Алаш арыстарының ақырғы куәгері
Гүлнар апам – Міржақыпқызы Дулатованың екі томдық «Шырағың сөнбесін» атты мемуар-таным кітабын Алматыдан қатынаған балаларым арқылы алғыздым. Мен үшін қимас ескерткіш, алаш жұрты үшін баға жетпес қазына. Апа-екем өз қолымен сыйлап еді. Менің Алпыс жылдық мерейтойымның ағайын-туыс, дос-жар жұртқа жайылған атаулы дастарқаны үстінде. Мүбәрак қолтаңбасы бар.
Мұхтар МАҒАУИН
Бірінші кітаптағы сөзі:
«Асылдан қымбатты бауырым Мұхтаржан!!
Мерейтойың құтты болсын! Алпыс деген не? Жүзге жет! Жазушылық әлемінде жүйрік қаламыңды сілтей түсіп, дүниеге жаңа шығармалар келтіруіңді күтеміз!
Мұхтаржан, келін екеуің бақытты, ұзақ өмір жасаңдар, жігер-қайратың күшті, денсаулығың мықты болуына тілектес
Гүлнар апаң
Міржақыпқызы Дулатова (қолы)
25.ІІ.2000».
Жазуы маржандай, көк сиямен нық, шымыр таңбаланған.
Екінші кітапқа және жазыпты:
«Айналайын Мұхтар!
Өткен кезеңдерді, көрген-білгенімді әлі де жеткізе алмай келемін. Айтар әңгіме көп, көңілімде сайрап тұр, күшім жетсе жалғастырармын, қазіргі ұсынарымды қабыл ал!
Гүлнар апаң /қолы/».
Қуаныш бөлісіп, тойға келген ағайынның бәрі де сыйлы. Әйткенмен, төрдің төбесінде отырған екі кісінің орны бөлек еді: осы Гүлнар апам және Ғазел апам. Әрқайсының өз мәртебесі бар, сонымен қатар, бірегей биік: Ғазел апам – Ұлы Абайдың шөбересі, ал Гүлнар апам – қайтпас ұлтшыл Міржақыптың қызы ғана емес, өткендегі Алаш-Орда тұлғаларының соңғы аманатын арқалаған тірі тұяғы. Осы қасиетті, қастерлі екі апам арқылы мен Ата-Қазақтың жамиғы рухы мен барлық тілек-батасы өз дастарқанымның басына үйіріліп келгендей, дәріпті, дегбірлі сезімге бөленіп едім. Біріне бірі жалғас екі ұлы тұлғаның бүгінгі ұрпақтарын жалғыз мен ғана емес, тойшы зиялы қауым, менің бала-шағам, бүкіл әулетіміз елбірей құрмет тұтқан. Екеуі жұбын жазбастан, дастарқанның ақырына дейін отырды және той тарқағанда, ең жақын кісілер қатарында бөгеліп қалып еді. Небәрі жиырма-отыз адам, дөңгелене қол жалғасып тұрдық. Кеш бойы әлемдік опералардан ария айтқан Бекен аға Жылысбаев, бұл жолы да дарынды шәкірті Ұлан Кенжебековпен кезек алмаса, Абай әндеріне басты, қалған жұрт одан әрмен көтеріп әкеткен, сонда мені ортасына алған Ғазел апам мен Гүлнар апамның «Желсіз түнде жарық айды» көпке қосыла, елжірей толғағаны әлі күнге дейін есімде тұр.
Бұдан соңғы, менің кеудемді көтерген өзгеше бір отырыс – Гүлнар апамның өзінің 90 жылдық мерейтойы болыпты. Сәулетті, кең дастарқан. Апамыз тың еді. Сергек еді. Бетінен шуақты нұр төгіліп тұрған. Атаулы биік – әулеттің, ағайын-туыс, тілектес зиялы қауымның ғана емес, өткендегі Алаш-Орда арыстарының тойы, қайта көтерілген қазақ мерейінің көрінісі сияқты сезілген. Сүйініш пен мерейге толы әлденеше сағат әп-сәтте өте шықты. Енді Жүз жылдықта табысайық деп, қимастықпен әрең тарқап едік. Тілек қана емес, сенім. Әйткенмен, нақпа-нақ орнына келмеді. Гүлнар апам бұдан соң аз емес, көп те емес, толық жеті жыл және үш жарым ай жасап, жүзге жетер-жетпесте дүниеден өтіпті. Тәуба және шүкір. Бұл кезде мен алыс шетелде тұрам және дәп осы мезетте шаһардан тыс, демалыс жайында жатқам, азалы шеруге үн қоса алмадым. Әйткенмен, осыдан біраз бұрын, Гүлнар апамның көзі тірісінде кезекті кітабына алғысөз жазып едім және Міржақып атам туралы, қазақтың алғашқы романының мазмұнын бала кезімде үлкен әкемнен естігенім, айтулы шығарманың өз заманындағы әсері мен қоғамдық санаға ықпалы туралы шағын мақала жазғам. Әйтеуір үнсіз қалмаппын. Десе де, жеткіліксіз. Бұл екі ортада кейінгі толқын тарабынан арнайы зерттеулер жасалып жатыр, әйгілі Жақаңа жалғас Гүлнар Міржақыпқызы да қазақ руханиятының тарихынан өзіндік орнын ала бастады. Шын танымы – келешек күндер үлесінде. Өйткені, Гүлнар апам – ұлттық рухтың әзиз көрінісі, даңқты Міржақып Дулатұлының қызы ғана емес, арманда кеткен Алаш арыстарының тірі бейнесін сомдаған, олардың адамдық қалыбын айна-қатесіз таңбаға түсірген, ешбір тауарихта ізі қалмаған тағы қаншама құнды деректерді жарияға жеткізген шыншыл қаламгер және өзі де айнымас, қайтпас рухани күрескер, қиындық заманында ғұмыр кешіп, бар зұлматты басынан өткерген қайран қазақ әйелінің толымды бір тұлғасы. Бүгінгі бізді бұрнағы күңгірт, ұмытыла бастаған қилы заманмен жалғастырған ең соңғы куәгер. Алаш-Орданың ақырғы тұяғы.
Гүлнар апам туралы алғаш рет 1963, әлде 1964 жылы, аспирант кезімде, ұлы ұстазым Бейсекең – профессор Бейсенбай Кенжебаевтан естіген едім. Баяғы Алаш-Орда ұрпақтарынан әлдекім бар екен, тірі екен деп білу – үлкен қуаныш еді. Және басқа емес, Жақаң – Міржақып Дулатовтың қызы. Жоғары білімді дәрігер, үйлі-баранды, зайыбы – белгілі әдебиетші, аудармашы Әбен Сатыбалдиев. Бұрнада жазғам, уақыт оза келе Әбен ағамен таныс, біліс болдық, ал Гүлнар апамды алғаш рет көп кейін, Жақаң туған халқына қайтып оралған кезде, Ахаң, Мағжан, Жүсекең сияқты, дәстүрлі, қайыра қауышу салтанатының ақыры, атаулы кеште көрдім. Қаралы қапастан құтылып, ертегілік заманнан тіріліп келгендей, қуаныш, мереймен қатар, байыпты, парасатты кейіп танытқан. Ұлттың тойы есепті әдеби кеш тарқар кезде мен арнайы барып, Гүлнар апамен тікелей таныстым, өзімнің мән-жайымды білдірдім, енді осы кеште айтқандары негізінде, және айтылмай қалған жағдаяттарды мүмкін қадарынша қоспалап, тезірек естелік жазып беруін сұрадым және мен басқарып отырған журналда бұл тарапта ешқандай шектеу болмайтынын, оның айқын дәлелі – әдепкі басылымдардан өзгеше, Мағжанның өлеңдері мен поэмаларының қысқарту, өзгеріссіз, сол түпнұсқа қалпында жарияланып жатқанын алға тарттым. Гүлнар апам бас изеп келіскендей болды, бірақ нақты уәде бермеген. Бұдан соң қаншалық хабарласқанымыз есімде жоқ, ақыры, тым көп ұзамай, 1990 жылы наурызда мәшіңкеге мұқият басылған үлкен қолжазбасын алып келді. Құнды еңбекті үйге әкетіп, түнделетіп оқып шығып, ертеңіне алғашқы бетін өзіміздің тиесілі бланк қағазына қайыра бастырып, қалғанын сол қалпында типографияға жібердім. Ол кезде компьютер терімі жоқ, журналдың кезекті саны тез дегенде үш-үш жарым айдан соң ғана жарық көреді. Негізінен Міржақып Дулатовтың ғұмыры мен адамдық болмысына арналған «Ардақтап өтем әкемді» деген көлемді естелік «Жұлдыз» журналының 6-санында жарыққа шықты, 1990 жыл.
Әрине, өзгеше оқиға. Қаншама тың дерек, тосын байлам. Өткен қараңғы күндердің тұмша шымылдығы ашыла түскендей. Біздің әдеби журналдың беделі ғана емес, еліміздің алашшыл рухы да жаңа бір сатыға көтерілуі анық. Өзгеше оқиға және айрықша қуаныш еді. Арада бірер апта өткенде, редакцияға белгілі әдебиетші ағамыз келді. Бұрнада «Қызыл сұңқарлар» туралы жазып, абырой тапқан кісі. Бірбеткей, алайда білігі де, парасаты да жеткілікті оқымысты. Амандық-саулық айтып бітпестен, өзгеше бір кептің шетін шығарған. «Бүгінде баяғы Алаш-Орда ұрпақтары реванш алуға кірісіпті… – деді. – Сенің журналың осы былғаныш науқанның басты жаршысы болып отыр!» Мен бұл сөздің мәнісін ұқпай, анығы – өз құлағыма сенбей, қайыра сұрадым. «Кім? Қалай?» «Кеше ғана жарияланған Гүлнар Дулатованың естелігі. Және Байтұрсынов туралы, Мағжан туралы мақалалар. Алаш-Орда ұрпақтары реванш алып жатыр!.. – деді әуелгі сөзін нығарлап. – Мұндай біржақты позиция жақсылыққа апармайды!..» «Ағасы, – дедім мен сонда ғана есімді жиып. – Алаш-Орда қайраткерлері түгелдей құрдымға кетті. Із-тозы қалмады, бар ісі ұмытылды. Жетпіс жыл бойы жерледік, сөктік, жала жаптық. Өздері түгілі, ұрпағы да құрып бітті. Енді келіп… есімдері жаңғыруының өзі артық көрінсе, дәп осылай деп жазып беріңіз. Қазір плюрализм, баспасөз еркіндігі. Сол қалпында жарияға шығарайын. Әрине, қарымта жауапсыз қалмайды…» Ағамыздың арыны басылды. Сонымен бітіскендей едік. Үнсіз кеткен. Арада екі-үш ай өткенде, үлкен бір жазушының дастарқанында ұшырастық. Көңілді отырыс кезінде аяқ астынан көтеріліп, әуелгі сөзін тағы айтты. «Алаш-Орда ұрпақтары реванш алуға кірісті!..» «Ағасы! – дедім мен. – Бұл сөзіңіз, тарихи әділетсіздігін айтпағанда, адамдық моральға қаншалық сыйымды? Бүткіл Алаш-Орда ұрпағынан екі-үш-ақ бала аман қалған екен, бүгінде өсіп, қатарға қосылыпты, осының өзін артық көріп отырсыз ғой…» Сыйлы, әрі жасы үлкен үй иесі басу айтып, тезінен тоқтадық. Алайда, менің әдебиетші ағам тоқтай алмапты. Әлде әуелгі көзқарасы түбегейлі өзгерді ме, әлде жаңа жағдайда жаңаша атақ шығарудың төтенше амалы ма, тым көп ұзамай-ақ, осы айтқандарының бәріне қарама-қайшы, көлемді мақала жазды. Алаш жолындағылардың бәрі әулие, Міржақыптың орны тіпті бөлек, ал осындай маңызды, құнды естелік жазып отырған Гүлнар Дулатованың еңбегі ерекше. Газетке басылды, кеңейтілген, толық нұсқасы кейінгі кітапқа алғысөз ретінде берілді. Міне, осындай, құбылмалы керемет. Түптеп келгенде, игілікті жағдаят. Қайткенде де жан-жақты, зерделі мақала. Көбіміздің айтар сөзіміздің алдын орап кетіпті. Әділі сол.
Гүлнар апамның бар жазуы нақты еді. Деректі, мағналы. Бастапқы, көлемді естеліктен соң, үздік-создық, жекелеген мақалалар келді. Ешқандай өзгеріссіз, қаз-қалпында басып отырдық. Иә, бірер рет кешігіңкіреп қалған жағдайы бар екен. Ол кезде жалғыз әдеби журнал, оның үстіне, әрбір санын шығару қаражат тапшылығына ұшырасып отырған. Кейде мүлде ықшамдап, кейде қысқарған екі номерін қабаттап береміз. Осындай қарбаласта уақыты өтіңкіреп кетіпті. Мен ғапыл жағдайымызды аңдай сала, кезекті номерге алдым. Мұндағы айтпағым – Гүлнар апам мақала кешігіп жатыр-ау, енді қашан шығады деп телефон шалмапты. Әйтеуір жерде қалмасын біледі, асығып, күтіп отырса да, сөз қайыруды артық көрген. Бекзаттық бітімі осындай еді.
Қашанда салмақты, сабырлы. Мінезі ғана емес. Бар сөзі өлшеулі. Ауызекі лепесімен қатар, таңбалы жауы да байыпты. Және көркемдік, стильдік тұрғыда үлгілі кейіпте. Ешқашан ешбір сөз, сөйлемін оңдау, түзету қажет емес. Бәрі өз орнында. Ең бастысы – бұл мемуарлық жазбалардың мазмұны мен мәнісі. Сенімді, хақиқат қалыбы.
Бастапқыда жинақталып, екі кітап болып шыққан, кейінде үшінші кітапқа ұласқан біртұтас мемуардың орталық кейіпкері – Алаш–Орда арыстары. Әлбетте, бұл тарапта сақталып, бүгінге жеткен тарихи құжаттар біршама. Әуелде – ұлттық ояну, ұлттық партия мен оның белгілі қайраткерлері туралы бұрмасыз, нақты деректер; ақыр соңында жаппай қаралаған, жалалы, айыптау актілері. Алдыңғысын сол қалпында дерлік қабылдасақ, соңғысының өзінен бірталай құнды мағлұматты аршып алар едік. Гүлнар Дулатованың аталмыш кітаптары – Алаш арыстары туралы зерттеу емес, байыптау да емес, нақты естеліктерге ғана құрылған; кейде, автордың өзі көріп, білмеген жағдаяттар басқа бір куәгердің атынан айтылатыны бар, бұл да қоспасыз, әсіресіз, табиғи баян. Тұтастай алғанда, мемуарлық үлкен еңбектің өмірлік дерегі мол, соны, тың, әрі шынайы, таң қаларлықтай дәрежеде әсерлі. Ең бастысы – тағылымы мол. Бұл еңбектерден біз Алаш арыстарының боямасыз, қаз-қалпында берілген адами, асқақ бейнесін танимыз. Ешқашан ешбір хатқа түспеген және сол беті ұмытылуға мүмкін, өзгеше хикаялар.
Өткенде арнап жаздық, бізден бұрынғылар айтқан, кейінгілер тағы зерделеп жатыр, Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың ХХ ғасыр басындағы ұлы тұлғаларымыз туралы мемуарлық кітабы – құнды құжат, қайталанбас, баға жетпес жәдігер. Осындай бірегей еңбек туралы алдағы заманда қаншама жаңа зерттеулер жазылуы анық. Бүгінгіміз – бардың бетін ашу ғана. Соның өзінде қаншама ғибрат тұр:
Әлихан Бөкейханның асқақ тұлғасы;
Ахмет Байтұрсынұлының кемеңгер келбеті;
Ахмет Бірімжанұлының ізгі қасиеті;
Міржақып Дулатұлының күрескерлік ғұмыры;
Алаш арыстарына серік болған әйелдер;
Жас Мағжан, жаңа бастаған Мұхаң;
екінші қатарда саналатын, олар да ірі тағы әлденеше қайраткердің ісі мен өнегесі, жанқиярлық қызметі;
тілектес жалпы жұрт, жекелеген кісілер…
Түптеп келгенде, – ХХ ғасырдың әуелгі ширегінде қалыптасқан ұлтшыл, зиялы қауымның өр тұлғасы, өзіндік ерекшелігі, ұлттық мұрат аясындағы бірлік пен сыйластық, ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік және ағартушылық қызметі айқын көрініс тауып, сол қиғылық заманның жинақты суреті жасалған дер едік.
Атап айту керек, байыптай қарасақ, осы мемуарлық екі, үш кітапты көктей ететін, өзгеше бір ержүрек, қайсар, қандай қиындықта да болашақтан күдер үзбеген қажырлы күрескер бейнесі өзінен өзі дараланып шығады. Ақылды, ізгі, мейірбан жан. Батагөй, білімдар, парасатты, тарихи тұлға. Бұл – осы Гүлнар апа – Міржақыпқызы Дулатованың өзі. Ескінің сарқыты, темір өзек, алас-күлес, қанды, қапасты ХХ ғасырда жасаған өресі биік қауымның бізге жеткен соңғы жаңғырығы. Ендігі жұртымыз үшін өнегелі дәріс қалдырған тәлімгер.
Осындай да адамды көрдік, лепесін естідік, игілікті ісінің бір пұшпағына аз-мұз себіміз тиіп, батасын алдық. Бұрын әмәнда мақтанар едім: менің үлкен әкем Мағауия Ұлы Абайды көрген деп, мен өзім ғажайып Мұхтар Әуезовтің дәрісін тыңдадым деп. Енді сол қатардағы масат: мен Міржақып Дулатовтың туған перзенті, сәби, бала кезінде Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының тізесіне отырған Гүлнар апамның да үлгісін таныдым деген.
Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың 101 жылдық туған күні жазылды.
4 қараша 2016,
Роквилл, Мэриленд, АҚШ.