Арыстары Алаштың
Әлихан Бөкейхан – қазақ қоғамында, ұлт зиялыларының ішінде дара, дана тұлға. Қай жағынан алып қарасаң да оның тұлғалық қасиеті өлшеусіз. Қайраткердің қазақ елінің тәуелсіздігі жолында жасаған қызметі, ұлтқа деген сүйіспеншілігі істеген ісінен үлгі. Оны біз, ең бастысы, ұлтының мүддесі жолында күрескен саясаткер, қайраткер ретінде танимыз, екіншіден, ол елдің әлеуметтік-экономикалық жайын ойлаған экономист, үшіншіден, мәдениетін, тарихын, әдебиетін сүйген азамат. Кейіннен «Үш жүз» партиясын құрған Көлбай Төгісов 1914 жылдың өзінде «Мусульманская газетаға» жариялаған «Қырғыздың «Қазақ» газетінің бір жылдығына» (К годовщине киргизской газеты «Казах») деп аталған мақаласында газеттің шығуына ерекше белсенділік танытқандардың арасынан Ә.Бөкейханды атай келе, оны «Мемлекеттік думаның бұрынғы мүшесі, Дала облыстарындағы жер мәселесінің маманы, халықтың құқығы үшін күрескер» ретінде бағалаған.
Светлана Смағұлова,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты директорының
орынбасары, тарих ғылымының докторы
Әлиханның даралық тұлғасы Шербина экспедициясынан басталады. Патша өкіметіне биліктің сөзін сөйлейтін, қызметін істейтін, Әлихандай ойшыл, іскер, идеясы бар адамдар қажет еді. Әлихан оларға емес, халқына қызмет етуге бар күш-жігерін салды. Мұны «Қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген бір сөзі арқылы жеткізген.
Әлихан төре тұқымынан бола еш уақытта өзінің өскен ортасын, атағын қолданып, масаттанған емес. Керісінше халықтың жағында болып, олардың қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, соның жолында өзін құрбан еткен азамат. Сондықтан оны қандай орта болса да құрметтеген.
Әлихан ел бірлігін, жер тұтастығын сақтайтын, ұлт мүддесін көздейтін мемлекет құруды армандады. Патша үкіметінің отарлық жүйесі төндірген қауіпті, отарлау саясатының мақсатын терең сезінді, түсінді. Сондықтан қазақ халқын ұлт ретінде сақтап қалу жолында бар күшін салды. Қазақ елінің өзін-өзі басқаратын, яғни ұлттық мүддені қорғай алатын мемлекеттік жүйені құруға талпынды. Бұл мемлекеттік жүйеге сол кездегі әлемдік озық тәжірибені пайдалануды, ауылшаруашылығын, өнеркәсіп саласын дамытуды, білім мен ұлттық мәдениетті өркендетудің қажеттігін көтере білді. Кадет партиясының («Халық еркіндігі» партиясы) құрамында болған кездің өзінде ол мемлекеттің ішкі және сыртқы құрылымын заң жүзінде қорғауды, яғни қазақ жерінің тұтастай қазақ елінің меншігі ретінде тануды, қазаққа еркіндік, теңдік беретін, олардың мүддесін қорғайтын заңның болуын қалады және соны талап етті.
«Алаш» партиясын құрған кезде де халықтың мүддесі жолында күреске шыққан үзеңгілес азаматтармен бірге қазақтың өз билігі өзінде болатын тұтас бір мемлекетке бірігуін жақтады. 1917 жылдың шілдесінде өткен Жалпы қазақ съезінде қабылданған қарардағы «қазақ жері ешкімге берілмесін», «қазақ жерінен алынған жерлер қазақтың өзіне тоқтаусыз қайтарылсын» дегеннен-ақ Әлихан мен оның айналасындағы Алаш қайраткерлерінің ұлт мүддесі жолында жерді бөлшектеуден сақтап қалуға бар күштерін салғандарын аңғару қиын емес.
Әлихан өмірінің соңына дейін «қазағым» деп өтті. Ұлт зиялыларына Көшбасшы бола жүріп, олармен бірлесе ұлттың еркін де, егеменді, азат өмір сүруін жақтады. Кешегі өткен Мемлекеттік Думаларға қазақ мәселесін жанталаса енгізуге бар күшін салды. Тіпті, большевиктік өкімет құрылған кезде де қазақ ұлтының пайдасына қызмет етуге жанталасты. Мәскеуге жер аударылғанның өзінде қазақтың мәдени саласын көтеруге, баспасөз, ағарту саласының дамуына еңбектенді.
Әлихан туралы көп айтуға болады. Оның публицистикалық еңбектерін саралап қарап отырсақ, қалам тартпаған тақырыбы жоқ екен. Жерге қатысты, дін, оқыту, сайлау, бірінші соғыс мәселесі, бұл тізім ұзын-ұзақ кете береді. Әр мәселені зерттеп қарасақ, үлкен идея жатқанын көруге болады.
Әлихан Алаш қозғалысы жолында жалғыз емес-тін. Оның айналасында Ахметтей, Міржақыптай, Райымжандай халқын сүйген дара тұлғалардың әрқайсысы өздігінше қоғамға ерекше еңбек сіңірді, сондықтан бұл азаматтардың барлығын байланыстыра зерттеу маңызды. Олардың идеялары да, қызметтері де бір-бірімен астасып жатты.
Большевиктік билік тұсында қудаланып, бастарына күн туған кездің өзінде Әлихан бастаған алаш зиялылары елден жыраққа кетуді қош көрмей, керісінше тамырын терең жайып, ұлттың санасын улап бара жатқан орыстандыру саясатына қарсы қарымды қаламдарымен күреске шықты. Қазақстанның Ағарту саласын көтеруге, мәдениетін өркендетуге бар күштерін салды. «Халық жауы» деп айыпталып, атылып кеткенге дейін мектептер үшін оқулықтар жазды, баспасөз саласында түрлі тақырыптарда мақалалар жариялады.
Тәуелсіз мемлекет болған
25 жылдың ішінде кеңестік жүйе тұсында Қазақстан тарихшылары жабық тақырып саналған Алаш қозғалысының тарихы зерттеу нысанына алынды. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің қызметін алғаш болып қолға алған К.Нұрпейіс, М.Қойгелдиев, Д.Аманжолова және т.б. тарихшы ғалымдар тарихи шындықты қалпына келтіріп қана қоймай, Алаш қозғалысына деген жаңа көзқарасты қалыптастыра отырып, алаштану саласының негізін салды. Алаш партиясының саяси күрес барысы мен Алашорда үкіметінің қызметі жан-жақты талқыланып, олардың қызметтеріне саяси баға берілді, алаш зиялыларының еңбектері жариялана бастады.
Мұрағат құжаттарында бұрындары құпия сақталып келген құжаттардың зерттеушілердің кең түрде пайдалануына жол ашылуы Алаш партиясына, Алашорда үкіметіне мүше болған ұлт зиялыларының өмір жолдары мен олардың қазақ қоғамына сіңірген қызметтерін дүйім халыққа жеткізуге мүмкіндік туды. Нәтижесінде аттарын атауға тыйым салған Алаш қозғалысының
Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышпаев,
Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков және тағы басқа Алаш қайраткерлері туралы ғұмырнамалық еңбектер жарық көрді. Ғылыми зерттеу нәтижесінде Алаш ісіне, Алаш қозғалысының жеке тұлғаларына қатысты диссертациялық, жеке монографиялық еңбектердің жазылуы – алаштану үлкен ғылыми бағытқа айналғанын дәлелдеп берді.
Қазірдің өзінде бұл тақырып өте өзекті, тың тақырып болып, әр қырынан зерттелуде. Дегенмен, есімдері мен еңбектері әлі де болса ескерусіз қалған Алаш арыстары жетерлік. Ұлт теңдігі, қазақ халқының жарқын болашағын жолында сталиндік қуғын кезінде басқа өлкеге жер аударылған, одан кейінгі тағдырлары белгісіз немесе құрбан болған азаматтар мыңдап саналады. Мәселен, 1932 жылы ОГПУ-дың Қазақстандағы өкілдігі құрған үштіктің шешімімен Орталық қаратопырақты облысқа жер аударылған, кейінгі өмірі белгісіз Абдулхамит Ақпаев, Алаш қозғалысына қатыстылығы және М.Шоқаймен байланыс жасады, контрреволюциялық ұйым басшысы болды деген желеумен тұтқындалып, Краснояр өлкесіне жер аударылған Серқұл Алдабергенов, Алаш қозғалысының мүшесі болған О.Алпысбаев, А.Аңдамасов, Б.Әбдікеев және сол сияқты азаматтардың өмір жолдары сол бетінде белгісіз қалып отыр.
Алаш қайраткерлері Иса Тегеусізов, Тел Жаманмұрынов, Имам Әлімбеков, Шынже Керейбаев, Жұмахан Күдерин, Торғайдағы Сейдәзім Қадырбаев және т.б. ұлт зиялыларын халыққа кең шеңберде танытатын уақыт жеткен сияқты. Егер айта берсең сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, зерттеушілерін күтіп отырғандардың тізімі ұзын-сонар. Алдағы жылы Алаш қозғалысының 100 жылдық мерейтойы келе жатыр. Осындай белгісіз азаматтардың тағдырын олардың қоғамға сіңірген қызметін, ұстанымдарын анықтай отырып, тұлғаларын халық арасына таныту арқылы ұлықтауды қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөз бар. Келесі жылы мемлекеттің қолдауымен Ә.Бөкейхандай ұлт көсемінің соңынан ерген Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тұрған немесе қызмет еткен орындар мен мекемелерге ескерткіш тақта орнатып, «Алаш қозғалысы» сериясын ашып, соның аясында ғылыми және әдеби шығармалар жарияласақ, Алаш зиялылары жайлы құжатты, деректі және көркем фильмдер түсірсек, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанар еді.
ПІКІРЛЕР5