Жемқорлықпен күрес мәдениеті қалай қалыптасады?
17.06.2024
167
1

Әлемдегі аты әйдік ұйымдардың тақырыпқа қатысты зерттеулерін зерделей келгенде ұққанымыз мынау болды: ешбір ел сыбайлас жемқорлық қаупінен сақтандырылмаған екен! Тіпті «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дейтін халиф заманында да қазына қаржысына қол салған оқиғалардың болғанын жазба тарихтан білеміз. Бұл дерт бүгінгі дүниеде даму қарқыны жөнінен көш басында тұрған мемлекеттердің де «бас ауруына» айналғалы қашан…

Бір қызығы, дамыған елдердегі коррупция мемлекеттің ішкі ісі мен әлеуметтік саясатына айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр деуге келмейді екен. Оның себебін мемлекеттегі заң мен бақылау тетігінің өз дәрежесінде жұмыс істеп, халық тарапынан да қырағылықтың күшейе түскенінен іздеуге болатын сияқты. Бұған технологияның дамып, іс қағаздары мен тиісті қызмет көрсету саласындағы цифрландырудың өзіндік пайдасы бар көрінеді. Демек, сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін әуелі қоғамның қырағылы жоғары болуы тиіс деген қорытынды жасауға болады. Бұл әрине, дамыған ел қоғамына қатысты пайым, ал қазақ қоғамында коррупцияға қарсы ұлттық иммунитет қалыптаса алды ма?
Осы жерде тағы бір сұрақ туады: өміріңізде бір рет те болса пара беріп көрдіңіз бе? Дерекке жүгінейік, Transparency Kazakhstan ұйымының сарапшылары жыл сайын ел аумағындағы 9000 респондентке сауалнама жүргізіп отырады екен. Өткен жылғы зерттеуге республикалық маңызы бар 3 қаланың, 14 облыс және 143 аудан орталығының тұрғындары тартылыпты. Бір қызығы, сауалнамаға қатысқан қарапайым адамдардың 11,3 пайызы мемлекеттік органдарға жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа тап болғанын айтса, нәпақасын шағын және орта бизнестен тауып жүргендердің 8,2 пайызы мемлекеттік мекемелерге жүгінген кезде мәселені шешу үшін пара беруге мәжбүр болғандарын көрсетіпті. Айтпақшы, осы сауалнамаға қатысқан азаматтардың 37,4 пайызы және кәсіпкерлердің 45,9 пайызы кейінгі 2 жылда пара алу дерегінің азайғанын да атап өтіпті.
Жоғарыдағы сұрақтың жауабын ке­йінге қалдырамыз. Қазіргі міндет еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында жасалған мемлекеттік деңгейдегі жұмыстар туралы айту болып отыр. Жалпы, мамандар парақорлықтың алдын алу үшін заң талабын күшейту, жазаны қатаңдату деген пікірді ұстанады екен. Бұл тұрғыда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру ісі тоқтаусыз жүріп жатыр деуге болады. Мысалы, бүгінде Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген заң жобалары Парламент Мәжілісінде қаралу үстінде. Оның негізінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына өзгерту мен толықтырулар енгізу көзделген.
Осы жерде бірнеше мәселенің астын сызып айтуға болады. Біріншіден, жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері «Жемқорлардың жария тізілімін енгізу қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын тудыруға ықпал етеді – адамның жемқорлық қылмыс жасағаны туралы ақпарат жария етілсе, ал жемқорлық қылмыс жасау фактісі ұят іс-әрекет болып табылады» деген пікірде, яғни, келешекте елімізде жеморлардың аты-жөні жазылған арнайы тізім жария болуы мүмкін. Екіншіден, пара беру туралы ұсынысты да криминализациялау қажеттігі күн тәртібіне шығады. Мысалға, жеке шаруасын заңсыз жолмен шешуге тырысып, тиісті тұлғаға пара ұсынған кез келген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс және ол туралы ақпарат ашық болуы қажет. Бұл өз кезегінде парақорлықтың мемлекетке зиян келтіретініне дәлел болып, қоғамда тиісті мәдениетті қалыптастырады деген ұстаным бар. Сондай-ақ, аталған заңдарда кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін шенеуніктер мен заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін күшейту бойынша түзетулер көзделген. Ал заң жобасының тұрмыстық жемқорлықты жою бөлігінде банктердің, жоғары оқу орындарының, ауруханалардың және басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлерінің бопсалау арқылы заңсыз сыйақы алу фактілерін ашудың тиімдігін арттыру бойынша түзетулер бар. Қылмыстық кодекс сыйақыны заңсыз бергені үшін де қудалау туралы жаңа баппен толықтырылады. Бұл тек пара алушыларды ғана емес, берушілерді де заңды жолмен жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
Айтпақшы, жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелі болуына комплаенс-офицерлер қызметінің де көп жәрдемі тиіп отыр екен. Дерек бойынша, комплаенс-офицерлер 2,2 мыңнан астам жемқорлық тәуекелдерін анықтаған. Жалпы 2020 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес алғаш рет жемқорлыққа қарсы комплаенс институты құрылған болатын. Мұндағы мақсат – жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету еді. Бүгінде 6 мыңнан астам ұйымда комплаенс- офицер жұмыс істейді. Еліміздің барлық өңірлерінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектептері» ұйымдастырылған, онда жетекші отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен оқыту жүргізіледі. Нәтижесінде, өткен жылы ғана комплаенс-офицерлер 2,2 мыңнан астам жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Олардың ішінде 70 мүдделер қақтығысы және бұрын жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау­дың 5 фактісі бар. Барлық осы фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданды, квазимемлекеттік сектордың 5 басшысы әкімшілік жауапкершілікке және 57 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы комплаенс институты даму үдерісі үстінде. Қабылданып жатқан іс-шаралар корпоративтік парасаттылықты арттыруға және жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.06.2024 | 15:29

Келешекте елімізде жеморлардың аты-жөні жазылған арнайы тізімнің жария болатынын құптаймыз. Сол жемқорлардың жария тізімінде Тіл саясаты комитетінің төрағасы — Ербол Тілешов тұрары сөзсіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір