Атырау төріндегі халықаралық фестиваль
09.12.2016
2057
0

Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевтың халықаралық ІІ-ші театр фестивалі Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өтті. Өңір тізгінін ұстаған Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың айтуынша «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келген қаламгердің алпыс жасқа толу мерейтойын жасау – ең алдымен сахна мерекесі, бекзат өнерді қадір тұтқандардың мерекесі» деп саналса, Рахымжан Отарбаев өз сөзінде «ел мен жерді біріктірген, алыс пен жақынды байланыс­тырған» мейрам болды деп атап өтті.


Қос құрлықтың тоғысында

 Бұрынғылар  бұл  Атыраудағы Жайықтың қос жағасының бі­рін – Астарахан жақ, екіншісін – Бұқар жақ дейтін. Бүгінгілер оны Еуропа мен Азия деп жік­тей­­тін болған. Міне, осы қос құр­­лық тоғысқан қалада қазақ әде­­биеті  мен мәдениетінің айту­­лы тұлғалары жиналып, қазақ­тың жыры мен сыры шал­қыған ғажап бір басқосудың куәсі бол­ды.

Атырау топырағына қадам бас­қан жақсы мен жайсаңның қа­­тарында Ресей, Моңғолия, Гер­мания, Қырғызстан мем­ле­кет­­терінен арнайы келген меймандар да бар. Қазақ өнері мен мә­дениетінде өзіндік қолтаң­ба­сы қалған тұлғалардың бірқ­а­та­ры фестивальге төрелік етті.Қа­зылар құрамында Қазақ­стан­ның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, ақын, жазушы, Моңғолия Жазушылар ода­ғы Баян-Өлгей аймақтық қа­зақ қаламгерлер кеңесінің тө­рағасы, «Шұғыла» жур­на­лы­ның бас редакторы Сұраған Рах­метұлы, Қазақ­станның ха­лық әртісі, режиссер, Қалибек Қуа­­нышбаев атындағы мем­ле­кет­тік академиялық қазақ му­зы­­калық драма театрының көр­кемдік жетекшісі Талғат Те­менов, Қазақстан және Қыр­ғыз­стан Республикасының ең­бегі сіңген қайраткері, жазушы, композитор, музыкатанушы Илья Жақанов, жазушы-дра­ма­тург, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Иран-Ғайып (Иранбек) Оразбаев, Қырғыз Респуб­ли­касының еңбек сіңірген әртісі Бұсұрман Одуракаев, Герма­ния­дағы қазақ қауымдас­ты­ғы­ның төрағасы Сүлеймен Шадкам бар. Қазылар алқа­сының тө­рағасы – КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов.

Жазушының алпыс жасқа тол­­ған мерейтойына арнайы кел­­ген мәртебелі меймандар қа­тарында: «Мәдениет» қо­ры­ның директоры Ермек Алданов, «Фо­рум» журналының бас ре­дак­­торы В.Н.Муссалитин, «Юность» журналының бас ре­дак­торы Валерий Дударев, филология ғылымының кандидаты, әде­биет­танушы Марианна Дударева (Ресей), аудармашы Флера Тарханова, Ирек Тимургалиев (Татарстан), Жаныш Құлмамбе­тов (Қырғызстан) жә­не Алматы мен Астана, Ақ­төбе, Орал, т.б. қала­лар­дан қа­лам­гердің сыйлас аға­йыны, ақын-жазушылар бас қосты. Олардың ішінде белгілі жазушылар Несіпбек Дәутайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры­ның директоры Сәбит Әбді­халықов, режиссер Мұрат Ахманов, қоғам қайраткерлері Асаубай Майлыбаев, Ирак Елекеев, Ақтөбе об­лыстық драма театрының директоры Мағзом Бағиджанов, сол театрдың актрисасы Шалқия Бағиджанова, аста­налық қа­лам­герлер Талғат Кеңес­бай, Анар Қабдуллина, т.б. қа­ламг­ер қауым Атырау төрінде әдебиет пен мәдениет жайлы келелі әң­гі­мелерге қа­нығып, пікір алмас­ты. Қо­йы­лым арасында және қойы­лым­нан соң да әдебиет мен мә­де­ниеттің жай-күйі тал­данған бұл басқосулар қа­ламгер жұрт­шылығы үшін өзіндік шебер­лік алмасу сипатты еді.

Бірқатар зиялы қауымның ба­сын қосқан жиынның негізгі мақ­саты театр фестивалі бол­ға­ны белгілі. Бұл өнер мерекесін Атырау облысының әкімі Нұр­лан Ноғаев сөз сөйлеп ашты:

«Бүгін Атырауда жақсы бір кеш басталды. Рахымжан Отар­баевтың халықаралық екінші театр фестивалінің тұсауы ке­сілді. Бұл – жалғыз Атырау үшін емес, еліміз үшін елеулі оқиға. Се­бебі, мұнда өз өнерлерін ор­та­ға салу үшін жан-жақтан театр ұжымдары келді. Облыстардан, Қырғыз елінен жеткен театр ұжым­дарына қош келдіңіздер, өнерлеріңіз үстей берсін дегіміз келеді. Ресейден, Моңғо­лия­дан, Қырғызстаннан келген абыройлы қонақтарға ризашылығы­мыз­ды білдіреміз.

Қадірлі Раха! Сіз өз ортаңыз бар, өз ордаңыз бар қаламгерсіз. Еңбектеріңіз алыс-жақын шет­елдерде шығып жүр. Жақында ғана Түркиядан «Ақ көбелектер» мен «Бас» атты кітабыңыз түрік ті­лінде тасқа басылды. Құттық­тай­мыз! Алдыңғы толқын ағала­рыңызға бұйырған абырой-атақ сізге де бұйрсын», – деді ол өз сө­зінде.

КСРО халық әртісі, КСРО жә­не Қазақстанның Мемлекет­тік сыйлықтарының иегері, қазы­лар алқасының төрағасы Аса­н­әлі Әшімов те сахна төріне кө­тері­ліп, ізгі тілегін жеткізді.

– Рахымжан інімізді қатты сый­лаймыз. Сахна­ның, жазу­шының, киноның тілі әр ­бөлек. Сол сияқты, әр қалам­гер­дің де  өз  тілі  бар. Шекспир­дің, Мұх­тар Әуезовтің өзіндік тілі бар. Рахымжанның да прозасы ешкімге ұқсамайды. Оның сө­зінің қисыны бөлек. Рахымжан – өнерді түсініп, жетіліп келген драматург. Жиырма беттік шы­ғармадан екі беттік қойылым жа­сау таланттың ғана қолынан ке­леді. Осындай дарындарын құрметтеп, дәстүрлі фестиваль өт­кізуге қолдау білдірген облыс басшылығы барда драматург пен режиссер, актер де бақытты болмақ, – деді А.Әшімов.

Фестиваль барысында «Юнос­ть» журналының бас ре­дак­­торы Валерий Дударев «Шың­ғысханның көз жасы» (Плач Чингисхана) повесі жа­рияланған журналдың 2016 жыл­ғы №№5,6 нөмірлерін ав­тор­дың өзіне табыстады. Әлемге әйгілі журналда бұған дейін Бо­рис Пастернак, Белла Ахмадули­на, Николай Рубцов, Иосиф Бродс­кий, Андрей Вознесенс­кий, Олжас Сүлейменов­тің шы­ғар­малары жарияланған. Журнал редак­то­рының айтуынша, автордың өзіне шығармасы ба­сылған журнал­дың данасын тап­сыру сәті тарих болып қал­мақ. Өйткені, бұған дейін мұн­дай рәсім болма­ған екен. Сыншы, әдебиет­та­нушы, филология ғылымы­ның канди­даты, Мәс­кеу­дегі РУДН ұстазы Марианна Дударева да «Шыңғыс­ханның көз жасы» кітабына өз бағасын бе­ріп: «Бұл – ұлттың тұтас тарихын көрсе­тетін, әлем әдебиетінің ең озық дәстүрінде жазылған шығарма. Оның жалпы­адам­заттық құн­ды­лық ретінде баға­сы зор. Қазақтың халық әніндей әсе­рі күшті, оқып отырғанда, сүйіс­пеншілігіңді оятады», – деді.

 Бес қойылым көтерген жүк

 Биыл жазушының мерейлі жа­сымен, қуанышымен ор­тақ­та­са келген бес театр ұжымы өнер көрсетті. Атап айтқанда, Ба­тыс Қазақстан облыстық қа­зақ драма театры, Оңтүстік Қа­зақстан облысының өзбек драма театры, Қырғызстан Рес­пуб­ликасы Шүй облыстық Термечиков атындағы драма театры, Пав­лодар облысы Жүсіпбек Ай­мауытов атындағы қазақ му­зыкалық және Атырау облыстық Ма­хамбет атындағы қазақ драма театрлары бар.

Бес қойылым жанры жағы­нан да, мамұны жөнінен де әр түрлі. Қазақтың кешегі, бүгінгі, ер­теңгі тағдыры мен талайын көр­сеткен бұл қойылымдарға кел­ген көрермен санасына сәуле тү­сіріп қайтты деген сенім мол.

Фестивальді Батыс Қа­зақ­стан облысының қазақ драма театры «Жәңгір хан» тарихи дра­­масымен бастады. Қойы­лым­ның режиссері – Мұқанғали Томанов. Қоюшы-суретшісі – Мұ­рат Мәмбетов. Қойылымда қазақ даласындағы отаршылдық саясаттың көрінісі бірден көзге ұрады. Аласапыран кездегі зор­лық пен қорлық, қазақты түнек­тен алып шыққысы келген хан мұраты мен ақын жолының тайғақ кешулерін режиссер өзінше көрсете білген.

Фестивальдің екінші күні Махамбет атындағы қазақ драма театрының «Двойник» комедиясымен жалғасты(Режиссері – Тілеген Ахмет­ов. Суретшісі – Темірбек Мұхтар). Комедияда біздің заманның кейіпкерлері: кедейі мен байы, қарулысы мен қорғансызы, ынсапсызы мен ысырапшылы жүр.

Оңтүстік Қазақстан облысы­ның өзбек театры «Аяулым Ан­фиса» комедиясын ұсынды.Қою­­­шы-режиссері – Жавлон Сайи­тов, суретшісі – Сайид­сұл­тан Джахангиров. Өнер ұжы­мы­ның барша әртісі жұмыл­дырыл­ған туындыда Кеңес Одағының дәуірі мен ондағы тұрғындардың жай-күйі сөз болады. Көпшілік cолақай саясаттың сергелдеңін осы спектакльден айқын көре алды деп сенеміз.

Ж.Аймауытов атындағы Пав­лодар облыстық  қазақ драма театры «Нашақор жайлы новелла» драмасын сахналады. Қоюшы-режиссері – Е.Қау­ланов, қоюшы-суретшісі – Р.Сты­баев. Күні бүгінде өзекті тақырыпқа айналып, қазақ жастарының бірқата­рын шырмап алған бұл дерттің салдары мен себебін сахна тілі арқылы сөйлеткен өнер ұжымы­ның шығарма­шылығын, әсіресе, көрермен-жастар ерекше бағала­ғанын қойылым аяқтала бере, көрер­мен тарапынан жасалған ықы­­ластан байқағандай бол­дық.

Рахымжан Отарбаевтың «Аяқ­­талмаған хикая» мұңды дра­­­масын қырғыз тіліне Қырғыз Республикасының еңбек сіңір­ген әртісі Бұсұрман Одуракаев аударған. Қоюшы-режиссер – Жаныш Құлмамбетов. Рахымжан Қасымғалиұлының «Көр­ген-баққан» әңгімесі желісінде жазылған драманы қырғыздар «Қо­шалақтағы бір күн» («Коша­лак­тағы окуя») деп атаған. Қо­йы­­лымда бір қарағанда, отба­сының басынан кешкен жағдайы баяндалғанымен, сол дәуірдің тұтас көрінісі сипатталған деуге болады. Кеңшарлар мен ұжым­шарлар тарап, жекешелен­діру желеуімен мал-мүлік бөліс­ке түскен кезең суреттелетін қойы­лымда азын-аулақ малдан да береке таппаған ауыл адамдары шетелдіктермен бірлесіп жұмыс жасауға кіріседі. Бірақ одан еш пайда тап­пайды. Сөйтіп, спектакль «Қандай жағдайда да өз елімізді, жерімізді жат жұртқа бермейміз» деген ойда, ауыл адамдарының бір шаңырақ астында Әнұран айтуымен сахна шымылдығы жабылады. Ш.Термечиков атын­дағы Шүй облыстық театрының директоры Оросбек Айдаров қазақ жұртына деген ыстық ықыласын былай жеткізді: «Алотооның ар жағынан Атырауға екі жарым тәулік жол жүріп келдік. Жолай Шыңғыс Айт­мат­овтың «Боранды бекетінде» сөз болған, по­йыздары «батыстан – шығысқа, шығыстан – батысқа жүйтки аққан» Сарыөзектің сар даласын басып өттік. Жол бойы Шың­ғыс Төрекұлұлының кейіп­­керлерімен ойша тілдесіп, Атырауға сағынып, талпынып келдік. Сардалада қол бұлғай қалған соншама көп тағдырларға іштей тілеулес болып, сіздің жұрт­тың тарихын сахналамаққа асы­ғып келдік.

Сіздер бар болыңыздар, ол жақта біз де бар болайық!

Осы күні Қырғыз елі Рахымжан Отарбаевтың жеті бірдей спектаклін сахналап жүр. Бұл фестивальде бес спектакль қойыл­­ды. Келер жылы Қырғыз елінде фестиваль өткізсек, Қыр­ғыздың әр театры сақадай-сай дайын отыр», – деген сөзін жеткізді. Спектакль соңында Қырғызстан театр өнері акаде­миясының академигі атағы Асан­әлі Әшімовке, Есмұқан Обаевқа және Рахымжан Отар­баевқа берілді.

 Елдің тойы тарқамағай

 Театр фестивалінің қоры­тын­ды кешіне Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, сөз сөй­леді.

«Биыл екінші рет өткізіліп отырған фестивальдің ерек­шелігі сол – бұл мереке ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдық мерейтойымен және Тұңғыш Пре­­зидент күнімен тұспа-тұс ке­ліп тұр. Ұлт Көш­бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 1 желтоқ­санда қа­зақ­стан­дық­тардың қалауымен Президент болып сайланды. Тәуелсіз елдің Тұңғыш Прези­дентін ұлықтау сәтінде қазақ­тың абызы Әбіш Кекілбаев: «Ой­да­ғымыз болды, ортамыз толды. Төбедегіміз келді», –деп Нұрсұлтан Әбішұлын қолдауға шақырған болатын. Жауапкер­шілік жүгін арқалаған тұлғаға қолдау бүгінге дейін жалғасып келеді. Орхон-Енисей жазбаларында: «Бегін сыйлаған халқы болса, халқын сыйлаған бегі болса – ол ел мәңгі болады» де­ген жазу бар екен. Міне, біз осы ұстаныммен жүріп келеміз. Отбасында, ортасында Адами құн­дылықтарды насихаттай бі­лейік.

Елбасы өзінің бар күш-жігерін халықтың үмітін ақтауға жұмсап, экономикалық, гума­нитарлық, мәдени салада бел­сен­ділік танытып, өзі тың бастама көтеріп, бүгінгі таңда қа­зақстандықтардың осындай зор табыстарға жетуіне аянбай күш жұмсап келеді. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы тарихты қайта зерделеу үрдісі де жалғасын тапты. Бұрындары айтуға болмайтын деректер ор­таға түсті. Соның бірегейі – Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс» пьесасы. Тың дүниелер жазылды. Бұрын бірлі-жарым жерден Бейбарыс билеуші жайында естіп жүрсек, Рахымжан Қасымғалиұлы соны зерделеп, драмасын жазып шықты.

Мұндай игі істер әлі де жал­ға­­сын таппақ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың: «Рухы биік, ойы азат халық қана тәуелсіз бола алады» деген сөзі бар. Ата-баба аңсаған тәуелсіздік бізге бұ­йыр­ды. Президенттің сөзімен айт­сақ, тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, оны ұстап тұру соншалықты қиын. Алдағы уа­қытта да осындай шаралар бо­ла берсін. Сахнаға көрсетілген қойылымдардан өз сұрақ­та­рыңызға жауап табыңыздар. Менің ойымша, сіз бен біз тама­шалаған қойылымдардың бәрі – ойтүрткі. Спектакльдерді та­ма­шалап отырып, өткенге үңіл­дік. Рух пен адамгершілікті сақ­тай алмасақ, келешегіміздің қалай болатынын бағамдадық. Өскелең ұрпаққа  абай болмасақ, қалай   жарғ а  жығылатынымызды ұқ­тық. Театр фестиваліне аға буын­­мен бірге өскелең ұрпақ­тың келгені қуантты.

Ұлы театр өнері жасасын! Алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар өзіндік шеберлік сабақтарын өткізді деп білемін. Пікіралмасу көбейсін!», – деген Нұрлан Асқарұлы осы шараға орай ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахат­динұлынан келген құттықтау хатты оқып, мерейтой иесіне та­быстады.

Рахымжан Қасымғали­ұлы­ның  60 жас мерейтойына арнал­ған құттықтау хаттар ҚР Пар­ла­менті сенатының төрағасы Қа­сым-Жомарт Тоқаев,
ҚР Пре­мьер-Министрінің орын­басары Иманғали Тас­мағамбетов және ҚР Президенті әкімшілігі бас­шысының орынбасары Бағ­лан Майлыбаевтан да келіп түскен екен. Ол хаттарды да өңір әкімі Рахымжан Отар­баевқа табыстады.

Салтанатты шарада Ресей Жазу­шылар одағының хатшысы, «Форум» журналының бас редакторы Владимир Муссалитин Рахымжан Қасымғалиұлына «Жемісті бейбітшілік шығарма­шылығы үшін» алтын медалін табыстады. «Бізге қуаныш сый­лаған театр ұжымына, әртіс­терге рахмет айтамыз. Бұл сыйлық сенің бүгінгі мерей­тойың­мен тұспа-тұс келіп отыр. Үлкен жетістік Қазақстан­ның бір ұлының ғана емес, парасат-пайымға бас иетін күллі халық­тың қуанышы деп есептейміз. Құрметті Рахымжан, сен үшін қуанып отырмын», – деді жазушы Владимир Муссалитин.

Сондай-ақ, фестивальдің қорытындысы жасалған кеште мектеп оқушылары мен студент жастар арасында ұйымдас­ты­рылған «Рахымжан оқулары­ның» қорытындысы белгілі болып, байқаудың үздіктері де ма­рапатталды. Байқау жеңім­паз­дарына Алғыс хаттар мен сый-сияпаттарды мерейтой иесі Рахымжан Отарбаев пен облыс­тық Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Гүлжанай Қалиева та­­­быс­­та­ды.

Жазушы Рахымжан Отар­баев шараның соңында фести­вальді ұйымдастыруға ұйытқы болған Атырау облысы әкім­дігіне, шараға арнайы келген меймандарға, жалпы жұртшы­лыққа ризашылығын білдірді.

– Мені құттықтап, алыс-жа­қын шетелден келген мейман­дарға ризашылығым шексіз. Оқыр­мандарыма да ізгі ілтипа­тымды білдіремін. Біз тәуелсіз қазақ елінің өсіп-өркендегенін, дамудың даңғыл жолына тү­с­кенін жақсы білеміз. Алдағы уа­қыт­та да, еліміздің дамуы жо­лын­да бірлесіп қызмет ете бе­рейік.

Ел ағалары, апаларымыз, ана­ларымыз келіп тамашалауда. Мың сан рахмет! Сахна – киелі орын. Адам рухани тазарып шы­ғатын жер.

Менің алпыс жылдығым тәуел­сіздіктің 25 жылдығының қа­сында түк те емес.

Құдай басқа сана берді, қолға қа­лам берді, тілге бояу берді, жал­быратып шаш берді, жар­қыра­тып маңдай берді. Өзде­ріңіз­дей дос-жаран берді. Сіз­дердей ел берді – мен бақытты бол­май қайтем?!

Атам алпысқа келген күні құ­былаға жүзін бұрып, намазға жығылған еді. Алла жүрегімізде ғой. Әжем шалына қарап: «Осы Батысқа қарап жылайды да жатады, жасаған күнәсі көп болуы керек» деуші еді. Баяғының ақсақалдары көлеңкеде отырып: «алпысқа келдік, пенсияға шық­­­тық, жегеніміз ақ май, іш­кеніміз қағаз шәй, сәбидей мұң­сыз қыл» дейтін еді. Мына заман аунап кетті ғой. Әлем қазір ала­қаныңда. Өз ортаңның емес, әлемнің тағдырына алаңдайтын жасқа келдік. Соның ішінде жазу­шыға, драматургке уайымсыз, мұңсыз күн кешу қиын болар. Елдің мұңын ойлайсың. Көпшілікті ойлай­сың. Құдай бұйыртса, алдағы уақытта да ғұмыр берсе, жазатын дүние жетіп жатыр. Елдің тойы тар­қамағай, елдің мерейі үстем бол­ғай, азамат аман болғай! Мен көптің бірі едім. Бүкіл ел боп құшаққа алып жатырсыздар. Сыр мен қыр қатар құшаққа алып жатыр. Алла разы болсын! – деді тебіреніп.

Бұл – мерейтойлық фестиваль болғандықтан қатысушы өнер ұжымдарының бәріне бір­дей марапат берілді. Қазақ­стан­ның халық әртісі Асанәлі Әші­мов бастаған қазылар құрамы әр театр ұжымына диплом мен 500 мың теңгелік сертификат табыс­тады.

 Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір