ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛДЫҒЫ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
25.11.2016
1718
0

23 қарашада Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Ны­ғ­­матулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бір­­лескен отырысы өтті. Салтанатты жиын еліміздің Мем­ле­кеттік әнұранымен ашылды. Мәжіліс Спикері Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы өте маңызды тарихи кезеңге арналған құжат екенін алға тар­та келіп: «Осы уақыттың ішінде, барлық жетістіктер мен та­­быстар, ең алдымен, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Со­нымен бірге, әрқашан да президентімізге қолдау көрсетіп, тірек болып келе жатқан халқымыздың береке-бірлігінің нә­тижесі. Сондықтан Парламентте осы тарихи құжатты қа­растыру – Тәуелсіздік мерейтойының ерек­ше маңыздылы­ғын көрсетеді», – деді. Депутаттар назарына ұсы­нылып отыр­ған Декларация мәтінінің жобасын Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов жария етті. Декларацияда Қ­а­зақстан Президентінің басшылығымен 25 жыл ішінде жет­кен жетіс­тік­тердің жарқын көрінісі жан-жақты баяндалды.
Маңызды құжат екі Палата депу­тат­тары­ның қолдауына ие болып, Декларацияны қабылдау тура­лы арнайы Қаулы қабылданды.
Бірлескен отырысқа Республикамыздың Премьер-Ми­нистрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің бас­шысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың және Ор­талық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мү­шелері, Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері жә­не бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


parlamet

Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Тәуел­сіздігін халқымыздың аса зор құндылығы ретінде баға­лай отырып, Тәуелсіз Қа­зақстанды құру және қалып­тас­тыру­да ерен еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стра­тегиялық бағы­тына берік ұстанымын таныта отырып, «Қазақстан-2050» Стратегия­сы­ның басты мақсатына жетуді бо­­лашақ ұрпақ алдындағы өзінің та­рихи парызы және жауап­кершілігі деп сезіне отырып, «Мәңгілік Ел» қас­терлі ме­ке­нін­де жарқын ке­ле­шегімізді жасауға ұмтыла отырып, Қа­зақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің жиырма бес жылдығы Дек­­ларациясын қабылдайды.

* * *

Тәуелсіздіктің 25 жылдық ме­рей­­тойы – өз тарихында тұңғыш рет за­манауи мемлекет  құрған Қазақ­стан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің
жиырма бес жылы ілгерілеу мен ор­нықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихы мен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді. Өз Тәуел­сіз­дігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, та­бысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қа­лыптасты. Біздің елімізде эконо­ми­калық, саяси және әлеуметтік са­лаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстан­дық­тың табанды да тынымсыз ең­бегінің арқасында мүмкін болды. Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық кө­ре­гендігі дамудың қазақстандық үл­гісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркен­деу жолына шығуына мүмкіндік тудырды. Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Мемлекет басшысы­ның байыпты және жемісті халық­аралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ға­ламдық ядролық қарусыздану қоз­ғалысының  танымал көш­бас­шы­сына ай­налды.

* * *

1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент «Қазақстан Респуб­лика­сының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Тәуелсіз Қазақстанның бұл тұңғыш құжаты халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру арманының жүзеге асуын ай­ғақтады. Заң Қазақстан егемен­ді­гінің оның ұлан-ғайыр аумағында және әлемнің саяси картасында мызғымастығын мәңгілікке бекітіп берді. Еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда бүкіл Қазақстан хал­қы бірауыздан қабылдады. Конс­титуция егемендіктің саяси және құ­­қықтық негіздерін бекітіп, адам­ның өмірін, құқықтары мен бос­тан­дығын, тегіне, әлеуметтік жағ­дайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қарамастан, адам мен азамат құқықтарының теңдігін мемлекеттің жоғары құн­дылықтары деп жариялады. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мем­лекет пен қоғамның тұрақ­ты­лығы мен өркендеуінің мызғымас не­гізіне айналды. Қазақстанда тиім­ді демократиялық институттар – президенттік институт, Парламент, сот жүйесі және белсенді аза­­маттық қоғам қалыптасты. Елі­міз­де жаһандық сын-қатерлерге тө­теп беруге және бүкіл қоғамның мүдделерінің жүзеге асуын қам­тамасыз етуге қабілетті мемлекеттік құрылымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы күндерінен бастап елі­міздің саясаты ұзақ мерзімге негізделді, қазақстандықтардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақсатты ұмтылысы оның басты ұстанымдары болды және солай болып қала береді. Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа сипаттағы стратегиялық құжат болып табылады. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары әлемдік қаржы жүйесіндегі аса жағымсыз құбылыстарға қарамастан, елімізде өндіріс пен инновацияны, әлеу­меттік саланы дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қа­тарына кіреді. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақ­станды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді. 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қа­зақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды. Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық проце­сінің жаңа кезеңі басталды. Қазақ­станның бастамасы бойынша БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақ­тарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні деп жариялады. Қазақ­стан ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі нақты ұсыныс­тарын алға тартып, Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды. Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақ­стандық дипломатия әлем елдерінің басым бөлігімен сенімді достық және ынтымақтастық қарым-қа­тынастар орнатып, халықаралық ұйымдардың қыз­метіне белсенді түрде араласып келеді. Біздің еліміз әлемдік қоғам­дастықта орнын нық айқындап, лайықты құрмет пен беделге ие болып отыр. Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау мен демаркациялау Президент Н.Ә.Назарбаевтыңтарихи жетіс­тіктері болып табылады. Қазақстан өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысы бола отырып, халықаралық қауіп­сіздікті нығайту­ға қомақты үлес қосуда. «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жү­зеге асыру Қазақстанның Еуро­паның жетекші мемлекеттерімен әріптестік пен ынтымақтастықтың барынша жоғары деңгейіне шығуына жол ашты. Қазақстан ынтымақ­тас­тықтың еуразиялық көпіріне айналды. Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бастамашысы және ілгерілетушісі болып табылады. Қа­зақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңес­і сияқты ірі халықаралық ұйым­дарда табысты төрағалық ету­дің тәжірибесіне ие. Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Ха­лық­аралық қоғамдастық Қазақ­станның халықаралық қаты­на­с­тарды дамытудағы үлесін ла­йықты бағалай отырып, біздің елі­мізге ЭКСПО-2017 халықаралық ма­мандандырылған көрмесін өткізуді сеніп тапсырды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Қарулы Күш­тері еліміздің  сенімді қалқаны­на айналды. Президент – Жоғарғы Бас қол­басшы Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан Республикасының тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, оның шека­расының мызғымас­тығын, халқы­мыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті Қарулы Күштерді түбегейлі реформалауды, әскери қуаты мен әлеуетін арттыруды қамтамасыз етті. Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанда жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысы
Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқын дәйекті түрде ең жоғары әлемдік көрсеткіштерге жетуге бағыттап келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы  жол»  жаңа  экономика­лық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары – әлемнің ең дамыған мем­лекет­терінің қатарына кіруге қабілетті Қазақстанның қуатын нығайтуға бағытталған жоспарлар. Біздің бәсекелес болатын бірегей басымдықтарымыз – Қазақстанның мол табиғи байлығы, ауыл шаруа­шылық, коммуникациялық және транзиттік әлеуеті еліміздің эконо­микалық жетістіктерінің негізіне айналды. Бүгінде Қазақстан – жекеменшік  институты орныққан, орта тап белсенді дамитын, ал кәсіп­керлік экономикалық өркендеудің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарықтық экономикасы бар ел. Елбасының стратегиялық көрегендігі арқасында Қазақстанда жаһандық қаржылық-эконо­ми­калық дағдарыстарға қарамастан, ел экономикасын жаңғырту табысты жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан индустриялық қуатын нығайту мен инновацияны  дамытуды нық көздеп отыр. Ауқымды құрылымдық реформалар барысында мүлде жаңа жоғары технологиялы салалар: мұнай-химия, автомобиль өнер­кәсібі, теміржол машина жасау, IT-технологиялар, ғарыштық спутниктер өндірісі салалары құрылды. Елбасының бастамасы бойынша әр азаматтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Тәуелсіздіктің мерейлі 25 жылында Қазақстан Әлемдік банктің Doing Business рейтингінде 35 орын алды. Елімізде жаңа эко­номикалық ұмтылысты қамта­масыз етуге мүмкіндік беретін «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі, Транскаспий халық­аралық көлік маршруты секілді бірқатар стратегиялық маңызды инфра­құрылымдық жобалар жүзеге асырылып отыр. Жаңа елордамыз Астананы құрудағы айрықша рөл елі­міздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі. Астана Қазақстан Тәуелсіздігінің салтанат құруын паш етіп, халқымыздың мақтанышына айналды. Астана құрылысы жаңа мемлекеттің, жаңа қоғамның құрылысы ретінде киелі мәнге ие болды. Астана өткеннің барлық құндылықтарын жинақтап, болашақтың жарқын келбетін елестетті. Бүгінде Астана – өз күшіне сенімді, жаңа Қазақстанның бүкіл әлемге әлеуетін танытқан ірі іскерлік орталық. Астана саммиттер мен басқа да маңызды халықаралық кездесулерді өткізетін ірі орталыққа айналды, еліміздің басқа қалалары үшін дамудың үлгісі болды. Астана­ның өзінде 2017 жылы «Бола­шақтың энергиясы» инновациялық күн тәртібімен ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі өтетін болады. Қазақстан кон­фессия­аралық және этносаралық татулық пен келісім үстемдік құрған мемлекет дамуының бүкіл әлемде танылған жаңа бірегей моделін құрды. Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар ай­рықша институты – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Әлем­дік діндердің, тілдердің, мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысындағы тарихи араласуы Қазақстанда бей­бітшілік пен келісім әлеуметтің адамгершілік және әдеп нормасына, ортақ мәдениетіміздің ажырамас бө­лігіне айналған қоғамның айрықша үлгісін қалыптастырды. Ол көпэтностық пен көпкон­фес­сия­лылықты Қазақстанның стра­те­гиялық ресурсына және артықшы­лы­ғына айналдыра отырып, руха­ни­лық пен азаматтықтың құрыштай құймасын мейлінше бекемдей түсті. Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен қоғамдық келісім моделі қоғамның үйлесімді дамуы­ның әлемдік эталонына айналды. «Мәңгілік Ел» құн­дылықтары Тәуел­сіздік жетіс­тік­терін, Қазақстан халқының мүдде­лер ортақтастығы мен тарихи тағдырын көрнекі бейнелеп берді. «Мәңгілік Елдің» жеті құндылығы қазақстандықтардың Тәуелсіздікті нығайтуға, еркін де өр­кендеген елде өмір сүруге ұмты­лысын – ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен ортақ болашағын біріктірді. Қазақстан халқы қабыл­даған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі қуатты жұмылдырушы бас­тауға, қоғамдық келісімді нығай­тудың өзегіне, бүкіл қоғамның мүдделері мен ұмтылысын біртұтас тұрғыда бекемдеу құралына айналды. Басты бағдары Жалпыға ортақ еңбек қоғамы құндылықтары болып табылатын әлеуметтік тұрақтылық қо­ғамы құрылды. Қазақстан тәуел­сіздігін алған сәттен бастап Президент Н.Ә. Назарбаев халық алдына әлеуметтік бағдарлы нарықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру міндетін қойды. Әлеуметтік жаңғырту әлеу­меттік прогрестің экономикалық еркіндіктері мен идеалдарын үйлесімді өрістетіп, қоғам мен әрбір адамның әл-ауқа­тының артуы үшін жағдай жасады, қарқынды дамитын еңбек нарығын құруға мүмкіндік берді. 25 жылда бала туу деңгейі 60 пайызға өсті. Қазақстан аналар үшін қолайлы елдер рейтингінде жыл сайын жо­ғары көтеріліп келеді. Біз қазақстан­дықтардың өмір сүру жасын ұзартуға қол жеткіздік. Еңбек адамының мүдделері – біздің мемлекетіміздің басты назарында. Мемлекет қазақ­стандықтардың оқуы мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруы үшін жағдай жасайды, еркін еңбекке және лайықты еңбекақы алуға мүдделі әрбір азаматтың конс­титуциялық құқықтарын қамта­масыз ету үшін өндірістер, инфра­құрылымдар және басқа да нысандар құрылысын жүргізеді. Білім беру саласын кешенді реформалау Қа­зақстанның әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына жағдай жасады. Отандық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіру мем­лекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі және елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыр­тудың шешуші тетігі болып табылады. Қазақстан ересек адамдардың сауаттылығы деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімнің ал­ғашқы үштен біріне кіреді. Қазақстан зияткер ұлтты қалыптастыру үшін дәйекті түрде жағдай жасай отырып, адам дамуының деңгейі жоғары елдер тобынан нық орын алды. Президент бастамасының арқасында елде ерекше сипатты «Болашақ» бағдарламасы ұдайы жүзеге асырылуда, «Назарбаев Университеті», зияткерлік мектептердің кең тараған желісі құрылды. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында универ­ситеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи мектептер салынды. Ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономи­калық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды. Отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне кө­терілді: заманауи медицина орта­лықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңір­лерінде зерттеулер мен жоғары тех­нологиялы операциялардың бү­кіл спектрі жүзеге асырылуда. Қа­зақстан еуразиялық кеңістікте ме­дициналық туризмнің орта­лы­ғына айналып келеді. Халық ден­саулығы көрсеткіштерінде БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойын­даған айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізілді. Қаржы ресурстарымен және жоғары шығармашылық қайтарыммен нығайтыла түскен мәдениет саласы қуатты даму сер­пініне ие болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы отандық мәдениетті сақтау мен дамыту жөніндегі кең ауқымды жұмыс­тардың бастамасы болып табылды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, «Таң­балы» археологиялық кешені сияқты бірегей отандық ескерткіштердің, сондай-ақ «Сары­арқа – Солтүстік Қ­азақстанның далалары мен көл­дері» табиғи мұра нысандарының ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мә­дени мұралары тізіміне енуі әлемдік маңызы бар оқиға. Тәуелсіздік жылдарында спорт пен саламатты өмір салты саласында тамаша нәтиже­лерге қол жеткізілді. Спорт­шылары­мыздың аса ірі ха­лықаралық жарыс­тардағы табыстары қуатты және бірлікшіл спортшы ұлт өмір сүретін Қазақстанның жаңа бей­несін жасады. Бүгінде Қазақстан спорты ең жақсы дамыған әлемдегі 30 елдің қатарына кіреді.

* * *

Тәуелсіздіктің Ұлы Жолы мәңгі болуы тиіс! Елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу қажет. Ел Конституциясында Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз – Елбасы төңірегіне топ­тасып, ең қымбат қазынамыз – тәуел­сіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұр­пақтарымызға аманаттап, «Мәң­гілік Ел» құндылықтарын қастерлеу. Тәуелсіздік біздің ең бас­ты ұйыс­тырушықұндылығымыз болған, қазір де солай және бола да бермек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір