Қаржы жинақтау мәдениеті
Елімізде 5 млн. адам несие алған. Оның 1 млн-ы проблемалық несие. Бәлкім, қаржы сауаттылығы, несие алу мен оны қайтарудың жолдары жайлы дұрыс ақпарат болса, проблемалық несие мәселесі аз болар ма еді?! Дәл қазір біздің қоғамға қаржылық сауаттылық, қаржыға қатысты ақпарат маңызды болып тұр. Оның жоқтығынан, түсінбеушіліктен қоғамда қаржы, экономика, бизнеске деген сенім азайды».
Біз бұл деректі газетіміздің алдыңғы нөмірлерінде, Іскерлік тақырыпқа қатысты әңгімемізде келтірген едік.
Шынымен де біздің қоғамда пайыздық үстемақымен ақша жинаудан сескенгенімен, пайыздық үстемақысы көп несие алуға келгенде тәуекелге бара алатын бір мінез пайда болған. Біздің қоғам мақсатты түрде қаражат жинақтауға неліктен құлықсыз? Ертеңгі күнге ақша жинауды ойға да алмау олардың тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүретінін білдірмей ме? Иә, біздің халық кез келген жағдайда несиеге каржы алып, ол қаржыны керек-жарағына жұмсап, одан соң әлгі ақшаны пайызымен қосып қайтарып жүр. Той-томалақ болса да, қомақты ақша қажет ететін басқа бір жағдайларда да халықтың ең бірінші жүгінетіні – несие. Сол несиенің өтеуі ретінде қаншама қаражатты пайыздық үстемақы ретінде беріп отырғанын елеп-екшеу жағына келгенде тым бейқамбыз.
Одан гөрі мақсатты түрде қаражат жинап барып, оның үстіне пайыздық мөлшерлемемен қосылатын сыйақы алып,жиналған ақшаны қажеттілікке жарату тиімді емес пе? Депозитке ақша жинаудан гөрі,ақшаны несиемен алуға көпшілік неліктен құмар? Бұл қаржылық сауатсыздық, па әлде адамның психологиялық қорқынышыма?
Біз мұның себебіне үңіліп көргенді жөн санадық. Адамдардың ақша жинауға құлықсыздығының бір себебі – байырғы кездің өкінішінде жатса керек. Нақтырақ айтсақ, көпшілік халықтың КСРО кезінде жинаған бар ақшасы 1990 жылдары топан ақшаға айналып, тірнектеп жиған қаржысы түкке жарамай қалғаны белгілі. Сол кездің қиындығын көзімен көрген ақын Баянғали Әлімжанов бізге берген сұхбатында былай деп еді: «Кеңес үкіметі кезінде ауыл тұрғындарының жиған ақшалары да күйіп кетті. Молдабай деген ағайынымыздың 17 мың сом ақшасы бар екен. Бір күні Көкшетаудан телефон шалып: «Жаңа «Москвич» келіп тұр аласыз ба», – дегенде: «Жигули» аламын», – деп бас тартқан еді. Екі айдан соң «Жигули» де, басқа да жоқ, ақша құнсызданды. Қалғаны Қызылордаға құдалыққа барып келуге ғана жарады. Іргелес совхозда бір ақсақал 30 мың сом ақша жинаған екен. Күйіп бара жатқан соң совхозға ашуланып келіпті. Парторгтың қолында не бар, жандары ашып: «Мына тоңазтқышты ала қойыңыз», – десе, қария: «Не айтып отырсыңдар, маған машина керек», – деп бас тартыпты. Бір айдан соң тоңазтқыш 160 мың болып кетті. 30 мың соммен жер құшып ақсақал қалды»…
Иә, жинаған қаржысының қаншалықты құнсызданып кеткенін сол уақыттың куәгерлері жақсы біледі. Яғни, бүгін біз үшін қомақты қаражат деп санаған дүние күні ертең тиынға да татымай қалады деген қорқыныш әлі күнге көптің көкейінде жүр.
Ақша жинауға деген қорқынышты қоюлата түскен тағы бір мәселе – төл теңгеміз шыққан уақыттан бергі кезеңдегі теңге құнсыздануына қатысты түрлі оқиғалар. 1998 және 2014 жылдардағы, теңге құнсыздануы экономикаға деген сенімді азайта түсті. Алайда, теңге құнсызданғанымен, депозиттердегі салымдардың көпшілігі өзінің пайыздық үстемақысымен қоса, материалдық шығынын өтей алатын арнайы мемлекеттік бағдарламалар бар екенін де естен шығармаған жөн.
Қаржы жинау мәдениеті – біз жоғарыда бірлі-жарым себептерін санамалап шыққан мәселелер бойынша, соңғы уақытта жоғалғанымен, жалпы алғанда, қазақта бұрыннан бар дәстүр еді. Оның бір ғана мысалы, қазақтың қалың беру дәстүрін алар болсақ, қалың мал жинау үшін қазақ отбасы баланың кішкентай кезінен қамдана бастаған. Тіптен, бала ержетіп, балиғат жасына толса да, қалың малды ертеректен жинай бастаған. Соның бір көрінісі Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» романында былай суреттеледі:
«Бір тамса да, соған тамсын деп, Тұяқ бір шеге қақса да, «Илаһи ниет қылдым Күнікейдің қалың малын өтемекке…», – деп қағып, тапқан таянғанын тамызықтап төлей берді, төлей берді. Әйтеуір бере берген соң еңбек қой, малынан құтылуға таяп еді»…
Балаға әліпті таяқ деп ұққызып, білім беру үшін, ауылға арнайы молда алдыртарда да қазақ халқы молдаға берер оқу ақысын да алдын-ала қамдап қоятын болған.
Ал біздің бүгінгі қалпымызда, қаржыны алдын-ала жинаудан бұрын, керек кезінде несие ала саламыз деген кері ұғым әбден қалыптасып қалған.Қаржылық сауатымыз арту және ол сауаттылықты жастарымыздың бойына сіңіру үшін оларды үнемділікке үйретіп, қаржы жинақтауға бағыттауымыз керек емес пе.
Мәселен, бүгінгі заманның басты игілігі – лайықты білім алу десек, Қазақстанның ең мәртебелі оқу орнында оқи алуы үшін керек қаражатты болашақ ұрпақ үшін бүгінгі күннен жинай бастаған ләзім. Қазақстан азаматтарының лайықты білім алуы үшін 2013 жылдың қаңтар айында «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданып, осы Заңның аясында бүгінде негізгі оператор болып Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы жұмыс істеуде. Сол қоғам арқылы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» арқылы керек қаражатты жинап, екінші жоғары білім алуға мүмкіндік бар. «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» қазақстандықтарға ақылы жоғары білім алу қаражатын 30-70 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.Білім беру жинақтау салымының басқа депозиттерден ерекшелігі – оның қаржылық түсімінің жоғарылығында. Ол жыл сайын 19-21 пайызды құрайды. Жинақтау салымының бірегейлігі – мұнда жыл сайынғы банк сыйақысы 14 пайызды құраса, 5-7 пайызға дейінгі сыйлықақы мемлекет тарапынан көтермеленеді. Түсіндіре кетсек, мемлекет тарапынан белгіленген жыл сайынғы 5 пайыз сыйлықақы еліміздің барлық санаттағы азаматтары үшін, ал 7 пайыздық сыйлықақы жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде кәмелет жасқа толған балалар (23 жасқа дейін), мүгедектер, төрт немесе одан да көпбалалы отбасыдан шыққан балалар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға арналған. Ерекше атап өтер жайт, бұл жинақтау салымы тек білім алу мақсатына ғана ашылады.
Қаржы жинау мәдениеті жайлы, халықаралық тәжірибеге сүйене айтар болсақ, осы күні экономикасы дамыған, әлді, қуатты елдердің көпшілігінде қаржы жинау мәдениеті қалыптасып үлгерген. Еуропа елдері мен АҚШ-та баланы жастайынан қаржы жинақтап, ол қаржыны арнайы бір мақсат үшін жинаймын деп белгілеп, есептеп-қисаптауды үйретеді. Апта, ай, жыл сайынғы кіріс пен шығысты біліп, есептеп, ақша үнемдей білу – сараңдық емес, қаржылық сауаттылықтың бастауы. Ата-ана балалары дүниеге келген күннен бастап оның болашақта баратын балабақшасы, мектебі, колледжі, жоғарғы оқу орны – қандай болмақ, мұның бәрін алдын-ала жоспарлап, оған жұмсалатын қаражыны банк депозиттерінде жинақтайды. Мектеп жасындағы туыстарының түрлі мерекелерінде, туған күндеріне банктен депозит ашып, кішігірім салым салып сыйлап сол шотта жинақтауды жалғастыруға бағыт-бағдар береді.
Біздің елдің тұрақты дамуға бет алуы үшін де қаржы жинау мәдениетін игеріп, болашаққа деген сеніммен түрлі қаржылық салымдар сала білуді білген дұрыс.
Бәсекелестікке қабілетті елу елдің қатарына енеміз деген биік амбициясы бар ел үшін қаржы жинау мәдениетін қалыптастыру да дамыған елдердің қатарына кірудің бір алғышарты емес пе?!
ПІКІРЛЕР3
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.