Қаржы пирамидасын құрған адам ұзақ жылға сотталды
03.05.2023
369
0

Нарықтық заманның әлегі ме, әлде тығырықтан шығудың жолы деп алаяқтықты таңдаған жандардың жеке айыбы ма, соңғы жылдары қаржы пирамидалары талайды сазға отырғызып келеді. Өкініштісі сол, мұндай қаржы ұйымдарының құрығы да ұзын болып тұр. Жүздеген, мыңдаған адамды сөзбен арбап, жарқын болашаққа сендіретін, қисапсыз ақшаны несиеге алдырып, алды-артын ойламайтын көзсіз батырлыққа ұрындыратын қаржы пирамида өкілдері айласын асыру үшін жанын салады.

Тұрмыс жетіспеушілік, өтеліп бітпейтін қарыз, күнделікті күйбең тіршілік әбден титықтатқан адамдар, осындай топтардың қақпанына оңай түсіп қалады. Өмірін жеңілдетем деп жүріп, екі есе ауыртпалыққа тап болғандарда қисап жоқ. Талай отбасының шаңырағы шайқалып, ажырап кеткендердің бір үлесі де дәл осы қаржы пирамидаларының мойнында. «Аңқау халыққа арамза молда» кез бола кететін қазіргі кезеңде әр адам құқықтық, қаржылық сауатын арттырып, кез келген жайтқа саналы да сергек қарағаны дұрыс. Шынжырдай жалғанған шырғалаңға бір маталса, шығу оңай емесін ескерген жан сақтықты да ұмытпайды.
Көптің қалтасын қағып жан бағып жүрген қаржы пирамидаларының саны да, түрі де есепсіз. Олардың алаяқтық сипаты анықталып, жұмысын тоқтатқандары да, керісінше, пирамида сатысын сағат санап, күн санап ұзартып жатқандары да бар.
Сақтандыру мақсатында, әр азамат мұндай топ мүшелерінен, «мол табысқа кенеліп, байып шыға келеміз», – деп иландыруға тырысатындардан неғұрлым алыс жүргені абзал демекпіз. Жуырда ғана Ақтөбе қаласының №2 сотында аса ірі мөлшерде ақша жинап, қаржы пирамидасын құрды және оған басшылық жасады деген айыппен іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, 1990 жылы туған сотталушы 2019 жылдың 1 желтоқсаны мен 2020 жылдың 22 ақпаны аралығында құқықбұзушылық жасап, 192 азаматтың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам ақшасын алған. Сот отырысы кезінде салымшылардың шығыны 825 млн теңгеден асқаны белгілі болды. Прокурор сотталушыға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот сотталушының шын жүректен өкінетінін, кәмелет жасқа толмаған баласын ескерген. Сот үкімімен сотталушы коммерциялық және қаржы ұйымдарында 7 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сонымен бірге оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Міне, көп асаймын деп ақсап қалғандардың да қарасы қалың. Адал еңбекпен тапқан астың бойға да сіңімді екені әлімсақтан белгілі.

М. РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір