Есеміз кеткен ел едік
25.11.2016
1465
0

«Тәңірім, жаңа ғасыр, жаңа мың жылдық
табалдырығынан аттап отырған біздерді қай-қайдағы әулекіліктерге ұрындырмай, етек жиып, ес түгендеп алуымызға мұрша бергей…»
Әбіш КЕКІЛБАЕВ.


Сәдібекұлы_АйжарықАйжарық
СӘДІБЕКҰЛЫ


І.
Ей, жаңа ғасыр! Тыңда бізді. Осынау айдай әлем – төрткүл дүниеде Қазақ деген халық бар, «қайықтай толқын ұрған жаға­дағы». Осылай деп айтқан бұ­рын­ғылар. «Тарихы қалың, оқу­лығы жұқа» деп жырлаған кемеңгер Ақыны. Жалғаны жоқ – бәрі рас. Есте жоқ ерте кезде «қи­лы-қилы заман болған, қа­ра­ғай басын шортан шалған». Сол аласапыран алмағайып ке­зең­дерден Қазақ деген халық амалдап бүгінгі күніне жеткен, бірақ не көрмеген?! Тағдырдың талқысына талай түскен. Демограф ғалымдардың анықтауын­да бұл халық өзінің ата жұртынан басқа әлемнің 40 мемлекетіне бытырап кетіпті. Батыстан шы­ғысқа, шығыстан батысқа, оң­түстіктен солтүстікке, солтүс­тіктен оңтүстікке қарай жөңкі­ліп босыпты. Бас амандау, жан сауғалаумен «қияметтің небір қыл көпірінен» өтіпті. Иә, иә, қа­дым замандарда ғұмыр кешкен даналар мен бергі дәуірдегі көзі қарақтылардың хаттап кеткен деректерінде дәйектелгенін­дей, басы қайда қалмаған бұл халықтың…
Қаны мен тері төгілмеген жер жоқ деуге болады мына жал­­ғанда. Бұл халықтың моласын қыл аяғы Мароккодан да, Тайван аралынан да, дүниенің бір қиыры Аустралиядан да, Америка құрлығынан да, бүкіл Арабстан әлемінен де… табасыз. Ал, Еуропа болса, Ғаламшарды қан қақсатқан екінші дүние­жүзілік ұлы қырғында қазақтың қанына әбден мелдектеп кере­ленді. Иә, айтарыңыз не, осынау жарық дүниеде небір тарихи қолайлы кезеңдер мен мүмкін­діктерді дер уағында пайдалана алмай сансыраған біздің халық сияқты халықтардың іштен тозғындап, сырттан соққан дүмпулерге шыдас бермей біржола құрып кеткенін немесе өктем күштің басыбайлы құл-құтаны болғанын, оның ақыры тобырға айналғанын білетінбіз өткен дәуірлерден.
Дес бергенде, біздің бағзыда­ғы ұлы бабаларымыз не деген кескекті болған деймін-ау, қа­зір­гі тұқым-теберік ұрпағы мекендеп, иемденіп отырған осын­шалықты ұлан-байтақ ұлы Да­­ланы дұшпандардың сұра­пыл сойқанынан амалын тауып қорғап қалыпты. Қорғап қал­ған­да да, бүгінгі озбырлардай тонналаған бомбалармен емес, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, келдектің күшімен орам бермепті. Солай түйенің қо­мында, аттың жалында жү­ріп-ақ елдігінің ежелгі жолынан адаспапты. Егер сол бағзыдағы бабаларымыздың асыл сүйекті мықтылығы мен кескекті ерлігі болмаса, біз бүгінде ақар-шақар ел бола алар ма едік, осы күні­міз­ге жете алар ма едік?! Қиянат­ты көп көрген халықтың тәубасы әманда көңілінде тұрады. Өт­кен­нің мұңы мен зарын түйсініп өскендердің амандық-саулық сұрасқанда, «шүкір» дейтіні де сондықтан болар. Үйткені, бұл халыққа кімдер көзін алартпа­ған, «жабайылар» туралы мына аспан асты, жер үстінде кімдер не деп бөспеген. Баяғыда Ресей­дің канцлері болған Горчаков деген имансыз Орталық Азия мен Қазақстанды жаулап алуды күллі адамзат өркениетін жа­байы­лықтан қорғап қалудың қамы деп те өзеленіпті. Сондағы ойы: «жабайыларды» күллі әлемге жексұрын етіп сендіру арқылы харам ойын жүзеге асыру және «өркениетті қорғаған» болып қандықол қылмыстарын адамзат алдында ақтап алу… – Кәдімгі зымыстан саясат.
12-13-bet3Айтарыңыз не, бұл Даланы қазаққа көп көргендер оңнан да, солдан да аз болған жоқ. Талай рет күпінің битіндей өріп келіп ел шетінен тиіскендеріне көктегі Ай мен Күн де куә, бауырынан жарылған қара Жер де куә. Қанқасап қырғынның, қорлық пен зорлықтың не түрін көрген Дала бұл. Әлемдік сараптамада: «Бір адам өлсе – трагедия (қасірет дейміз бе?!), ал жүздеп, миллиондап өлсе – статистика» деген сұмдық бар. Бұл ыңғайда замана толқыны мықтап соққан қазақты. Сол «статистиканың» тігісі жатқызылған тасасында біздің ұлтымызды аямай есең­гіреткен нәубет пен зұлмат жасырынып жатыр. Егер нәубетсіз, зұлматсыз жайбарақат заман болғанда, біздің ұлтымыз бұл күнде жиырма бес миллионға жетіп үлгірмек екен. Қырылғаны, жат жерлерге босып кеткендері, қуғын-сүргінге ұшырағандары – барлығын қосқанда Қазақ халқы жетпіс пайызға дейін ке­міген… – дейді ғалымдар.
Бұл тек бергі дәуірдің дерегі. Ал сонау түп қиян бағзыдағы дәуірден бүгінгі күнімізге дейін­гі аралықта айрылғанда­рымыз тек бір Алланың өзіне ғана аян. Қаншалықты қырып-жойып, атып-асқанымен қазақ­тың са­ғын сындыра алмағасын, бая­ғыда Солтүстік Америкада қы­зыл қарын үндістерді жойып жіберу үшін отаршылдардың алдымен сол өлкедегі қаптаған бизондардың (жабайы сиырлар) жетпіс пайызын қырып салғаны сияқты біздің халықты алдында­ғы малынан да айырып көрген. 1929-жылы республикамыздың 44 млн. 723 мың 200 бас түлігі болыпты. Содан 1934-жылы 4,5 миллионы ғана қалыпты. Әрбір зұлматтың шырғалаң ізімен ауыртпалықтың да ілесетіні бел­гілі. Ашынған халық бізге аяны: ХҮ-ғасырдан бері қарай зұлым күшке қарсы 372 рет аттандап қарсы көтеріліпті. Сағы сынба­ған деген сол, әне!
Айтып отырмын ғой, осынау ұлан-байтақ ұлы Далада қазақ­тың қаны мен тері сіңбеген бір сүйем де жері жоқ деп. Ей, пендем! Бодандықтан бостандық жазирасына шығып, төрт құ­была­мызды түгендеп жатқан осынау сұсты ғасырда сен осыны ескергейсің. Ата-бабалары­мыз аманатқа қалдырған ата жұрттың қойнын ашып, мұна­йын сапырып жатырсың. Сол мұнай майдан мұхитында ба­балардың қаны барын білгей­сің. Ей, пендем! Қолыңа өмірі тиіп көрмеген кесек-кесек сом алтынды иемденіп жатырсың. Сол сом алтындардың буында баба­лардың демі барын біл­гейсің. Мынау бура жал Даламыздың бауырынан жыл сайын ырғын астық жиналады. Оның әрбір түйіріне бабалардың тері сіңген деп білгейсің. Бұған дейін бұл Далада неше мәрте көктем өтті, сол әрбір көктем сайын жүз Белгия немесе бес Франция сиып кететін осынау Даламыз­дың құйқалы төсінен қаншама гүлдер өрді, әлі қаншасы өреді. Сол құлпырған гүлдердің жұпарында азаттық таңына же­те алмай арманда кеткен аналар мен арулардың мөлтілдеген көз жасы барын білгейсің…

* * *
Қит етсе қырып салудан да, алдындағы малынан айырып аштан қатырудан да сағы сынбаған Қазақты жуасытудың енді қандай амалы бар? Оны да ойлап тапты. Оның амалы – ұлтты рухани жұтқа ұшыра-тып, жаппай мәңгүрттендіру еді. Ол үшін мына ен жайсын Далаға әр қиырдан қашқан-пысқан ниеті харамдар мен қа­ны бұзықтарды тоғытып әкеп, Қазақты солардың қаны мен жынына сіңіріп жіберуді күш­теді. Рас, олардың қаны-жыны араласты, қазақты өз жерінде азшылыққа айналдырып бақты, алайда сағын сындыра алмады, қалай әрекеттенсе де, азды көптің тұңғиық тереңіне батыра алмады.
Бұл неткен мықты халық?! Қандай рухтан жаралған?! Бүкіл әлем аң-таң. «Өлді деген баты­рың өгіз мініп келдінің» кері. Өлмейді. Жаны сірі. Ендігі амал не болар? Қытайда отбасының бірлігін іріткісі келсе: «Құдай бар болса, үшке бөлін» деп қар­ғайды екен. Қазақты өзді-өзімен атыстырып-шабыстырудың тағы бір амалын тапты. Жиыр-масыншы ғасырдың қырқын­шы-елуінші жылдарында Совет Одағы мен Қытай саясаткер­лері­нің Шығыс түркістандық­тар­ды біріне бірін айла-шарғы­мен айдап салып қырғынға ұшыратқаны және қазақты қы­рық мемлекетке қаңғытып жі­бер­гені аздай, енді өзінің ата жұртында бөлшектеуге әре­кеттенді.
Аллай-ай, бұл Қазаққа біт­кен қандай қасиет?! Сұсы басым биліктің алдында құрдай жор-ға­лап жүрсе де, өз ішінде ауыз-бір­лігі аса берік болмаса да, ата жұртын қорғауға келгенде, ша-мыр­қанып шыға келеді. Құдды күл арасынан сілкініп шығатын Феникс! Бағзыдағы бабалары аманаттанған ұлы Даланың тұтастығын бұл жолы да сақтап қалды. Алайда, өктемдікке не амал бар, зымиян саясат ұлты­мыз­дың генетикалық қорын аздыру ыңғайынан айласын асырып үлгерген-ді. Атом-тажал қазақты жерінің астынан да, үстінен де қырық жыл төмпеш­теп, эксперименттің жемі етті. Қадым замандардан бері тұқы­мын аздырмай келген Қазақтың, міне, нақ осы ыңғайда қылар қайраны болмады. Сұм заман-ның сұмдығы бұған дейін де «мың өліп, мың тірілген» халық­тың өркендерін білдірмей аздыруды бүгінімізге ұластырды. Бұл зауалдың запыран зардабы енді қанша ғасырға жалғасарын кім білгендей. Жұмбақтың жұмбағы сол болып тұр…
Қаншама қайсар болса да, халықтың жаны темірден емес, жүректен жаралған ғой. Атом-тажал темірді де жоқ етеді. Қаны тұщы Қазақтың жүрегі талықсыды, демі алқынды. Он­ың ақыры ұрпағына қиянат болды – іштен кеміс болып туу және рухани жұтқа ұшырау иектеді. Даламызды жайлаған экологиялық апат рухани жұтқа ұласқанда – мәңгүрттену мен тұқым азу басталады екен. Оқ­ырмандармен кездесу ке­шін­де бір балалы-шағалы кеуіл­дей қандасымыздың клуб толы көп­тің көзінше: «неге орысша сөйлемейсің» деп, бүкіл қазақ­тың әкесіндей Ғабиден Мұс­тафинді ренжітіп шу шығаруын санамен салмақтап көріңіз. (Жазушы Жанат Ахмадиевтің мақаласынан, оқиға солтүстік облыстардың бірінде болған). Мәңгүрттенудің бұдан асқан мысалы болмас. Тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне қарсы шығып сабылып жүргендердің дүмпуі әлі де басылар емес: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қа­зан» дейді. Айтарыңыз не, азат-тықтың ақ таңы енді елу жылға кідіргенде, Қазақты алда дүбәра ұлтқа айналу құрдымы күткен­дей екен…

ІІ.
Бізге қалайда Ұлы Жаратушымыз жар болып азаттықтың таңы атты. Канцлер Горчаков айтқан «өркениетінің» быт-шыты шықты. Халқымыз бодан­дықтың құрсауынан босанды. Басқа кезең басталды. Күндердің күнінде қызыл империя құлайды, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болады деп мына жер жаһанда кім ойлаған?! Азат­тықты көксеп армандағанымыз рас, ал оқсыз-шығынсыз еркін ел бола аламыз дегенге сене ал­дық па? Ондай ой қаперімізде болды ма екен? Әуелгіде тәуел­сіз­­дігіміздің құдды көктен түс­кендей – құшағымызға өздігінен келіп қауышқандай болғаны да сондықтан шығар. О, арман болған Тәуелсіздік! Бұл бізге Ұлы Жаратушымыздың жа­рылқа­ған ұлы сыйы болды ғой. Жарық дүниенің жақсылығы! Мұндай Ақ жарылқаған жақ­сы­лыққа халқымыз бұған дейін де бірнеше рет ие болған-ды. Амал не, көз алартушылар тұс-тұстан талап, мемлекеттілігін бекемдеуге мұршасын келтірді ме, келтірмеді ғой. Оның жыры өте қайғылы…
Енді бұл жолғы бостандықты жазатайым қолдан сусытып алмаудың жанталасы әуелгі аяқ алыста бұған дейінгі қым-қиғаш текетірестердің бәрінен де асып түсті. Маңдайымызға мың-мың жылда бұйырған Тәуелсіздікті кешегі олқы-толқы шырғалаңда қорғап қалу машақатында жан-жақтан анталап тықсырған ди­п­ломатияның сан қырлы си­қыр­­лы қысымына төтеп беру – азаттық алуға майдан ашудан да кем болған жоқ. Ауыр болды. Қазақтың қаны онсыз да аз төгілмегені белгілі. Тәуелсіздік туын желбіреткенімізбен «өтпе­лі» деген қитұрқы кезеңнің ауырт­палығы тобықтан қағар қырқылжыңды қоздырып, кері кеткен кикілжіңді өршітіп жі­бер­ді. Тіліміздің мәртебесіне тас атқандар дербес мемлекет­тілігімізді де қолдамады. Олар шекарамыздан тысқары жұрты­нан медет тілеп екі ортаны жол қылумен болды…
Тәуелсіздік эйфориясының ілкідегі «ессіз» қуанышы сая­бырсыған шақта халықтың то­ғы шайқала бастады. Ел же­кешелендіру деген талан-тараж нәубетіне килігіп, жоқ­шы­лық­қа ұрынды. Тәуелсіз­дігіміз ұлан-асыр тойымен бірге күй­зе­ліс кезеңін де ала келді. Күнкөріс қиын­дады. Айтарыңыз не, сол тұста Қазақ мемлекеті БҰҰның мүшелігіне қабылданып, бү­кіл­әлемдік қауымдастыққа қосыл­ғанымен Тәуелсіздігіміз­дің тағ­дыры қыл ұшында тұрды. Жа­сырары жоқ, ел ішінде күні кешеге дейін ертеңімізге сенім­нен гөрі абыржушылық басым болды. Мысал ма? Мысал жетіп артылады. Совет Одағын таратып, отарлаушы Конституция­ның 6-бабын қысқартқандарды қарғыстың астына алған сол тұстағы кейбір коммунист басшыларды да көзіміз көрген. Олар жылы орындарынан айы­рылғысы келмеді, туған халқы­ның тәуелсіздігін жеке бастары­ның мансабына құрбан етуден жүздері жанбады. Доқ көрсетті, өсек-аяңды желдей естірді…
Бәрінен де қауіптісі мемлеке­тіміздің дербестігін қызғану­шылардың тепкісі іштен де, сырттан да қатты болды. «Ант атқан» Горбачев биліктен айырылып қалып, басына күн ту­ғанда: «Қазақстанның солтүс­ті­гін­дегі бес облыстың жері Ре­сейдікі…» деп артына шоқ тастап кетті. Шоқтан шашырайтын ұшқыннан өрт өршитіні белгілі. Ал сақалды Солженицын: «Егер көшпелі тобыр жылына бір рет мал жайып өтсе, ол жерді меншігіне есептеген…» деп Генсек бықсытып кеткен шаланы жалынға айналдыруға ашық шақырды. «Қазақстанды Ресейге қосып алу керек» деп айқайлатып жазды, «Ресейді қалай көркейту керек» деген атышулы байбаламында. «Қо­сып алу» дегені, беті бүлк етпестен басып алу ғой.
Ал ұлы державалық шови­нистердің ноқтасын киюден үміттілер арамызда әлі де бар. Олар жыртылып-айырылады. Сақалды реакционер солардың дүмпуінен үміттенді. Дес бергенде әуелі бір Алла, қалды хал­қымыздың таспен ұрғанды ас­пен ұратын даналығы мен еліміз басшылығының сыртқы және ішкі саясаттағы алғырлығы – дер­бестігімізді ың-шыңсыз қор­ғап қалды. Осы күні байыптап көрсек, Кремль қазақ жерін қа­ру-жарақ қоймасына айналдыру арқылы бізді оққа байлап келіпті ғой?! Егер капиталистік жүйе мен коммунистік жүйе майдандаса қалса, алдымен қарауылға біз ілінеді екенбіз. Құдды бүгінгі Арабстан жұртындай. 1991-жылдың басында біздің жері­міз­де қызыл империяның қару-жарақтың басқа түрлерін айт­пағанда, 1216 құрлықаралық баллистикалық ракеталар мен ядролық зарядтар сияқты жаппай қырып-жоюдың орасан зор жойқын арсеналы болыпты.
Тәңірімнің жарылқағаны: Елбасы президенттік билікті алдымен еліміздің тәуелсіздігін бекемдеп алудан бастады. Соломенцов деген найсап 1986 жылғы аласапыранда, қазақты «махровый националист» деп күйдірді ғой. Бүтін бір халықты бүкіл әлемнің назары алдында бұдан өткен қорлау болар ма?! Біздің зарығып көрген тұңғыш Президентіміз Кремльдің күн тәртібіне мәселе қойып, қазақ­тың нанын жеп, суын ішкен құ­ды­ғына түкірген сол шовинис­тің «қара жүрек ұлтшыл» деп қа­нымызды қайнатқан жаласынан халқын құтқарып алғасын, шетелдік сапарын ә дегенде, тәу­ел­сіздігіміз жарияланбай тұр­ған тар кезеңде-ақ Генсектің рұқсатынсыз қандас-жандас Түркиядан бастаған еді. Бұл қадам – Қазақстанды аңдып, қарауылға алып отырғандарға көрсеткен қыры болатын. Қасым ақынды қайталап айтсам: «Ей, тәкаппар Дүние! Маған да бір қарашы – мен Қазақтың баласы…», жұмыр жерде біз бармыз, біз де елміз, – дегені еді. Ай­­тарыңыз не, Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының сондағы сол сапары халықаралық әккі саясатта сенсация болды.
Әлбетте әуелі сыртқы саясатты бекемдеп алмай ішкі тір­лі­гіміз қайдан оңалсын. Құбыл­малы саясатқа сенім жоқ, егер қатерлі жағдай тұтана қалса, анау Семей полигоны мен 1216 ядролық арсенал тұрғанда, Қазақ­с­тан қайда қашып құтыл­ған­дай?! Құтылу жоқ, тек қосақ арасында құрбан болудан бас­қа… Дербестігімізді бекемдеп өркендеуімізге халықаралық өреде нық сенімді кепілдік керек! Семей құбыжығы сол үшін жабылды. Ядролық арсеналдан сол үшін құтылдық. АҚШ, Ресей, Қытай, Англия сынды ал­пауыттардан қауіпсіздік кепіл­дігін осылай алдық.
Аралдық ақын Мешітбай Құттықов бірде маған алыс қиыр­дағы американдық үндіс­тер Арал теңізінің қайғылы көрінісін кинодан көргенде жылаған екен, – деп, «Аборигендер» деген өлеңін оқып берген еді. Кемсітуден көзі ағарған олардың Көсемі:
Мен білсем, соларың сорлы
ел емес,
Қақтығыс та жоқ,
наразылық та жоқ, ерегіс.
Дүниені шарлаған,
алысты барлаған,
Ана көсемін көріп
тұрсыңдар ма?
Сенің Клитоныңнан артық
болмаса, кем емес… –
деп халқына басу айтқан екен. Рас-ау.
Президент стратегиясының ертеңімізге деген сенімімізді бекемдей түскен және бір мысалы жаңа елордамыз Астана қаласының шұғыл өркендеуі. Басқа да қалаларымыз әлемдік озық өркениет нұсқасымен жаңаруда. Мұның мысалына тек өзіміздің Қызылордамызды-ақ алайықшы. Заманында «Қамыс қала» аталған ордамыздың дәл бүгінгідей шарықтап көріктенуі бұрынғы бодан заманымызда болып па еді? Болған жоқ! Міне, осының бәрі әуелі дербестігіміз­дің, сосын тәуелсіз мемлекеттер көшіне ілесіп, әлемдік өр­ке­ниетке еркін араласуымыздың арқасы.
Міне, ағайын, жарық дүние­нің жақсылығы дегеніміз осындай болады. Егер Қазақстан бодандық қамытынан құтылма­ғанда ойымызды осылай еркін айтып, еркін қимылдай алар ма едік? Қайдағы қимылдаған… Демек, біздің бәріміз де Тәуел­сіздік алдында қарыздармыз.
Тәуелсіз еліміз енді міне жі­гіт жасы жиырма бесте! Осыдан 25 жыл бұрын азат Қазақс­та­нымыздың ширек ғасырын көр­сек деп армандап едік. Бұзыл­май-жарылмай бұған да жеттік аман-есен. Тәубе, тәубе.Тәуел­сіз­­дігіміздің алғашқы апыл-тапыл қадамына орай «Ашық мұхитқа шыққан алып» деген толғау жазып едім. Мұхит – күл­лі әлем, оның аласапыран толқынында «Қазақстан» деген алып кеме өте ауыр жүзіп келеді. Оны тау толқындар, ғаламат айсбергтер талай рет аударып жібергісі келген. Ондай қатерлі қауіптерден талай рет жол тауып шықты. Кемедегілер аман, ашық мұхитта алға өрлеп барады. О, Тәңірім, «Кемемізді» бұдан былайғы сапарында да кесапатқа кезіктіре көрмегін. Менің күндіз де, түнде де Ұлы Жаратушымыздан жалбарынып өтінерім – тек осы тілек. Еліміздің амандығы, жеріміздің тұтастығы. Осынау ұлан-байтақ ұлы Далада ақ көңіл халқымыздың қаны мен тері сіңбеген бір сүйем де жері жоқ екен. Бодандықтан бостан­дық жазирасына жетіп, төрт құбы­ла­мызды түгендеп жатқан осынау сұсты ғасырда осыны бекем ойлап ескергейміз. Бабаларымыз аманатқа қалдырған жұрты­мыз­дың қойынын ашып, мұнайын са­пырып жатырмыз. Сол мұнай майдан мұхитында халқы­мыз­дың қаны барын білгейміз.
Ей, пендем! Қолыңа өмірі тиіп көрмеген билік тиді. Сол биліктің арқасында, кесек-ке­сек сом алтынды иемденіп жа­тыр­сың. Сол сом алтындардың буында бабалардың демі барын білгейсің. Мынау піл сауырлы Даламыздың бауырынан жыл сайын ырғын астық жиналады. Оның әрбір түйіріне бабалардың тері сіңген деп білгейсің. Бұған дейін бұл Далада неше көктем өтті, сол әрбір көктем сайын бұл Даланың байтағында қаншама гүлдер өрбіді, әлі қаншасы өніп, өседі. Сол құлпырған қыз­ғал­дақты, сарғалдақты гүлдер­дің жұ­парында Азаттық таңына же­те алмай арманда кеткен мил­­лиондаған аналар мен ару­лар­дың мөлдіреген көз жасы барын біл­гейсің.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір