіреп, шаһардың ұлылығы мен салтанатын тамсана жазған.

Тарих – инемен құдық қазғандай қиын еңбек. Ал сол тарихтың көлемінде ұрпақ тәлім-тәрбие алып, құмарта оқитын аңыз-әңгімелер жазу – тіпті қиынның-қиыны. Тарих қойнауында ұзақ сақталып бізге аман-есен жеткен көне жәдігерлер мен халық ауызындағы әңгімелерден, археологиялық қазбалар нәтижесінен екшеп алынған жәдігерлерден жаңа тарих жазу – біздің тарихшыларымыз бен жазушыларымыздың қасиет­ті борышы. Ал көне Сарайшықты қалпына келтіріп, жаңадан тұрғызу, сөйтіп, сонау есте жоқ ескі замандағы сұлу шаһарды бүгінгі ұрпақтың игілігіне айналдыру арқылы туристер ағылып келіп-кететін ғажайып ертегі орталығына айналдыру біздің талант­ты сәулетшілеріміздің қасиет­ті борышы деп санаймын. Иә, көне қаланы қалпына келтіру үшін қыруар қаржы кететіні сөзсіз. Бірақ біз кейінгі ұрпақтың тәрбиесі үшін, жеке мемлекет ретінде айбынымыз бен айбарымызды бүкіл әлемге паш ету мақсатында ештеңе аямауымыз қажет. Өйткені Алтын Орда ұлысының бірден-бір мұрагері біз – қазақтармыз.
Осы үшінші жиында менің түйгенім, соңғы үш жылдың ішінде қазақ қауымы бізді әбден иектеп алған жағымпаздық деген пәледен құтылған сияқты. Мен секциялардағы ашық әңгімеден де, үлкен жиындағы толымды сөздерден де Мемлекет басшысына арнап айтылған мақтау мен мадақ сөздерді естімедім. Жиында сөйлеген бес адамның әрқайсысы өздерін мазалап жүрген мәселелер жөнінде келелі ой толғады. Мен соған іштей қуандым. Әділет­ті Қазақстанның қалыптасып келе жатқанына күмән келтірмедім. Сен қалай ойлайсың?

Әміржан Қосанов: Иә, ескі Қазақстанның символына айналған жағымпаздықты Президент­тің өзі тыйғысы келетінін ашық айтқан. Алайда ол кертартпа сырқат­тан толық айықтық деп айта алмаймын, ауру қалса да, әдет қалмайды дегендей, кейбір тұлғалар ескі сүрлеумен жүріп, өзіне атақ-дәреже, қызмет-нәпақа алғысы келетіні әлі көрініп қалады.
Сіз көтерген мәселенің екінші жағы тағы бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді атам қазақ. Бізде бір жаман әдет қалыптасқан. Билік не істесе, соны оңды-солды жамандайтын адам жақсы да, биліктің бір жақсы бастамасын қолдаған адам я билікке сатылған, я оңбаған боп шыға келеді. Нәтижесінде, мемлекет­тік қызмет деген биік мәртебені төмендетіп алдық, «шенеунік» деген сөз жағымсыз рәуіште ғана айтылатын болды! Ол дұрыс емес. Өз мемлекетіңе қызмет жасаудан артық қандай миссия бар?!
Сөз жоқ, қоғам айнасы болуы тиіс Парламент­тен қоғамның барша саяси күштері орын ала алмай жатқан қазіргі кезеңде Ұлт­тық құрылтай секілді алаң керек-ақ.
Осы орайда мен Құрылтайдың жұмыс тәжірибесінде Президент­тің ел алдында сөйлеген сөздерінде жаңаша бір дискурс пайда болғанын атап өтейін, яғни, Президент ел басшысы ретінде белгілі бір мәселе бойынша өз пікірін айтып қана қоймайды, сонымен бірге сан алуан пікірлі, плюралистік қоғаммен ақылдасқысы келеді, екіұдай, дүдәмал мәселелер бойынша жұртшылықтың ұстанымын білгісі келеді. Бұл – сөзсіз, құптауға тұрарлық жаңашылдық. Алайда осынау жаңашылдықтың екі көлеңкелі тұсы да жоқ емес. Бірақ бұл саяси новелланы кейбір жұрт (соның ішінде билік институт­тары) әлі де толығымен ұға алмай жүрген сияқты.
Бізде бір кесел бар: Президент белгілі бір бастама көтерсе, аудитория екі жаққа қақ жарылады да қалады. Билік пен оның айналасындағы институт­тар мен тұлғалар «алақайлап» шыға келеді. Тек қана мақтау. Сөйтіп, шынайы қолдаудың қадірін кетіреді. Талант­ты сөздерді талант­ты түрде жеткізу, оны шығармашылық тұрғыдан дамыту, ойға ой қосу жағы бізде жетіспей-ақ қойды. Екінші жақ биліктің (соның ішінде, Президент­тің жеке дұшпандары) кез келген сөзін жоққа шығарып, теріс пікір білдіріп жатады. Қазіргі қоғамымыздың ең басты диагнозы – осы. Бұл – бір-бірімен ымырасыз, ешқашан келісімге келе алмастай сипат­тағы идеологиялық антагонизм. Жаңа Қазақстан құратын болсақ, осындай идеялық, екіжақты асыра сілтеушіліктен, опа бермейтін радикализмнен арылуымыз керек.
Екіншіден, талқылайтын мәселелер де Президент секілді жоғары институт­тың деңгейінде болуы керек деп ойлаймын. Тым тәптіштеп, ұсақ-тұйек, мәселен, насыбай секілді нәрселерді жоғары мінбедегі сөзіне қоспай-ақ қойса болар еді.

Мереке Құлкенов: Сен байқаған шығарсың, Президент Ұлытауды да, Түркістанды да, кешегі Атырауды да жиналған жұртпен алқа-қотан отырып, арқайын сырласқысы келетінін аңғарт­ты. Ол алдын ала өткен секциялық жиындардағы айтылған үлкенді-кішілі ойларды әбден бағамдап, ой елегінен өткізіп алып, өз ой-пікірін айтатынын байқап жүрмін. Сен айтқан «билік институт­тары Ұлт­тық құрылтайда айтылған келелі ойларды толығымен ұға алмай жүр» деген пікірге қосылу қиын. Себебі билік институт­тарында да өзіміздің азамат­тар отыр, олар бүйректен сирақ шығарып «өз пікірлерін тықпалайды» деген пікірден мүлдем арылуымыз керек. Ал енді сенің «талант­ты сөздерді талант­ты түрде жеткізу, оны шығармашылық тұрғыдан дамыту, ой қосу жағы бізде жетпей жатады» деген пікіріңе қосыла отырып, шындықты ешкім де жоққа шығара алмайтынын айтқым келеді. Иә, былайша айтқанда, демократия деп өзеуреп жүрген әлдекімдер ұлт­тың тұтастығына нұқсан келтіретін сыңаржақ пікірлерді неге айтады? Өйткені ондай адамдар белгілі бір радикалдық күштердің ықпалында жүрген жандар. Меніңше, бұндай мақсатсыз, мәнсіз пікірлердің ғұмыры – қысқа, қоғам ерте ме, кеш пе оларды орнына қояды.
Менің түсінігімде Ұлт­тық құрылтай – қазақ халқының ұлт­тық құндылықтарын дәріптейтін, тарихымызды, мәдениетімізді, тілімізді салт-дәстүрімізді ретке келтіретін, жас ұрпақты тәрбиелеуді жолға қоятын, руханиятымыздың өркендеп дамуына жағдай жасайтын ерекше құрылым. Екінші сөзбен айт­қанда, Әділет­ті Қазақстанның жас өкілдеріне тәрбиелік жол сілтейтін ұлағат­ты ұйым. Ұлт­тық тәрбие жолында ұсақ-түйек деген ұғым болмауы керек. Егер сен парасат­ты ұл, ибалы қыз тәрбиелегің келсе, ата-бабаң қалдырып кеткен ырым мен тыйымды ұмытпа. Ата-бабамыз жас ұрпағына жат әдет­тен аулақ болуды үйреткен, талап еткен, тіпті жекірген, ұрысқан. Сондықтан жас ұрпақты, қоғамды тәрбиелеуде көнеден келе жатқан ұстындардың бәрі бізге жат емес. Айталық, қазақ ықылым заманнан бері ұрпағына «ешкімнің ала жібін ат­тама», «ешкімге қиянат жасама», «үлкеннің алдын кеспе, сөзін жерге тастама», «кісі ақысын жеме» деген сияқты сан алуан тыйымдарды бекер айтып келді дейсің бе? Оны тыңдаған, орындаған ұрпақтың жаманы бар ма?

Сын айтқан балама ой иесі
Жаңа Қазақстанның жауы емес

Әміржан Қосанов: Ел бірлігі туралы айтқанда, Президент басқа емес, сіздің сөзіңізге сүйенді емес пе? Залда отырып, сол сөзді естіп не сезіндіңіз?

Мереке Құлкенов: Шынымды айтсам, менің ой-пікірімді Президент оқиды деп ойлаған жоқ едім, сондықтан мен үшін тосын жағдай болды. Алайда ол кісінің ойымен менің пікірімнің бір жерден шыққанына іштей қуандым. Әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азамат­тар ұрпаққа үлгі болуға қажет», – дей келіп, Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өткені жүрекке жылу ұялат­ты. Шынында, өзінің жүріс -тұрысымен, іс қимылымен елге үлгі болған Әбіш Кекілбаев сынды ұлы адамдарды кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып отыру біздің қай-қайсымыздың да қасиет­ті борышымыз ғой.

Әміржан Қосанов: Ұлт бірлігі хақында Президент те, сіз де жақсы айт­тыңыздар. Бірақ, меніңше, осы бағыт­тағы жұмыста екі нәрсе жетіспейді.
Біріншіден, отыз жыл бойына тазаланбаған «Авгийдің атқорасын» тазартып алу үшін сол кезеңге, сол кезеңдегі қоғам мен билік бойындағы жүйелі жемқорлық, кландық, рушылдық, тоғышарлық, саяси эгоизм, көзбояушылық секілді кемшіліктерге әділ баға берілуі тиіс және де ол кемшіліктерден толық арылдық деп айта алмаймыз. Осындай сын айтқан кез келген адамды, балама ой иесіне «Жаңа Қазақстанның жауы» деп қараудың керегі жоқ.
Екіншіден, сол кемшіліктер Жаңа Қазақстанда бола алмайтындай құқықтық, саяси, экономикалық жағдай жасалуы керек.

Мереке Құлкенов: Мен қайталап айтайын, ұлт бірлігі тұрғысында біздің ел сыйлайтын тұлғаларымыз, асыл ағаларымыз халық алдында кішіпейіл бола білуі керек қой деп ойлаймын. Өзің айтқан Қазақстанды отыз жыл бойына жайлап алған жүйелі жемқорлық, кландық, рушылдық, тоғышарлық, саяси эгоизм, көзбояушылық қоғамға жат пиғылды өркөкірек адамдарды дүниеге әкелді. Олар халық есебінен байи отырып, сол қарапайым халыққа үстемдік етіп, менсінбей ақыл айтатын, көсем болуға тырысты. Өкінішке қарай, ондай зұлымдар әлі күнге дейін бізбен бірге өмір сүріп жатыр. Олардың арасынан: «Мен қателесіппін, халайық, мені кешір!» – деп айтқан бірде-бірін көре алмай отырмын. Қайта күні кеше Назарбаевтың барлық қамқорлығын көріп, елден ерек байыған тоғышарлар қазір оңды-солды сұхбат беріп, кітап жазып, ұялмай-қызармай халыққа ертегі айтуда. Біз заңдарымызды күшейтіп, орындалуын жолға қоймайынша, жаңағыдай көргенсіздерден ешқашан құтыла алмаймыз.

Кітап культке айналуы керек

Мереке Құлкенов: Президент Ұлытаудағы ұлт­тық құрылтайдағы алғашқы сөзінен бастап Ана тіліміз бен кітап оқуды үнемі айтып келеді. Бұл екі салада керемет оң өзгерістер бар. Қазақ тілі қоғамына жаңа мәртебе беріліп, қаржылық қоры молаюда. Бұл қоғам жаңа бағыт­та жұмыс істей бастады. Кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі кітаптар үлесі көбейіп келеді. Әсіресе, Президент айтқандай, әлемдік бестселлерге айналған кітаптар қазақ тіліне аударылып, кітап дүкендерінде сіресіп тұр. Бірақ оларды сатып алатын оқырмандар саны әзірге тапшы. Өйткені аударма сапасы сын көтермейді. Аудару кезінде кітаптың мазмұны мүлде өзгеріп кеткен. Бұл келеңсіздікті дереу тоқтату керек. Ол үшін Қазақстан Жазушылар одағының жанынан Аударма орталығын ашу – кезек күт­тіртпейтін мәселе. Бұрын мұндай орталық Жазушылар Одағында жұмыс істеп, Мұрат Әуез ағамыз басқарған.
Түркістанда өткен Ұлт­тық Құрылтайда Президентіміз балалар кітабына назар аударып, мектеп кітапханаларын балаларға арналған көркем шығармалармен толықтыруға тапсырма берген еді. Алайда осы игі шара әлі күнге дейін ойдағыдай жүзеге аспай отыр. Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі Жазушылар одағымен бірлесе отырып бұл мәселеге қайта оралуға тиіс деп ойлаймын. Өйткені бұрын бекітілген 1700 шығарманы қайта қарап, електен өткізу үшін арнайы комиссия құрылуы қажет.
Ал енді көркем шығарманы жас ұрпаққа оқыту мәселесіне келсек, меніңше, арнайы Мемлекет­тік бағдарлама керек-ау деп ойлаймын. Ең талант­ты шығармаларды үлкен аудиторияларда дауыстап оқу сияқты үрдісті дәстүрге айналдырсақ, қане!
Қазір елімізде кітапханалар жұмысы әжептәуір жанданып келеді. Әсіресе, Алматыда заманауи кітапханалар саны көбеюде. Президент­тің арнайы тапсырмасымен Астана мен Алматы қалаларында 24 сағат бойына үздіксіз жұмыс істейтін кітапханалар құрылысы басталды. Кітап – рухани тәрбиенің негізі екеніне халықтың көзі жетіп келеді.
Ұлт­тық кітап күнін атап өту жолға қойылып, нақты күнін белгілеу – кезек күт­тірмейтін мәселе.

Әміржан Қосанов: Дұрыс айтасыз, Тоқаев билікке келгелі рухани өмірге, соның ішінде, кітапқа көңіл бөліне бастағанын мойындау керек. Шынымен де, бұл – жақсы тренд. Енді Президент­тің жақсы бастамалары нақты істерге ұласып, Қазақстан кітапты ең көп оқитын елдер қатарына қосылсын!

Діни қараңғылық – кертартпа күш

Әміржан Қосанов: Қазіргі қоғамның дінге қатысты бір дертін Президент дөп басқандай. Меніңше, діни радикализм мен экстремизмнің түбінде екі нәрсе жатыр: бірі – кәдімгі сауатсыздық, қараңғылық, екіншісі – әлеумет­тік теңсіздік. Осы екі фактор талай жастарымызды күмәнді, қазақтың сана-болмысына жат ағымдарға қарай жетелеуде. Күшке мінген діни радикализм мен экстремизм келе-келе саяси, экономикалық мәселелер мен мақсат­тарға қарай бет алатыны белгілі. Басты қауіп – осында!
Иә, әлеумет­тік мәселелер өз шешімін таба жатар. Бірақ діни сауатсыздықты жеңудің барлық мүмкіншілігі бар емес пе? Бүгінде мемлекет­тің қолында орасан зор ақпарат­тық әлеует шоғырланған. Осы салада тиімді де нәтижелі ағарту жұмысын жүргізіп жатқан мемлекет­тік телеарналар мен БАҚ жүйесі қайда? Жастарға жөн сілтеп, бағыт беретін талант­ты, шешен уағызшыларымыз қайда? Кезінде, мәселен, салафит­тердің «көкелері» Назарбаевтың інілері болды дедік. Олар бүгінде саяси сахнадан аластатылды. Олай болса, жағдай неге өзгермейді, әлде олардың жақтастары бүгінгі биліктің де ішінде жүр ме?!

Мереке Құлкенов: Әміржан, өзің айтқандай, Назарбаевтың тұсында елімізге әртүрлі діни ағымдардың тереңдеп сіңіп кеткені – шындық. Бұл – дерт. Ал қазақ айтады: «Батпандап кірген дерт мысқалдап шығады», – деп. Сондықтан бұндай теріс бағыт­тардағы діни ағымдардан құтылу үшін көп болып күресуіміз керек.
Қазақы құндылықтарға қырын қарамайық
Мереке Құлкенов: Президент өз сөзінде баршамызды біріктірер ұлт­тық құндылықтарды нақты атады. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» формуласы, міне, осы құныдылықтардан шықан сияқты.
Меніңше, жас ұрпақты тәрбиелеу мен Әділет­ті Қазақстан құру жолында сан-салалы ұлт­тық құндылықтарымызды жан-жақты жандандыруымыз қажет. Оның түбегейлі алғы шарт­тары жасалуда. Соның бірі – Президент­тің бастамасымен Жошы ұлысын зерт­тейтін ғылыми институт­тың құрылуы.
Алтын Орданың құрылуы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильмдер түсірудің қолға алынуы, тарихымыздың жаңа жеті томдығының жазылуы сияқты игі істерге қуанбасқа болмайды. Ал енді «Үстірт қорығы» мен жерасты мешіт­тері ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосылса, нұр үстіне нұр емес пе?
Президентіміз ұлт­тық құндылықтарға байланысты археология саласындағы келеңсіздіктерге қат­ты алаңдайтынын айта келіп, соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналғанына өкініш білдірді.
Ұлт­тық құндылықтар дегенде, салт-санамыз бен дәстүріміздегі, ұлт­тық спортымыздағы жіберіп алған «әт­теген-айларымызды» қалпына келтіретін уақыт жет­ті. Бұл жайындағы сенің ойың қандай?

Әміржан Қосанов: Өз басыма мемлекет басшысының баршаға ортақ құндылықтарды жүйелеп бергені ұнады. Ол да бір идеологиялық бағыт-бағдар ғой. Бірақ та, кәнігі демократ ретінде сол құндылықтардың ішінде Халық билігі, азат­тық, еркіндік секілді құндылықтар да аталғанда нұр үстіне нұр болар еді. Мүмкін, ол болашақтың ісі шығар.
Сонымен бірге ол құндылықтар Президент Жарлығымен бір күнде жүзеге аса қоймайды, ол үшін барша қоғам, ең алдымен, билік институт­тары осы құндылықтарды күнделікті жұмысында басшылыққа алуы тиіс. Билікке, әсіресе әділдік және жауапкершілік, заң және Тәртіп секілді құндылықтар жетіспей жататыны жасырын емес…
Осы орайда бір сұрақ: ел ішінде көп талқыланып жатқан Елтаңбаны өзгерту мәселесіне көзқарасыңыз қандай?

Мереке Құлкенов: Анығын айта­йық, Елтаңбаны жаңарту Президент­тің тікелей идеясы емес. Бұл жөнінде пікір айтушылар көп. Менің жеке пікірім: егер жаңа комиссия құрылып, елтаңбаның жаңа үлгілері жасалып талқыға түсіп жатса, аламан бәйгеден бәрімізге ұнайтын жаңа Елтаңба жеңіп шығып жатса, неге қуанбасқа?
Сондықтан айқай-шу шығарып жатқандарға айтарым: Елтаңба да, Ту да, Әнұран да уақыты келгенде өзгеріп отырса, айыбы жоқ.

Әміржан Қосанов: Президент «қоғаммен ақылдасып шешу керек» деді емес пе? Олай болса, менен де бір пікір: өз басым дәл қазір Елтаңбаны ауыстыруға қарсымын. Еліміз осы күндері нағыз дағдарысты ахуалды басынан өткеруде. Ең алдымен, экономикамызды рет­теп, халықтың жағдайын түзеп алайық. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман да келер, сонда Елтаңба туралы пікірталасты бастайық.

Экономиканың антихалықтық сипат алғаны белгілі

Мереке Құлкенов: Әміржан, идеологияның жайын біраз талқыладық, енді ұлт­тық экономика туралы да ойымызды ортаға сала кетелік.
Ұлт­тық экономика дегенде менің ойыма мұнай-газ саласы түседі. Қазақ­стан экономикасының басты бөлігі болып саналатын осы салаға ерекше қарауымыз керек. Ереуілге шыққан мұнайшылардың мәселесін жан-жақты қарап, рет­теу – кезек күт­тірмейтін мәселе. «Бар пәле жұмысшыларда емес, соларға жұмыс істетіп отырған алпауыт­тарда ғой» деп топшылаймын.

Әміржан Қосанов: Ескі Қазақ­станнан келе жатқан бір қасаң қағида бар емес пе, яғни алдымен нені қолға алу керек – экономиканы ма, саясат­ты ма? Қолдан жасалған осы дилеммаға биліктің көзқарасы өзгере бастаған сияқты. Өйткені Президент өз сөзінде Құрылтайда рухани, тарихи, салт-дәстүр, түптеп келгенде, өркениет­тік даму мәселелерімен қатар экономиканы да сөз ет­ті. Шынымен де, бүгінде ушығып тұрған бір проблема – сол! Экономика отыз жыл бойына құбыжық, антихалықтық сипат алғаны белгілі. Аты өзгерсе де, заты өзгермеген ат төбеліндей олигарх­тардан, мұнай мен газға тәуелдіктен, тендерлік бұра тарту мен монополиялық мемлекет­тік сатып-алудан әлі де арыла қойған жоқ. Иә, жаңа Үкімет келді. Үміт оты жанғандай болды. Бір нәрсе анық: премьерлер не министрлер ауысуы – Үкімет­тің жемісті жұмысының жалғыз шарты емес. Мәселе – ескі Қазақстан тұсында негізі қаланған, миллиондардың емес, жүздеген адамның ғана бай да бақыт­ты өмірін қамтамасыз еткен құбыжық экономикалық модельде. Соны өзгертпей, яғни экономикаға халықтық сипат бермей, еш нәрсе де өзгермейді.
Мереке Құлкенов: Қорыта айтсақ, қалай десек те Ұлт­тық құрылтай – жаңа, Әділет­ті Қазақстанның ерекше басқару тетігі. Басқаша айтқанда, елдің рухани байып, жан дүниесінің ерекше өркендеуіне, әділдік жолына түсіп, жаңаша дамуына мүмкіндік жасайтын құрылым.

ПІКІРЛЕР4
Аноним 30.03.2024 | 12:04

Әдемі талдау!

Аноним 30.03.2024 | 12:05

Оқып шықтым.өте жақсы сұхбат екен.әрине сұхбаттың жақсылғы- оның мазмұнымен шынаилығында. мысалға аитар болсақ — қазақ қоғамын ауыр дертінің бірі жғымпаздық . және бірі дініи қараңғылық . тағы бірі економика. економикә болғандада өндідіруші кұші әлсіз, өркені әлсіз тұиық шаруашылық екенін моиындауға тиіспіз.енді бәріміз бір ниетпен жұмылып аталған мәселелемен кұресуіміз керек.

Аноним 30.03.2024 | 12:07

Қазақтың ішке-сыртқа кеңінен танымал екі зиялысының Үшінші Құрылтайдан кейінгі өте тартымды диалогында айтылғандарға толық разымын.

Аноним 30.03.2024 | 13:29

Президентіміз атаған ұлттық құндылықтарымыздың құндылық салмағы өлшеусіз екенін жұрт көзін ашып көріп, терең сезінуі үшін осы сұхбаттың маңызы өте зор деп ойлаймын. Жпзушылар одағының басшысы Мереке Құлкенов ағамызбен саясаткер Әміржан Қосановтың әңгімесін тұщынып оқыдым. Қоғамдаңы шешуін күткнн күткен шетін мәселелер нақты айтылыпты. Мереке Құлкеновтің Құрылтай өтіп жатқан еезде де берген сұхбатында жанды мәселелер көтерілген еді. Жаңа Қазақстанды осылайша өркендету, батыл пікірлер айтып, оны іске асыруды да назарда ұстаса, нұр үстіне нұр. Жеке басты емес, Кітапты культке айналдыру да жаңа Қазақстанның жаңа сипаты!.
Президент атаған құндылықтар– тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» формуласы,».
Осы қалыппен қалыптасққан Жаңа Қазақстанды шіркін, көріп кетсек қой… Іске сәт, дейміз. Тілекшіміз. Аға айтпақтай ҚЖО мүшесі ретінде біз де өзімізді ӨҚұрылтай мүшесі міз, дауысымен бар деп есептеймі.
Баян Бекетова, қаламгер.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір