Жолбарыс жортқан далада, таулар да биік көрінер
Қазақ даласында арғы замандарда тіршілік еткен аң-құсымызды түгендеуден бұрын, өткен ғасырдың өзінде сайын даламызды мекен етіп, кейіннен тіршілігін біржолата тоқтатқан жан-жануардың өзін санамалау мүмкін емес. Тек қана бірлі-жарымын мысалға алсақ, ол мысал біздің сөзімізде былай жалғасады:
Сырдария тасбекіресін соңғы елу жылда әлдекім көрді деген дерек жоқ. Алматы облысының Қапшағай суқоймасында тіршілік еткен қызылаяқ бақаны да соңғы уақытта кездестірдім деген жан баласы табылмай тұр. Мәрмар шүрегей деген құсты да Қазақстан территориясынан кездестірмегелі отыз жылдай уақыт өткен. Қазақ құланының соңғы тұяғы 1930 жылдардың ортасында ауланған. Содан кейін қазақ құланы ізім-ғайым, оны көрдік деген де ешкім жоқ. Еуропа су күзенінің табиғи аймағын Америка күзені басып алған. Бір кездері үстіртте мекен еткен қабыланды да соңғы жарты ғасырда ешкім кездестірмеген. Үстірттен дала өлшемімен айтқанда, «қол созым жерде» жатқан Иранда қабылан әлі күнге жортып жүр. Бәлкім, Үстіртті құландар кезсе, Үстірт қойлары көбейсе, бөкендер дүркірей жосқан уақытта қабыландар да қайта оралар. Қызылқұм жабайы қойын да біздің өңірден әл-әзір ешкім кездестіре алмай жүргелі талай уақыт өткен. Соңғы Тұран жолбарысы Балқаш көлінің айналасында, Іле өзенінің бойындағы қамыстардан 1948 жылы ауланғанын айтады. Одан бері де жарты ғасырдан аса уақыт өткен, Тұран жолбарысын қазақ даласынан кездестірдік деген жан табылмады.
ҚР Парламенті Сенатында Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында биологиялық алуантүрліліктің сақталуын заңнамалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында айтылған тың деректер қазақ даласындағы аң-құстың жағдайы әлі де ауыр екенін тағы бір көрсетіп берді. Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев келтірген мәліметтерде: «Ресми түрде омыртқалы жануарлардың 126 түрі, омыртқасыздардың 96 түрі және өсімдіктердің 387 түрінің жойылып кету қаупі бар. Мысалы, өткен жылдың мамырында ақбөкендер санының 90 пайызға жуығы қырылып қалды. Бұл – экологиялық апатқа пара-пар факт».
Қазақстандағы биологиялық алуантүрлілікті сақтаудағы қабылданған іс-шаралардың жеткіліксіздігінен, Қ.Тоқаевтың айтуынша, жануарлардың және өсімдіктердің кейбір түрлерінің толығымен жойылып кету қауіпі төніп тұр. Оған қоса, Сенат
Төрағасы «Қазақстанда соңғы он жылда еліміздің орман қоры тұтастай алғанда 10 пайызға, Алтай орманы 13 пайызға, Іле Алатауының тау бөктеріндегі алма бақтары төрттен бірге дерлік
(25 пайызға) қысқарған. Су теңгерімінің бұзылуы, өзендердің ластануы Сырдария, Ертіс және Іле өзендерінің экологиялық жағдайларының нашарлауына әкеп соқтырып отыр» деген ғалымдардың пікірін алға тартты.
Өзінің кіріспе сөзінде Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық әралуандықты сақтау – әрбір мемлекеттің, әсіресе, табиғи ресурстарға бай Қазақстан сияқты елдердің өте мұқият қорғауға жататын маңызды ұлттық мүдделерінің бірі екенін атап өтті. Қ.Тоқаев халықаралық қауымдастық жоғалып бара жатқан биологиялық әр алуандық мәселесіне баса назар аударып отырғанын айтты.
БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы жаңа бағдарламаның басты бағыттарының бірі биологиялық алуантүрлілікті сақтау және оны жоғалтпаудың алдын алу мәселесіне арналған. «Біз табиғат пен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған көптеген халықаралық конвенцияларға қосылдық, – деді Қ.Тоқаев. – Жуырда Парламент Сенаты қоршаған ортаға шығарылатын қоқыстарды қысқарту мен климаттың өзгеруін алдын алуды нығайту жөніндегі бірқатар шараларды қамтитын Париж келісімін ратификациялады». Қ.Тоқаев біздің елімізде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиісті заңнамалық базасы қалыптасқанын еске салды. Қ.Тоқаев тиісті мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін ғана ақбөкендердің жаппай қырылуының бастапқы себептерімен егжей-тегжейлі айналыса бастағанын еске салды. Сенат Төрағасының пікірінше, биологиялық әралуандықты сақтау мәселесінде біздің елімізге жаңа көзқарас қажет: «Ең алдымен, биологиялық әралуандықтың компоненттерін сақтауды және тұрақты пайдалануды ынталандыратын экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан нақты шаралар қажет». Қ.Тоқаев: «Жануарлар мен өсімдіктерді шығыс медицинасында пайдаланатынын айтып пайдакүнемдікті көздейтіндерге табиғи байлықты беруге болмайды. Қазақстанның флорасы мен фаунасын шетелге шығаруды жедел тоқтату керек», – деді. Тыңдау барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов негізгі баяндамасын жасады. Ол сенаторларды биологиялық әралуандықты сақтау және оны тиімді пайдалану, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі министрлік қызметінің басымдықтары туралы хабардар етті:
«Орман саласын қолдау және сауықтыру бойынша бірқатар шешімдер қабылданды, олардың ең бастылары бөрене ағаштардың экспортына тыйым салынды (2004 ж.) және сексеуіл ормандарында ағаш кесудің барлық түріне мораторий жарияланды. Қылқанжапырақты ормандарда санитариялық мақсатта және өртенген орман ағаштарын кесуге тыйым салу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, табиғи қалдықтарды да қолдануға тыйым салынды. Сауда орындары мен жанар май құю бекеттерінде сексеуіл сатылуына тыйым салу жөнінде шаралар қолданылуда. «Семей орманы» резерватында Орта Азия елдеріндегі бірден-бір – жылына 3 млн. дана тамыр жүйесі жабық көшеттік материал өсіретін заманауи орман кешені салынды, ол ең алдымен, жалды ормандарда көшеттік материалмен қамтамасыз етуге және ормандарды молықтыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Одан бөлек, екі 2007 жылы (Көкшетау) және 2011 жылы (Алматы) селекциялық орталықта көбейтілуі қиын (карель қайыңы, арша, жөке ағашы, Сиверс алмасы және т.б.) ағаш және бұталарды микроклондық әдіспен көбейту зертханалары жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге дейін 200 мың дана көшеттер шығарылды.
Осы және басқа да атқарылған іс-шаралар ормандардың жай-күйіне, алқабының көбеюіне әсер етті. Мәселен, 2010 жылдан 2015 жылға дейін орманды алқаптар 369 мың гектарға ұлғайып отыр.
Жабайы тұяқты жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киіктерді сақтау және олардың санын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Алаңдаушылық туғызатын басты нысандардың бірі – жабайы дала антилопасының бірегей түрі ақбөкен киік болып табылады, оның дүниежүзілік таралымының 95% Қазақстан аумағында мекендейді
Киіктер қорғауды ұйымдастыру нәтижесінде олардың саны 21 мың бастан 295 мың басқа дейін көбейтілген болатын. Бірақ өкінішке қарай, 2015 жылы киіктердің қырылып қалуы орын алып, үстіміздегі жылы есепке алу қорытындылары бойынша олардың саны шамамен 108 мың басты құрады
Қырылу себебі жұқпалы ауру – пастереллез болды. Жаппай өлім-жітімге ұшыраудың мұндай оқиғалары бұдан бұрын да орын алған.
Киіктер санына браконьерлік фактілері де әсер етеді. 2010-2016 жылдары киіктер атудың, олардың мүйіздерін сатып алудың және сатудың 318 фактісі тіркелді.
Қорғау шараларымен қатар, жануарлар дүниесінің өсімін жасанды жолмен көбейту жүзеге асырылуда. Жобалық қуаты жылына 5 мың құс өсіріп, табиғатқа жіберуге жететін Жек дуадақ өсіру орталығы осыған мысал бола алады. Орталықтың жобалық қуатын жылына 15 мың басқа дейін ұлғайту жоспарлануда.
Соңғы жылдары барысқа мониторинг жүргізу үшін фототұзақтарды кеңінен қолданатын болдық, олардың нәтижелері осы аңның санын есепке алу кезінде пайдаланылады
Жабайы құстардың кейбір түрлерінің саны азайып (мәселен, 2014-2015 жылдары үйректер саны 2,0 млн. дараққа азайған), қайта аңшылар саны көбейіп, сондай-ақ браконьерлік саны өсіп бара жатқан бүгінгі күн жағдайында көктемде аң аулауға тыйым салу және суда жүзетін жабайы құстың бір алудың тәуліктік нормасын бір аңшыға шаққанда 5 басқа дейін шектеу мәселесі туындап отыр.
Кез келген түрді көктемде аулау ұя салу процесін күрт бұзып, тиісінше жабайы құстардың табиғи өсімін молайту деңгейін төмендетіп жіберетін қатты алаңдаушылық факторын туғызады.
Жыл құстарын көктемде аулауға тыйым салу бойынша тиісті бұйрық қабылданғаннан кейін Министрлік Қазақстанның бастамашылығын көршілес елдердің қолдауы жөнінде ұсыныс жасайтын болады.
Қазақстанда балық шаруашылығы суқоймаларының жалпы аумағы 3 млн. га-дан астам. Республикамызда 200-ден аса суқоймасы, 48 мың көл, 39 мың өзен мен мерзімдік жылғалар бар, олардың 20 халықаралық және республикалық маңызы бар. Ал 2787 – жергілікті суқоймалары.
2015 жылы аң шаруашылығы өнімдері экспортының 50 пайызы балық өнімдеріне тиесілі болды. Экспорт сомасы соңғы жылдары
80 млн. АҚШ долларына дейін жетті. Маңызды экологиялық мәселе бекіре балықтарды сақтауға байланысты туындап отыр», – деген А.Мырзахметов ормандарды қорғау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесінің қызметі, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен балықтарды санын қалпына келтіру жұмыстары жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді. Тыңдау барысында Білім және ғылым министрлігі «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК бас директоры Гүлнара Ситпаева, Білім және ғылым министрлігі «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты» РМК бас директоры Абылай Сансызбай, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин, Ресейдің Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) директоры Екатерина Воробьева (Мәскеу қаласы), Қазақстандағы Биологиялық әралуандықты сақтау ассоциациясы директорының орынбасары Сергей Скляренко, Қазақстандағы биоәралуандық жөніндегі БҰҰ даму бағдарламасы жобасының ұлттық үйлестірушісі Талғат Кертешев сөз сөйледі. Депутат Жабал Ерғалиев Қазақстандағы ормандардың жойылып бара жатқаны және бағалы дәрілік өсімдіктерді аяусыз пайдалану мәселелеріне назар аударды. Атап айтқанда, кеден органдарының мәліметінше, 2011 жылы Қазақстаннан 4220 тонна мия тамыры, 2012 жылы оның 17121 тоннасы, тек 2013 жылдың 6 айында 9332 тоннасы шет елге шығарылған. Басқа мемлекеттерде бұл өсімдік жойылып кетуге шақ қалды, соған байланысты Қытай, Иран және басқа да елдерге ол ауқымды көлемде жіберілуде. Сенатор Дариға Назарбаева биоәралуандықты сақтауды бюджеттік қаржыландырудың шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып, осы саладағы міндеттерді шешу аясында мемлекеттік органдардың, ғылыми-техникалық институттардың, сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жауапкершілігін дәл анықтау туралы ұсыныс айтты. Пікірсайысқа сенаторлар Ақан Бижанов, Нұрлан Қылышбаев, Бекмырза Еламанов, Қайрат Ищанов, Икрам Адырбеков, Мұратбай Жолдасбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Жиынды қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігі мен халықаралық ұйымдарды биоәралуандықты сақтау жөніндегі жұмыстарды белсенді жалғастыруға шақырып, сондай-ақ, осы мәселені Сенат бақылауда ұстайтынын және мемлекеттік маңызы бар салаға заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Қарагөз СІМӘДІЛ.