Қазақтың жұлынып кеткен бөлшегі
Жанар Байсемізова,
«Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы
Баласын өмірінің жалғасы деп ұққан қазақтың бүгінгі ұрпағының Ұлттық негізден арылып, тасбауырлыққа бейімделіп бара жатқандығының белгісі ме, әлде сананы тұрмыс билеген мына замандағы алуан себептердің кесірі ме, әйтеуір тумай жатып, жан азабын тартатын қаракөздердің қатары азаяр емес. Өз ұясынан қанаттанып, самғап ұшуға тиіс бүлдіршіндердің бүгінгі мекені «Балалар үйі», қала берді, жат жұрттың босағасы. Олар әр күнін сағынумен, аңсаумен, терезеге телмірумен өткізсе де ертеңіне үмітпен қарайды. Ал кейбіреулер өздерінің ойсыз әрекеттерінің ақыры Ұлт қасіретіне айналғанын сезбестен жайбарақат өмір кешуде. Әйтсе де көңілі жарым бүлдіршіндерді бір сәтке болса да қуантуға, қайғысынан арылтуға көмектескісі келетін жандар да жоқ емес. Солардың бірі – «Шетелдегі қазақ балалары» атты жобаның авторы Жанар Байсемізова. Оны жұрт елден жырақ өмір сүріп жатқан қазақ балаларының іздеушісі ретінде жақсы біледі. Біз де көкейде жүрген сауалдарға жауап іздеп, Жанар ханыммен әңгімелескен едік.
– Халық сізді балалардың іздеушісі ретінде біледі. Әр бағдарламаңызда жат елде жүрген қазақ балаларының жан айқайын жеткізгендей болдыңыз. Қоғамға ой салуға тырыстыңыз. Дегенмен, мұндай халықаралық деңгейдегі жобаны жасау да оңай шаруа емес шығар?
– Шетелдіктер асырап алған қазақстандық жетім балалар туралы Қазақстанда тұңғыш бағдарлама жасау журналист ретінде маған аманат ретінде жіберілген шығар… Түрлі арнада алуан тақырыпта арнайы репортаждар, сюжеттер жасадым. Бірақ осы мәселе менің өмірімнен алысқа ұзап кетпеді. Бір кезде шетелге кеткен қаракөздер қандай екен деген ойдан туындаған идея бірде жоғалып, бірде қайта жанданып, орала берді, орала берді. Ең бірінші рет шетелдіктер асырап алған балалардың өмірі туралы бағдарлама 2009-шы жылы «Хабар» телеарнасында (АҚШ) арнайы репортаж есебінде жарық көрді, бір жылдан кейін «Алматы» арнасынан (Бельгия корольдігі) «Өзге Алматы» бағдарламасының аясында «Жүректің жұлым еті» деген атаумен шықты. Осыдан кейін мен бірнеше бағдарлама жасау туралы тұжырымға келдім. Алайда, ол мүмкін болмады. Идея бар, фундамент бар, қаңқасы бар, бірақ оған қажетті потенциал, құрал-жабдықтар, күш-қайрат, т.б. толық жиналмады, қысқаша айтқанда, дәл сол кезде оның уақыты туған жоқ. Арада біраз жыл өткен соң жүрегімде жобаның концепциясы жасалды. Өзімді жей бермей, оны босаттым. Одан кейін Жаратушы барлығын керемет шеберлікпен үйлестірді – жағдайдың барлығын осы жобаның шығуы үшін ыңғайлап, идеяға жан бітірді, сөйтіп «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы дүниеге келді.
Бұл бағдарлама Қазақстан үшін өте маңызды деп есептеймін. Өйткені, шетел азаматтары асырап алған қазақстандық балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Қазақстан азаматтары болып есептеледі. Тек он сегізге аяқ басқанда ғана олар қандай мемлекеттің азаматтығын алуды өздері шешеді. Мұндай құқық Үкімет тарапынан тек өзге елге кеткен жетім балаларға ғана берілген. Шартарапқа шашылған қазақ балаларын қазақ елінен бөле-жаруға болмайды. Әр бағдарламада оларға Қазақстанның тарихын, тілін, дінін, ділін насихаттайтын кітаптар, документалды фильмдер және ана тіліне сусап отырған балаларға түрлі оқулықтар табысталды. Олардың қазақ тілін үйренуге деген талпыныстары зор. Шартарапқа шашылған қазақ балаларын қазақ елінен бөле-жаруға болмайды. Қазірден бастап олармен және қазақстандық бүлдіршіндерді қамқорлығына алған шетел азаматтарымен байланысты үзбеу еліміз үшін өте маңызды. Шетелдік азаматтар асырап алған қазақстандық балалар туралы бағдарлама әр адамның жүрек қылын қозғап, жанарына жас үйірді, өйткені әрбір қазақ бұл жағдайға бейжай қарай алмайды. Бұл – Ұлттың трагедиясы. Мен осы жоба арқылы қоғамға ой салуға талпындым. «Шетелдегі қазақ балалары» шетке бала беруді дәріптеу емес, елдің ішінде бала асырап алу үрдісін көбейту, қыз-жігіттердің ұрпақ алдындағы жауапкершілігін арттыру, ұлттық құндылықтарды қайтаруға, елімізде балалар үйі деген түсінікті жоюға жасалған қадам деп есептеймін. Бағдарлама арқылы қазақтың ұл-қыздарының адамгершіліктен, мейірімнен жұрдай болып, туған перзентін кез келген жерге тастап кетуінің кесірінен күнәсіз сәбидің көз жасының тыйылмауын, қоғамның азғындап бара жатқанын нақты кейіпкерлер арқылы көрсетуге тырыстым. Осы жоба барысында Еуропада он елді араладық, бұдан кейін сапарымыз АҚШ пен Канадада жалғасты. Ұзын саны 12 мемлекеттегі қазақстандық жетім балалардың хал-ахуалын біліп қайттық. Бағдарлама 2013-ші жылдан басталды. Жалпы, 23 бағдарлама жарық көрді. Әзірге жоба тоқтатылды. Әрине, шетелге ұзақ уақытқа іс-сапарға шығу, түсірілім жұмыстарын ұйымдастыру оңай шаруа емес. Оның үстіне бала асырау мәселесі заң бойынша өте құпия ақпараттар, яғни жариялануға болмайтын деректер болып табылады. Дегенмен, қазақстандық жетім балаларды асырап алған шетелдік отбасылардың рұқсатын алу арқылы біз бұған қол жеткіздік. Шет мемлекеттердегі балалармен кездесу үшін ҚР Сыртқы істер министрлігінің, оның ішінде Халықаралық ақпарат комитеті мен Консулдық қызмет департаментінің, Қазақстанның шет мемлекеттердегі Елшілік өкілдерінің еңбегі орасан зор болды. Сондай-ақ, халықаралық бала асырап алу істері бойынша сарапшы, заңгер, АҚШ-та тұратын қандасымыз Айнұр Көкетаева да Америкада тұратын бір қазақ баласымен кездесу жұмыстарына көп көмегін тигізді әрі бағдарламада ол кісінің ғылыми еңбектерін пайдаланғанымызды да айта кеткім келеді.
– Жат елде өмір сүріп жатқан қаракөздердің жағдайын көріп-білгеннен кейінгі шетелге бала беру туралы пікіріңіз қандай?
– Италияда қазақ баласын асырап алған бір отбасымен жолықтық. Өкіл әке-шешесі кішкентай бүлдіршінге туған анасының қазақ екенін және оның Қазақстанда тұратынын айтыпты. Сол балақай мені көргенде «мамасы» келген екен деп ойлап қалыпты. Асырап алған әйелден «менің анам ба» деп сұраған. Осы сөзді естігенде, біреу төбемнен су құйып жібергендей болды. Олар әлі де туған ата-анасын күтеді екен. Ол жақтағы асыранды балалардың барлығын бірдей бақылау мүмкін емес. Әзірге әлемнің 30 еліне таралып кеткен, бейресми мәлімет бойынша он мыңға жақындап қалған қазақстандық балғындардың өмірі тек қағаз күйінде келетін, құрғақ есеппен ғана өлшеніп отыр. Қазақстанның шет елдегі елшіліктерінде олардың әрқайсысына барып, үйлерін аралап шығуға уақыт та, маман да тапшы. Дегенмен, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Консулдық қызмет департаменті және Қазақстанның шет елдегі Елшілік қызметкерлері өз шама-шарқынша сол балалардың жай-күйін біліп, ара-тұра мемлекеттік деңгейдегі мерекелік шараларға шақырып, түрлі сыйлықтар беріп, қамқорлық танытып жатады. Ал Білім және ғылым министрлігі үнсіз келеді. Жалпы, ресми түрде еліміздің шет елдегі мекемелерінде консулдық есепте 7247 бала тіркелген. Олардың басым бөлігі, яғни 5925 бала АҚШ-та өмір сүреді. Шын мәнісінде Америкадағы қазақстандық балалардың саны жеті мыңға жетіп қалды. Егер мемлекеттік деңгейде бұл жағдайға мән берілсе, барлық балалардың өміріне бақылау жүргізуге болады деп есептеймін.
– Жастайынан әр елде, түрлі отбасында тәрбиеленетіндіктен балалардың сол ортаға бейімделетіні белгілі. Бірақ қазақта «қанына тартпай қоймайды» деген сөз бар ғой, олардың болмысынан ұлттық ерекшеліктер байқала ма?
– Еуропа елдерінде қазақ мәдени орталықтары бар, алайда ол жақта тұратын қандастарымыз бен шетелдіктер асырап алған қазақ балалары арасында ешқандай байланыс орнамаған. Жалпы, шетелдегі Қазақстанның Елшіліктері түрлі мерекелерде жоғарыда айтқанымдай, қазақстандық балалардың басын қосып тұрады. Мысалы Бельгия, Италия, Германия, АҚШ, Канада мемлекеттеріндегі консулдардың еңбегі орасан. Нью-Йорктегі Бас консулдық балаларды жиі жинайды. Сондай-ақ, Америкада бізден Сара есімді қазақ қызын асырап алған Сюзен Саксон деген әйел «Қазақ ауылы» ұйымын ашқан. Соның аясында жыл сайын қазақстандық балаларға арнап «Жайлау» атты жазғы лагерь ұйымдастырады. Бұл жерде қазақ балаларына еліміздің тарихы, мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі, ұлттық тағамдарынан дәрістер өткізіледі. Қазақстандық жетім балалар Отан туралы ақпараттарды көбінесе біздің елшіліктеріміз таратқан кітаптардан немесе ғаламтордан алады. Ал «Шетелдегі қазақ балалары» жобасынан кейін олар Қазақстан туралы кеңінен құлағдар болды, олардың туған елге деген ықыластары, қызығушылықтары оянды. Биыл, жаз айларында Қазақстаннан асырап алынған көптеген балалар туған мекендеріне саяхат жасап қайтты. Олардың тамырының қазақ жерінде жатқаны, кіндігі қазақ топырағында қиылғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Кейін шетелдік азаматтар асырап алған қазақ балалары арасынан мықты тұлғалар шықпасына, кім кепіл?! Сондықтан біз олармен үзіліп қалған жіпті қайта байлап, қазірден бастап оларға Отаны бар екенін, туған ата-аналары безінсе де, Қазақстан олардан бас тартпағанын білдіруіміз керек. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы шетелдік отбасыларында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге рухани күш берді, олардың сұраушысы, іздеушісі бар екенін ұғындырды.
– Сіз бір сөзіңізде: «Дамыған елдерде бала асырап алу қиын. Ол үшін кезекте тұрғандар өте көп. Олардың арасында бала сүю мүмкіндігі жоқтан емес, ұрпағы бола тұра, сауап үшін, Құдайдың алғысына бөлену үшін жетім балаға қорған болғанды қалайтын адамдар көп кездеседі» депсіз. Қазір біздің елде де «Балалар үйінен» бөлек жетім балаларға көмек көрсетіп, оларды асырап алатын азаматтар жеткілікті. Бірақ сонда да елімізде жетімдердің саны азаймай тұр ғой, бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Осы бағдарламалардан соң, Қазақстан азаматтарының жетім балаларды асырап алуына ықыластары артты. Көптеген адамдар кезінде көз жазып қалған балаларын іздей бастады. Аталған бағдарлама көкейтесті, өзекті мәселені көтеру арқылы көрерменнің алғысына бөленді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ең көп талқыланған тақырыпқа айналды. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы Қазақстанда жетім балалар болмауын, ел ішіндегі бала асырап алу процесінің артуын көздейді. Бағдарлама адамдардың мейірімін оятып, қайырымдылыққа үндеді.
Шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының тағдыры жалпы шетелге кетіп жатқан қазақстандық жетім балалардың мәселесі тек әлеуметтік проблема емес, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігіне де әсерін тигізетін жағдай. Өйткені, ұлан-ғайыр жерімізге ие болатын ұрпақ өзімізге де керек. Құрлық, мұхит асып жатқан балалардан бір емес, бірнеше ауыл, қала өркендер еді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда қазақ балаларының тастанды атануы, шетелдік азаматтардың қамқорлығына берілуі ұлтымыз үшін сын, елдігіміз үшін намыс. Өйткені, басынан небір зұлматты, нәубетті өткізген қазақ елі ешқашан да жетімін сыртқа теппеген. Жас қыздардың жаңа туған шақалақты көшенің бойына, қоқыс жәшігіне, дәретханаға тастауы рухани азғындағанымыздың бір белгісі.
– Қазақта «Баланы тапқан емес, баққан ыстық» деген сөз жиі айтылады. Әйтсе де, бала үшін туған ата-анасының орны әрқашан да бөлек қой. Қазақстандық асыранды балаларға жағдай жасап отырған шетел азаматтарының оларға берген мейірімі жеткілікті ме? Шетелде өсіп келе жатқан қазақ балаларының тағдырында Сізді ерекше алаңдататын жағдайлар бар ма?
– Өзге елден бала асырау халықаралық процесс. Сондықтан Қазақстан да бұл істе сырт қала алмайды. Әсіресе, тоқсаныншы жылдардың басында қазақ балалары шетке лек-легімен ағылғаны жасырын емес. Жалпы, ресми мәлімет бойынша Қазақстанның шет елдегі мекемелерінде консулдық есепте 8859 бала тіркелген. Олардың басым бөлігі, жеті мыңға жуық бала АҚШ-та өмір сүреді. Қазақстаннан бала асырау жөнінен екініші орында Испания, үшінші кезекте Бельгия тұр. Жалпы, әлемнің отыз елінде қазақстандық жетім балалар өмір сүреді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – шет мемлекеттерге жұлынып кеткен қазақтың бір бөлшегінің бүгінгі бейнесін көрсету. Хабарда олардың қазіргі өмір сүру ортасы, тағдырлары, тұрмыс деңгейі жан-жақты баяндалған. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы бәрін қалпына келтіре алмас, бірақ кімнің де болса жүрегіне қозғау салар, санасына ой тастар деген үміттеміз.
Әңгімелескен
Г.Нұрланқызы.
ПІКІРЛЕР2