Ресейден жол тартқан фильм
25.11.2016
1749
0

4«Бауырлар, тарих жаужүрек батырлардың талайын біледі. Бірақ, олардың ешқайсысы да біздікіндей тағ­дырдың ұлы сынағына тап болған емес. Бүгін біздің арты­мызда тек қана Мәскеу тұрған жоқ, кең-байтақ Отанымыз ғана тұрған жоқ: бүкіл әлем назарын тіктеп, бізге қа­рап тұр. Өйткені, біз осы шепте, осы жерде бүкіл әлемді қор­ғауға серт етеміз. Осы мәртебеге лайық болайық!».
Фильмдегі жолдас Комбаттың сөзі ерекше есімде қалып­ты.
– Қай фильмдегі жолдас Комбат?
– «28 панфиловшыдағы» жолдас Комбатты айтамын.
– «28 панфиловшы» дейсіз бе? Көрмеппін…


poster-kaz18 қараша күні шаһарымызда Қа­зақстан Республикасы Мә­де­ниет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясы Мә­де­ниет министрлігі қатысуымен «28 панфиловшы» киностудиясы түсірген «28 панфиловшы» көр­кем фильмінің тұсаукесері өтті. Андрей Шальопа мен Ким Дружининнің режис­серлы­ғымен түсірілген фильм­нің бұл екінші көрсетілімі. Ал­ғаш рет Волоколамск қаласында өт­кен. Тұсаукесердің шымыл­ды­ғын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­ме­диұлы ашып, түсірілім тобына алғысын айтты. Айта кетейік, фи­льмде 1941 жылдың қара­ша­сын­да Волоколамск тас жолы бойындағы неміс әскеріне қарсы Панфилов дивизиясының ат­қыштар ротасы жауын­гер­ле­рі­нің көрсеткен ерлік істері бей­не­леді. Жеңіс жолында құрбан бол­­ған сарбаздар рухына ар­налған көркем фильмді қазан айында Астанада өткен форумда Қазақстан және Ресей Пре­зи­денттері – Н.Ә.Назарбаев пен В.И.Путин тамашалап, «Мәс­кеу­ге кіруге жол бермеген диви­зия­ның ерлігі өскелең ұрпақтың есінде мәңгілікке сақталуы мін­­детті» деген пікір білдірген бо­латын. Түсірілім тобының мү­­­шелері фильмді «халықтық кино» деп атап отыр. Неге дейсіз ғой? Себебі, киноның негізгі со­масын шығаруға 35 мыңнан ас­там адам қатысып, 35 миллион рубль көлемінде қаржы жи­на­ған. Сондай-ақ, фильм бюд­же­тінің үштен бірін Қазақстан жә­не Ресей елдерінің Мәдениет ми­нистрліктері бөлген. Фильм­ге жұмсалған қаражат 150 мил­лион рубльді құрайды. Фильм­нің негізгі мақсатын:
– 28 панфиловшының аңыз­ға айналған даңқты ерлігі – бар­лығымызға ортақ тарих қана емес, сонымен қатар ортақ ұлт­тық мақтанышымыз. Тіпті, қа­ны­мызға сіңіп кеткен ұлттық код ­десем, артық айтпаған болар едім, – деп түсіндірді, режиссер Анд­рей Шальопа. Туынды 2014 жыл­дан бастап, екі мемлекеттің ау­мағында түсірілген. Қысқы кө­ріністер Санк-Петербор бен Ива­ново жерлерінде орындалса, соң­ғы кадрларда Алматы қа­ла­сындағы 28 гвардияшы-пан­фи­лов­шылар атындағы саябақ көр­сетіледі. Көркем фильмнің ту­ра 1000 кадрдан тұратынын да ай­та кеткен жөн.
Кез келген фильм көрерменге ой сала алмауы мүмкін. Біз та­ма­шалаған фильмнің ерекшелігі  өзгеше. Демек, ондағы әр­­тіс­тердің актерлық ше­бер­лік­те­рі, оператордың дәлдігі мен ре­­жиссерлардың кәсібилігі жо­ғары деңгейде. Фильм­нің сапасы мен сценарийіне дау айта алмаймыз. Бәрі жақсы. Орыс кино түсірсе, тек осылай тү­­сіреді. Тек… әрбір сәтті шық­қан дүниеде бәрі байқай бер­мей­тін кейбір штрихтар болады. Бұл фильмнен де бір кілтипан тап­қан сияқтымыз. Алдымен 16 жа­сар орыс баласының осы фи­льм жәйлі пікірін ұсынғым ке­ліп отыр:
– Есімім – Руслан. Тегім – Го­лок­ценов. Ұлтым – орыс. Жа­сым – он алтыда. Туған жерім – Қазақстан. Қазіргі таңда Ал­ма­ты қаласындағы Бауыржан Мо­мышұлы атындағы «Жас Ұлан» Республикалық мекте­бін­де оқимын. Бүгінгі тұсау­ке­сер­ге бізді арнайы алып келді. Фи­льм өте жақсы түсірілген. Жа­ныңды түршіктіретін кино екен. Маған ерекше ұнаған кейіп­кер ол — фильмнің соңында бар­ша сарбаздарда оқ бітіп қал­ған кезде пулеметімен жауға қар­сы оқ жаудырған Даниль. Со­ның арқасында немістер кері ше­гінді деп ойлаймын. Да­ниль­дің ерлігі бәрімізге өзгеше бір әсер қалдырды. Қазақ тіліндегі аударма жұмысы сауатты жа­сал­ған. Айтарым, фильмде ұлтқа бө­лінушілік болды және Бауыржан Момышұлы атамыздың бей­несін көрсете алған жоқ. Өкі­­ніштісі осы. Басқасының бә­­рі көңілімнен шықты. Фильм­нен ұққаным: Отан үшін соңғы минөтке дейін күресе білу керек.
Біреуге бірнәрсе ұқтыра білу адамға үлкен жетістік. Яғ­ни, фильмнің жетістігі. Жо­ға­рыдағы Русланның айтқан пі­кірі ойымыздың үстінен дөп түс­ті. Фильмнен «Шегінерге жол жоқ. Артымызда – Мәскеу» де­ген Клочковтың образын та­ны­дық. Алайда, Бауыржан Мо­мышұлының бейнесін іздеп та­ба алмадық. Ойнап жүрген әр­тістердің ішінен қазақ сарбаз­дарын саусақпен санап отырдық. Әңгімеме тұздық болсын: фи­льм­­де екі сарбаз арасында мынандай бір диалог бар:
– Орыстың кім екенін көр­се­тер едік.
– Алайда, мен – қазақпын ғой!
– Қазақ та орыс емес пе?! Ба­сым­ды қатырмашы… Бәріміз Ре­сей үшін соғысып жатырмыз.
– Қалжың ғой.
– Қазақстан үшін соғыссақ, қа­зақтың кім екенін көрсетер едік…
5Кілең қазақтар отырып, та­машалаған соң, бұл диалогқа бей­жәй қарай алмадық. Ұлы Отан соғысына қазақ елінің, қа­­зақ азаматтарының қосқан үле­сін біз ешқашан дәлелдеп әу­ре болмаймыз. Тарих шын­дық­тың бәрін біледі. Фильмнен шыққан әрбір көрерменде мынандай бір ой болды: Бұл киноны түсіруге екі мемлекет  тара­пы­нан қаржы бөлінсе, неге ер­лікпен қаза тапқан қаншама қа­зақтың біреуінің ғана бей­не­сін көрсетті? Егер сөйтетін бол­са, ұлтаралық достықтың ны­шаны бұдан да әсерлілеу шы­­ғатын ба еді… «Қазақ та орыс емес пе?» деген сөздерді мүлдем алып тастаған дұрыс-ау. Фи­льм­нің тұсаукесерін Қа­зақстанда жасап тұрып, осындай сауатсыз сөздерді қазаққа естірту – кі­ші­гірім қателік емес. Рас, со­ғыста сар­баздар ұлтқа бөлінбейді. Бә­рі­нің алдында бір арман, бір мақсат. Бірақ, бұл – соғыс емес. Сол туралы түсірілген көркем фильм. Яғни, қазіргі ұрпаққа ас­қан ерлікпен өлім құшқан аза­маттардың бейнесін көрсету, сол арқылы үлгі-өнеге беру. Фильм өз мүддесін ұмытпауы к­ерек. «Біткен іске сыншы көп» де­мекші, жағымды-жағымсыз ойы­мызды ортаға салдық. Бір жақ­­ты пікірмен бүткіл фильмнің же­лісін жоққа шығару қате. Мақ­сатымыз да бұл емес. Тек, Ұлы Отан соғысындағы жеңіс – бір халықтың ғана жетістігі емес екенін айтпақпыз. Со­ғыс туралы түсірілген әрбір көр­кем фильм де осы дүниені көз­десе екен дейміз. Біздің тілек осы. Сіз, қалай ойлайсыз, Отан­дас?

8

М.ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір