Қаржы пирамидаларының қақпанын баспаудың жолы
27.03.2023
109
0

Қаржы пирамидасына алданып, сан соғып қалған халық әлі күнге дейін ақшасын қайтара алмай жүр. Алданғанның кесірі психологиялық және физикалық зардапқа әкеліп соқты. Былтыр Ішкі істер министрлігі алдында өзін-өзі өртеп жіберген әйелді білетін боларсыз. Мұндай жағдайға жету үшін адам қандай күйзеліске түсу керек?

Жоғарыда айтып өткен әйел Mudarabah Capital қаржы ұйымынан зардап шекті. Былтырлары шу болып, халық арасында көп талқыланған осы – қаржы пирамидасы. Құзырлы органдар бұл ұйымды қаржы пирамидасы деп танығанша біраз халық зардап шегіп, тірнектеп жинағанынан әп-сәт­те айырылып қалған. Mudarabah Capital-дың ел арасында көп аталуы оны жарнамалағандардың танымал әзілкеш «вайнер» болғанынан болар. Соған дейін дінге бет бұрдық деп жүрген Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бұл ұйымның жарнамасын жүргізді. Тіпті Mudarabah Capital-дың басшыларының бірі болғаны белгілі болды. Әлбет­те, күдіктілердің өз нұсқасы бар. Олар бұл істе алданып қалғанын, білмегенін, жаңылдық, жаздық деп отырғаны белгілі. Бірақ қалың халықтың ақшасын кім қайтарып береді? Соңы өзін өртеуге дейін барды. Mudarabah Capital – қаржы пирамидалардың біреуі ғана. Аңқау халыққа, арамза молда болып, іші-бауырына кіріп, қомақты ақша жинаған соң көбі елден тайып тұратыны да заңдылыққа айналды. Олардың ұсталғаны қанша, құтылғаны қанша?
Жуырда ғана 2017-2018 жылдарда халықтың жанды жерінен басып, тұрғын үй алып беремін деп елден – 85 миллион теңге алып, тайып тұрған әйел ұсталды. Бес жылдан кейін бір-ақ ұстады. Әйелді халықаралық іздеуге берген. Оның өзін биыл, елінде соғыс болып жатқан Украина­дан тапқан. Ал енді ол ақша қайта ма, жоқ па, Құдай біледі. Қазір ол Астана қаласындағы тергеу изоляторында жатыр.
Санай берсек, мұндай ұйымдастырушылар көп. Оған алданған халықтың қарасы тіпті көп. Қаржылық мониторинг агент­тігі баспасөз қызметі өткен жылы 29 қаржы (инвестициялық) пирамидасын жойғанын мәлімдеді. Бір жылдың ішінде 29 қаржы пирамидасына тоқтау салған. Зардап шеккендерге жалпы сомасы 8,3 млрд теңге шығын өтелген. Былтыр он үш мың интернет сілтемесі мен аккаунт­тар бұғат­талған. Ойлап көріңіз. Бұл сілтемелер мен аккаунт­тардың бәрі дерлік – сіз бен біздің әлеумет­тік желіде көретін жарнамамыз. Он тоғыз мың адамға ескерту жіберілген. Оның он бес мыңы қауіпті аккаунт­тарды өшірген. Дегенмен әлі де мыңдаған адам қаржы пирамидаларына, сол аккаунт­тарға сеніп жүргені де рас.
Бұдан құтылудың жалғыз жолы – қаржылық сауат­тылық. Ақша ешқашан жоқтан бар болмайды. Не еңбек етуің керек, не ақшаның өзін айналымға салу керек, болмаса кәсіппен айналысу керек. Қаржы пирамидалары ұсынғандай салған ақшаң ешқашан 100 болмаса 1000 пайыз­бен көбеймейді. Бұл – экономикалық заңдылық. Сондықтан біреу сізге оңай жолмен баюды ұсынса және оған қомақты қаржы құй десе, онда оның шақырған ұйымы қаржы пирамидасы екені анық. Қарапайым қаржылық сауат­тылықты жадына түйген адам аспандағы айды әперемін деген алаяқтарға жем болмас.

А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір