«ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗГЕ АЛЛА ЖАР БОЛСЫН»
25.11.2016
4303
0

suretter-salyngan-224 қазанда Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайының Орталық көрме залында суретші Жұмахмет Мырзахметұлының «Тәуелсіз елімізге Алла жар болсын» атты жеке көрмесі ашылды. Көрме ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматының 1000 жылдығына орайластырылған. Көрмеге суретшінің 60-қа жуық пейзаж жанрында жазылған туындылары қойылды.

Жұмахмет Мырзахметұлының шығармашылықпен айналысқанына 40 жылдан аса уақыт болған. 2001 жылы Алматы қаласы Орталық көрме залында ҚР-ның тәуелсіздігіне 10 жыл толуына орай жеке дербес көр­месі, 2007 жылы Алматы қа­ла­сы Орталық көрме залында ҚР-ның тәуелсіздігінің 15 жыл толуына орай жеке дербес көрмесі өт­кен. 2011 жылы Қазақстан бейнелеу өнер саласында «Ашаршылық құр­бандары» атты туындысымен ең ал­ғашқы рет қазақтың көне дәстүр-сал­тына байланысты трагедиялық құ­пия белгілерін «штрих кодты» аш­қан. Суретшінің бірнеше туындылары Англия, Латын Америкасы, Түр­кия және Францияның жеке коллекционерлерінің жиынтығында бар.
Суретшінің бірқатар туындыларында қазақ жерінің табиғаты, әсіресе таулы табиғат көріністері бейнеленген. Өзіндік ерекше стилде табиғатты, тауларды салу кезінде әр-түрлі түстерді қолданады. Олар «Күннің батуы», «Жауынды күн», «Бұлтты күн», «Күзгі көктөбе», «1-ші ықшам ауданы», «Айлы түн» және тағы да басқа туындылар. Жаздың шуақты күндері, алыстан ескен сағым, киелі таудың ыстық лебін де сезінгендей боласың. Күн сәулесінің тарауы, биік таулар, ағаштардың таумен бірге үйлесуі, өзендердің сылдыры, ақырын соққан самал жел, таң сәрі, көкжиектегі күн, күннің батуы, бәрі-бәрі, әсіресе, қызыл-сары түстегі бұлттардың өзі де философиялық сырды ашып көрсетеді. Әр туындыдан тәңіріміз жаратқан табиғаттың барлық күйін кездестіресің және таңғажайып бір сезімде қаласың.
Шебер жұмыс жасау үшін терең ойланады. Шығармаларының құрылымы рухани тақырыпта жазылған. Әсіресе қазақ елінің өткен өмірі көп толғандырады. Осы тақырыпта жазылған «Полигон», «Арал», «Қазақ Пирамидасы» және 1932-33 жылы қазақ жерінде болған драмалық уақиғаға байланысты «20-шы ғасырдың нәубеті» атты туындысы дүниеге келді. Бұл жерде қара қазан төңкеріліп, қара үйдің ойраны шығып, шаңырағы ортаға түскен. Екі шырақ жағылып, уыққа үш түрлі түстегі шүберек байланған. Қара қазан төңкерілгені ашаршылықтың төнгені, шаңырақтың кұлауы отбасының о дүниеге кеткені. Бірақ жағылған шырақ келешек өмірге үміт береді. Ал уық басындағы шүберек қаза болған адамның жасына қарай байланатын болған. Жас жігіт қаза болғанда – қызыл, орта жастағы жігітке – қара, жасы келген қартқа – ақ шүберек байланған. Осы тақырыпта көп зерттеп, жұмыс жасаған ойшыл шебер штрих-код жаңалығын ашты. Біздің дана халқымыз салт-дәстүрді жақсы сақтаған. Қаза тапқан адамды әдемі жерлеу – өнер. Қаза болған адамға құрметпен қарау сауабын тигізеді. Ауыр тақырып болса да ұмытылған дәстүрді жаңғыртып келешек ұрпаққа үлгі беретін тарихи туындылар суретшінің жан дүниесінен шыққан.
Жұмахмет Мырзахметұлы өз қоршаған ортасынан алған әсерін, сезімін өз туындылары арқылы ашып көрсеткен. Шығармашылығы тек монументальді-декоративтік мәнерде ғана емес, сондай-ақ символика-концептуальдық стилінде де өзін танытып жүр. Жалпы алғанда суретшінің тақырыптық композициялық идеясы өте ауқымды және мағыналы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір